Отандық медицинаның қауқары қандай?

Отандық медицинаның қауқары қандай?

Отандық медицинаның қауқары қандай?
ашық дереккөзі
Сәуірдің ортасына дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 3 500-ге жетуі мүмкін. Бұл –  Ден­сау­лық сақтау министрлігінің өзге мемлекеттер тәжіри­бе­сі­не сүйене отырып жасаған бол­жамы. Егер болжам рас­та­лар болса, кеселге шал­­дық­қандарды емдеуге отан­дық медицинаның қуаты же­те ме? Науқастардың то­лас­сыз тобын қабылдап, кө­мек көрсетуге дәрігерлері­міз дәрменді ме? Жалпы, елі­мізде ақ халаттылардың са­ны қанша? Ауруханалар са­ны ше? Олардың қаншасы кесірлі кеселмен күресуге қауқарлы? Осы сауалдарға жауап іздедік.

Ухань тәжірибесі: Үш қалада – үш аурухана

5 сәуірде өткен онлайн бри­финг­­те Елжан Біртанов Қазақ­стан­да коронавирус таралуының негізгі ке­зеңі сәуір-мамырда өтсе, вирус­тың шарықтау шыңы сәуірдің бірін­ші жартысына тұспа-тұс келе­ді деген болжамды ұсынды. «Осы кезеңде біз шамамен 3 500 жағдай тіркелетінін болжай­мыз. Одан ары, яғни жаз айларында эпи­демиологтар эпидемия толы­ғы­мен тоқтамаса да баяулайтынын күтеді. Сарапшылар биылғы күзде ін­деттің қайталанатынын жоққа шы­ғар­майды», – деді министр. Індеттің таралу қарқыны мен нау­қастар санына қатысты болжам жа­сау – сәуегейлік яки еріккеннің ер­мегі емес. Ондағы мақсат – індет жұқ­тырғандарды жатқызатын орын дайындап, қажетті құрал-жаб­дық, дәрі-дәрмектерді қамдап үлгеру. Ведомство басшысының ай­туын­ша, елімізге бүгінгі таңда коронавирус инфекциясынан науқастарды емдеу мақсатында 3 920 инфекциялық, сонымен қатар 7 300 провизорлық тө­сек-орын дайындалған. Бұдан бөлек, 180 ауыр науқасты қабыл­дауға қа­бі­летті жансақтау бөлімшесі әзір, онда 170 жасанды тыныс алу аппа­­ра­ты және қан оксигена­ция­сы­ның экстракорпоральды мембра­на­налы 38 аппараты бар. «Алайда пациенттер жұқпалы ауру­лар ауруханасында орташа есеппен 3-4 апта өткізетінін, елді ме­­­кендердің тіршілігін қамтамасыз ету­мен айналысатын кәсіпорындар мен қызметтердің командаларында – медицина қызметкерлері, по­ли­ция, Қарулы Күштерде инфек­ция­ның пайда болу қаупін ескер­генде, Қа­зақ­станда көбірек төсек-орын мен ар­найы аурухана керегі бай­қа­лады. Со­нымен қатар ол ау­руханалар ин­фе­кция­лық қауіп­сіз­дік­тің барлық та­лабына сай болуы ке­рек. Онда боксталған палаталар, вен­тиля­ция­ның ерекше жүйесі, жан­сақтау бөлі­міндегі орындар болуы тиіс. Мұндай тез тұр­ғы­­зы­ла­тын емхана­лар­­дың Қытайда қалай пайдаға жарағанын көрдік. АҚШ пен Италия, өзге де еу­ро­палық ел­дердегі қара­пайым емха­наларға қан­дай жүктеме тү­сіп отыр­ғанынан да хабардармыз. Көптеген ел нау­қастар мен меди­ци­на қыз­мет­кер­лері үшін инфек­ция­лық қауіп­сіздік тех­нологиялары сақ­талмаған ны­сан­дар мен спорт­тық құ­ры­лым­дарды пайдалануға мәжбүр», – деді Елжан Біртанов. Денсаулық сақтау