Дағдарыс: Lufthansa өзінің еншілес компаниясын жабуға мәжбүр
Дағдарыс: Lufthansa өзінің еншілес компаниясын жабуға мәжбүр
Коронавирустың таралуын шектеу мақсатында енгізілген шектеу шаралары Германияның жалпы ішкі өнімі екінші тоқсанда 9,8 пайызға қысқаруы мүмкін. Бұл – ел тарихындағы 1970 жылдан бергі ең ірі құлдырау болмақ.
Германияның жетекші экономикалық зерттеу ұйымдарының дерегінше, алғашқы тоқсанда елдің жалпы ішкі өнімі 1,9 пайызға азайған. Дағдарысты еңсеру үшін бөлінген 750 миллиард еуродан ел қарызы тағы 10 пайызға артуы ықтимал дейді сарапшылар.
Бүгінде мемлекеттегі 470 мың кәсіпорын өз қызметкерлерін қысқартылған жұмыс күніне ауыстырған. Бұл жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығармаудың, жұмыс орындарын сақтап қалудың амалы.
Мемлекеттің ең ірі әуе тасымалдаушысы Lufthansa да 87 мың қызметкеріне жұмыс сағаттарын қысқартты. Компания иеленетін 763 ұшақтың жеті жүзі қазір пайдаланылмай тұр. Тасымалдаушы өз рейстерінің тек 5 пайызын орындауда .
Жақында Lufthansa еншілес Germanwings компаниясын жаппақ. Онда қызмет ететін 1400 адам жұмыссыз қалады. Концерн қызметкерлерінің бір бөлігін жұмыспен қамтуға уәде берді.
Әйтсе де, елдегі Ұшқыштар кәсіподағы Lufthansa өз шешімін қайта қарауы керек деп есептейді.
" Lufthansa-ның баспасөз қызметі Germanwings еншілес компаниясының қызметкерлерін қысқартылған жұмыс күніне ауыстырмайтынын хабарлады. Мұның орнына компанияны жабатын болды. Lufthansa басшылығы кәсіподағымыз және саясаткерлермен келіссөздер жүргізуі керек деп санаймын. Оған қоса қызметкерлерді жұмыстан шығармауға мүмкіндік беретін бағдарламалар әзірленіп, мемлекет жағынан субсидия бөлінетін болды", - дейді Ұшқыштар кәсіподағының өкілі Николей Баублис.