Қолға үйретілген жыртқыш иесіне ауыз салмасына кім кепіл?

Қолға үйретілген жыртқыш иесіне ауыз салмасына кім кепіл?

Қолға үйретілген жыртқыш иесіне ауыз салмасына кім кепіл?
ашық дереккөзі
  Алматы хайуанаттар бағы жуырда тағы бір жануармен толықты. Хамзат атты арыстанды зообаққа қожайындары әкеліп тастаған. Ермек үшін асыраған аң өзіне шабуыл жасаған соң Алматы тұрғынына одан дереу құтылғаннан басқа амал қалмады. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, арыстан шамамен 8-9 айға толған. «Әдетте жануарды ермек үшін асырап алған адамдар кейін сол жануардың өзіне ермек бола бастайды. Себебі жануар өскен сайын өзінің жыртқыш екенін сезінеді. Осы жолы да дәл солай болды. Арыстанның күшігі өз қожайындарына тап беріп, тістелеп тастаған. Сол себепті иелері оны дереу зообаққа өткізген», – дейді Алматы зообағының баспасөз хатшысы Михаил Сорокумов. Тексеруден кейін мал дәрігерлері жыртқыш аң дұрыс тамақтанбағандықтан аздап жетілмей қалғанын анықтады. Арыстан оқшау жерге орналастырылып, оған біраз уақыт ем жасалды. Зообақ қызметкерлерінің қамқорлығынан кейін Хамзаттың жағдайы оңалып, нағыз аң патшасына ұқсас әрекеттер жасай бастаған. Қазір жануар жыртқыштар үйінің торлы орнына жайғастырылды. Мамандардың айтуынша, қалыпты түрде жетіліп келе жатқан жыртқыш өзінің ерекше қылықтарымен зообаққа келушілердің ықыласына бөленіп үлгерген. Арыстанның бұрынғы иесі тағының торға тоғытылып, арнайы мамандардың бақылауына алынғаны өзі үшін де, қаланың өзге тұрғындары үшін де игі іс болғанына көзі жетті. Бүгінде жылан секілді аса қауіпті жануармен бір шаңырақ астында тұрып жатқандар да баршылық. Соның бірі – Илья Павлов есімді Алматы тұрғыны. Оның пәтеріне кірген адам хайуанаттар бағына тап болғандай күй кешуі әбден мүмкін. Өйткені тыңнан түрен салуға тырысқан азамат экзотикалық жануардың 20-дан астам түрін асырап отыр. Олардың арасында шұбар кесірткелер мен өрмекші де бар. Үйінде мұндай тіршілік иелерін асырауды ол осыдан үш жыл бұрын қолға алған. Көзі үйренгендерінен зеріге бастаса, жаңасын сатып әкеліп, пәтеріндегі жыландар топтамасын ай сайын толықтырып отырады екен. Ұзындығы әзірге 50 см болатын ең үлкен жыланы 1,5 метрге дейін өсетін көрінеді. Кішкентай шыны үйшікті тіршілік етіп жатқан бауырымен жорғалаушыға алдағы уақытта кеңдеу, әрі бірқалыпты жылы температурамен жабдықталған құрылғы қажет. Мұндай құрылғыны Ильяның қалтасы көтермейді. Жыландардың ай сайынғы қорегінің өзіне пәтер иесі бір кісінің жалақысын жұмсап отыр екен. «Бұл жануардың ең арзаны 15 мың тұрады. Ал күндізгі мадагаскарлық кесіртке болса, 20 мың теңгеге дейін барады. Алайда олардың арнайы жабдықтауыш құралдарына екі есе шығын кетеді. Оның құны 25 мыңнан басталып, кейбірі тіпті 400 мың теңгеге жетіп жығылады. Жабдықтардың бағасы көлемінің үлкендігі мен жасалған материалының сапасына байланысты»,– деді Илья Павлов. Экзотикалық жануарларға жаны әуес алматылықтың айтуынша, Америка мен Африка құрлықтарын мекендейтін бауырымен жорғалаушылар қолға тез үйренеді. И.