Отандық ғылымның жайы талқыланды
Отандық ғылымның жайы талқыланды
Кеше Алматыдағы Ғылым ордасында Ұлттық ғылым академиясы жалпы жиналысының сессиясы өтті. Жиынға Білім және ғылым минис-трі Асхат Аймағамбетов, ҰҒА академиктері, корреспондент-мүшелері, құрметті мүшелері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия барысында ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов академияның 2019 жылы атқарған қызметін қорытындылады. Мұрат Жұрынұлы ғылым бойынша Ұлттық баяндаманы дайындау және басып шығару жұмысының нәтижелеріне, сондай-ақ ҰҒА-ның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық саласындағы бастамаларына тоқталды. Қазақстандағы және әлемдегі ғылымның жай-күйін салыстырмалы бағалаған академия президенті еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын ғылыми жағынан қамтамасыз ету мақсатында ілгерілетуді қажет ететін ғылымның негізгі
және қосалқы салаларын атап өтті.
Сонымен қатар Мұрат Жұрынов Қазақстан ғылымының өткен жылы қол жеткізген жетістіктерін жіпке тізді. 2019 жылы әл-Фараби атындағы ғылым, техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтардың иегері атанған ғалымдардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, өскелең буынға үлгі етті. Олардың қатарында ҰҒА академиктері Т.Шарманов. Т.Есполов, А.Медеу, И.Бейсенбетов, Н.Иванов, Т.Садықұлов және ҰҒА құрметті мүшесі Т.Досмұханбетов бар.
Сондай-ақ Қазжол ҒЗИ авторлар тобының «Наноқұрылымды битумдардың пайда болу құбылысы» атты еңбегін атап өткен жөн. Құрамына Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Б.Телтаев, А.Алыбай, А. Абжалиева енген авторлар тобының жаңалығы 2019 жылдың шілдесінде Мәскеудегі Халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар авторларының қоғамдық академиясында ғылыми ашылым ретінде тіркелген.
Бұдан бөлек, Ұлттың ғылым академиясы президентінің есептік баяндамасында ғылым мен білім саласындағы жұмысты жақсарту туралы ұсыныстар айтылып, академияның 2020 жылға арналған мақсаттары мен міндеттері айқындалды.
Жиын барысында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д., профессор К.Матыжанов профессор К.Матыжанов «Абай шығармашылығындағы адамзаттық құндылықтар» тақырыбында баяндама жасады. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор З.Қабылдиновтың «Әл-Фараби мұрасы және Ұлы дала құндылықтары» атты баяндамасында ғұлама ғалымның әлемдік бейнесі жайлы, ізгілікті ой-пікірлері мен ұлы ұстаз шығармаларының жаңа замандағы өзектілігі туралы айтылды.