Жаңалықтар

Жетім балаларды асырап алған шетелдіктер Қазақстан заңдарына бағынбайды. Неге?

ашық дереккөзі

Жетім балаларды асырап алған шетелдіктер Қазақстан заңдарына бағынбайды. Неге?

Жетімін жылатпаған қазақтың соңғы жылдары қараусыз қалған балаларының қатары көбейгенін бүгіп қалу мүмкін болмай тұр. Тіпті, жатырын жарып шыққан баласынан безінетін безбүйректерге таң қала қоймаймыз. Жарық дүние есігін аша салып, балалар үйінің табалдырығын аттайтын қаракөздердің жәутеңдеген жанарын көрудің өзі ауыр, әрине. Олардың толыққанды отбасында өмір сүруді армандайтыны айтпаса да түсінікті. Ал балалар үйінде тәрбиеленген балаларды асырап алуға ниетті отбасылар аз емес.Әйтсе де...

Қазақ балаларын өлтірген Кэмпбел

Ақпан айының соңғы күндерінде мұхиттың арғы жағынан елімізге суық хабар жетті. АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Белфейр қаласында 16 жастағы Куин мен 18 жастағы Тори Карлсондар кісі қолынан қаза тапты. Жеткіншектердің екеуін де АҚШ отбасы Қазақстаннан асырап алған екен. Қаза болған жасөспірімдер – Ақмола облысының Щучье қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген Дамир Әбдірахманов пен Тимур Көктиев. 2002 жылы америкалық Уильям Карлсон мен оның жұбайы Лана Щучьедегі балалар үйінен 3 және 5 жастағы екі бүлдіршінді асырап алу құқығын иеленген. Сөйтіп, өз аналары перзентханада бас тартқан Дамир мен Тимур жаңа ата-аналарымен бірге Вашингтон штатының Сиэтл қаласына кетеді. Қазақтың қаракөздерін асырап алған Карлсондар отбасы кейінірек Сиэтл шаһарынан 100 шақырым жерде орналасқан Бэлфейр деген жерге қоныс аударады. Отағасы Уильям Карлсон қайтыс болғаннан кейін, Лана Дэвид Кэмпбелге тұрмысқа шығады. Балалардың өліміне себепкер болған да осы – Дэвид Кэмпбел. Дэвидтің қолынан қаза тапқандардың қатарында қазақстандық балаларды асырап алған Лана да бар. Қайғылы оқиға туралы баяндап берген аталмыш отбасының көршісі Джек Пигот әуелде бірнеше рет атылған оқтың даусы бір отбасының ажалына себеп болғанын білмеген. «Мен таң азаннан полицейлер көршімді сабырға шақырғанын естідім. Үйдің іргесіндегі у-шу 3 сағатқа созылды. Дэвидтің даусы ерекше қатты естілді. Артынан тағы оқ атылды. Ол өзін атып тастағанын артынан білдім», – дейді Джек Пигот. Оқиға орын алған қора жайдан полицейлер 5 адамның денесі табылғандығын растады. Дэвид Кэмпбел Лана Карлсонға, отбасындағы 2 асыранды бала мен көрші әйелге және асырап алған 12 жасар қытайлық қызға оқ атқан. Абырой болғанда, 12 жастағы қыз бала аман, ол бірден балалар құқығын қорғаушылардың қамқорлығына алынды. Барлығын жер жастандырғаннан кейін 51 жастағы Дэвид Кэмпбел өз-өзіне қол жұмсапты. Тергеу нәтижесінде қылмыскердің бұған дейін де мүлік ұрлау мен жалған құжат жасағаны үшін істі болғандығы анықталды. Өгей әкелерінің қолынан қаза тапқан қазақстандық жеткіншектерді асырап алған Лана Карлсонның отбасы Тимур мен Дамирді өз жанұяларының мүшелері санайды. Сондықтан Лананың отбасы оларды немерелері ретінде америкалық зиратқа жерледі. Ал қайтыс болған жеткіншектердің ұстаздары олардың білімге деген құштарлығы ерекше болғандығын