Отандық медицинаның қауқары қандай?
Отандық медицинаның қауқары қандай?
Сәуірдің ортасына дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 3 500-ге жетуі мүмкін. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің өзге мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып жасаған болжамы. Егер болжам расталар болса, кеселге шалдыққандарды емдеуге отандық медицинаның қуаты жете ме? Науқастардың толассыз тобын қабылдап, көмек көрсетуге дәрігерлеріміз дәрменді ме? Жалпы, елімізде ақ халаттылардың саны қанша? Ауруханалар саны ше? Олардың қаншасы кесірлі кеселмен күресуге қауқарлы? Осы сауалдарға жауап іздедік.
Ухань тәжірибесі: Үш қалада – үш аурухана
5 сәуірде өткен онлайн брифингте Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус таралуының негізгі кезеңі сәуір-мамырда өтсе, вирустың шарықтау шыңы сәуірдің бірінші жартысына тұспа-тұс келеді деген болжамды ұсынды. «Осы кезеңде біз шамамен 3 500 жағдай тіркелетінін болжаймыз. Одан ары, яғни жаз айларында эпидемиологтар эпидемия толығымен тоқтамаса да баяулайтынын күтеді. Сарапшылар биылғы күзде індеттің қайталанатынын жоққа шығармайды», – деді министр. Індеттің таралу қарқыны мен науқастар санына қатысты болжам жасау – сәуегейлік яки еріккеннің ермегі емес. Ондағы мақсат – індет жұқтырғандарды жатқызатын орын дайындап, қажетті құрал-жабдық, дәрі-дәрмектерді қамдап үлгеру. Ведомство басшысының айтуынша, елімізге бүгінгі таңда коронавирус инфекциясынан науқастарды емдеу мақсатында 3 920 инфекциялық, сонымен қатар 7 300 провизорлық төсек-орын дайындалған. Бұдан бөлек, 180 ауыр науқасты қабылдауға қабілетті жансақтау бөлімшесі әзір, онда 170 жасанды тыныс алу аппараты және қан оксигенациясының экстракорпоральды мембрананалы 38 аппараты бар. «Алайда пациенттер жұқпалы аурулар ауруханасында орташа есеппен 3-4 апта өткізетінін, елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын кәсіпорындар мен қызметтердің командаларында – медицина қызметкерлері, полиция, Қарулы Күштерде инфекцияның пайда болу қаупін ескергенде, Қазақстанда көбірек төсек-орын мен арнайы аурухана керегі байқалады. Сонымен қатар ол ауруханалар инфекциялық қауіпсіздіктің барлық талабына сай болуы керек. Онда боксталған палаталар, вентиляцияның ерекше жүйесі, жансақтау бөліміндегі орындар болуы тиіс. Мұндай тез тұрғызылатын емханалардың Қытайда қалай пайдаға жарағанын көрдік. АҚШ пен Италия, өзге де еуропалық елдердегі қарапайым емханаларға қандай жүктеме түсіп отырғанынан да хабардармыз. Көптеген ел науқастар мен медицина қызметкерлері үшін инфекциялық қауіпсіздік технологиялары сақталмаған нысандар мен спорттық құрылымдарды пайдалануға мәжбүр», – деді Елжан Біртанов. Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдейтін арнайы ауруханалар салу қажет екені туралы ұсынысын талқылаған Мемлекеттік комиссия тез арада Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында үш инфекциялық аурухана құрылысын бастау туралы шешім қабылдады. Пәрмен берілді. Үш нысан құрылысына ел бюджетінен 14,8 млрд теңге бөлінді. Инженерлер мен құрылыс компанияларының қатысуымен жұмыс тобы құрылып, құрылыс басталып кетті. Модульдік ауруханалар шамамен 3-4 аптадан кейін пайдалануға дайын болмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, әр қаладағы ғимарат әртүрлі болады. Өйткені құрылыс барысында өңірдің климаттық ерекшеліктері ескеріліп, соған сай жабдықтар таңдалады. Елжан Біртановтың айтуынша, жаңа ауруханаларда 200-300 адамға арналған орын болады. Олар елдегі бар қорды 3 500 төсекке ұлғайту қажет болған жағдайда қолданылады. «Жаңа нысандар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес салынады. Қазіргі ауруханалардың көпшілігі 60-70-жылдары салынған. Олар әрдайым заманауи стандарттарға сәйкес келе бермейді. Бұл мәселелер модульдік құрылымдарды салу кезінде ескерілетін болады», – деді министр. Індетті ауыздықтаған Қытай тәжірибесі модульдік ауруханалардың тиімділігін көрсетті. Уханьда 10 күнде бой көтерген аурухана талай елдің таңдайын қақтырды. 