9 Сәуір, 21:07 786 0 Нарық Túrkistan Gazeti

Ержан Хамитұлы: Сын шақта адамдардың жауапкершілігі арта түскені байқалады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында халыққа арнаған мәлімдемесінде: «Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген болатын. Бүгінгідей қысылтаяң уақытта аграрлық саланы, оның ішінде жекелеген шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсету аса маңызды.  Осы орайда біз егін науқаны алдындағы шаруалардың жай-күйін білу мақсатында Ақмола облысы, Ерейментау ауданындағы «Хамзе» шаруа қожалығының иесіне хабарласып, бірнеше сауалға жауап алған едік.

– Қазіргі қысылтаяң кезде еш­кім де көмексіз, қолдаусыз қалмай­ты­нын Мемлекет басшысы ескер­тіп отыр. Өткен жылдардағыдай емес, осы жылдың ауыртпалығы ба­сымырақ сияқты, хал-ахуал­да­рыңыз, көктемгі егіске деген дайын­­­­­дықтарыңыз қалай?

– Әрине, тоқсан торапты, ішкі-сыртқы қа­рым-қатынас жолдарын жауып жатқан бұл індет әуелі Жаратушы иемізден, сонан соң Жер-анадан бұйырған несібемізге тос­қауыл болмаса екен дейміз. Біз ауыл шаруа­шылығы иелері жыл он екі ай онсыз да үмітпен ғана күн кешетін жандармыз ғой. Биыл­ға сол үмітімізді үкілеп отырған жайы­мыз бар. Себебі алып сатқан емес, жерге еккен дәніңнің шығар-шықпасына кепілдік те жоқ. Өздеріңіз байқағандай, биыл қыста күннің райы ауыл шаруашылығы үшін айрықша жайлы болды. Қар жақсы жауды, су молынан жерге сіңіп үлгерді. Жеріміз де қатты қатпаған, әншейін былқылдап-ақ жатыр. Міне, осы жайттар біздің күмәнді көңілімізді біраз сергітуге әсер еткендей. Ал­ла қаласа, ендігі он бес күннен кейін ыл­ғалды егіс алқаптарын жабуға шығамыз. Ыл­ғалдылықты сақтап қалу – егіс жұмыс­тарын­дағы ең маңызды жұмыстардың алды, қалғанына кейін Құдай қуат берсе кірісе береміз. Әрине, ауыл шаруашылығын бүгін­гідей қиын кезде мемлекеттің қолдап, ар­найы қаржы бөліп жатқаны қуантарлық жағдай. Бұл тек біз секілді шаруалардың нә­пақасы ғана емес, елдің ырысы.

– Қазір төтенше жағдайға бай­ла­нысты ел көлемінде бірқатар шек­теулер қойылғаны белгілі. Бұл әрине, сіз секілді кәсіпкерлерге түр­лі қолайсыздықтар тудырып жат­қан болар?

– Дұрыс айтасыз, осы жағынан қыруар шаруа­мызға байланысты кедергілер де туын­дап отырғаны бар. Арнайы рұқсат қа­ға­зына қол жеткізудің өзі қиын. Бір адам ол қағазды алу үшін қаншама күн жоғалтады, рұқсат етілген көліктердің өзі әр жол бе­кет­терінде сан мәрте тоқтата беруіне байла­ныс­ты жол қашықтығы тіптен ұзарып кет­­­кендей. Жуырда ғана өзімізден 800 ша­қырым жердегі Қостанай облысынан кә­сібімізге керек техникалық саймандарды жеткізуге адамдарымыз 4 күн бойы жолда жүрді. Бұл әр сағатымызды алтынға балап отыр­ған егін шаруашылығы мамандары үшін аса қиын болып тұрғаны рас. Себебі тех­никалық саймандар өткен жылға қара­ғанда 10 есеге қымбаттап кеткен, өңірімізде олардың өзі таптырмайды. Бір айта кетер­лігі, ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дауға арналған «Ерейментау – агро кре­дит­тік серіктестігі» ЖШС арқасында шаруа­шы­лыққа қажетті деген бірнеше су жаңа тех­ни­каға күні кеше қол жеткіздік. Әйтсе де, те­мір екеш темір де тозады, құрал-сай­ман­дарды жаңартып тұрмаса тағы болмайды. Осындай кезде мемлекеттік қолдаудың маңызы ерекше. Біздің елде жұмыс істеймін деген кәсіпкер азаматтарға көмек-қолдау бар­шылық. Құрамына аудан бойынша 70 шаруа қожалығы еніп отырған мұндай бір­лес­тіктер мемлекет тарапынан болып жат­қан қолдауларға қоса өздері де ерінбей ең­бектене түссе, елдің жағдайы жаман бол­майды. Әзірге биылға деп жоспарланған бір мақсатымыз – дәл биыл біз егіске жаңа тұқым сеуіп көрсек деп едік. Оларды Се­мей, Омбы және тағы да басқа өңірлерден алу­ды жолға қойған болатынбыз. Жол бол­маған соң, ол жұмыстар да тоқтап қалды. Неғұр­лым сапалы өнім болса, ол соғұрлым сұра­нысқа да ие болатыны белгілі ғой. Бүгін­гі күнге дейін біз Ақмола, Қарағанды об­лыстары аумақтарының қамбаларына өз өні­мімізді құйып келсек, алдағы уақытта қиын­дықтарға қарамастан өрісімізді кеңейтсек, бұдан да үлкен көлемді қамтысақ деп жоспарлап отырмыз.

