Ішкі нарықтағы жұмыртқа бағасы күрт қымбаттады
Ішкі нарықтағы жұмыртқа бағасы күрт қымбаттады
Соңғы кездері ішкі нарықтағы жұмыртқа бағасы күрт қымбаттады. Былтыр жыл басында 180 теңге тұрған 10 дана жұмыртқаның құны бүгінде кейбір аймақтарда 390 теңгеге дейін өскен. Монополияға қарсы комитеттің өкілдері «тауар өндірушілер бағаны негізсіз өсірді» десе, олар керісінше, бар кінәні ортадағы делдалдар мен алыпсатарларға артып, азар да безер...
Әлемдік нарыққа жол ашылды
«Қазгер-Құс» ЖШС 2016 жылдың наурыз айында Ауғанстанға тауық жұмыртқаларын экспорттауға қатысты келісімшартқа қол қойған болатын. «Kaznex Invest» баспасөз қызметінің хабарлауынша, өнімді ауғандар еліне тасымалдау мен ветеринарлық сертификаттарды рәсімдеуге қатысты қиындықтарға қарамастан, екіжақты іскерлік қатынас жолға қойылды. Осының арқасында отандық өнім Ауғанстан арқылы Біріккен Араб Әмірліктері мен Иранның нарығына да жол тартпақ. «Қазгер-Құс» ЖШС директоры Борис Оздоевтың айтуынша, бұл игі бастамаға ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мұрындық болған: «Транзиттік коды бар сертификаттарды тез арада қолға алуымызға министрлік сеп болып, жұмыртқаның алғашқы бөлігін Ауғанстанға жеткіздік. Келешекте біз Ресейге бағытталатын жұмыртқа экспортының көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз». «Kaznex Invest» берген деректерге сенсек, 2015 жылы Қазақстандағы құс фабрикалары 4,7 миллиард жұмыртқа өндірген. Оның 59 миллион данасы экспортқа жөнелтілген. Түскен кіріс – 2,4 млн АҚШ доллары. Ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысты 100 пайызға қамтамасыз етуге қабілетті құс фабрикалары шекара сыртына көбірек иек артуға мүдделі. Өйткені түсетін табыс шаш-етектен болмақ. Аталған компанияның өкілі Сәуле Сабырдың айтуынша, отандық өндірушілер өнім өндіру қарқынын күрт арттырып, жыл сайын экспортталатын жұмыртқа санын 700 миллионға дейін өсіруді көздейді: «Биыл игерілетін жаңа нарықты Ауғанстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінен аштық. Мәселен, «Қазгер-Құс» ЖШС-нен басқа «Алсад Қазақстан» ЖШС 2015 жылдың соңында БАӘ-ге жұмыртқа экспорттады. Біз отандық құс фабрикаларының өнімін әлемдік нарыққа шығаруға қатысты жобаларымызды жалғастыра береміз. Әсіресе, жақын күндері Қазан мен Новоросибирскіге сауда өкілдерімізді аттандырамыз. Ал қыркүйекте іскерлік келіссөздерді БАӘ бойынша жүргіземіз. Қазақстандағы құс фабрикаларына ескертетін жайт, Біріккен Араб Әмірліктері жыл сайын 1 млрд жұмыртқаны импорттайды». Демек, отандық өндірушілерге ішкі нарық емес, шетелдік нарық әлдеқайда тартымды. Оның үстіне биыл дүкендер мен базарларда жұмыртқа бағасы күрт қымбаттап кетті.Алыпсатарлыққа ұрынған кім?
