42 500 теңге: Қайтыс болғандардың атынан да өтініш түскен

42 500 теңге: Қайтыс болғандардың атынан да өтініш түскен

42 500 теңге: Қайтыс болғандардың атынан да өтініш түскен
ашық дереккөзі
42 500 теңге алуға түскен өтініштерді қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұған өтініштердің бірнеше қайтара жіберілуі себеп. Өтініштердің арасында марқұм болған адамдардың атынан жіберілгені де бар.  Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бастапқыда өтініштерді қарау мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленген еді. Кейінірек, әлеуметтік төлемдерді тезірек аудару үшін бұл мерзім үш жұмыс күніне дейін қысқарды. Алайда, біраз азамат бір өтінішті бірнеше рет жіберіп жатқаны анықталды. "Мәселен 8 сәуір түнгі 23.00-дегі жағдай бойынша 3,1 миллион өтініштің  1,3 миллионы қайталанатын болып шықты", - делінген хабарламада. Министрлік барлық өтінім түрлі ақпараттық деректер қорында бірнеше параметр бойынша мұқият тексерілетінін атап өтті. Оның ішінде адамның аты-жөні, ЖСН, банк шотының нөмірі, жұмысына қатысты мағлұматтар және тағы басқалары бар. "Мәліметтерді тексере келе, 42 500 теңгеге жұмыс істейтін, талапқа сай келмейтін азаматтардың да иек артып, қате банк шоттарын немесе бөгде біреудің, жарамсыз банк шоттарын жолдайтыны анықталды. Сонымен қатар, марқұм болып кеткен немесе шетелде тұратын адамдардың атынан да өтініш берілгені белгілі болды", -деп мәлімдеді ведомстводан. Сонымен қатар, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ешқашан қатыспаған, оған жарна аудармаған азаматтар да өтінім жіберген. Осыған ұқсас деректердің 405 мыңнан астамы айқындалды. "Азаматтардан 3 жұмыс күнінен соң төлемді тағайындау туралы хабарлама алмаса, алаңдамауды сұраймыз. Әр өтініш бойынша, ақпарат тексерілгеннен кейін, міндетті түрде қабылданған шешім туралы хабарланады", - деп сендірді министрліктен. Бұған дейін де хабарлағандай, әлеуметтік төлемге өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.