5 күнде 10 мың адамға арналған карантин орталығын салған Өзбекстан да әлем назарында. Біздің мақсат – әсте жарысу емес, тиімді тәжірибені кәдеге жарату. Ауруханаларында орын жетіспей, мыңдаған адамды саябақтардағы далалық госпитальдарда емдеуге мәжбүр болған Италия, Испания, Франциядағы жағдай жедел қимылдау қажеттігін ұқтырды. Бүкіл әлемді өз торына матаған коронавирусты қанша қарғап-сілесек те, оның барымыз бен жоғымызды түгендеуге ықпал еткенін мойындауға тиіспіз. Осы уақытқа дейін «Елімізде қанша аурухана бар, олар қанша адамды қабылдай алады?» деген сауалға бас қатырып көрмеген болсақ, кесірлі кеселдің қаупі артқан соң, қай-қайсымыз да медициналық қорғанысымыздың қауқарын зерттей бастадық. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 788 аурухана бар. Олардағы төсек-орындардың жалпы саны – 98 371. Бұған дейін министрлік медициналық-әлеуметтік міндетті сақтандыру жүйесін енгізу аясында еліміздегі ауруханаларды біріктіріп, ірілендіру жұмыстарын қолға алғаны белгілі. Жылына қыруар қаржы бөлінетін, алайда қаңырап бос тұратын ауруханалар санын қысқарту шаралары жүргізіле бастаған-ды. Алайда елімізге кесірлі кесел жеткелі бұл саладағы бастамалардың барлығы орта жолда қалды. Коронавируспен күрес аяқталған соң отандық денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігі туындауы мүмкін. Өйткені ауру ауыздықталғанша осы күнге дейін тындырғанымыздың озығы да, тозығы да таразыға түспек.Коронавируспен күреске 16 мың медицина маманы тартылды
Жаһанды жайлаған індеттің ауыртпалығы ең әуелі дәрігерлерге түсті. Көрінбейтін жаумен соғыстың ержүрек жауынгерлері де – солар. Мемлекет қолдан келгенше олардың жағдайын жасап жатыр. Президенттің пәрменімен коронавируспен күрес жұмыстарына тартылған ақ халаттылардың жалақысына үстемеақы қосылды. Бірінші топ – реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің, жалпы саны 3 284 маманның еңбекақысына 850 мың теңге қосылды. Ал екінші топ – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, барлығы 11 951 маман өз жалақысынан бөлек, ай сайын 425 мың теңге үстемеақы алады. Үшінші топ – карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері, барлығы 10 994 қызметкерге айына 212 мың теңге үстемеақы беріледі. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталды. Қызметтік міндетін орындау барысында коронавирус жұқтырып алған дәрігерлерге 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, бірақ егер медицина қызметкерлері індеттен қайтыс болса, отбасына 10 млн теңге мөлшерінде өтемақы беріледі. Әрине, көрсетілген қаржылық қолдау олардың арқасына артылған ауыр жүкті жеңілдете алмайды. Өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті де сейілте алмасы анық. Кесірлі кеселмен күрес жұмыстарына жұмылған ақ халаттылардың арасында індет жұқтыру деректерінің көбеюі сөзімізге дәлел. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың дерегінше, елімізде 120 медициналық қызметкер коронавирусқа шалдыққан. Олардың бірі ауыр халде жатыр. 9 дәрігердің жағдайын әріптестері орташа ауыр деп бағалап отыр. Індеттің қауіптілігіне қарамастан, онымен күреске өз еркімен кіріскен дәрігерлердің көптігі қуантады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде елімізде коронавируспен күреске 16 мың медицина маманы тартылған. «Біз уақытылы дайындалғандықтан, мамандар жеткілікті. Бүгінгі күні инфекциялық ауруханалар, провизорлық стационарлар, карантиндік нысандарға 16 мың дәрігер тартылды. Дәрігерлер, медбикелер, кіші медицина қызметкері, санитар-дәрігерлер, туберкулез орталықтарының қызметкерлері еңбек етуде. Карантинге байланысты белгілі бір жоспарлы көмектер, стоматологиялық қызметтер азайды. Өз еркімен көмек