Тәуелсіздікке тәу етіп өткен тұлға

Тәуелсіздікке тәу етіп өткен тұлға

Тәуелсіздікке тәу етіп өткен тұлға
ашық дереккөзі
Кейде маған қазақ «тұлғасыз» қалған секілді болады да тұрады. «Тарихты тобыр емес, тұлға жасайды» деген тәмсіл бар. Өкініштісі сол, тұлғалардың саны кеміп, орнын «әсіреқызыл», көрсеқызарлар, ақсақалдар азайып, орнын «шал-шауқандар» басатын дәрежеге жеткен сияқты боламыз да тұрамыз. Өйткені елдің, мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, ел ертеңі үшін басын тауға да, жарға да ұратын жандардың қатары сиреп барады. Алдымызда асқар таудай тірек көретін кесек тұлғалы, ер мінезділеріміздің пәниден бақиға аттанғанын естіген сайын жүрегіміз бір бұлқынады. Ол қазаның орны толмастай көңілің сыздайды. Амал не, жазмышқа мойынсұнбасқа амалың қайсы. Міне, сондай бір мемлекетшілдік санамен қаруланған және Қазақ халқын осы мемлекетшілдікке үндеген, Болатхан Тайжан мырзаның да бұл дүниені тәрк еткеніне аттай тоғыз жыл болыпты. Мемлекет және қоғам қайраткерi, ғұмырының отыз жылын дипломатияға арнаған, қазақ дипломатиясының қайраткерi Болатхан Тайжанның 8 наурызда туғанына 75 жыл толды. 2007 жылы 20 ақпанда о дүниелiк сапарға аттанған марқұмның соңында өлмес өнеге, өшпес сөзi қалды. Болатхан Тайжан – Египет Араб Республикасындағы тәуелсiз Қазақстанның алғашқы елшiсi. Ол Елбасы Жарлығымен 1993 жылы Мысырға аттанады. Сыртқы саясатта өзiндiк ұстанымы қалыптасқан, саяси тұғыры берiк Болатхан аға барлық мәселенi ұлттық тұрғыдан шешуге ерекше назар аударады. Ең басты мәселе – ұлттың ұлы мұраттарын жүзеге асыру деп түсiндi және сол жолда еңбектендi. 1962 жылы дүниеге келген «Жас тұлпар» ұйымын құрушылар жарияға жар салмаса да, Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн аңсаған едi. Болатхан Тайжан алып Кеңес империясының әйтеуiр сетiнейтiндiгiн болжаса да, ол соншалықты жылдам жүзеге асады деп ойламаған екен. Тәңiрдiң сыйы – тәуелсiздiкке қол жеткiзу бақытына Қазақ Елi де қол жеткiзгеннен соң, бар саналы ғұмырын оның баянды болуына арнауды мақсат еттi. Сөйтiп Мысырда, Малайзияда елшiлiк қызмет атқарып, Қазақстанның сыртқы саясаттағы көшiнiң түзу болуы үшiн аямай тер төгедi. Елшiлiк қызметтен босап, елге оралғаннан кейiн тәжiрибелi дипломат, әлемдiк экономика мен саясаттың бiлгiрi Болатхан Тайжан өзiнiң ғұмыр бойғы тәжiрибесiн жас мемлекеттiң iргесiн бекемдеуге арнауды мақсат етедi. Ол Қазақстанның даму жолы 10-15 жылда айтарлықтай iрi табысқа жеткен Малайзиянiкiндей болса деп армандайды. Малайзияның ұлттық мемлекет құру жолындағы үлгiсiн жан-жақты талдап, оның экономика мен ұлттық саясаттағы ерекшелiктерiн сарапқа сала отырып, бүгiнде Азия барысына айналған, сонымен қатар ұлттық бағыт-бағдарынан жаңылмаған Малайзия моделiн Қазақстанға да ұсынды. 25 жылда Азия барысына айналуды мұрат тұтқан Қазақстан неге Малайзия секiлдi өркениеттi мемлекеттер қатарына қосыла алмай отыр? Неге негiзгi ұлт қазақтардың әлеуметтiк жағдайы төмен, мемлекеттiк тiл неге әлi босағадан сығалап тұр? Болатхан Тайжан әртүрлi мiнбелерде сөйлеген сөзiнде, мерзiмдi басылым беттерiнде берген сұхбаттарында, телеарналардағы дебаттарда осы сауалдарға жауапты еліміз ұлттың ұлы құндылықтарын мансұқтап отырғандығынан iздеу қажеттiгiн айтқан. Ең өкiнiштiсi, Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 15 жылын көзiмен көрген Бөкеңнiң cол кезеңдерде айтқаны әлi күнге дейiн өзектi. Әлi күнге дейiн шешiмiн таппай келедi «Мен қазіргі саяси партиялардың көбінің жетекшілерімен етене таныспын. Ара-тұра әңгімелесіп