Ілия Жақанов: Өмірім мен әндерімнің тарихын қағазға түсірдім
Ілия Жақанов: Өмірім мен әндерімнің тарихын қағазға түсірдім
Жазушы, композитор, музыка зерттеушісі, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановты білмейтін қазақ жоқ. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт композитор бүгінде Атырау қаласында тұрып жатыр. Елдегі төтенше жағдай кезінде Ілия Жақановтың денсаулығы мен көңіл күйі, шығармашылық ізденістері жайында білмек мақсатта телефон шалған едік.
– Аға, хал-жағдайыңыз, денсаулығыңыз жақсы ма?
– Көктем кезінде аздап асқыну болғанымен, жалпы денсаулығым жақсы. Баяғы дәрігерлер жоқ. Ауырсақ, өзіміз емделеміз. Жайықтың жағасында, табиғаттың төрінде жүріп серуендеп келемін де, үйде жазуға отырамын.
– Атырау халқының көңіл-күйі, елдің жағдайы қалай?
– Батыс халқы ақкөңіл ел ғой, Атырау халқының көңіл-күйі жақсы. Ел ішінде әлі де шешілмеген жағдайлар көп. Өңірде жат ағымның жетегінде кеткендерден қорқамын. Бірақ не десек те, ұйыған тыныштыққа жетері жоқ. Қазақ ауқатты болған сайын зәулім үй салып, қымбат көлік мініп, жақсы қызмет істеп, өзінің шаруасын байытып, дәулетін арттырған сайын эстетикалық жағынан халықтың рухани деңгейі төмендеп бара жатқандай. Кейде түкке арзымайтын, ырың-жырың, дарақы тірліктің көптігін көріп ішің ашиды.
– Өзіңіздің өміріңіз бен шығарған әндеріңіздің тарихын естелік етіп жазып жатқаныңыздан хабардармыз...
– Өзім зерттеуші болғаннан кейін менің артымнан неше түрлі орынсыз сөз айтылмасын, әндерімнің тарихы бұрмаланбасын деп бүкіл өмірім мен қазіргі сәтке дейін шығарған барлық әндерімнің тарихын түгел қағазға түсірдім. Қазір көлемі 1 мың беттей. Бұл ешбір өнер адамының өмірінде болмаған жағдай.
Біз Шәмші Қалдаяқов екеуміз 1957-1958 жылдары эфирге бірге шықтық. Қалдаяқов қайтыс болғаннан кейін әндерінің хикаясы бұрмаланып, неше түрлі ертегі болып жатыр. Осы сұмдықты көргеннен кейін ойландым. Үйдегі апаң компьютер басады, мен айтып отырдым, сол бәрін жазып шықты. Осылай барлығын жинап-теріп қойдым. Осы жұмыстың өзі 11 сериялы өте жақсы фильм болды, халыққа теледидар арқылы көрсетіледі. Бірақ бүгінде бұл жұмыс карантинге байланысты тоқтап тұр.
Ендігі сериялары Арқада жазылған «Толағай», «Кеңгірдің қоңыр кештері», Оңтүстік, Жетісу, Қаратау, Сырдың бойы туралы әндер тарихы айтылып, «Еділ мен Жайық» әнінен бастап Батыста жазылған әндерімнің тарихынан қазіргі сәтіме дейін түсіріледі. Одан соң Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мәдиді қалай зерттегенім және «Балқадишаның» неше түрлі хикаялары айтылады.
– Былтыр Қазақстанның Суретшілер Одағына мүшелікке қабылдандыңыз. Сурет өнеріне қаншалықты ден қойып жатырсыз?
– Иә, өткен жылы қарашада Алматыда Қазақстан Суретшілер Одағына мүшелікке қабылданғаннан бұрын маған «Көркемсурет академиясының академигі» деген атақ берген болатын. Бүгінде пейзаж тақырыбына сурет салып жүрмін. Дүниеден өтіп кеткен мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің кезекті үлкен бір жарысқа қатысқалы тұрғандағы сәтін салдым.
Сонау мен радиода музыка редакциясына бас редактор болып жүрген жылдары Опера және балет театрында Арам Хачатурян «Спартакты» қойған болатын. Спартакты арамыздан Рамазан Бапов ойнаған. Сол Спартакты Рамазаннан кейін Досжан деген балерун ойнады. Сол Досжан Табылдының өмірінен үш картинадан тұратын триптих жаздым. Қазір соңғысын жазып жатырмын.
– Халық әндері жайлы 10 томдық зерттеуіңіз қашан жарық көргелі жатыр?
– «Ұлы дала жырлайды» («Песни великой степи») атты 10 томдық кітапты Мырзатай Жолдасбеков алып кеткен. Кітаптың «Фолиант» баспасына тапсырылғанын, оны редакторлары оқи бастағанын білемін. Бірақ карантинге байланысты әзірге бұл шаруа да тоқтап тұрған сыңайлы. Бұл еңбекте «Елім-айдан» бастап бері қарай зерттеген халық әндері, халық композиторларының, сал-серілердің әндері, кешегі кеңестік замандағы керемет әндер мен қазіргі әндер тарихы новелла, эссе, деректі әңгіме ретінде кірді. Бәрі де бұрын жарияланған, бірақ осы жолы бас-аяғы 10 том болып жинақталды.
– Атырау өңірінің жас композиторларының жұмысымен танысып отырасыз ба?
– Атыраудың ауданда тұратын жергілікті композиторлары әндерін жіберіп тұрады. Тыңдаймын, пікірлесеміз, әңгімелесеміз, ақылымды айтамын. Талантты жастар көп, бағыт беріп, жөн сілтесең болғаны. Жастардың алар асулары биік болсын деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет, деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс тілейміз!
– Рақмет, айналайын.
Әңгімелескен
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