Жаңалықтар

Қазақтан шыққан тұңғыш пианист

ашық дереккөзі

Қазақтан шыққан тұңғыш пианист

Талант тағдыры дегеніміз – сан қырлы өмірдің өзіндей күрделі де қызық. Кейбірі өз кезінде жұлдызы жарқырай жанып, танымал тұлғаға айналғанымен, зымырандай жылжыған өмір көшінде уақыт тасасында қалып, есімі де, артында қалдырған ізі де көмескі тарта береді. Кәсіби ортада, ағайын-туыс арасында болмаса, жалпы жұртшылықтың жадынан өшіп, беймәлім бейнелердің қатарына қосылып жатады. Сондай жандардың бірі – Гүлжауһар Шомбалова. Өткен жылдың желтоқсан айында туғанына 100 жыл толған  өнер иесінің ғасырлық мерейтойы елімізде атаусыз қалды. Сол себепті оны, қазақ өнері қарлығаштарының  бірі  ретінде,   көпшіліктің есіне салып, есімін қайта жаңғыртып қоюды жөн көрдік. Гүлжауһар Айыпқызы – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби пианист әрі музыкатанушы ғалым. 1919 жылғы 20 желтоқсанда Орал облысының  Жәнібек ауданындағы Қарпық ауылында дүниеге келген. Әкесі Айып – Бөкей хандығының ағартушы-реформаторы Жәңгір ханның саяси жақтастарының бірі, сенімді серіктесі болған ноғай-қазақ руының атақты биі Шомбал Ниязовтың тікелей ұрпағы. Қазақ зиялыларының қалыптасу тарихында   өзіндік орны бар бұл рудан  Алаш қай­рат­кері Батырқайыр Ниязов, Қазақстандағы алғашқы дәріхана ісін ұйымдастырушы дәрігер Мәжит Шомбалов, ақын Ғұмар Қараш сияқты көптеген айтулы тұлғалар  шық­қан. Гүлжауһар Шомбалованы солар­дың лайықты өкілі деуге болады. Жас республикамызда мәдени меке­ме­лер, өнер ошақтары шаңырақ көтеріп, м­узыка мәдениетінің алғашқы өркендері қанат жая бастаған өткен ғасырдың 30-шы жылдары өнер жолына қадам басқан жасөспірім қыз Қазақстанның музыкалық өміріндегі мәнді де маңызды оқиғалар мен құбылыстардың бел ортасында жүрді. Бұл тұрғыда оны, шын мәнінде, тыңнан түрен салған ізашарлардың бірі деуге толық негіз бар. 1930 жылдары Қазақстандағы тұңғыш ор­та музыкалық оқу орны – Алматы му­зыка техникумы ашылғанда, Гүлжауһар алғашқы студенттердің қатарында осы білім ордасының табалдырығын аттады. Техникумның оқу бөлімінің меңгерушісі қазақтың заманауи музыка мәдениетінің негізін қалаушы, сол кездегі Ленинград өнертану академиясының аспиранты Ахмет Жұбанов еді. Гүлжауһар мұнда орыс музыка білімінің реформаторы, атышулы пианист-педагог К.Игумновтың шәкірті, жоғары кәсіби маман Г.Петровтың фор­тепиано класы бойынша білім алды. Техникум қабырғасында оқыған тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы өзін талантты шә­кірт ретінде көрсете білді.