көрсеткісі келетін дәрігерлер саны көбейді», – дейді Елжан Біртанов. Министрдің сөзіне сүйенсек, коронавируспен күреске студент-дәрігерлер, жоғары курста оқитын студенттер де тартылып отыр. «Оларды жұмыс істеуге дайындап жатырмыз. Жалпы, практикадағы дәрігерді коронавирусты емдейтін маманға айналдыру қиын емес. Әрине, олар толыққанды инфекционист болып кетпейді. Осындай жағдайда ең бастысы – көмек көрсете алуы. Бойын үрей билегендер де, жұмыстан бас тартқан дәрігерлер де бар. Мұндай жағдай орын алмауы мүмкін емес екенін білеміз. Бұл бағыт бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Шаралар қабылданып, материалдық және моральдық көмек көрсетілуде», – дейді ол.Дәрігерлердің үрейі үдеді
Материалдық көмекті айттық. Енді моральдық көмекке тоқталсақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді «бүгінгі күннің батырлары» деп атады. Онысы рас. Мылтықсыз «майданда» басты қорғанымыз – ақ халаттылар. Коронавирус пайда болғалы оларға құрметіміз бен сеніміміз еселеп артты. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай. Дәрігерлерді ештеңеден қорықпайтын, ақ халатты «супермендер» кейпінде көретін болдық. Алайда олар да сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар. Олардың да отбасы, жақындары, армандары мен қорқыныштары бар. Бұл күндері оларға артылған жүк ауыр: физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық тұрғыдан да жүктеме көбейді. Отбасынан жырақта жүру, жақындарына індет жұқтырып алудан қорқу, өзгенің өміріне араша бола алмай қалудан үрейлену – мұның бәрі олардың жан дүниесіне, жүйкесіне айтарлықтай салмақ. Сондықтан жуырда психологтар коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге көмек көрсетуге кірісті. Елордалық психолог Светлана Третьякова мен оның бір топ әріптестері әлеуметтік желілер арқылы бастама көтеріп, психологиялық көмекке мұқтаж медицина мамандарына қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Бүгінге дейін қауіптің өтінде жүрген бірнеше маман онлайн платформалар арқылы психологтардың көмегіне жүгініп үлгеріпті. Светлана Третьякованың айтуынша, эпидемия ошақтарында жүрген дәрігерлер науқастардан індет жұқтырып алудан қорқады. Олардың көпшілігі шаршағанын және күйзелісте жүргенін жеткізіпті. «Жақында мен бір медицина қызметкерімен тілдестім. Ол маған өз уайымын жеткізіп: «Өзім кесел жұқтырсам ештеңе емес, жақындарыма жұқса ше? Менің кішкентай балам бар, өзімнен бұрын соның денсаулығы үшін алаңдаймын» деген еді. Өкініштісі, жуырда одан коронавирус анықталғанын естідім», – дейді елордалық психолог. Светлана Третьякова дәрігерлерге кәсіби психологтардың көмегінен бөлек, қоғамның да қолдауы маңызды. Оның пікірінше, әлеуметтік желілерде медицина мамандарының құрметіне жүргізіліп жатқан челлендждер, балкондарда шырқалған әндер олардың көңілін көтеріп, күрделі жұмыстан аз да болса тынығуға көмектеседі. Сондай-ақ психолог індет тарағалы дәрігерлердің бойында үрей көбейгенін аңғарыпты. «Менің көмегіме жүгінген дәрігердің бірі науқастарға көмектесе алмай қалудан қорқады. Егер пациенттің жағдайы қиындап, оның өмірін құтқара алмай қалса, өмірінің соңына дейін өзін кінәлап өтетінін айтты. Коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлерінің бойында жабық кеңістік фобиясы да пайда бола бастады. Өйткені олардың көпшілігі қазір ауруханадан шықпайды, күні-түні науқастарға қызмет көрсетеді», – дейді Светлана Третьякова. Психологтың сөзінен түсінгеніміз, коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей байланысқа түсетін дәрігерлердің көпшілігі күйзелісте, үрейде жүр. Моральдық, психологиялық жүктеме артқан сайын олардың жұмысқа қабілеттілігі төмендей бермек. Демек, қауіп өтінде жүрген ақ халаттыларды алмастыратын немесе олардың қатарын толықтыратын мамандар қажет болады. Оның үстіне, дерт жұқтыру деректері еліміздің барлық өңірінде көбейіп келе жатқанын ескерсек, індетті ауыздықтауға 16 мың маманның қауқары жетпейтіні анық. Елжан Біртанов қосымша 10 мың ақ халатты дайындалып жатқанын мәлімдеді. Алайда елімізде коронавирустан өзге ауру түрлері де бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Кесірлі кеселмен күреске жұмылдырылған түрлі сала дәрігерлерінің орны уақытша бос қалатыны түсінікті. Сонда олардың көмегіне мұқтаж науқастар қайтпек? Коронавирус жұқтырғандар емделіп шыққанша күте тұруы керек пе? Күтуге денсаулығы жарайтындары бар, жарамайтындары ше?!