тұрамыз. Сонда менің көңіліме түйген бір жайт бар: саяси партиялар, әсіресе оның ішінде оппозициялық бағыттағылары қазақ мемлекетінің болашағына ұлттық саясат, ұлттық экономика тұрғысынан күрделі проблема ретінде қарамайды. Көбінесе бұлардың айтатыны демократия мен азаматтық қоғам. Азаматтық қоғам деген ұғым ұлттық мемлекетке аяқ басқанда ғана болады. Әуелі азаматтық қоғам, сосын ұлттық мемлекет пайда болмайды. Керісінше, әуелі қазақ мемлекеттігі пайда болуы керек, содан кейін барып ол дами келе азаматтық қоғамға ұласуы тиіс. Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, мен баспасөз беттерінде жиі айтып жүрмін және ол ойымды оппозиция өкілдерімен жеке жолыққанда да жасырмаймын: қазіргі ерегес билікке талас деңгейінде ғана жүріп жатыр. Ал мемлекетімізді толыққанды түрде қалай дамытамыз, ұлттық проблема мәселелерін не істейміз, азаматтық алмай отырған мыңдаған қандастарымызды қайтеміз деген сұрақтарға бас қатырып жүрген ұйымды көрмедім. Яғни, мемлекеттік туралы толғанып жүрген ешқайсысы жоқ» дейді ол бір мақаласында. Яғни, елдегі саяси билікке таласушылардың нақты мақсаты не, олардың көздегені халықтың қамы ма? Жоқ, жеке басының құлқыны ма? Жоғарыда келтірілген шағын үзіндіден-ақ сауалыңа жауап тапқандай боласың. Қазіргі саяси додаға қатысып жатқан саяси партиялардың қайсысының жарғысынан Бөкеңді қанағаттандырарлықтай мәселелерді таба аласыз. Айтуға сөзің жоқ. Саяси дода демекші, Болатхан Тайжан саяси партиялардың біразының мүшесі болды, саяси доктринасын жазды, өзінің ішкі дүниесіндегі ұлттық, мемлекетшілдік санасын сол партиялардың қайбіреуінің күн тәртібіне енгізуге тырысты. Сол үшін елдегі жетекші партия «Отанның» да, оппозицияшыл «ЖСДП»-ның да есігін қақты. Алайда олардың ешқайсысына өзінің сөзін өткізе алмасын білгеннен кейін, бүкіл дүниеден торыққандай да көрінді. Өйткені өмірінің соңғы кезінде Болатхан Тайжан ешқандай саяси партияның да, қоғамдық қозғалыстың да мүшесі емес еді. Өйткені елім дегенде етегі жасқа толатындардың сөзі мен ісі қабыспайтындығына көзі жеткен. Осы ретте марқұмның жары, Айсұлу Тайжанмен жолығып, ол кісінің бізге белгісіз қырларын білуге тырысқан едік: – Айсұлу апай, Болатхан аға ел үшін, жер үшін барын беруге дайын жан еді. Сонау қылышынан қан тамған 60 жылдардың өзінде «Жас тұлпар» ұйымын құрып, Қазақстанның тәуелсіз ел болу мүмкіндігін болжаған екен. Сіздіңше, Болатхан ағаның мұңы неде еді? – Ол кісі жас кезінен Қазақ елінің тәуелсіздігін, Егемендігін аңсаған жан. Сол кездің өзінде «Түбі Қазақстан егемен ел болады. Бірақ, оны мен көре алам ба, көрмеймін бе, білмеймін» деуші еді. Бөкеңнің көктен тілегені, жерден табылып, біз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Алайда, талай жылдар аңсаған азат күнге қолымыз жеткенмен, алған бағытымыз оған аса ұнай қоймады. Өйткені біз тәуелсіздікті ала салысымен, санадағы отаршылдықтан қалған таңбамен күресуіміз керек еді. Алайда өкінішке қарай, біз олай жасай алмадық. Ол кісі көптеген шет мемлекетте болды. Олардың экономикалық тәжірибелерін көрді. Сол көргендерін бізде жүзеге асырғысы келді. Сөйтіп, саяси партиялар өз қатарына шақырған кезде, ол кісіде «Осы идеямды партиялардың саяси доктринасына қалай да енгізсем» деген жалғыз мақсат болды. Алайда партиялар ол мақсатты алдына қоймаған соң, ол бәрінен бас тартты. Бірақ, ол кісі жалпы қазақ халқына Малайзияның даму жолы және оның экономикадағы жетістіктері жайында тынбай айтты. Журналистермен, саясаткерлермен көп пікір алмасты. Сөйтіп, өз идеясын тамшыдай болса