Жаңалықтар

Семейде коронавирус жұқтырған 14 жастағы оқушы 51 адаммен байланыста болған

ашық дереккөзі

Семейде коронавирус жұқтырған 14 жастағы оқушы 51 адаммен байланыста болған

Семейде 14 жастағы мектеп оқушысынан коронавирус анықталды. Онымен байланыста болған 51 адам оқшауланды.  5 сәуірдің 09.15 уақытындағы эпидемиологиялық жағдай бойынша, коронавирус індетін жұқтырған тағы 20 адам тiркелгенін, оның бірі Шығыс Қазақстан облысынының тұрғыны екенін жазған болатынбыз. Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, 2006 жылғы Семей қаласының тұрғыны 30 наурыздан бастап ауырған. Мектеп оқушысында құрғақ жөтел болып, дене қызуы 38°С дейін көтеріліпті. 3 сәуір күні оған рентгенографиялық тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде сол жақты жоғарғы бөлікті инфильтративті пневмония екендігі анықталған. "4 сәуір күні пневмониямен ауыратын науқастарға мониторинг жүргізу жағдайы бойынша COVID-19-да тексерілді. Нәтижесі оң. Алгоритмді сақтай отырып, мамандандырылған стационарға ауыстырылды.Эпиданамнез бойынша науқас және оның жақын туыстары облыстан тыс жерлерге, басқа елдерге болмаған. Демалысқа шыққаннан кейін 13 наурыздан бастап үйден шықпаған", - деп мәлім етті ведомство басшысы. Мектеп оқушысының жағдайы орташа дәрежеде. Эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша науқаспен байланыста болған 51 адам анықталды. Олар толық оқшауланған. "Тұрғылықты жері бойынша дезинфекция жүргізілді. Іс-шаралар жалғасуда, қосымша ақпарат ұсынылады", - деді Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау департаментінің басшысы.