Павлов үйіне келетін қонақтарға бұл жануарлардың адамға тигізер титтей зияны жоқ екеніне сендіріп бағады екен. Әйтсе де, туған-туыстары мен достары оның пәтеріне балаларын ертіп әкелуге қорқатын көрінеді. Үйін хайуанаттар бағына айналдырған Ильяның ендігі арманы – экзотикалық жануарлар көрмесін ұйымдастыру. Әйтсе де, алматылықтың қалыптан тыс мұндай әуестігі биолог мамандарға ұнай қоймады. «Мұндай жануарды үйде асырау үшін алдымен тәжірибе жинақтау керек. Мен оларды тек биологтар мен зоологтардың асырауына болады деп есептеймін. Өйткені залалсыз боп көрінгенімен, бауырымен жорғалаушылар арнайы білімі жоқ адамдар үшін аса қауіпті. Өрмекші немесе кесірткенің кейбірі тістеп алса, кішкентай балалар өліп кетуі де мүмкін. Ал өрмекшінің аяғындағы түктері адамның көзіне түскен жағдайда жанарынан айрылуы немесе түрлі кеселге шалдығуы ықтимал», – дейді биология ғылымдарының кандидаты Марина Черикова. Алматы қаласында пәтерін хайуанаттар бағына айналдырған тағы бір отбасы тұрады. Пәтер иелері табиғатта сирек кездесетін 50-ге жуық аң-құсты көп қабатты үйде асырап отыр. Үш бөлмелі пәтерді аң-құстың мекеніне айналдырған жандар жануарларды көзімен көріп, қолымен ұстағысы келген алматылықтарға нарық жағдайына байланысты ақылы қызмет те көрсетеді. Бөлмелердің бірінде бауырымен жорғалаушылар тұрса, екіншісінде әртүрлі құстар, үшіншісінде кеміргіштер емін-еркін тіршілік етуде. Алғашқы кезде аң өсіруді ермек еткен биолог келіншек өз әуестігіне көптің назары ауа бастағанын байқап, хоббиін тұрақты кәсіп көзі еткен. Қала ортасынан – дүкен, пәтерінен – хайуанаттар бағын ашқан. Қазір оның баспанасында усыз жыланның жеті түрі, жайра, жанат, қолтырауын сынды экзотикалық жануарлар тіршілік етеді. Бауырымен жорғалаушыларды күтіп-баптап, жаңа кәсібін дөңгелету үшін Надежда мектептегі мұғалімдік жұмысын да тастапты. Әзірге жануарларға кететін шығын олардан түсетін пайдадан асып жығылады. Алайда экзотикалық жануарларды баптаушы алдағы уақытта осы кәсібі арқылы мол табысқа кенелетініне сенімді. «Жануарлардың тамағына кететін шығынды есептеп көрмеппін. Бірақ аз ақша жұмсалмайтыны анық. Мәселен, жылан аптасына бір тышқан жейді. Оның әрқайсысын 300 теңгеден сатып аламын. Сондай-ақ, бұл жануарлар тропикалық болғандықтан, қысы-жазы пәтерде жарық пен жылу үзілмейді. Осының бәрін қосқанда жануарларға айына орта есеппен 50 мың теңгедан астам шығын жұмасалуда», – дейді Надежда Ступникова. Пәтердегі хайуанаттар бағына алматылықтардың алғашқы легі өткен жылдың қаңтарынан бастап келе бастаған. Зообақтың басты ерекшелігі – пәтер иелері аң-құстардың көпшілігін қолмен ұстап, тамақтандыруға рұқсат берген. Жеке пәтерде орналасқан хайуанаттар бағына кіру ақылы. Үлкендерге мың теңге болса, мектеп оқушылары оның жарты құнын төлейді. Кіру ақысын төлегендерге биолог әрбір аңға қатысты маңызды мағлұмат беріп, олардың сүйікті астарын қалай әзірлеу керектігін де көрсетіп береді. Надежданың айтуынша, келушілердің назары ең әуелі «Гриша» есімді қолтырауынға түседі. Ұзындығы бір метрге жететін бауырымен жорғалаушы күніне бір кеміргіш пен ұсақ балықты қанағат етеді екен. Қорегі ұлғайған сайын көлемі өсіп кететіндіктен, пәтер иелері жануарды тым көп қоректендірмеуге тырысады. Надежданың айтуынша, қолтырауынның өсімін тежемей, еркіне жіберетін болса, ұзындығы бір жылда екі метрге дейін жететін көрінеді. Жабайы аң-құсқа жаны құмар жанұя келешекте маймыл асырағысы келеді. Бірақ бұл армандары жақын арада орындалмайтын сияқты. Өйткені өздері ұнататын маймыл түрін шетелден сатып әкелу үшін қомақты қаржы қажет.