еске алады. «Колледжден қашықта тұрса да Тори сабақтан қалмайтын. Баланың қабілеттілігі сонша, оның үлгерімі сабақта ғана емес, өмірде де  көрініс тапты. Тори өзінің жеке кәсібін ашуды мақсат етті, тіпті сол үшін фургон да сатып алды», – дейді Торидің оқытушысы Крис Племмонс. Жат жұртта жүріп қайтыс болған қазақстандық жеткіншектер туралы ақпарат тарағаннан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті мәлімдеме жасады. Комитет төрайымы Забира Оразалиеваның айтуынша, Қазақстанның АҚШ-тағы дипломаттарының асыранды балаларға жиі барып тұруға мүмкіндігі болмаған. Себебі АҚШ-та жеке өмір құқығы қатты қадағаланады екен. Балалар құқығын қорғау комитеті келтірген деректерге сүйенсек, АҚШ азаматтары елімізден 1999 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта 6609 баланы асырап алған көрінеді. Оның ішінде 687 бала туралы ешқандай есеп түспеген. Қазіргі уақытта комитет Сыртқы Істер министрлігімен бірлесіп жұмыс жасауының нәтижесінде 437 бала туралы есепке қол жеткізді. Ал 236 баланың есебі әлі де қолға түспеді. «Бүгінгі таңда асырауға берілген 236 баланың есебі келмей қалған. Сол тізімде осы қайтыс болған балалардың аты-жөні де бар. бұл балалар жөніндегі соңғы есеп 2003 жылы тамыз айында келіп түскен», – дейді Забира Оразалиева. Ал ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінің Бала асырап алу туралы 13-тарауында: «Шетелдік бала асырап алушылар бала асырап алушы және бала тұрып жатқан елде орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы есептер ұсынады. Шетелдік бала асырап алушылар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға есептерді ұсынбаған немесе уақытылы ұсынбаған жағдайда Қазақстан Республикасында бала асырап алу кезінде олардың мүдделерін білдірген бала асырап алу жөніндегі агенттік бір жыл мерзімге аккредиттеуден айрылады» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ендеше, АҚШ азаматтары мен агенттіктердің 2013 жылдан бері есеп өткізбеуі заң бұзушылық емес пе? Қазақстаннан бала асырап алған шетелдіктер неге біздің елдің талаптары мен ережелеріне бағынбайды? Әлде біз бала асырап алып отырған шетелдік азаматтардан заң ережелерін орындауды талап ете алмай отырмыз ба? Айта кетейік, АҚШ полицейлері әуелде қайтыс болған жеткіншектердің кім екендігін анықтай алмаған. Өйткені марқұмдардың екеуі де консулдық есепте тіркелмепті. Оның үстіне, АҚШ-та бір қаладан екінші орынға қоныс аудару кезінде жергілікті жерде есепке тұру деген түсінік қалыптаспаған. Шекара асып кеткен балалардан мәліметтің үзіліп қалуының бір себебі осында болса керек. Вашингтон штатында қаза болған Тимур мен Дамир әлі кәмелеттік жасқа толмағандықтан, азаматтықтарын  өзгертпеген.  Сондықтан олардың  өліміне қатысты қылмысты тек америкалық полицейлер емес, біздің құқық қорғау орындары да бақылауда ұстауы керек.  Ал  АҚШ-та орын алған жайттан кейін еліміздегі Балалар құқығын қорғау комитеті Америка азаматтары асырап алған балаларының жағдайы туралы толық ақпарат бермейінше, америкалық отбасыларға қазақстандық балаларды асырап алуға мораторий қойылғандығын хабарлады.