Бастапқыда ішкі нарықтағы жұмыртқа құнының өсуін жемге кететін шығындармен байланыстырған болатын. «Қазгромаркетинг» АҚ баға мониторингі департаментінің өкілдері «жұмыртқа бағасы құс жемі мен маусымдық мәселеге байланысты өсті. Қыста тауықтардың жұмыртқа туу қарқыны бәсеңдейді», – деген. Мәселен, былтыр қарашада құстарға арналған жемнің бір тоннасы 60 мың 63 теңге тұрған. Ал жыл басында 45 мың 667 теңге екен. 2015 жылдың қаңтарында орташа есеппен алғанда, 180 теңгеге бағаланған 10 дана жұмыртқа бүгінде 280 теңгеге дейін қымбаттаған. Былтыр жыл соңында қымбатшылыққа қатысты арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген ҚР Ұлттық экономикасы Табиғи монополоияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті жұмыртқа бағасының өсуін жұмыртқа өндірушілердің бірқатарының өзара келісіп алуынан, яғни, өндірушілердің алыпсатарлыққа ұрынуы себеп болғанын мәлімдеді. Комитеттің хабарлауынша, былтыр 20 тамыздан 7 желтоқсан аралығында жұмыртқа бағасы 5 пайыздан 100 пайызға дейін өскен. Оның басты себептерінің бірі қыста тауықтардың аз жұмыртқа табуы және жемнің сырттан тасымалдануы болғанымен, өнім өндірушілердің де бағаны негізсіз өсіргені анықталған. Ішкі нарықтағы монополияны пайдаланған бірнеше құс фабрикасы бағаны өсіру үшін өзара жасырын келісіп алған. Осыған байланысты Комитет тарапынан 50 нысанға қатысты 12 тексеру ісі қолға алынған. Қызылорда бойынша тексеру жұмыстары аяқталып, істің қорытындысы ендігі сотқа жөнелтілген. Бұған дейін отандық бұқаралық ақпарт құралдарында жұмыртқа бағасын негізсіз өсіруге қатысты бірнеше кәсіпорынның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда бұл мәліметті ҚР Ұлттық экономикасы Табиғи монополоияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өкілдері жоққа шығарды. Яғни, ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған және құқық қорғау органдарына жіберілмеген. Комитеттің ресми деректеріне сүйенсек, бүгінде антимонополиялық тексеру жұмыстарының нәтижесінде жұмыртқа ғана емес, сондай-ақ, құс еттері мен құс еттерінен дайындалған өнімдердің бағасы негізсіз өсірілгені анықталыпты. Комитеттің «қара тізіміне» ілінген аймақтар қатарында Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары бар. Алайда Комитет тарапынан айтылған сынға құс фабрикаларының да айтар назы бар. Олар қымбатшылықты қолдан жасайтын – тауар өндірушілер емес, ортадағы делдалдар, яғни, алыпсатарлар екенін айтып отыр. Жуырда Құс фабрикалары одағының президенті Руслан Шарипов алыпсатарларға қарсы күрес жариялағанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде базарлар мен дүкен сөрелеріндегі 10 дана жұмыртқаның бағасы 350-390 теңге, яғни, бір данасы 35-39 теңгеден. Бірақ құс фабрикалары бірінші категориялы С1 жұмыртқасынның бір данасын 17-18 теңгеден сатады екен. Сонда алыпсатарлар бағаны 100 пайыздан да өсіріп жібереді... Руслан Шариповтың айтуынша, осы мәселеге қатысты Құс фабрикалары одағының мүшелері Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына сауда желілеріндегі жұмыртқа бағасын фабрикалар қойған құнның 20 пайызынан (10 данасы – 200-210 теңге) асырмау туралы өтініш айтты. Журналистермен арнайы кездескен құс фабрикаларының өкілдері мен Одақ басшысы соңғы 3 жылда монополияға қарсы комитет тарапынан қысым көріп келе жатқанын, «құс фабрикалары жұмыртқа бағасын өсіруде өзара келісіп алып, негізсіз қымбаттаты» деген айып жиі тағылатынын айтып шағымданды. Руслан Шариповтың айтуынша, бүгінде құс фабрикаларының басым бөлігі сотқа тартылып, кейде кейбір өнім өндірушілерге салынған айыппұл көлемі 1 миллион теңгеге дейін жеткен көрінеді.Нәзия Жоямергенқызы