– Президент Үкіметке жанар­май­дың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеді. Осы­ны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатынын хабарлады. Бұл да егін науқаны кезінде шаруалар үшін зор көмек болмай ма?

– Әрине, Президенттің шаруашылыққа ерек­ше ден қойып отырғаны қуантады. Бі­рақ елдегі алыпсатар кәсіпкерлер бар жа­нармайды сатылымға қоймай, сақтап отыр­ғаны қиындық туғызуда. Қазір жанар­май өте тапшы. Себебін сұрасақ, нақты қау­лы шығып, баға бекітілмеген. Бұл жайт та жұмысымызға кедергі келтірмей қой­май­ды. Бағаның нақты тұрақтанғанын асыға күту­деміз. Жалпы, доллардың көтерілуіне бай­ланысты қымбатшылық белең алғаны рас. Бірақ отандық өнімдер керісінше ар­зан­дай түсті. Себебі шекара жабық. Өткен жы­л­ы бидайдың бір келісін 85-86 теңгеден сат­сақ, биылғы баға 75-76 теңгеге бекітілді. Тек қиын кезеңде еліміздің әлеуметтік жағ­дайын ақсатып алмауға жасалып жатқан ша­ралар болғандықтан, бұған да түсі­ністікпен қараймыз.

– «Біздің еңбегіміз табиғатқа, Жер-анаға байланысты» деп айт­тыңыз. Ерейментау өңірінің кли­ма­ты қатаң континенттік, яғни қы­сы суық, қар аз түседі деп ести­міз. Ауыл шаруашылығына қан­шалықты қолайлы?

– Біздің негізгі өніміміз – бидай, жүгері, жоңыш­қа, арпа, сұлы. Сөз басында айттым, биыл қар қалың түсті, егін бітік шығады де­г­ен үміттеміз. Қолайсыз болса, егін ек­пейміз ғой. Жеріміз малға да жайлы. Мә­се­лен, ауданымызда Германияның Buschhoff фирмасы жасаған мал азығы зауытын орнатып, осы шетелден асыл тұқымды мал да сатып алынды. Сиыр сауу және мал азы­ғын дайындау жұмыстары автоматтан­дырыл­ған, компьютер арқылы басқарылады. Сырт­тан келді дегені болмаса, асылтұқымды мал­дың да біздің өлкені бірден жерсініп, мол өнім беріп отырғаны қуантады. Ауыл шаруашылығына біздің өлкеміз аса жайлы деуге болады.

– Иә, біздің білуімізше, сіздер тек егінмен ғана айналысып отыр­ған жоқсыздар. Сонымен қатар «Хам­зе» сүт өнімдері фермасынан бел­гілі «Ереймен сүті» сүт өнімдерін де өндіресіздер, қаладағы көп дү­кендерде бұл сүт өнімдері ерекше сұра­нысқа ие екенін де аңғарып жүр­міз. Ал қазір тапсырыс алу жа­ғы тоқтап қалған жоқ па, ел ішінде қай аймақтарға сүт өнімдеріңіз тасымалданады?

– Жолдардың жабылуына байланысты тап­сырыстар бұрынғыға қарағанда сәл азай­ды. Дегенмен арнайы рұқсат қағазының кө­мегімен Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан мен Пав­лодар қалаларындағы тұрақты тұты­ну­шылардан тапсырыс алынып, жеткізілуде.