АҚШ-тағы алғашқы жайт емес

Бүгінге дейін қаншама қаракөз інілеріміз бен сіңлілеріміз бөтеннің бауырына басылды. Ал олар расымен бауырына басты ма, әлде басқа мақсат-мүдделері үшін пайдаланды ма? Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Массачусетс штатына қарасты Вустер қаласының алқа билер соты америкалық Мэйоттар отбасының асырап алған қазақстандық балаларға зорлық әрекет жасағанын анықтады. Қазақстандық балаларды бауырына басқан Мэйоттар отбасына қатысты сот үкімі де шығарылды. 50 жастағы Джозеф Мэйоттқа «17 жасар асырап алған қазақстандық қызын зорлады, ұрып-соқты, балаларға кері әсер ететін фильмдер таратты және заңсыз қару сақтады» деген айып тағылса, оның әйелі 49 жастағы Линда Мэйотт «асыранды ұлын зорлап, ұрып-соққаны және куәгерлерді қорқытып, полицияға қарсылық көрсеткені үшін» кінәлі деп танылды. Бұл балалар Америкаға 2004 жылы барған. Ол кезде қыздың жасы 8-де, ал ұл баланың жасы 13-те болыпты. Ал 2013 жылы АҚШ-қа әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген жетімдердің өмірін зерттеген мамандар адам шошырлық айғақтар тапты. Мамандар таратқан дерек бойынша, Америкада бала асырап алған отбасылар қарауындағы сәбилер ұнамаса, оларды ғаламтор арқылы өзгелерге сыйға тартып келген. Қолдан қолға өткен балдырғандар негізінен 6 мен 14 жас аралығында. Ғаламтор арқылы жетімдерді қолдан қолға ақысыз бере салатын ата-аналарға қарсы заңдық негіздегі жаза да жоқ екен. Ешкім қарауына алуға құлық білдірмеген жасөспірімдерді қораға қамап, жан-жануармен бірге өмір сүруге мәжбүрлепті. Қорлық көрген балғындардың көбі Қазақстан, Ресей, Қытай мен Украинадан асырап алынғандар. Ал жетім балалардың жазығы не? Даудың басы сәбидің тағдырын артынша ұмытып кететін қыршаңқы қылықта болып тұр. 18 жасқа дейін тарихи Отанының азаматы боп саналатын бөбектерді баланы асырауға берген елдер жадынан шығарады. Ай сайынғы міндетті есепті де ешкім сұрамаса керек. Айта кетейік, 2006 жылы АҚШ-та қазақстандық асыранды қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген әке жайы да ел ішін дүрліктірген еді.

Шетелдіктерге бала асырауға тыйым салу керек пе?

