Сәуірдің бірінші жартысында коронавирус жұқтырғандар саны 3500-ге жетуі мүмкін – министр

Қазақстанда енгізілген карантиндік шаралар оң нәтижесін берді. Бұл туралы  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. 

«Біздің елімізде қабылданған қатаң карантиндік шаралар 28 наурыз бен кешегі тәулікті есептегенде коронавирус инфекциясының таралу қарқынын 52-ден 12 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл өзгеріс бізге санитарлық және медициналық қызметтердің жұмыс ауыртпалығын азайтып, науқастар мен байланысқан адамдарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деп жазды Елжан Біртанов Facebook парақшасында.

Министр өзге елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанда аурудың негізгі кезеңі сәуір-мамырда өтсе, вирустың шарықтау шыңы – сәуірдің бірінші жартысына тұспа-тұс келеді деген болжамды ұсынды.

«Осы кезеңде біз шамамен 3500 жағдай тіркелетінін (қазір 551) болжаймыз. Одан ары, яғни жаз айларында эпидемиологтар эпидемия толығымен тоқтамаса да баяулайтынын күтеді. Кейбір сарапшы биылғы күзде індеттің қайталанатын жоққа шығармайды», – дейді ол.

Ведомство басшысының айтуынша, елімізге бүгінгі таңда коронавирус инфекциясынан науқастарды емдеу мақсатында 3920 инфекциялық, сонымен қатар 7300 провизорлық төсек орын дайындалған.

Бұдан бөлек, 180 ауыр науқасты қабылдауға қабілетті жансақтау бөлімшесі әзір екенін, онда 170 жасанды тыныс алу аппараты, қан оксигенациясының экстракорпоральды мембрананалы 38 аппараты бар.

«Алайда пациенттер жұқпалы аурулар ауруханасында орташа есеппен 3-4 апта өткізетінін, елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын кәсіпорындар мен қызметтердің командаларында – медицина қызметкерлері, полиция, Қарулы Күштерде инфекцияның пайда болу қаупін ескергенде Қазақстанда әзірге көбірек төсек орын мен арнайы аурухана керектігі байқалады. Сонымен қатар ол ауруханалар инфекциялық қауіпсіздіктің барлық талабына сай болуы керек. Онда боксталған палаталар, вентиляцияның ерекше жүйесі, жансақтау бөліміндегі орындар болуы тиіс. Мұндай тез тұрғызылатын емханалардың Қытайда қалай пайдаға жарағанын көрдік. АҚШ пен Италия, өзге де еуропалық елдердегі қарапайым емханаларға қандай жүктеме түсіп отырғанынан да хабардармыз. Көптеген ел науқастар мен медициналық персоналдар үшін инфекциялық қауіпсіздік технологиялары сақталмаған нысандар мен спорттық құрылымдарды пайдалануға мәжбүр», – дейді министр.

Back to top button