министрлігінің  коро­на­вирусқа шалдыққан науқастарды ем­дейтін арнайы ауруханалар салу қажет еке­ні туралы ұсынысын талқылаған Мем­лекеттік комиссия тез арада Нұр-Сұлтан, Ал­маты және Шымкент қалаларында үш инфекциялық аурухана құрылысын бастау туралы  шешім қабылдады. Пәрмен берілді. Үш нысан құрылысына ел бюджетінен 14,8 млрд теңге бөлінді. Ин­женерлер мен құрылыс компания­лары­ның қатысуымен жұмыс тобы құрылып, құрылыс басталып кетті. Модульдік ауруха­на­лар шамамен 3-4 аптадан кейін пайда­лануға дайын болмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, әр қаладағы ғимарат әртүрлі болады. Өйткені құрылыс барысында өңірдің климаттық ерекше­ліктері ескеріліп, соған сай жабдықтар таңдалады. Елжан Біртановтың айтуынша, жаңа ауру­ханаларда 200-300 адамға арналған орын болады. Олар елдегі  бар қорды 3 500 тө­с­екке ұлғайту қажет болған жағдайда қол­данылады. «Жаңа нысандар халықаралық қауіп­сіздік стандарттарына сәйкес салынады. Қазіргі ауруханалардың көпшілігі 60-70-жыл­дары салынған. Олар әрдайым заманауи стандарттарға сәйкес келе бер­мейді. Бұл мәселелер модульдік құры­лым­дарды салу кезінде ескерілетін болады», – деді министр. Індетті ауыздықтаған Қытай тәжірибесі модульдік ауруханалардың тиімділігін көрсетті. Уханьда 10 күнде бой көтерген ауру­хана талай елдің таңдайын қақтырды.  5 күнде 10 мың адамға арналған карантин орталығын салған Өзбекстан да әлем назарында. Біздің мақсат – әсте жарысу емес, тиімді тәжірибені кәдеге жарату. Ауру­ханаларында орын жетіспей, мыңдаған адамды саябақтардағы далалық госпиталь­дарда емдеуге мәжбүр болған Италия, Испания, Франциядағы жағдай жедел қимылдау қажеттігін ұқтырды. Бүкіл әлемді өз торына матаған коро­навирусты қанша қарғап-сілесек те, оның барымыз бен жоғымызды түгендеуге ықпал еткенін мойындауға тиіспіз. Осы уақытқа дейін «Елімізде қанша аурухана бар, олар қанша адамды қабылдай алады?» деген сауал­ға бас қатырып көрмеген болсақ, кесір­лі кеселдің қаупі артқан соң, қай-қайсымыз да медициналық қорғанысы­мыз­дың қауқарын зерттей бастадық. Ұлттық эко­номика министрлігі Статистика коми­тетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 788 аурухана бар. Олардағы төсек-орындардың жалпы саны – 98 371. Бұған дейін министрлік медициналық-әлеу­меттік міндетті сақтандыру жүйесін енгізу аясында еліміздегі ауруханаларды біріктіріп, ірілендіру жұмыстарын қолға ал­ғаны белгілі. Жылына қыруар қаржы бө­лінетін, алайда қаңырап бос тұратын ауру­ханалар санын қысқарту шаралары жүргі­зіле бастаған-ды. Алайда елімізге кесірлі ке­сел жеткелі бұл саладағы бастамалардың барлығы орта жолда қалды. Коронавируспен күрес аяқталған соң отандық денсаулық сақтау жүйесін  түбегейлі реформалау қа­жет­тігі туындауы мүмкін. Өйткені ауру ауыз­дықталғанша осы күнге дейін тындыр­ғанымыздың озығы да, тозығы да таразыға түспек.