Елімізде 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, елімізде 175 705 орта медицина қызметкері бар. Олардың 18 364-і Алматы қаласында жұмыс істесе, 18 158-і Түркістан облысында, 14 961-і Алматы облысында, 14 574-і Шығыс Қазақстан облысының медициналық мекемелерінде қызмет етуде. Орта медициналық қызметкерлердің саны жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы (12 026) Қарағанды облысынан (13 507) кейінгі алтыншы орында тұр. Ал жоғары білімді мамандарға келер болсақ, елімізде барлық сала бойынша 72 877 дәрігер бар. Олардың басым көпшілігі Алматы (13 298) және Нұр-Сұлтанда (8220) шоғырланған. Ал өңірлерге тоқталсақ, Қарағанды (6276), Шығыс Қазақстан (5878) және Түркістан (5195) облыстарынан өзге аймақтарда дәрігерлер саны мардымсыз. Әсіресе, Атырау (1825) және Солтүстік Қазақстан (1695) облыстарында жоғары білімді медицина мамандарының қатары аз. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе, ауыл-аймақтарда маман жетіспейді. Өңірлердегі емханаларға 700-ден астам жалпы тәжірибедегі дәрігер керек. Сондай-ақ педиатр, акушер-гинеколог, онкологтар мен аллергологтарға сұраныс жоғары. Министрлік ақпаратына сүйенсек, қазір ел емханаларында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің 25 пайызы зейнет жасына тақап қалған. Шығыс Қазақстан облысының ауруханаларында 200-ден астам дәрігер жетіспейді. Өңірге педиатр, терапевт, анестезиолог, гинеколог және психиатр мамандары қажет. Дәрігер тапшылығы негізінен Ана мен бала орталығында, облыстық мамандандырылған медициналық орталықта және Өскемендегі №4 қалалық ауруханада сезілуде. Атырау облысында да 200-ге жуық дәрігердің орны бос. Былтыр өңірде жаңадан салынған 2 медициналық нысан іске қосылған. Биыл тағы 12 ғимараттың құрылысы аяқталмақ. Сондықтан медицина қызметкерлеріне сұраныс артпа түспек. Ал Ақмола облысында хирург, балалар дәрігері, психиатрлар мен акушер-гинекологтар қат. Аймақты медицина мамандарымен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қолға алынғанымен, облыс ауруханаларына әлі 415 дәрігер жетіспейді. Өңірде білікті кадрлар жетіспеуінің себебі көп. Біріншіден, баспана мәселесі шешімін таппаған. Облыс әкімдігінің дерегінше, аймаққа былтыр келген 67 дәрігердің тек 35-і ғана баспанамен қамтылған. Екіншіден, ауыл-аймақтағы дәрігерлердің жалақысынан үлкен қалалардағы ақ халаттылардың еңбекақысы көбірек. Облыс елорда іргесінде орналасқандықтан, оқу бітірген жастар қалада қалып, көбірек табыс тапқысы келеді. Оның үстіне, қалада мансап қууға мүмкіндік мол деген түсінік қалыптасқан. Осыны ескерген билік биылдан бастап, Ақмола облысының ауылдарына жұмысқа келген жас мамандарға жергілікті бюджеттен 1 млн теңге қайтарымсыз қаражат бермек. Бұдан бөлек, облыстық әкімдіктен маман дайындауға жыл сайын 50 грант бөлінеді. Бұл жастар оқуын тамамдаған соң өңірде жұмыс істеуге міндеттеледі. Облыстағылар оқу бітірген жастар қаладан қайтқысы келмейді деп ақталады. Алайда елордадағы статистика да көңіл көншітпейді. 