«Мәңгілік Елдің» ұлы арманы – ұлт жоспарының жүзеге асуы

«Мәңгілік Елдің» ұлы арманы – ұлт жоспарының жүзеге асуы

«Мәңгілік Елдің» ұлы арманы – ұлт жоспарының жүзеге асуы
ашық дереккөзі
Дәуірдің алпауыт шабысында Ұлы даланың тұяқ асты, ер үсті тарихы мен тағылымы заманға бергісіз терең әрі нық қаланған. Олар бір-бірінен ажырамайтын, бір уақытта әрқилы, сан алуан, тағы бір мезетте біртұтас ғұмыр кешіп, парасат пен пайымның тұнығынан адамзат бала­сының мейірін қандырып отырады. Елі­міз азаттықтың ақ таңын атыраптан атырып, Тәуелсіздікке қол жеткізген жыл­да­рына бүгінгі күннің шыңынан көз салғ­ан­да, өткенімізден ұялатын тарих жоқ екені айқын. Өткенге ой жүгіртіп, осыдан жиырма бес жыл бұрынғы Қазақстанды көз алдымызға елестетсек, ең алдымен аумалы-төкпелі экономика, саяси белгісіздік, сансыратқан тапшылық, жұмыссыздық, бағаның құнсыздануы, күйреген шаруашылық есімізге түседі. Бұрынғы Кеңестер Одағы­ның темір құрсауынан босанып, тәуел­сіздіктің ақ таңы атқан елімізде дамудың жаңа жолын таңдау қажеттігі тұрды. «Дұрыс әрекет – мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» – деп айтқан екен ұлы ойшыл, философ Әбу Нәсір әл-Фараби. Иә, біздің ұлы мақсаттарға жетелейтін жолдарды дұрыс таңдағанымызды өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Өйткені, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы осы мақаласы арқылы экономикалық-құрылымдық жаңарудың басты бағытын айқындап берді. Соның ішінде маңызды аспектілеріне тоқталып өтті. Ол «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму  бағдарламасын қабылдау және ұлттық теңгеміздің еркін бағамға көшуі, «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы бағыт-бағдарларды алдағы жоспарларға міндеттеу болып табылады. Бұл бес реформаның әрқайсысы бойынша іс-қимылдың жол картасы жасалынып, оларды дәйектілікпен жүзеге асыру жоспарланған. Мемлекетімізде толықтай жүргізілетін осы институттық рефор­малардың басты мазмұны – елді біріктіруші құндылықтарды негіз еткен «Мәңгілік Ел» идеясы. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты былтырғы Жолдауында да еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын анықтап, ұлтымызды ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын, басты назарға қойды. Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Шын мәнінде, бізге тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық құндылығы айқын өзгерістерді бағамдаудың маңызы зор екені белгілі. Осыған орай, Елбасы Н.Ә. Назарбаев 5 институттық реформа негізінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – қазақстандық арманға апарар жол»  атты мақаласын  жариялады. Мақалада қазақстандық арман, кадрдың кәсіби деңгейін көтеру, заң саласындағы реформалар, еңбекті бағалау, халықпен бірлесіп жұмыс істейтін және оған есеп беретін ашық мемлекет құру, бәсекелестікті дамыту, сыртқы инвестиция, инновациялық-индустриялық бағыт туралы тұжырымдамалар, жалпы, алдағы жылдары атқарылатын жұмыстар хақында нақпа-нақ баяндалған. Бұл қазақстандықтарға үміт отын жағып, қазіргідей күрделі эконо­микалық жағдайда олардың ер­теңгі күнге деген сенімдерін арттыра түсті. Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға апарар жол» бағдарламалық мақаласында: «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық. Ұлт Жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз. Біз өзіміздің қазақстандық арма­нымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!», – деп мемлекетіміздің мүдделік сенімін нығайтып, айқындай түскен. Ұлт Жоспарында көтерілген мәселелердің халықпен бірлесіп жұмыс істейтін және оған есеп беретін ашық мемлекет құру жөніндегі бесінші реформадағы тапсырмалар аясында «Үкімет – азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы құрылатын болды. Мемлекеттік корпорацияның қызметін үкіметтік емес ұйымдар құратын арнаулы қоғамдық кеңестер бақылайтын болады. Осы шаралардың бәрін орындау мемлекеттік органдардың шешім қабылдауын арттырып, жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытады. Елбасы даму жолының барлық салаларын саралап, онда жүзеге асырылатын жаңа бастамалар мен алға қойған мақсаттар жайлы баяндайды. Президент атап көрсеткендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Демек, осы кезең аясында түрлі сындарлы да маңызды шаралар жүзеге аспақ. Көшбасшымыз өз мақаласында еліміздегі білім мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады»,- деп аталған салалардың ел әлеуетін жақсартудағы маңызының ерекше екенін айтып кетеді. Қазіргі таңда, бәсекеге  қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасының негізгі мақсаттарының бірі жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдері арқылы оқушының бойында бастамашылықты дамыта отырып, жеке тұлға тәрбиелеу болып отыр. Аталған мәселе Елбасының 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында да көрініс тапқан еді. Мемлекет басшысының 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» тегін оқыту мәселесі де «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласының мазмұнын аша түскендей. Себебі, мектепті бітіргеннен кейін түлектердің басым бөлігі атап өтіл­ген әлеуметтік жаңғырту қағи­даларына арқа сүйейді. Ұлт Жоспары – жалпыхалықтық арман мен мұратымызды іске асыруға жол ашатын кешенді әрі құнды құжат. Ұлттық құндылық­тарымыз бен тамыры терең тарихымыздан бастау алған тұғырлы тәуелсіздігіміздің мәңгі құндылыққа айналуына негіз қалады. Мәдени мұра­мыз жаңғырып, ұлттық өнері­міздің абыройы асқақтады. Жас­тардың отаншылдық сезімі оянды. Осының бәрі бұқара халықтың биік мұраты – Ұлт Жоспарында нақты айқындалып отыр. Демек, біз ал­дағы уақытта дамудың құла шыңына ұмтылып, экономикалық жетістікке жететініміз айқын.  

Ләззат Көлдеева, №8 облыстық арнайы санаториялық

мектеп-интернатының тәрбиешісі, Қызылорда қаласы