Коронавируспен күреске  16 мың медицина  маманы тартылды

Жаһанды жайлаған індеттің ауырт­па­лығы ең әуелі дәрігерлерге түсті. Көрінбейтін жау­мен соғыстың ержүрек жауынгерлері де – солар. Мемлекет қолдан келгенше олар­дың жағдайын жасап жатыр. Президенттің пәрменімен коронавируспен күрес жұ­мыстарына тартылған ақ халаттылардың жа­лақысына  үстемеақы қосылды. Бірінші топ – реанимация бөлімдерімен қоса алған­да, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қыз­меткерлерінің, жалпы саны 3 284 маманның еңбекақысына 850 мың теңге қосылды. Ал екінші топ – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, барлығы 11 951 маман өз жалақысынан бө­лек, ай сайын 425 мың теңге үстемеақы ала­ды. Үшінші топ – карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қыз­меткерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәр­дем жүргізушілері, барлығы  10 994 қыз­меткерге айына 212 мың теңге үсте­меақы беріледі. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері­нің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталды. Қызметтік мінде­тін орындау барысында коронавирус жұқ­ты­рып алған дәрігерлерге 2 млн теңге кө­ле­мінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, бірақ егер медицина қызмет­кер­лері індеттен қайтыс болса, отбасына 10 млн теңге мөлшерінде өтемақы беріледі. Әрине, көрсетілген қаржылық қолдау олардың арқасына артылған ауыр жүкті жеңілдете алмайды. Өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті де сейілте алмасы анық. Ке­сірлі кеселмен күрес жұмыстарына жұм­ыл­ған ақ халаттылардың арасында індет жұқ­­тыру деректерінің көбеюі сөзімізге дә­лел. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың дерегінше, елі­мізде 120 медициналық қызметкер коро­на­вирусқа шалдыққан. Олардың бірі ауыр хал­де жатыр. 9 дәрігердің жағдайын әріп­тестері орташа ауыр деп бағалап отыр. Індеттің қауіптілігіне қарамастан, оны­мен күреске өз еркімен кіріскен дәрі­гер­лердің көптігі қуантады. Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгін­де елімізде коронавируспен күреске 16 мың медицина маманы тартылған. «Біз уақытылы дайындалғандықтан, ма­­мандар жеткілікті. Бүгінгі күні ин­фек­циялық ауруханалар, провизорлық стацио­нарлар, карантиндік нысандарға 16 мың дәрігер тартылды. Дәрігерлер, медбикелер, кіші медицина қызметкері, санитар-дәрігерлер, туберкулез орталықтарының қызметкерлері еңбек етуде. Карантинге байланысты белгілі бір жоспарлы көмектер, стоматологиялық қызметтер азайды. Өз еркімен көмек көрсеткісі келетін дәрігерлер саны көбейді», – дейді Елжан Біртанов. Министрдің сөзіне сүйенсек, корона­вирус­пен күреске студент-дәрігерлер, жо­ғары курста оқитын студенттер де тар­ты­лып отыр. «Оларды жұмыс істеуге дайындап жа­тыр­мыз. Жалпы, практикадағы дәрігерді коронавирусты емдейтін маманға айнал­дыру қиын емес. Әрине, олар толыққанды инфекционист болып кетпейді. Осындай жағдайда ең бастысы – көмек көрсете алуы. Бойын үрей билегендер де, жұмыстан бас тартқан дәрігерлер де бар. Мұндай жағдай орын алмауы мүмкін емес екенін білеміз. Бұл бағыт бойынша да жұмыс істеп жатыр­мыз. Шаралар қабылданып, материалдық және моральдық көмек көрсетілуде», – дейді ол.

