Қарағанды облысында 1800 шақырым жол жөнделеді

Қарағанды облысында 1 мамырдан бастап жол жөндеу жұмысы басталады. Өңір бойынша Қарағанды қаласында 25 шақырым және басқа қалалар мен аудандарда 363 шақырым жолға жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, сондай-ақ, республикалық маңызы бар 882 шақырым және облыстық маңызы бар 563 шақырым жол ретке келтіріледі.

Бұған қоса Осакаров, Абай, Жаңаарқа және Нұра аудандарында жергілікті маңызы бар жолдар мен көпірлерді қайта жаңарту бойынша 10 жоба іске асырылатын болады.

Сонымен қатар жол маусымының соңына дейін Қарағанды-Саран-Шахтинск бағытындағы учаскеде күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет. Бұқар жырау ауданындағы Новодолинка-Шахан-Молодецкое автожолының 17 шақырымы және Қызылорда-Павлодар трассасының учаскесінде 36 шақырым жолды қайта жаңарту бойынша жұмыстар жалғасады.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақтоғай, Шет, Қарқаралы, Осакаров және Ұлытау аудандарында 37 көше жөнделеді.

Жол жөндеу жұмысына барлығы 5 мыңға жуық адам мен 1500 жол техникасы жұмылдырылады. Жол жұмысының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бақылайды.

Back to top button