Ауыл шаруашылығы өнімдері Қытай нарығына жол тартпақ

Ауыл шаруашылығы өнімдері Қытай нарығына жол тартпақ

Ауыл шаруашылығы өнімдері Қытай нарығына жол тартпақ
ашық дереккөзі
  Аспан асты елінің алып нарығына Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталмақ. Өткен аптада Бейжің қаласына іссапармен барған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қытай тарапымен осындай келісімге келді. Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасы қазақстандық өнімдерді қуана қарсы алатынын жасырып отырған жоқ. Бұған дейін Қытай нарығына бидайды тек қаппен жөнелткен болсақ, биылғы жылдан бастап бұл шектеу жойылғаны белгілі. Енді аспан асты еліне Қазақстанда өндірілген ет, сүт, майлы дақылдар да жол тартады. Бейжің қаласында жасалған екі жақты келісімдер осыны растайды. Бұрын іргеміздегі көрші елге мал шаруашылығы өнімдерін тасымалдамаған едік. Ал Қытай мемлекетінің органикалық өнімдерді тұтынуға сұраныс білдіруі бізге жаңа мүмкіндіктер ашып берді. Жаһанның жартысына қаржы салып отырған қалталы мемлекеттің нарығына шығудан талай елдің дәмелі екенін айтпай кетуге болмас. Бұл орайда көршілес жатқан Қазақстанның өзгелерге қарағанда мүмкіндігі мол болып тұр. Соңғы жылдары Қытай Халық Республикасында қалталы азаматтар көбейіп, ел халқының басым бөлігі табиғи өнімдерді тұтынғанды құп көреді. Осыны оңтайлы пайдаланған еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі алып нарықтан өз үлесін алуды мықтап қолға ала бастады. Алғашқы қадамдардың бірі – Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбековтің Қытай Халық Респуб­ли­касының астанасы Бейжің қаласына жасаған са­пары. Іссапар барысында Асылжан Сарыбайұлы қытайлық әріптестерімен жүздесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды тақырыптарды талқыға салды. Қытайдың Даму және реформа жөніндегі ко­митетінде өткен кездесу барысында екі ел­дің ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынастарды дамыту мәселесі сөз болды. Ауыл шаруашылығы саласының Қазақстан экономикасында ерекше орын алатынын атап өткен Асылжан Мамытбеков кездесу барысында екі елдің аталмыш ведомствосы арасындағы қарым-қатынасты ұлғайту қажеттігіне тоқталды. «Жақында ғана өткен қазақ-қытай біріккен қарым-қатынас жөніндегі комиссиясының 8-отырысында осы комитет өкілдері Қытай нарығында Қазақстан азық-түлік тауарларының ерекше басымдыққа ие болып отырғандығын атап өтті. Осы орайда, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына Қытай инвесторларын тартуға жол ашылса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу саласындағы қарым-қатынасты жандандыруды көздеп отырмыз. Бүгінгі күні осы бағытта Қазақстан және Қытай кәсіпкерлерінің арасындағы өзара қызығушылықтың артып келе жатқаны байқалады. Сондықтан, осы бағыттағы байланысты нығайтып, ары қарай дамытқанды жөн көреміз. Енді осы қарым-қатынасты нақты бір жолға салу үшін біз өзара қимыл жоспарын сіздерге жіберген болатынбыз. Жоспарда нақты іс-шаралар көрсетіліп отыр. Осы жоспар бекітілсе, екі жақты жұмыстың жаңа деңгейге көтерілетіні анық», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Өткен жылдың соңында астықты Қытай нарығына жөнелтудегі шектеулер алынғанын жоғарыда айтып өттік. Бірақ Асылжан Сарыбайұлының айтуынша, аталмыш үкіметаралық келісім қазір тәжірибеде орындалмай отыр екен. Шекаралық бөлімшелердегі карантиндік қызметтердің өздеріне тиісті инфрақұрылымы мен құрал-жабдықтары болмағандықтан шектеулер бұрынғы қалпында қалуда. Осыны ескерген министр мырза Қытай тарапының аталмыш мәселені тезірек шешуін өтінді. Екі күндік іссапар нәтижесінде Қытай тарапы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудағы бірқатар кедергілерді алып тастайтындықтарына сендірді. Сонымен қатар, Қытай астанасындағы «Айцзюй» индустриалды корпорациясының төрағасымен кездесуде Қазақстаннан аспан асты еліне өсімдік және рапс майының экспортталатындығы да мәлім болды. «Біздің бірнеше рет жүргізген келіссөздеріміз сәтті аяқталып, алдағы уақытта ірі кәсіпорындардың құрылысын бастаймыз. Сәуір айының ортасында жұмысты қолға алмақпыз. Биыл жылдық қуаты 160 мың тонна май өндіретін зауытты іске қосамыз. Келер жылы өндіріс көлемі 20 мың тонна болатын ұн зауытын ашу жоспарда бар. Бұдан бөлек жылына 10-20 мың тонна болатын ет комбинатын да салу жоспарымызда бар. Бал, сүт өнімдерін Қытайға ғана емес, Еуропаға экспорттауды қарастырудамыз», – деді «Айцзюй» индустриалды корпорациясының басқарма төрағасы Цзя Хэи. Бұл жоба «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының түйісуі ауқымында жүзеге асырылады. Аталмыш компания Қытайда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеумен айналысады. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 60 миллион АҚШ доллары шамасында. Мұндай ірі жобаны іске асыру үшін қазақстандық мамандар Қытайда арнайы дайындықтан өтіп, оларды жаңадан бой көтеретін агроөнеркәсіп кешендерінде жұмысқа орналастыру қарастырылып отыр. Қазақстанда өндірілетін өсімдік және рапс майын экспорттаудың алғашқы қадамы басталып та кеткендігін айта кеткен жөн болар. Таяуда Алматы облысының Достық стансасынан Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясына 2 мың тонна өсімдік және рапс майы жөнелтілді. Енді отандық май өнімдері 35 миллион тұрғыны бар Шэньси аймағына түгелдей тарап, осы арқылы елімізге жаңа инвестицияларды тартуға мүмкіндік жасалмақ. Айта кетейік, биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында майлы дәндерді өңдейтін зауыт салынады. Зауыттың өндірістік күші бастапқыда жылына 40-100 мың тонна, кейін 100-150 мың тонна болмақ. Қазірдің өзінде Қытай нарығы қазақ­с­тан­дық ұн, сүт, ет өнімдеріне ерекше қызы­ғушылық танытып отыр. Сондықтан, үстіміз­дегі жылдың ортасына дейін Қытай Халық Республикасының құзырлы органдары қазақ жеріне келіп, бал өндіретін, мал бордақылайтын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысатын болады. Қазіргі уақытта қытайлықтардың ет өнімдеріне деген сұранысы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда артқан. 2010 жылы 80,5 мың тонна ет сатып алған аспан асты елі 2014 жылы бұл көрсеткішті бірден 7 есеге өсірді. Алайда Қазақстан 2015 жылы Қытайға небәрі 159 келі ет экспорттаған. Мұның себебі отандық экспорттың негізін бидай құрайтындығында жатса керек. Қытай тарапының Қазақстаннан ет өнімдерін сатып алуға деген құлшынысының себебін біраз уақыт бұрын баспасөз өкілдеріне сұхбат берген Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Хань Хуэй былай деп түсіндірген болатын: «Ең әуелі қазақ өнімдерінің экологиялық таза өнім екендігі ақпарат құралдарында жиі жарияланды. Содан кейін алғашқы тауарлар дүкен сөрелеріне қойылғанда, халық таласа сатып алды. Себебі Қытайда құрамында генетикалық түрлендірілген ағзалар (ГМО) бар тауарлардан тұтынушылар зәрезап болған. Миллиардтан астам адамды асырау үшін бізге Еуропадан, АҚШ-тан да азық-түліктер жеткізіледі. Олардың басым бөлігі ГМО қоспасымен дайындалған. Әрине, бұларды тұтынушылардың арасында ағзасында түрлі ауытқушылықтардың пайда болатынын медицина ғылымы дәлелдеп отыр. Ал Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласында ГМО қолданбайды, өйткені оны қосудың мүлде қажеттілігі жоқ. Бұл жайында естіген қытайлық инвесторлар қазір Астанаға арнайы келіп, Үкіметпен келіссөздер жүргізіп жатыр». Қытайдың отандық өнімдерімізге деген сұранысы артып отырғандықтан, Қазақстан алдағы уақытта аспан асты елінің алып нарығына органикалық азық-түлік өнімдерін саудалайтын болады. Бейжіңде қытайлық сапаны қадағалау және Карантиндік инспекция басқармасының төрағасы Чжу Шупинмен өткен кездесуде осы мәселе сөз болды. Іссапар барысында екі елдің Ауыл шаруа­шылығы министрліктері арасында ынты­мақтастық бойынша бірлескен іс-әрекеттер жос­парына қол қойылды. Аталмыш құжат мал және өсімдік шаруашылығында, тұқым өсіру және оны сынау, ауыл шаруашылығы өнімдерін сату, органикалық өнімдер, өсімдіктерді қор­ғау және карантин, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін қарастырады. Келісім бойынша Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулердің қорытындылары, нормативтік актілер және стандарттармен алмасып отырады. Сондай-ақ, екі елдің аумағында ұйымдастырылатын барлық шараларға қатысып, Қазақстан мен Қытайдағы фитосанитарлық, эпи­зоотикалық жағдайлар туралы мәлімет­тер­мен алмасып тұруы қажет. Екі елдің Ауыл шаруашылығы министрлері соя, арпа және басқа дақылдардың бейімделуі және олардың жаңа сұрыптарын шығаруда, сон­дай-ақ етті мал шаруашылығында өнім­ділікті арттыру саласында бірлескен зерттеулер жүргізуге баса назар аудару туралы мәмілеге келді. «Бүгін нәтижелі отырыс өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырзамен өзара келіссөздер нәтижелі болды. Алдағы уақытта Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдерін елімізге әкелу үшін бірқатар кедергіні алып тастаймыз. Сонымен қатар, сұранысқа сай Қытай тауарларын Қазақстанға шығарамыз», – деді ҚХР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Чу Дунюй. Қытай Халық Республикасына жасаған екі күндік сапарын қорытындылаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баспасөз өкілдері үшін баспасөз конференциясын өткізді. Конференция барысында Асылжан Сарыбайұлы бұл сапардағы келіссөздердің нәтижелі болғандығына тоқталды. «Біздің Бейжіңге келудегі басты мақсатымыз – қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттаудағы шектеулерді алып тастау, қытайлық компания басшыларымен кездесіп, елімізге инвесторларды тарту және Қытай Халық Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жоспарларға қол қою болатын. Бұл жоспарлар бойынша біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік», – деді Ауыл шаруашылығы министрі.  

Әсел ӘНУАРБЕК

Алматы – Пекин –Алматы