Дәрігерлердің үрейі үдеді

Материалдық көмекті айттық. Енді моральдық көмекке тоқталсақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді «бүгінгі күннің батыр­лары» деп атады. Онысы рас. Мылтық­сыз «май­данда» басты қорғанымыз – ақ хала­т­тылар. Коронавирус пайда болғалы оларға құрметіміз бен сеніміміз еселеп артты. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай. Дәрігерлерді ештеңеден қорықпайтын, ақ халатты «супермендер» кейпінде көретін болдық. Алайда олар да сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар. Олардың да отбасы, жақындары, армандары мен қорқыныштары бар. Бұл күндері оларға артылған жүк ауыр: физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық тұрғыдан да жүктеме көбейді. Отбасынан жырақта жүру, жақындарына індет жұқты­рып алудан қорқу, өзгенің өміріне араша бола алмай қалудан үрейлену – мұның бәрі олардың жан дүниесіне, жүйкесіне айтарлықтай салмақ.  Сондықтан жуырда пси­хологтар коронавируспен күресіп жат­қан дәрігерлерге көмек көрсетуге кірісті. Елордалық психолог  Светлана Третьякова мен оның бір топ әріптестері әлеуметтік желілер арқылы бастама көтеріп, пси­хо­логиялық көмекке мұқтаж медицина ма­мандарына қолдау көрсетуге дайын екен­дерін жеткізді. Бүгінге дейін қауіптің өтінде жүр­ген бірнеше маман онлайн плат­фор­малар арқылы психологтардың көмегіне жүгініп үлгеріпті. Светлана Третьякованың айтуынша, эпидемия ошақтарында жүрген дәрігерлер науқастардан індет жұқтырып алудан қорқады. Олардың көпшілігі шаршағанын және күйзелісте жүргенін жет­кізіпті. «Жақында мен бір медицина қыз­мет­керімен тілдестім. Ол маған өз уайымын жет­кізіп: «Өзім кесел жұқтырсам ештеңе емес, жақындарыма жұқса ше? Менің кіш­кентай балам бар, өзімнен бұрын соның ден­саулығы үшін алаңдаймын» деген еді. Өкі­ніштісі, жуырда одан коронавирус анық­т­алғанын естідім», – дейді елордалық пси­холог. Светлана Третьякова дәрігерлерге кәсіби пси­хологтардың көмегінен бөлек, қоғам­ның да қолдауы маңызды. Оның пікірін­ше, әлеуметтік желілерде медицина маман­дарының құрметіне жүргізіліп жатқан челлендждер, балкондарда шырқалған әндер олардың көңілін көтеріп, күрделі жұмыстан аз да болса тынығуға көмектеседі. Сондай-ақ психолог індет тарағалы дә­рі­герлердің бойында үрей көбейгенін аң­ғарыпты. «Менің көмегіме жүгінген дәрігердің бірі науқастарға көмектесе алмай қалудан қор­қады. Егер пациенттің жағдайы қиындап, оның өмірін құтқара алмай қалса, өмірінің соңына дейін өзін кінәлап өтетінін айтты. Коронавируспен күреске тартылған меди­ци­на қызметкерлерінің бойында жабық кеңіс­тік фобиясы да пайда бола бастады. Өйт­кені олардың көпшілігі қазір аурухана­дан шықпайды, күні-түні науқастарға қыз­мет көрсетеді», – дейді Светлана Третья­кова. Психологтың сөзінен түсінгеніміз, ко­ро­навирус жұқтырған науқастармен ті­келей байланысқа түсетін дәрігерлердің көп­шілігі күйзелісте, үрейде жүр. Мораль­дық, психологиялық жүктеме артқан сайын олардың жұмысқа қабілеттілігі төмендей бермек. Демек, қауіп өтінде жүрген ақ ха­лат­тыларды алмастыратын немесе олардың қатарын толықтыратын мамандар қажет болады. Оның үстіне, дерт жұқтыру дерек­тері еліміздің барлық өңірінде көбейіп келе жатқанын ескерсек, індетті ауыз­дық­тауға 16 мың маманның  қауқары жетпейтіні анық. Елжан Біртанов қосымша 10 мың ақ ха­латты дайындалып жатқанын мәлімдеді. Алайда елімізде коронавирустан  өзге ауру түр­лері де бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Кесірлі кеселмен күреске жұмыл­дырыл­ған түрлі сала дәрігерлерінің орны уақытша бос қалатыны түсінікті. Сонда олар­дың көмегіне мұқтаж науқастар қайт­пек? Коронавирус жұқтырғандар емделіп шық­қанша күте тұруы керек пе? Күтуге ден­саулығы жарайтындары бар, жара­май­тындары ше?!