2019 жылдың қарашасындағы, яғни, елдегі эпидемиологиялық ахуал ушықпай тұрған кездегі мәліметке сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық мекемелерге 494 маман жетіспейді. Атап айтқанда, елорда емханаларына 107 жалпы тәжірибедегі дәрігер, 36 педиатр, 52 терапевт, 42 акушер-гинеколог, 41 анестезиолог-реаниматолог, 16 кардиолог, 3 психиатр, 16 онколог және 28 неонатолог қажет. Бүгінде қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 34 мекеме бар. Аталған мекемелерде 13 613 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 35,7 пайызы (4 860) – дәрігер және 64,3 пайызы (8 753) – орта медицина қызметкері. Жыл сайын еліміздің медициналық жоғары оқу орындары орта есеппен 5 000 маман даярлап шығарады екен. Олардың 1 500-і – жалпы тәжірибе дәрігерлері. Оқу бітірген түлектер қатары артқанмен, бос орындар көп. Сонда жас мамандар қайда, немен айланысып жүр? Бұл сауалды С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 2016 жылғы түлегі, жалпы тәжірибе дәрігері Назым Шужееваға қойдық. Жас маманның жауабы отандық денсаулық жүйесінде қордаланған біраз түйткілге қанықтырды. Назым ШУЖЕЕВА, жалпы тәжірибе дәрігері:Коронавирус пайда болғанша қоғам дәрігерлерді құрметтеген жоқ
– 2016 жылы университетті бітіріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Алматы облысы Талғар ауданына жолдама алып, ауылдық емханада қызмет еттім. Қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жуырда басшылық хабарласып, маман жетіспей жатқанын айтты. Жұмысқа қашан шыға алатынымды сұрады. Жақындарым да жас кезіңде тәжірибе жинақтағаның дұрыс, ертерек жұмысыңа кіріс деп жиі айтады. Алайда әзірге кәсібіме оралуға дайын емеспін. Неге десеңіз, біріншіден, дәрігерлерге артылған жүктеме тым ауыр, алатын жалақымыз жұмыс ауқымына сай емес. Емханада пациенттерді қабылдағаннан бөлек, шақырту бойынша үйлерді аралап, ем-дом шараларын жасаймыз. Екіншіден, қазір пациенттермен жұмыс істеу өте қиын. Интернет баршаға қолжетімді болғандықтан, науқастар өздеріне диагноз қойып, ем тағайындап алады да, дәрігерлер жазып берген емдеу шараларымен келіспей, жұмысымызға кедергі келтіреді. Агрессия көрсетіп, жеке басымыздың қадір-қасиетіне қол сұғу жағдайлары да кездеседі. Жастар ғана емес, медицинада қаншама жыл қызмет еткен тәжірибелі әріптестерімнің де айтары осы. Әсіресе, балаларға екпе салу кезінде қарсылық білдіретін ата-аналармен тілдесу қиын. Олардың әрқайсына түсіндіру жұмысын жүргізіп, екпе салдырмаудың бала денсаулығына тигізер кесірін ұғындыруға тырысамыз. Десе де, шетелдік ақпарат құралдарына сүйенген көп ана балаларына вакцина салдырудан түбегейлі бас тартады. Ал басшылық бізден тіркеудегі балалардың барлығына екпе егілуін талап етеді. Оның үстіне, өзімізге қарасты учаскедегі балаларға вакцина толық салынбаса, жалақымыз кемиді. Еңбекақымыздың негізгі бөлігін құрайтын СКПН (жан басына шаққандағы ынталандырушы компонент – авт.) деген бар. Оның көлеміне ықпал етуші өлшемшарттардың бірі – жоспарлы екпенің толық салынуы. Алайда біз ата-аналардың таңдауына қарсы келе алмаймыз. Үшіншіден, біздің қоғамның дәрігерлерге құрметі төмен. Коронавирус пайда болғалы халық ақ халаттылардың қадіріне жете бастағандай. Оған дейін дәрігерлерді менсінбейтіндер, кәсіби біліктілігіне шүбә келтіретіндер, мамандарға ақыл үйрететіндер көп болатын. Бұған азаматтардың өзін-өзі емдеуіне жол беріп қойғанымыз себеп болса керек. Жасыратыны жоқ, еліміздегі дәріханалар тұрғындарға дәрі-дәрмектерді дәрігер нұсқаулығынсыз сата береді. Салдарынан қоғамда ақ халаттылардың еңбегіне құрмет төмендеп, «өзім-ақ емделе аламын» деген түсінік кең тарады. АҚШ-қа барсаңыз, дәрігердің тілдей қағазынсыз ешқандай дәрі сатып ала алмайсыз. Сондықтан медициналық қызметтердің қымбаттығына қарамастан америкалықтардың жаны ауырғаны да, тәні ауырғаны да ақ халаттылардың алдына барып, пәрменін орындайды. Қазақ қоғамының дәрігер мамандығына құрметін арттырып, бұл салада еңбек етуге ынталылардың қатарын арттыру үшін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне де темірдей тәртіп орнату қажет деп ойлаймын. Әйтпесе, оқу бітірген жас дәрігерлер өз мамандығынан безініп кетуі мүмкін.