Арқар асыраймын деп айыпты болды

Халық арасында ақбөкен, қоян немесе қасқыр асырайтындар жайлы жиі естиміз. Бірақ күні бүгінге дейін арқар асырап отыр дегенді құлағымыз шалмаған. Жуырда «Азаттықтың» тілшісі көпшілікке үйінде таудың құзын мекендейтін, аңшылардың өзі сирек атып алатын арқардың қозықасын бағып отырған Қалау Әшімов есімді жаңақорғандық азаматты таныстырды. Ол арқарды тауда жылқы қарап жүргенде тауып алған. Анасын қасқыр тартып кетті ме екен, әлде аңшылар атты – белгісіз. Ен далада жалғыз қалған арқардың лағы алдынан шыққан. Содан үйіне әкеліп, сиырдың сүтімен бағыпты. Бүгінде қозықа әжептәуір өскен. Бір жасар тағы Қалау Әшімовтің қыр соңынан қалмайды. Атын – Арко деп қойған. Ең қызығы, арқар иесін балаларынан да қызғанады екен. Қалау Әшімовке бауыр басып қалғаны соншалық, балаларын еміреніп сүйіп жатса, арқар шауып келіп, орталарына түсетін көрінеді. Жақында үй иесі балалардың көже-қатығына деп бір ешкі сатып әкелген. Сөйтсе, тау тағысы ешкіден ажырамай қалады. Екеуі қораның ішінде ойнақтап, шауып жүр екен. Қалау мырза енді ешкіні союға қимай, арқарына қосақтап қойып отыр. «Дүкенге, ағайындардың үйіне барсақ, қасымыздан қалмайды. Машинаға да мініп алады. Өзі ерке», – дейді Әшімов. Жабайы аңды асырап, үй хайуанына айналдырған жаңақорғандық азаматтың ауласынан бүгінде тілші үзілмейді. Кезек-кезек келіп стэнд-ап жасап жатқан тілшілердің ғана емес, Аркоға жергілікті ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің де көзі түскенге ұқсайды. «Азаттыққа» хабарласқан Қалау Әшімов жуырда үйіне бір топ полиция қызметкері келіп, тексеріп кеткенін айтқан. «Жануардың тұратын орны және өзімді суретке түсіріп, арқардың әкетілуі, менің үстімнен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертті. Арқарды зообаққа өткізу мен үшін туған баламды жетімдер үйіне өткізгенмен бірдей», – дейді тау жануарына бауыр басып қалған Әшімов. Оның айтуынша, арқарды тексере келген қызметкерлердің бірі арнайы биологиялық сараптама жасатып, келешекте жануарды мемлекет өз қарауына алуы мүмкін екенін жеткізген. «Кішкентайында үйімнің ішінде өзіммен бірге тұрды, арқама мінгізіп өсірдім. Сол кезден қалған көптеген фото, видеолар кейін жойылып кетті. Қазір туыстарым өздерінде қалған суреттерді жинап, маған беріп жатыр. Қалай өсіргенімді полицияға дәлелдеймін», – дейді Жаңақорған тұрғыны. «Азаттық» тілшісі Жаңақорған аудандық ішкі істер бөліміне хабарласып, тексерудің мән-жайын сұрастырғанда Ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Марат Смайылов Қалау Әшімовтің сөзін растаған. «Заңда «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарды рұқсатсыз ұстағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қалау Әшімов арқарды кішкентайынан асырап, қамқорлығыма алдым дейді. Бірақ оның көзқарасы бойынша солай. Заң бойынша ондай сирек кездесетін аңдарды жеке қолда ұстауға рұқсат жоқ», – депті тәртіп сақшысы. Алайда 2010 жылы «Қазақстанның Қызыл кітабының» соңғы нұсқасын жариялаған Алматыдағы зоология ғылыми институтының мамандары тәртіп сақшыларының пікірімен келіспейді. Зоология институтының ғылыми хатшысы Перизат Есенбекова «енесінен айырылған қозықаны тауып, асыраған адамды жауапқа тарту қисынсыз» деп есептейді. «Қалау Әшімов қозықаны тауып алғаны жөнінде табиғат қорғау орындарына хабарлауы керек еді. Бірақ қарапайым адамдар заңның мұндай да талабы барын білмеуі мүмкін», – дейді ол. Жаңақорғандық азамат арқарды өз баласындай бағып-қаққанын дәлелдесе де, заң тау тағысын оның қолында қалдырмайтын тәрізді. Заңгерлер оған құқық қорғау органдарына өтініш жазып, арқарды мемлекет қарауына алуды сұрауға кеңес беруде. Олай етпеген жағдайда кем дегенде бір жарым мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі ықтимал. Біреу жабайы аңды ермек үшін асырайды, біреу нәпақа табу үшін өсірсе, кейбір қамқор жандардың қолына кездейсоқ тап болады. Бірақ үш жағдайда да тағыны өз мекені – табиғаттан жырақтатудың соңы жақсылықпен аяқталмайтынына жоғары айтылған жайттар дәлел.

Төбет байлап, тазы ерткен  ерлер қайда?

