Жаңалықтар

Коронавируспен бір ай бойы күрескен испаниялық министр дертінен айықты

ашық дереккөзі

Коронавируспен бір ай бойы күрескен испаниялық министр дертінен айықты

Испанияның аумақтық саясат министрі Каролина Дариас коронавирустан айықты. Бұл туралы ол Twitter-де хабарлады. «30 күн күресіп, мен коронавирусты жеңдім. Оқшауланғаныма қарамастан, өзімді жалғыз сезінген жоқпын. Жанымда болып, қолдау көрсеткендерге алғыс айтамын. Індетпен күресіп жатқандардың барлығына мықты болыңыздар дегім келеді, біз бұл вирусты бірге жеңетінімізге сеніңіздер!», - деп жазды министр. Каролина Дариастың коронавирус жұқтырғаны туралы 12 наурызда белгілі болды. Одан бөлек, Испания министрлер кабинетінің тағы бір мүшесі – тең мүмкіндіктер министрі Ирене Монтеро да індетке шалдыққаны хабарланған.  Бүгінде Испанияда коронавирус жұқтырғандар саны 150 мыңнан асып жығылды. Науқастардың 15 мыңнан астамы көз жұмды.  Мамандар соңғы күндері елде вирустың таралуы бәсеңдей бастағанын айтады. Испанияда енгізілген карантин режимі – Еуропадағы ең қатал шектеу шараларының бірі. Ел тұрғындары тек азық-түлік немесе дәрі алу, емханаға бару және өздігінен жүріп-тұра алмайтын азаматтарға көмектесу үшін ғана үйлерінен шыға алады. 9 сәуірден бастап Испанияда өмірлік қажеттілікті қамтамасыз ету қызметтерінен басқа салалардың жұмысы толық тоқтатылды. Айта кетейік, Қазақстан Президенті еліміздегі төтенше жағдай режимін сәуірдің соңына дейін созуды тапсырды. «Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы» – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 802-ге жетті. Кеселге шалдыққандардың 61-і емделіп шықса, 9-ы көз жұмды.