9 Сәуір, 15:58 536 0 Руханият Анар ЛЕПЕСОВА

Әзербайжан халқы жаңа әліпбиін қалай меңгерді?

Тәуелсіздік жылдары латын әліпбиіне көшкен түркі бауырларымыздың өзгеріске енген жаңа жазуды қалай қабылдады, оқыту ісі қалай жүзеге асты, меңгертудің қандай тиімді жолдарын іздеді? Осы мәселе бойынша әзербайжан тіліндегі латын әліпбиін меңгерту тәжірибесіне назар салуды жөн санадық.

1991 жылдың 25 желтоқсанында «Латын графикасы негізіндегі әзербайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» Заңымен 32 әріптен тұратын латыннегізді әзербайжан әліпбиі бекітілді: Aa, Bb, Cc (дж), Çç, Dd, Ee, Əə, Ff, Gg, Ğğ, Hh, Xx, Iı, İi, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Şş, Tt, Uu, Üü, Vv, Yy, Zz. Әліпбиде диакритикалық белгілері бар әріптер мыналар:  Çç (седиль), Ğğ (бревис), İi (ноқат),  Öö (умлаут), Şş (седиль), Üü (умлаут). Одан бөлек Ә таңбасы бар. Бұл әріп көзшалымдық жағынан  ыңғайлы болу мақсатында енгізілді.

Әзербайжан лингвист-мамандарының жаңа әліпбиге көшудің артықшылықтарын былайша көрсетеді: «Бекітілген жаңа әліпбидегі барлық әріптер  әзербайжан тілінің дыбыстық қорындағы негізгі фонемаларды белгілейді. Әліпбидегі кейбір әріптер әртүрлі диакритикалық белгілермен бір-бірінен ажыратылған: Oo – Öö, Uu – Üü, Iı – İi, Cc – Çç, Ss –Şş, Gg – Ğğ. Әріптердің баспа және көркем түрі көрсетілген. Әліпбиде тіліміздің фонетикалық сипатына сәйкес келмейтін әріптер жоқ. Тілімізде дыбыстар көп, олардың барлығын графикалық белгімен белгілесек, онда жазу процесі қиынға соғады, оқу және емле процесі қиындайды. Кез келген әліпбиде және оның графикалық белгілерінде белгілі бір кемшіліктерді табуға болады. Бірегей әліпби немесе графикалық белгі болмайды. Әліпбиіміздің тарихына назар аударатын болсақ, әліпби жобаларында бірқатар тарихи маңызды өзгерістер болғандығын атап өтуге болады. Мысалы, 1954 әріптердің аттары 1958 жылы өзгертіліп, жетілдірілді. Екі рет қабылданған кирилл әліпбиінде [ә] [қ] [ң] дыбыстары түсіп қалған еді, қазіргі жаңа әліпбиде сол кемшіліктер толықтырылды [Б. Хәлілов. Қазіргі әзірбайжан тілі: фонетика, жазу, алфавит, графика, орфография, орфоэпия. – Баку, «Баку баспа үйі» баспасы, 2013.].

Осындай графикааралық өтпелі кезеңде, алдымен, латын әліпбиінде оқу құралдары әзірленді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары білім беру жүйесіндегі жаңа кезеңде оқу құралдарының саны жеткілікті болмады. Соған қарамастан 1993 жылдың қыркүйегінен бастап орта мектептердің бастауыш сыныптарында жаңа әліпбимен  оқыту жұмыстары басталды. Бастауыш сыныптарға арналған 1992 жылы Я. Каримовтың «Әліппе», 2003 жылы А.Н. Рахимовтың «Ана тілін оқыту әдістемесі» оқулықтары жарық көрді. Орта мектептің орта, жоғары сыныптарында және жоғары оқу орындарында әліпбиді оқыту бойынша қосымша сабақтар ретінде ұйымдастырылды. Бұндай қосымша сабақтар барлық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен басқа да мекеме қызметкерлеріне де жүргізілді. Дегенмен ересектерді оқытатын курстардың саны көп болмады, жаңа әліпбимен оқытатын оқу құралдары мен мамандар жетіспеді. Себебі жаңа әліпби бойынша республиканың барлық тұрғындарын оқыту үшін миллиондаған қаржыны қажет етті. Бұл мәселе 2001-2004 жылдары мемлекет басшысы Гейдар Алиевтің Жарлығымен жүзеге асты.

Әзербайжанның қазіргі әдіскер-мамандары құрамы 32 әріптен тұратын жаңа әліпбиді әліпбидегі әріптердің берілген ретімен емес, буын, сөз құрауға болатын әріптердің реттілігімен оқыту үшін төрт кезеңге бөліп оқытады:

  • бірінші кезең: A, N, Ə, L, M, İ, T, B әріптері
  • екінші кезең: R, İ, D, Y, O, S, U, K әріптері
  • үшінші кезең: P, Ş, E, V, Z, Ü, Ö, G әріптері
  • төртінші кезең: Q, X, Ğ, C, Ç, H, F, J әріптері

Бірінші кезеңде  A, N, Ə, L, M, İ, T, B  әріптерін оқытуда дауысты және дауыссыз дыбыстардан тұратын ашық буындардан бастайды. Мәселен, na, ta, lə, ra, tə, nə. Оқушылар дауысты дыбыстардың буын құрайтындығын түсінеді. Екінші кезеңде қатаң және үнді дыбыстарының ерекшеліктеріне назар аударылады. Бірдыбысты, екідыбысты және үшдыбысты ашық және бітеу буындармен жұмыс жасалады. Үшінші кезеңде [е] дауысты дыбысының айтылуы [а]-ға жақын болғандықтан, салыстыру жұмыстары жүргізіледі. Сол сияқты Oo – Öö, Uu – Üü өзара жұптас әріптердің дыбысталуы осы кезеңде меңгертіледі. Дыбысталуы өзара жуық z-s, g-k, v-f әріптерінің дыбыстық ерекшеліктері меңгертіледі.  Төртінші кезеңде төрт әріптен тұратын бітеу буындармен жұмыстар жасалады.