Қазір ел тұрғындары қасқыр асырауды да сәнге айналдырғандай. Бұрындары тек аңшылар мен бірен-сараң малшылардың үйінен ғана кезіктірсек, бүгінде қалалықтар да үйінің ауласында қасқырдың бөлтірігін өсіруді әдетке айналдырған. Қала сыртында түз тағысына қарғыбау тағып, итше жетектеп жүргендерді жиі көзіміз шалатын болды. Қызық көріп, жыртқыш асырайтындардың дені құртқаға таңдау жасайды. Солардың бірі – журналист Нұрсейіт Жылқышыбай. Үйінде бірнеше жылдан бері құртқа асырайтын әріптесіміз жайлы өткен жылы БАҚ біткен жарыса жазғаны есте. Нұрсейіт бала кезінен текті төбетке, асыл тұқымды жылқыларға әуестеніп өскен. Құртқа асырап, оны төбетпен шағылыстырып, әскери ит алуды көптен бері арман етіпті. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның шығысынан қасқырдың бөлтірігін әкеліп, атын Құртқа деп қойған.          Тілшінің Құртқасы күніне 4-5 келідей ет жейді екен. Таза мал етін сатып алмаса да, күнделікті қасаптардан арзан ет алуды әдетке айналдырған Нұрсейіт Жылқышыбай қолы қалт етсе, түз тағысын сыртқа шығарып, серуендетіп тұрады. Алғаш алып келген күннен бастап Құртқаның қалай өзгеріске түскенін бақылап отыру үшін оны ай сайын оны суретке түсіруді әдетке айналдырған. Қала берді, Нұрсейіт қасқыр асырауға қызыққан достарына да бөлтірік сыйлайды екен. Ерейментауда тұратын атақты Жылқыбай аңшы жайлы да журналистер көп жазған еді. Аңшы өз үйінде қолға үйретілген бірнеше қасқыр ұстайды. Ауласында қасқыр ұстайтын Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыхановтың үйінен де тілшілер талай рет репортаж дайындаған болатын. Ол бөлтірік кезінен асыраған қасқырына Агуша деп айдар таққан. Жыртқышты асырауға әуестенгендердің ешқайсысы Көксерегін қызғыштай қорыған Құрмаштың кебін киюіміз мүмкін деп алаңдамайтын тәрізді. Тағының өздеріне әбден бауыр басып, сенімді серіктеріне айналғанына шүбә келтірмейді. Құртқа асыраушылардың сөзінше, ұрғашы қасқыр ешқашан иесіне, яғни адамға қастық жасамайды. Десе де, жыртқыштың түзге қарап ұлитынын, ерте ме, кеш пе тағылығын көрсететінін ұмытпау керек. Аласұрған аң әуелі малға, кейін иесіне ауыз салмасына кім кепіл? Тағыны бағып, өзіміздің де, жақындарымыздың да өмірін қатерге тіккенше, тұқымы тұздай құрып бара жатқан тазы мен қазақы төбетті неге асырамасқа? Қазақы төбеттің ең басты ерекшелігі – адамға тап беріп, қауіп-қатер туғызбайды. Оның күшігі айналасы бір жылдың ішінде дене-бітімі толысып, ірі болып өсіп шығады. Сырт келбеті мұғал, ұсқынсыздау көрінгенімен, үйдегі мал-жанға сырттан қауіп-қатер төнген кезде батыл түрде тойтарыс бере алады. Үй жағдайында бей-берекет үріп, қоңсы-қолаңның мазасын алу қазақы төбетке жат қылық. Ол адамға сенімді дос әрі қорғаушы. Иесін ешқашан тастап кетпейді, үйренген ауласына өте адал. Өкінішке қарай, елімізде шетелдің сабалақ иттерінен тұқым алуға, жабайы аңдарды асырауға әуестік артқандықтан, төбет пен тазы тұқымын көбейту мәселесі назардан тыс қалып келеді. 1939 жылы Қазақстанда тазының саны 7 мыңға, ал төбет 19 мыңға жетеқабыл болған екен. Ал бүгінде еліміз бойынша тазының 300-дей, қазақы иттің 1 мыңға жетер-жетпес қана тұқымы қалыпты. Бұған таза тұқымды иттердің заң назарынан тыс қалуы да себеп. 2003 жылы ҚР Үкіметінің «Асыл тұқымды үй жануарлары мен жабайы аңдарды қорғау туралы» Қаулысы қабылданған болатын. Жан-жануардың бәрі қамтылған құжатта тазы мен төбетті қорғау туралы бір ауыз сөз жоқ. Құрып кетудің аз-ақ алдында тұрса да, тазымыз бен төбетіміз Қазақстанның «Қызыл кітабына» енбей отырғаны сондықтан. Ұлттық бренд қылуға лайықты қазыналарымызды қорғауға әзірге ат төбеліндей топ қана ден қойған. Көңілге медеу қылатынымыз – екі жылдан бері “Қансонар” аңшылық бірлестіктер мен аңшылық шаруашылық субъектілері республикалық ассоциациясының бастамасымен ұйымдастырып жүрген «Қазақ тазысы мен қазақы төбеттердің республикалық көрмесі». Өткен жылы шараға Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдау көрсетуі асыл тұқымды иттеріміздің болашағына деген сенімді аз да болса нығайтты. Асылдарымызды қолда барда аялай білсек екен.