да, халық жадына сіңіруге тырысты. – Болатхан аға өз идеясын жүзеге асыру үшін саяси құрылым түзуге, партия құруға талаптанбады ма? – Жоқ, ондай ойы болмады. Өйткені ол кісі «реалист» еді. Өзінің жағдайын, жасын және басқа да алғышарттарын есептей алды. Тек кеңесші болуды ғана мұрат тұтты. – Мәжіліске немесе Сенатқа сайлануды мақсат етпеді ме? – 1991 жылы ол өзін-өзі ұсынушы ретінде сайлау додасына түскен еді. Ол кісімен бірге Әбіш Кекілбаев, Жекен Қалиев үшеуі бір округтан сайлануға бекінді. Сайлау алды кампаниясы кезінде Бөкеңнің аты оза бастады. Халықтың ол кісіге деген ықыласы арта бастады. Дәл сол сәтте Сыртқы экономикалық байланыс министрлігі ашылып, Бөкең сол министрліктің І вице-министрлігіне шақырылды. Бұл министрлік ол кісінің өз мамандығына сай жұмыс еді. Сол министрлікте ол кісі біраз жұмыс атқарды деп ойлаймын. Бұдан кейін екіншілей ол депутаттыққа талпынған жоқ. – Болатхан ағай саясаттанушы, халықтың жағдайы мен оның рухани проблемасын үнемі талмай айтумен болды. Әсіресе, тілдің мұңын көп мұңдаушы еді. Мәселен, мына бір әңгімесіне назар аударсақ: «Егер ұлттық идея ретінде еліміздің тұтастығын, бірлігін ойлайтын болсақ, біз мынаны түсінуге тиіспіз. Әлемнің 190 мемлекетінде тұрып жатқан халықтар сол мемлекетті құрған титулды ұлттың мәдениетін, тілін игеруге тырысады. Мұны «интеграция», «интегрирование» деп те атайды. Яғни тек мемлекетті құрған ұлттың мәдениетін, тілін біліп қана бірігуге болады. Ал сол елде тұрып жатқан, негізгі ұлтқа жатпайтын ұлттардың барлығының мәдениетін, тілін игеру – ақылға сымайтын нәрсе. Біз осыны Қазақстандағы күллі ұлттарға түсіндіре білуіміз керек. Тек қазақ мәдениетін, тек қазақ тарихын, тек қазақ тілін біліп өссе, сонда ғана Қазақстанда мызғымайтын бірлік болады. Мұнымен қатар қазақ емес азаматтарымыздың өз тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын білуіне жағдай жасауымыз керек» деген екен. Жалпы, отбасында қай тілде сөйлеуші едіңіздер? – Отбасында Бөкең ылғи қазақша сөйлейтін. Біз орысшалап кеткенде, ол кісі бізге ұрысушы еді. Тіпті достарымыздың өзі де оның алдында орысша сөйлеуден именетін. Сол тәрбиенің ықпалы болуы керек, Мұхтар қазақ тілін өте тез меңгеріп алды. Әдеби тіркестер, қазақша терминдерді ол өте жақсы біледі. Соның бәрі бала кезінен миында қалған ғой. Қазір Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында әлі мемлекеттік тілді үйрене алмадық дегендерге өз басым илана қоймаймын. Егер, бір жылдың бір айын тіл үйренуге арнаса, алынбайтын қамал болмас еді. Немерелеріміздің екеуі де қазақ мектебін бітірді. Ұлымыз бен қызымыз екеуі де қазір шетелдің аса беделді оқу орындарында білім алып жатыр. Тіпті білімді тек орыс және ағылшын тілдерінде беретін «Мирас» мектебінде қазақ тобының ашылуына ықпал еткен едік. Өйткені олар қазақша оқитын балалар тапсаңдар, біз сендерге топ ашып береміз деген екен. Ондай балалар табылды. – Қазір қазақ мектебінде білім сапасы төмен деген жел сөз бар. Балаларын қазақша оқуға бермегендердің айтатын сылтауы. Оған не дер едіңіз? – Қазақ мектебінде білім сапасының жоғары екенін балаларын қазақ мектебіне беруі арқылы Мұхтар дәлелдеп отыр емес пе?!. Оның екі баласы да қазақ мектебінің түлегі. Қазір бірі – Англияда, екіншісі – Америкада білім алып жатыр. Біздің замандастарымыздың көбі қазақ мектебін бітіргендер. Олардың көбі академиктер, ғалымдар, білгір дипломаттар. Сондықтан мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. – Әңгімеңізге рахмет!  

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