Қазір елімізден кез келген шетелдік азамат өз қалауынша бала асырап ала алмайды. 2012 жылы 17 қаңтарда күшіне енген «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексі бойынша шетелдік азаматтардың бала асырап алу үрдісі өзгертілді. Мәселен, бұрынырақ шетелдік бала асырап алушылар тікелей асырап алатын болса, қазір асырап алу мәселелеріне тек заңды тұлғалар – агенттіктер Қазақстан аумағындағы өздерінің филиалдары мен өкілдіктері арқылы ғана араласа алады. Бала асырап алушыларды іздеу және бұл үрдісті рәсімдеу бойынша қызметті жүзеге асыратын агенттіктер балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы уәкілетті орган – Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитетте аккредиттеу рәсімінен өтуі қажет. Қоғам белсенділері әлемдегі асыранды қазақ балаларына қатысты жағымсыз жайттарды естігеннен кейін шетелдіктерге бала беруге мораторий жариялауды талап еткені де есте. Алайда ел билігі ескі әдет бойынша бұған көз жұма қараған. Дегенмен, АҚШ-та орын алған биылғы жағдай көпті ойланта бастаған тәрізді. Өйткені халық қалаулылары Қазақстаннан бала асырап алуға ниетті шетел азаматтары үшін талаптарды қатайту керектігін ескертті. Алдағы уақытта шетелдіктерге қатысты талап күшейіп, жетім балаларды асырауға беруде ең бірінші қазақстандық отбасыларға басымдық берілмек. «Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу құқығы бірінші кезекте ҚР азаматтары мен еліміздің аймағында немесе одан тысқары жерлерде тұратын туыстарына беріледі. Олардың баланы асырап алу мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана шетел азаматтарына асырап алуға беріледі. Балаларды асырап алу мәселелерімен айналысатын шетелдік мекемелерді елімізде тіркеуге байланысты нормалар енгізілуде», – дейді сенатор Бірғаным Әйтімова. Сондай-ақ, жаңа заң жобасы бойынша бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін істі болған адамдардың да бала асырап алуға құқы болмайды. Мұның бәрі елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулерді талқылаған Сенат отырысында сөз болған еді. Десек те, «Еркін мейірімділік қоғамы» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин бұл заңның шикі тұстары бар екендігін айтып отыр. Оның пікірінше, ең әуелі жетім балаларды тіркеу үшін бірнеше министрлікке ортақ бірыңғай ақпараттық жүйе құру қажет. Себебі мәселенің түп-төркіні ата-анасының қарауынсыз қалған балалар туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiкке кепiлдiктi қамтамасыз ету мен тiркеу жүйесiнiң жетiлдiрiлмегендiгiнде болып отыр екен. Аружан Саинның айтуынша, қорғансыз бүлдіршіндерді қазіргідей бірден тәрбиелеу мекемелеріне жібергеннен гөрі кезекте тұрған отбасыларға беру керек. «Қазір ақпараттық технологиялар заманы. Бірақ біз әлі күнге дейін ата-анасының қарауынсыз қалған сәбилерді журналға тіркейміз. Ол министрлікке жеткенше бірнеше ай өтеді. Егер барлық ақпаратты бір жүйеге салсақ, мәселені шешу жолы оңай болады. Оған қоғамдық бақылау да жоғарылайды. Ал шет елдерде бұл іспен мемлекеттік емес ұйымдар айналысады. Бұл деген бала тағдыры ғой», – дейді Аружан Саин. Елімізде осыдан 10 жыл бұрын балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдердің саны 17 мың болған. Ал қазір бұл көрсеткіш 8100-ге дейін төмендепті. Бұл – қуанарлық жағдай. Бүгінгі күні бала асырап алуға ниетті отбасылардың саны – 7500. Мамандар мемлекет бұл көрсеткішті балалардың құқығын қорғай отырып, сәйкестендіретін болса, Қазақстандағы жетімдердің саны айтарлықтай азаяр еді дегенді алға тартып отыр. Жалпы, қазір 20 мыңға жуық қазақ баласы  шетелдік отбасыларда тәрбиеленуде. Әсіресе, біздің қаракөздерге  АҚШ пен  Испания азаматтары  құмар.  Күні кеше Америкада орын алған қайғылы оқиға барша қазақстандықтардың көңіліне қаяу түсірді. Жесірін жылатып, жетімін қаңғыртпаған халықтың бүгінгі түсінігі неге түпкілікті өзгерді? Шет мемлекеттердің біразында өз азаматтары бала асырап алған жағдайда салықтық жеңілдіктер қарастырып, асырап алу құжаттарын да жеңілдетіп, тіпті мемлекет тарапынан балаға төленетін жәрдемақы мөлшерін де ұлғайтуды жөн көреді. Ал біздің елде шетелдіктер мен бала асырап алғысы келетін қазақстандықтарға берілетін мүмкіндіктер мен құқықтар да бірдей. Кейде шетелдіктердің бала асырап алуына түпкілікті тыйым салу қажет шығар деп ойлайтынымыз рас. Бірақ кейбір мамандардың айтуынша, шетелдіктер тек қана қазақстандық азаматтар керек қылмаған, денсаулығында ақауы бар бүлдіршіндерді асырап алады екен. Қалай десек те, қазақтың баласы өзінің туған жерінде, елінде өскені абзал. Ал жат жұртқа кеткен жәутеңкөздердің тағдырына бейжай қарауға мүлдем болмайды. Шетелдік азаматтар асырап алған балаларды бүгін есепке алып, екінші күні ұмытып кетуге біздің құқығымыз жоқ. Өйткені ол – қазақ баласы, қазақ азаматы. Ендеше, Үкімет бұл мәселемен шындап айналысуы керек.  

Әсел ӘНУАРБЕК