Жазылым жұмыстарының бірінші кезеңінде айтылымы мен емлесі жағынан ерекшеленбейтін сөздер (ana, ata, lalə, nal, nənə, alma, əmi, manat, baba, bina және т.б.), екінші кезеңде айтылымы мен емлесінде өзгешелеу сөздер (dairə, limonad, saat, dəstə, usta, bulud, Nurəddin, komanda, kənd, kabab және т.б), үшінші кезеңде айтылымы мен емлесінде едәуір айырмашылықтары бар сөздер (piyalə, piano, polis, kreslo, dekabr, dovģan, samovar, püstə, müəllim, AbĢeron, lövbər, böyürtkən, guģə және т.б.), төртінші кезеңде айтылымы мен емлесінде айырмашылықтары бар сөздер беріледі (qaranlıq, Qobustan, Qubadlı, taxta, bəxtəvər, corab, çovğun, çəyirtkə, ətirli, həmrəylik, müjdə, münsif, jüri, səkkiz, qüdrətli, məftil, Füzuli, tüfəng, modelyer және т.б.). [Н.Б. Жафарова. Бастауыш мектепте әзірбайжан тілін оқыту әдістемесі. I бөлім. (Оқулық). Баку-2016, АДП].  Осылайша 1 сынып оқушылары бірте-бірте «оңайдан қиынға» ұстанымы бойынша айтылым (danıģmaq), жазылым (yazi), оқылым (oxu), тыңдалым (dinləmə) тапсырмалар негізінде әліпбидегі әріптердің дыбыстық мазмұны туралы түсінік алып, сөз ішіндегі дыбыстардың орнын танып, ажыратады.

Жаңа жазу ағылшын тілін үйреніп жүрген жастар үшін өздеріне таныс  латын графикасына негізделген әліпбидің құрамындағы бірмәнді әріптерді үйрену қиындық туғызбады:  Aa, Bb, Dd, Ee, Ff, Gg, Hh, Xx, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Oo, Pp, Rr, Ss, Tt, Uu, Vv, Yy, Zz. Тек диакритикалық белгілері бар әзербайжанның ұлттық дыбыстық ерекшелігін ажыратып әріптерді  үйрену үшін біраз уақытты талап етті:  Çç, Əə, Ğğ, Iı, İi, Qq, Öö, Şş, Üü.  Дегенмен  аға буын өкілдерінің арасында бірқатары бүгінге дейін  латын әліпбиіне бейімделе  алмай отырғандар да кездеседі екен. Олар үшін әліпбидегі бірден болған өзгерістер психологиялық дискомфорт тудырған.

Түйіндей келгенде, біріншіден, әзербайжан халқының қазіргі жаңа әліпбидің жүйелігі әзірбайжан тілінен сауат ашу процесін жеңілдетті. Әдіскер-мамандардың тілді үйрету әдістемесінде әр әріптің, буынның, сөздің дыбыстық мазмұнын меңгертуге ерекше назар аударатыны – әзербайжан әдеби тілінің өміршеңдігін көрсетеді. Әзербайжан тәжірибесін негізге ала отырып, біріншіден,  латынсаналы 1 сынып оқушыларын меңгертуде сөз құрауға байланысты  әріптердің реттілігі мен буын жиілігі ескеріліп, орфоэпияны меңгертудің әдістемесін жетілдіруді қажет етеді.  Осы ретте, 2016 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары құрастырған «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігін» пайдаланған жөн. Бұл еңбекте әріптердің, әріп тіркестерінің, сөздердің қолдану жиілігі кестемен көрсетілген. Екіншіден, осындай өтпелі кезеңде балалар мен ересектерді оқытуда бүгінге дейін әдістемелік және тілтанымдық мәнін жоймаған ҰЛЫ ҰСТАЗЫМЫЗ Ахмет  Байтұрсынұлының еңбектерін басшылыққа алуымыз керек. Әдіскер-ғалымның  «әріпқосу», «буын», «дыбысты», «шағын сөз», «тұтас сөз», «жалқылау (айырыңқы)», «жалқылаулы-жалпылау», «сауаттау», т.б. әдістерін және педагогикалық терминдерін қайта жаңғыртып, бүгінгі жаңа әліпбиді меңгертудегі практикада жүзеге асыруымыз керек. Үшіншіден, әр буын өкілдеріне жаңа әліпбиді меңгертетін мамандарға көмекші құрал ретінде оқытудың әдістемелік нұсқаулығын әзірлеуге басымдық беруіміз қажет.

 

Сейітбекова Айнұр Аташбекқызы

     А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар