807 ауылды су басу қаупі бар

807 ауылды су басу қаупі бар

807 ауылды су басу қаупі бар
ашық дереккөзі
Көгілдір көктем келіп, жылғалардан су ақса болды, қай өзен арнасынан тасиды, қай бөгет бұзылады екен деп бейғам жұрттың берекесі қаша бастайды. Дарияның маңайында тұратындар қауіптің беті қайтқанша алыстағы туыстарының үйін жағалауды әдетке айналдырғалы қашан. Биылғы көктем де елді біраз әбігерге салатын түрі бар. Өткен аптада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің сөзінен түйгеніміз – осы. Төтенше жағдайлар комитеті жұртты тағы түңілдірмей ме? Бұл – комитет тізгінін 2 ай бұрын қолға алған В. Беккердің БАҚ өкілдерін алғаш рет жинауы. 14 қаңтарда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары В.К. Божко ҚР ІІМ ТЖ комитеті төрағасының орынбасары, азаматтық қорғау қызметінің полковнигі Владимир Робертович Беккерді осы комитеттің төрағасы етіп тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қ.Н. Қасымовтың 2016 жылғы 13 қаңтардағы бұйрығын ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ұжымына жария еткен болатын. Еліміздің бірнеше облысын бірдей қамтыған өткен жылғы су тасқынынан кейін комитет биылғы қар еру маусымына дайындықты күшейткенін естігеніміз болмаса, жаңа төрағаның ел аралап, жер шалғанын көре қоймағанбыз. Алайда «2016 жылғы су тасқыны кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбындағы брифинг барысында Владимир Беккер Қазақстанның барлық аймағындағы жағдай өзінің жіті қадағалауында екеніне сендірді. Оның айтуынша, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар дайындығы бір қалыпты. 2016 жылғы су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу мақсатында биылғы жылдың бірінші тоқсанында су тасқынының алдын алу іс-шаралары кешені өткізілген. Онда өзендердегі судың көлемі, қардың қоры және ауа райы болжамы туралы деректер ескерілген. Комитет төрағасы биыл тағы да аяқ астынан өзендер арнасынан асып, былтырғы жағдай қайталанса, жергілікті әкімдіктер жауапты болады деп қазірден басын арашалап алды. Су жинайтын тоғандар мен бөгеттер де біздің құзыретімізде емес деп құтылды. «Бүгінгі таңда 1300 гидроқұрылғы бар. Олардың 500-ден астамы жөндеуді қажет етеді. Нақтылай кетейін, апатты жағдайда емес, тек жөндеуді қажет етеді. Тоғандар мен бөгеттерге Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты. Ал 48 бөгет әлі күнге иесіз», – деді ол. Төтенше жағдай бола қалса, кінәнің бәрі өзіне артылмас үшін Владимир Беккер жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп берді. «Өңірлерде су тасқыны кезеңінде мүдделі мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдардың ден қою жоспарлары және өзара іс-қимыл жасау жоспарлары әзірленіп, пысықталды. Ағымдағы жылы тұрғын үйлердің су астында қалмауы үшін жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 9-дан астам миллион текше метр қар шығарды, қарды шығару жұмыстары әлі де жалғасуда. Ірі ауқымды су тасқынын жою үшін Ішкі істер министрлігінің жеке құрамынан 9 мыңға жуық адам және мыңнан астам бірлік техника, 220 бірлік жүзу құралы әзірлікте тұр. Күн жылынған жағдайда қар қоры көп өңірлерге қосымша күштер мен құралдар жіберіледі», – деді Комитет төрағасы. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді қазақ. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, биыл еліміздің түкпір-түкпіріндегі 807 елді мекенді су басу қаупі бар. Мамандар су деңгейі көтерілуі мүмкін делінген аймақтарды белгілеп, сақтыққа көшкен. Апаттардың алдын алу жұмыстары 1 млн 250 мың тұрғыны бар бірнеше өңірді қамтымақ. Барлық деңгейдегі әкімдіктер төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 276 отырысын өткізген. Сондықтан мамандар өткен жылғы жағдай қайталанбайды деп отыр. «Казгидрометтің» алдын ала болжамына тоқталатын болсақ, биылғы көктемде Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында қар суының көлемі мол болуы мүмкін. Бұған қоса, тасқын су Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына да қауіп төндіруі ықтимал. Өйткені өзен бассейндері мен Жетісу және Іле Алатауы жоталарында жиналған қардың қалыңдығы өткен жылға қарағанда 1,5 есеге артық. Мамандардың сөзіне сүйенсек, ауа райы күрт жылынған жағдайда қызыл су басу қаупі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл, Нұра, Сарысу жағасында орналасқан елді мекендерде де туындауы кәдік.

Божко биыл ерте қамданды

Биылғы көктемнің апатсыз болмайтынын Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко да ескертті. Еліміздің бірнеше облысын шарпыған былтырғы су тасқыны кезінде әбден сасқан Божко мырза бұл жолы ерте қамданды. Өткен жылы Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінің 17 ауданында 50 елді мекенді су басып қалғанда жан-жақтан тағылған айыптаулардан қажыған вице-министр: «Кешірерсіздер, мен Құдай емеспін, ешкім де мұндай ағынды тоқтата алмайды» демеп пе еді? Сондай шарасыз күйге қайта түспес үшін жуырда В.Божко тасқын қаупі жоғары аймақтарды тікұшақпен аралап, төтенше жағдайдың алдын-алу жұмыстарын көзімен көріп қайтты. Қарағанды облысының кейбір елді мекендеріндегі төтенше жағдайлар бөлімдерінің басшылары мен аудан әкімдерінің оқу-жаттығу жұмыстарымен шектелгені Ішкі істер министрінің орынбасарына ұнай қойған жоқ. Емтихан қабылдаған мұғалімдей қарамағындағыларды қыспаққа алған вице-министр су тасқынына әр шенеуніктің басымен жауап беретінін ескертті. «Аймақта қар биыл қалыптағыдан 2 есе көп түскен. Бірде-бір қара жер жоқ, айнала аппақ. Сондықтан тұрғындар ауласын тазаласын. Көшеге шығарылған қарды тазалау – биліктің шаруасы. Учаскелік полицейлер әкімдікке тұрақты есеп берсін. Міндетін дұрыс атқармағандар қызметтік жауапкершілікке тартылады», – деді ол. Вице-министр, әсіресе Қарқаралы, Абай, Осакаровка аудандарының шенеуніктеріне қатты шүйлікті. Былтыр бұл елді мекендердегі ондаған ауылды топан су басқан болатын. Бүгінгі күні аталған ауылдар әлі күнге ескерту дабылдары мен ауа райын болжайтын гидрометеорологиялық стансалармен жабдықталмаған. Тіпті қардың мөлшерін өлшейтін арнайы қондырғы да алынбапты. Қарқаралы ауданындағы облыстық, республикалық тас жолдардың бойында жиналған суды ағызатын 2 құбыр ғана бар. Бұл аздық ететіні анық, ал жаңасын орнатуға қаражат қолбайлау болған. Десе де, аудан әкімдігі әзірге қауіптің жоқ екенін жеткізді. «Қарқаралыда «КАМАЗ» секілді ауыр техникасы бар барлық тұрғындар мен ұжымдарды қар тазалауға тарттық. Сонымен бірге, бізге қауіп төндіретін Жартас өзенін бақылауға алдық. Биыл ондағы мұздың қалыңдығы 30 сантиметр. Оған еріген арықтардан су құйылып жатыр. Мұз бетіндегі су деңгейі 20 сантиметрге жуықтайды. Бұл бір жағынан жақсы, біртіндеп ерісе, жерге сіңіп тарайды», – дейді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов. Владимир Карповичтің қадағалауды Қарағанды облысынан бастауының сыры мәлім. Былтыр облысқа қарасты 9 аудандағы 50 шақты елді мекен топан су астында қалды. Төтенше жағдайдың салдарынан жүздеген үй қирап, халықтың дүние-мүлкі мен малы суға кетті. 2014 жылы көктемде Көкпекті ауылында тоған жарылып, 5 адам қаза тапты. Екі бірдей апаттан сабақ алған Владимир Божко шенеуніктерді бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс істеуге шақырды. Жергілікті полицейлер Ішкі істер министрлігін тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстардың барысымен таныстырып отыруға міндеттелді. Төтенше жағдайларға жауапты уәкілетті органдар ел тұрғындарын үрейлендіріп, жаппай берекесіздіктің белең алуына себепкер болмас үшін қауіп-қатердің бар екенін жасыруды әдетке айналдырған. Бұл жолы Владимир Божко апатты аймақтардың тұрғындары қауіп туралы алдын ала құлағдар етілетініне сендірді. «Қазіргі кезде өткен жылы бізді әбігерге салған суқоймалардың жайын анықтап, оларды реттеу жұмыстарын қарқынды жүргізудеміз. Осы аптадан бастап суқоймаларды босатып, еріген қар суларына көп орын босатып жатырмыз. Сонымен қатар, біз болары болып, бояуы сіңген соң құтқару операцияларына кіріспей, ел тұрғындарына болуы мүмкін қауіпті ескертуіміз керек», – деді вице-министр.

Комитет сақтыққа неге салғырт?

«Апат айтып келмейді» деп төтенше жағдайға жауаптылардың салғырттығын жуып-шаюға тырысқанымызбен, еліміздегі табиғи апаттардың көбі тұрғындардың уақтылы құлағдар етілмегені, төтенше жағдайдың алдын алу шараларының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан орын алғанын жасыру мүмкін емес. Мәселен, өткен жылы Арқаға қар қалың түсті. Көктем де әдеттегідей созылып жатып алған жоқ. Күн бірден жылыды. Сай-сала өзен болып ағып, дүлей сел толқын боп тулады. Сөйтіп арты апатқа ұласты. Бір күнде, бір түнде-ақ көбесі сөгілген сүр қар Арқадағы қаншама үй-жай, қора-қопсыны шайып кетті. Тіпті кей ауылдың азаматтары қамаудағы сиыры мен қорадағы қойын шығара алмай қалды. Үйірдегі жылқының арық-тұрығы көлкіп жатқан суға кеткенін де көз көрді. Табиғаттың көктемде осындай мінез танытатынын Төтенше жағдайлар комитеті білмей қалды деу қисынсыз. Ауа райын бақылап отыратын «Қазгидромет» күн райына қатысты болжамдарын күні бұрын мәліметтеп отырады емес пе? Яғни, төтенше жағдайға жауаптылар Арқаның аязы қай күні қайтып, қай уақытта жер бусанатынын алдын ала білді. Алайда апатқа айыптыны іздегенде Владимир Божко: «Апатқа қар тасымаған тұрғындардың өздері кінәлі», – деп дариядан құрғақ шықпақ болды. Бір-екі үй су астында қалса, онда әлгі отаулардың иесін жалқау деуге, министрдің уәжімен келісуге болар еді. Ал Қарағанды облысының 9 ауданы бірдей қызыл судың астында қалып, бірнеше ауыл топан суға шөгіп жатқанда, вице-министрдің бұл сөзін қайтіп қуаттайсың? 2007 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі министр болып тағайындалған Владимир Божконың салаға жетекшілік етіп келе жатқанына биыл тоғызыншы жыл. 2014 жылдың тамызында Үкімет қайта құрылымдалып, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік Ішкі істер министрлігінің құрамына кіріктірілгенде де ол вице-министр қызметіне тағайындалып, бұрынғы функцияларын сақтап қалды. Тоғыз жыл аз мерзім емес, бірақ осы уақыт ішінде Божко мырзаның елден алған алғысы көп дей алмаймыз. «Жұртқа кесірімді тигізейін, апат әкелейін» деп жүрмеген шығар, бірақ бұл салада оның жолы болмай-ақ қойды. Елбасы сеніп тапсырған істің орайын таба алмай жүрген Владимир Карповичті былайғы жұрт «апат адам» атап жүргенін де сан мәрте естідік. Десе де, айып атаулыны табиғатқа үйіп-төгуден танбайтын вице-министрге адам шығыны да, су шайған миллиардтар да сабақ болмай-ақ қойды.

Қызылағаш, Көкпекті һәм Наурызбай

Түрлi табиғи, техногендiк апаттарға сан қилы сылтау айтып, желеулердi қаптататын, сөйтiп қарақан бастарын ақтап, арашалап алуға әбден дағдыланған шенеунiктерді тұтас елдің сенімінен біржола айырған – Қызылағаш апаты. Қаралы бейсенбi – 2010 жылы наурыздың 11-мен 12-не қараған қараңғы түнде мұз құрсаған бөгеттi тосыннан бұзған Ақсудың суы шырт ұйқыда жатқан ауылдың астан-кестеңін шығарды. 45 адамның ажал құшып, қас пен көзің арасында жүздеген жанның үй-жайдан айрылып, бақытсыздыққа ұрынуына жол берілгенін жұрт кешіре алмады. Бiр күнде қалың ел қара жамылды. Кең-байтақ Қазақстанның хабар-ошар алу аса қиын қиян түкпiрi емес, қатынас күндiз-түнi үзiлмейтiн күре жолдың үстi, адамдар жиi қоныстанған әрi жете дамыған орталық өңiрде – Талдықорған қаласынан небары 55 шақырым қашықтағы тұтас ауылдың бiр сәтте қызыл судың астында қалуына қоғам бұрынғыша бейжай, енжар қарай алған жоқ. Өйткені бұған дейін елімізде дәл Қызылағаш апатымен теңдесер ауыр апат болып көрмеген. Қызылағаштағы қайғылы жағдайдың қолдан жасалған апат екенiне көзі жеткен ел тұрғындары адам өмiрiн пұл көрмейтін, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына еш кепiлдiк бермейтін төтенше жағдайларға жауапты шенділердің салғыртығы пен немқұрайдылығынан сол жолы қатты түңілді. Шағын бөгеттiң бұзылуы қалайша үлкен қайғы-қасiрет әкелiп, сансыз адамды өлiмге душар еткенiн жұрт көпке дейін түсіне алмады. Қызылағаш су қоймасының жалпы ұзындығы 250 метр, енi – 12 метр, тереңдiгi 46,5 метр болатын және небары 42 млн текше метр су ғана жиналатын. Оның үстіне, ауылдың дәл iргесiнде дейтiндей емес, Қызылағаштан 10 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан. Яғни, төнген қауiптiң алдын алуға толық мүмкiндiк болды. Тергеу деректерінен төтенше жағдайды болдырмуға уақыттың да жеткiлiктi болғанына көзіміз жетті. Сондықтан шенділердің шарасыздығы мен салғырттығы, қылмысқа пара-пар әрекетсiздiгi көпшіліктің наразылығын тудырғаны заңдылық. Әйтсе де, тұтас ауылды топан судың астында қалдырып, 45 адамның өліміне себепші болған апатқа айыпты деп танылған су қоймасының иесі, оның орынбасары және ауыл әкімі бар-жоғы бес-ақ жылға сотталды. Қалғаны жауаптан құтылды. 2014 жылдың 31 наурызында болған Көкпектідегі апаттан соң В.Божкоға іші жылымайтындардың қатары бұрынғыдан бетер артты. Қарағанды облысы, Көкпекті ауылындағы су қоймасының бөгетін су шайып, бір түнде 300-ге тарта үй су астында қалған еді. Төтенше жағдай бес адамның өмірін қиып кетті. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментіне Көкпекті су қоймасының бөгетін су шаю қаупі туралы ақпарат күні бұрын келіп түскен. Олар төнген қауіптің алдын алу үшін Көкпекті ауылы мен Қарағанды қаласына жақын орналасқан Сұрыптау елді мекенінің өзен арнасына жақын тұратын 300-ге тарта тұрғынды эвокуациялау жұмыстарын жүргізілгенін алға тартқан болатын. Алайда оқиға туралы ести сала, түн ортасында Көкпекті мен Сұрыптау кентіне жол тартқан тілшілер Сұрыптау кентінің өзен арнасына жақын көшелерінде дабыл апаттан кейін ғана қағылғанын хабарлады. Төтенше жағдайға жауапы жергілікті мекемелер болары болып, бояуы сіңгеннен кейін іске кіріскенін БАҚ арқылы бүкіл ел естіді. Естіді де, кезекті рет түңілді. Өткен жылдың көктеміндегі еліміздің бірнеше аймағын әбігерге салған су тасқынының зардабы да аз болған жоқ. Қызыл су бес облыстағы 7 қаланы, 26 аудандағы 88 елді мекенді басып қалды. 3067 үйді су шайып, олардың 198-і қиратылды. Автожолдардың 243 аумағы мен 20 көпірді су басып қалды. Төтенше жағдай аумағынан 18 мыңнан астам адам көшірілді. Апаттың жалпы шығыны 20 миллиард теңгені құрады. Бұл жолы да апаттың айыбы ақталуға тілі жоқ табиғатқа артылды. Көктем шыққанда жердің тоңы жібіп, дариялардағы су деңгейі артатынын біле тұра, ауыл-аймақты шайып кеткен қызыл судың себебін «ауа райының тосын мінезі» деп айдарладық. Алайда былтырғы шілде айында Қарғалы өзенінің арнасынан тасуын табиғи апат деуге төтенше жағдайға жауаптылардың аузы бармады. Шенділер өз бастарын арашалап алу үшін Алматының аспанын жазықты қылар ма екен деп ойлағанымызды несіне жасырайық? Бірақ аспанды кінәлайтындай қара нөсер тоқтамай құйып, Алатаудың басына шөккен қарлар еріп, көлдер шайқалған жоқ. Табиғаттың мұндағы бар «жазығы» – шілде айы болған соң шіліңгір түсіп, ыстық буды. Бұл оңтүстіктің жазы үшін қалыпты жағдай болғандықтан Төтенше жағдайлар комитеті әрдайым дайын болуы тиіс еді. Қызылағаш пен Көкпекті апатынан соң шенеуніктер еліміздегі барлық бөгендерін қауіпсіздігін тексеріп, болуы ықтимал тосын жайттардың алдын алуы керек еді. Тағы да «білместікке» жол берді. Шiлденiң 23-i күнi алакеуiмде Алматы қаласының Наурызбай ауданын сел шайып кеттi. Құшақ жетпес қой тастардың өзiн таудан допша домалатып әкелген тасқын су жолындағының бәрiн жапырып өттi. Селден қаланың үш ауданындағы 450-ден астам үй зардап шегiп, оның он шақтысы жарамсыз болып қалды. 44 көшенi су басып, 32 көлiктi ағызып әкетті. Қатты дүрліккен мегаполис жұртшылығының біразы үйлерін тастап, тауға қарай қашты. Әлеуметтік желілерде үрейді ұшыратын әлдебiр бейнежазбалар қолдан-қолға тарап жатса, қашпағанда қайтсін? Алайда Төтенше жағдайлар комитетіндегілер апаттың себебін анықтап, салдарын жоюға кірісудің орнына апаттың қайталану қаупі туралы негізсіз ақпарат таратқандармен алысып кетті. Көпшілікті үрейлендіріп, дүрліктірмеуді ойлаған шығар. Әйтсе де, ТЖД қызметкерлерінің қалалықтардың ұялы телефонына төтенше жағдайдың болу қаупі туралы құлағдар ететін хабарламаны апат болып қойғаннан кейін жіберуінің мәнін ешкім түсіне алмады. Ең сорақысы, алматылықтар тасқын қайталану мүмкіндігін жоққа шығарған шенеуніктердің ресми мәлімдемесіне емес, әлеуметтік желілердегі аты-жөні беймәлім әлдебіреулердің қаңқу сөзіне сенді. Сенімнен айрылғанның сөзінде салмақ қайдан болсын? Қазір Владимир Божко пен оның қарамағындағылар әлдеқашан жоғалтып алған сол құндылықтарының орнын толтыруға кіріскендей. Селкеу түскен сенімді қайта қалпына келтіру оңайға соқпасы анық. Биылғы көктемнің су тасқыны қаупі бар кезеңін апатсыз, мал-жан шығынысыз еңсерсек қана мақсаттарына бір қадам жақындамақ.

Анар ЛЕПЕСОВА