– Қалай ойлайсыз, дәл қазіргі жағдай адам санасына қалай әсер етуде? Қорқу-үркуден басқа тірі адам тіршілігін жасайды ғой, күн­кө­ріс жағына келгенде жұмысшы­лар­дың ынтасы қалай? Қысқарту­лар болып жатқан жоқ па?

– Сіз тіпті менің бүгінгі ойымның дәл үс­ті­нен түскендейсіз, мен осы елдегі дүрлігу басталғалы бері ауыл азаматтарының өзіне тиесілі жұмыстарына аса бір жауап­кер­шілік­пен қарай түскенін байқағандаймын. Тіпті, басшы ретінде өзім соған қуанамын да. Мысалы, біздің 4 ағайын бірігіп бастаған қожалықтағы жұмыс істейтін көп адам айлық жалақыларынан ешқашан қағылған емес, таза экологиялық өнімді тұтынады. Де­мек, «күнделікті ас-су қайда өндірілді, қа­шан өндірілді?» дейтіндей де қаупі жоқ. Соның өзінде бүгінгі әлем бойынша жүріп жат­қан үрдіске қарап, олар да бүгінгі жағ­дай­ларын ғана ойлап қоймай, ертеңгі, бола­шақтағы жағдайға алаңдайтындарын күн-түн демей, еңбек ету арқылы дәлелдеп жат­қандай. 10 мың гектар жерімізді түгел бап­тап, тұқым себуге кірісу – оңай шаруа емес. Қысқарту былай тұрсын, бізде биылғы бір қорқыныш, жұмыс күші жетіспей қала ма деп те күдіктенем. Себебі біздің техника тілін меңгерген механизаторларымыздың бәрі де науқандық шаруаға қаладан келіп жұ­мыс істейтін. Ал қазіргі карантинге бай­ланысты ол жұмыскерлеріміздің бәрі де елге келе алмай отыр. Олар да, біз де алаңдау­лы­мыз. Тек көп кешікпей жол ашылса екен деп ті­леудеміз, жол ашылса бәрі де жақсы бола­тынына сенеміз.

– Сіз кәсіпкер ғана емес, аудан­дық мәслихаттың депутатысыз. Ауыл­ға не қажет, елге не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Меніңше, қазір ауыл шаруашылығына қар­жылық қызметтердің экономикалық қол­жетімділігіне ерекше мән беру қажет. Тіп­ті, қарапайым ауыл тұрғындарының өзі ка­рантинге байланысты үйден шықпай-ақ тиіс­ті орындарға құжат тапсыру мәсе­лесі­нен қиындық көріп отыр. Қазір Халыққа қыз­мет көрсету орталықтары жұмысын тек ғаламтор арқылы жалғастыруда. Ал жалғыз біз­дің ғана емес, көптеген ауыл-аймақтарда интернет байланысы өте нашар қызмет көрсетіп отырғаны жасырын емес. Осыған қарағанда, Президент бекіткен көптеген кө­мектерден де елдегі тұрғындар қағылып қала ма деген күмән да жоқ емес. Әйтсе де, шүкір, айрандай ұйып отырған тату-тәтті біз­д­ің ауылдарда күнкөріс қамымен тарлық көріп отырған отбасылар жоқ деуге болады. Табыс көзі де бар, тіршілік етуге де барлық жағдай жасалған.

– Демек, ауылдан қалаға көшіп, жұмыс іздеу деген мәселе сіздерде жоқ сияқты...

– Көшіп кету қазір мүлде жоқ. Қайта ауыл­дан кеткендер қайта көшіп келіп жа­тыр. Мысалы, біздің шаруа қожалықтағы жұмыскерлер санының 70 пайызы жастар. Бәрі де еңбекқор. Осы біздің «Новомарковка» елді мекенінде жас отбасыларға арнайы 10 шақ­ты үйлер де салынды. 120 орындық су жаңа салынған балабақшаға бала да сыймай жа­тыр. Жаңадан құрылысы аяқталған ме­шіт те өз жамағатын жақсылыққа үндеп жұ­мысын бастап кетті. Ауыл ақсақал­дары­ның «ақсақалдар алқасы» да ауыл азамат­тары­ның әрбір ісіне бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отырады. Ендігі арман – елдің ең­сесі биіктеп, бұл қысылтаяң күндер де те­зірек аяқталып, халқымыз аман-есен бір-бі­рімен қауышса екен дейміз. Қалған тір­ліктің бәрі де бола жатар...

 

Сұхбаттасқан

Әсел ЖАҚСЫБАЙ

 

 

Соңғы жаңалықтар