Елімізде 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос

 Ұлттық экономика министрлігі Ста­тистика комитетінің дерегінше, елімізде 175 705 орта медицина қызметкері бар. Олар­дың  18 364-і Алматы қаласында жұ­мыс істесе, 18 158-і Түркістан облысында, 14 961-і Алматы облысында, 14 574-і Шы­ғыс Қазақстан облысының медициналық мекемелерінде қызмет етуде. Орта меди­ци­на­лық қызметкерлердің саны жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы (12 026) Қарағанды об­лы­сынан (13 507) кейінгі алтыншы орын­да тұр. Ал жоғары білімді мамандарға келер бол­сақ, елімізде барлық сала бойынша 72 877 дәрігер бар.  Олардың басым көпшілігі Ал­маты (13 298) және Нұр-Сұлтанда (8220) шо­ғырланған. Ал өңірлерге тоқталсақ, Қара­ғанды (6276), Шығыс Қазақстан (5878) жә­не Түркістан (5195) облыстарынан өзге ай­мақтарда дәрігерлер саны мардымсыз. Әсі­ресе, Атырау (1825) және Солтүстік Қа­зақ­стан (1695) облыстарында жоғары білім­ді медицина мамандарының қатары аз. Денсаулық сақтау министрлігінің дере­гінше, Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе, ауыл-аймақтарда маман жетіспейді. Өңірлердегі емханаларға 700-ден астам жалпы тәжірибедегі дәрігер ке­рек. Сондай-ақ педиатр, акушер-ги­не­колог, онкологтар мен аллергологтарға сұра­ныс жоғары.  Министрлік ақпаратына сүйен­сек, қазір ел емханаларында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің 25 пайызы зейнет жасына тақап қалған. Шығыс Қазақстан облысының ауру­ха­наларында 200-ден астам дәрігер жетіспейді. Өңірге педиатр, терапевт, анестезиолог, гинеколог және психиатр мамандары қа­жет. Дәрігер тапшылығы негізінен Ана мен бала орталығында, облыстық маман­дан­ды­рылған медициналық орталықта және Өскемендегі №4 қалалық ауруханада се­зілуде. Атырау облысында да 200-ге жуық дәрі­гердің орны бос. Былтыр өңірде жаңадан са­лынған 2 медициналық нысан іске қо­сыл­ған. Биыл тағы 12  ғимараттың құры­лы­сы аяқталмақ. Сондықтан медицина қыз­меткерлеріне сұраныс артпа түспек. Ал Ақмола облысында хирург, балалар дәрі­гері, психиатрлар мен акушер-гине­ко­логтар қат. Аймақты медицина маман­дары­мен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар  қол­ға алынғанымен, облыс ауруханаларына әлі 415 дәрігер жетіспейді. Өңірде білікті кадрлар жетіспеуінің себебі көп.  Біріншіден, баспана мәселесі шешімін таппаған. Облыс әкім­дігінің дерегінше, аймаққа былтыр кел­ген 67 дәрігердің тек 35-і ғана баспанамен қам­тылған. Екіншіден, ауыл-аймақтағы дә­рігерлердің жалақысынан үлкен қала­лардағы ақ халаттылардың еңбекақысы көбірек. Облыс елорда іргесінде орна­лас­қандықтан, оқу бітірген жастар қалада қалып, көбірек табыс тапқысы келеді. Оның үстіне, қалада мансап қууға мүмкіндік мол деген түсінік қалыптасқан. Осыны ескерген билік биылдан бастап, Ақмола облысының ауылдарына жұмысқа келген жас маман­дарға жергілікті бюджеттен 1 млн теңге қайтарымсыз қаражат бермек. Бұдан бөлек, облыстық әкімдіктен маман дайындауға жыл сайын 50 грант бөлінеді. Бұл жастар оқуын тамамдаған соң өңірде жұмыс істеуге міндеттеледі. Облыстағылар оқу бітірген жастар қала­дан қайтқысы келмейді деп ақталады. Алай­да елордадағы статистика да көңіл көн­шіт­пейді.  2019 жылдың қарашасындағы, яғни, елдегі эпидемиологиялық ахуал ушықпай тұрған кездегі мәліметке сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық меке­ме­лерге 494 маман жетіспейді. Атап айтқанда, елор­да емханаларына 107 жалпы тәжі­рибедегі дәрігер, 36 педиатр, 52 терапевт, 42 акушер-гинеколог, 41 анестезиолог-реаниматолог, 16 кардиолог, 3 психиатр, 16 онколог және 28 неонатолог қажет. Бүгінде қалалық Денсаулық сақтау бас­қармасына қарасты 34 мекеме бар. Аталған ме­кемелерде 13 613 медицина қызметкері жұ­мыс істейді. Олардың 35,7 пайызы  (4 860) – дәрігер және 64,3 пайызы (8 753) – орта медицина қызметкері. Жыл сайын еліміздің медициналық жо­ғары оқу орындары орта есеппен 5 000 ма­ман даярлап шығарады екен. Олардың 1 500-і – жалпы тәжірибе дәрігерлері. Оқу бітір­ген түлектер қатары артқанмен, бос орындар көп. Сонда жас мамандар қайда, немен айланысып жүр? Бұл сауалды  С.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина универ­ситетінің 2016 жылғы түлегі, жалпы тәжіри­бе дәрігері Назым Шужееваға қойдық. Жас маманның жауабы отандық денсаулық жүйесінде қордаланған біраз түйткілге қанықтырды. Назым ШУЖЕЕВА,  жалпы тәжірибе дәрігері:

Коронавирус пайда болғанша қоғам дәрігерлерді құрметтеген жоқ

– 2016 жылы университетті бітіріп, «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Алматы облысы Талғар ауданына жолдама алып, ауылдық емханада қызмет еттім. Қазір бала күтіміне байланысты дема­лыстамын. Жуырда басшылық хабарласып, маман жетіспей жатқанын айтты. Жұмысқа қашан шыға алатынымды сұрады. Жа­қын­дарым да жас кезіңде тәжірибе жинақ­таға­ның дұрыс, ертерек жұмысыңа кіріс деп жиі айтады. Алайда әзірге кәсібіме оралуға дайын емеспін. Неге десеңіз, біріншіден, дәрігерлерге артылған жүктеме тым ауыр, алатын жалақымыз жұмыс ауқымына сай емес. Емханада пациенттерді қабылдаған­нан бөлек, шақырту бойынша үйлерді аралап, ем-дом шараларын жасаймыз. Екіншіден, қазір пациенттермен жұмыс істеу өте қиын. Интернет баршаға қол­же­тімді болғандықтан, науқастар өзде­ріне диаг­ноз қойып, ем тағайындап алады да, дәрі­герлер жазып берген емдеу шаралары­мен келіспей, жұмысымызға кедергі келті­реді. Агрессия көрсетіп, жеке басымыздың қадір-қасиетіне қол сұғу жағдайлары да кездеседі. Жастар ғана емес, медицинада қаншама жыл қызмет еткен тәжірибелі әріптестерімнің де айтары осы. Әсіресе, ба­лаларға екпе салу кезінде қарсылық біл­діре­тін ата-аналармен тілдесу қиын. Олардың әрқайсына түсіндіру жұмысын жүргізіп, екпе салдырмаудың бала денсаулығына тигізер кесірін ұғындыруға тырысамыз. Десе де, шетелдік ақпарат құралдарына сүйен­ген көп ана балаларына вакцина сал­дырудан түбегейлі бас тартады. Ал бас­шы­лық бізден тіркеудегі балалардың бар­лығына екпе егілуін талап етеді. Оның үстіне, өзімізге қарасты учаскедегі балаларға вакцина толық салынбаса, жалақымыз кемиді. Еңбекақымыздың негізгі бөлігін құрайтын СКПН (жан басына шаққандағы ынталандырушы компонент – авт.) деген бар. Оның көлеміне ықпал етуші өлшем­шарттардың бірі – жоспарлы екпенің толық салынуы. Алайда біз ата-аналардың таң­дауына қарсы келе алмаймыз. Үшіншіден, біздің қоғамның дәрігер­лерге құрметі төмен. Коронавирус пайда болғалы халық ақ халаттылардың қадіріне жете бастағандай. Оған дейін дәрігерлерді менсінбейтіндер, кәсіби біліктілігіне шүбә келтіретіндер, мамандарға ақыл үйрете­тіндер көп болатын. Бұған азаматтардың өзін-өзі емдеуіне жол беріп қойғанымыз себеп болса керек. Жасыратыны жоқ, елі­міздегі дәріханалар тұрғындарға дәрі-дәр­мектерді дәрігер нұсқаулығынсыз сата береді. Салдарынан қоғамда ақ халаттылар­дың еңбегіне құрмет төмендеп, «өзім-ақ емделе аламын» деген түсінік кең тарады. АҚШ-қа барсаңыз, дәрігердің тілдей қаға­зынсыз ешқандай дәрі сатып ала алмайсыз. Сондықтан медициналық қызметтердің қымбаттығына қарамастан америкалық­тардың жаны ауырғаны да, тәні ауырғаны да ақ халаттылардың алдына барып, пәр­менін орындайды. Қазақ қоғамының дәрі­гер мамандығына құрметін арттырып, бұл салада еңбек етуге ынталылардың қатарын арттыру үшін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне де темірдей тәртіп орнату қа­жет деп ойлаймын.  Әйтпесе, оқу бітірген жас дәрігерлер өз мамандығынан безініп кетуі мүмкін.