Евгений Слобода, ТМД байқаушылар миссиясының штаб басшысы: Алдағы сайлауға баға бере алмаймын

Евгений Слобода, ТМД байқаушылар миссиясының штаб басшысы: Алдағы сайлауға баға бере алмаймын

Евгений Слобода, ТМД байқаушылар миссиясының штаб басшысы: Алдағы сайлауға баға бере алмаймын
ашық дереккөзі
Осы аптада алдағы сайлау барысын бақылайтын халықаралық байқаушылардың соңғы легі тіркеліп, тізім бекітілді. Орталық сайлау комиссиясы таратқан дерекке сәйкес, 20 наурыздағы Парламент сайлауының барысын бақылау және ол туралы ақпарат тарату үшін Қазақстанға 955 халықаралық байқаушы мен шетелдік ақпарат құралдарының өкілі келеді. Оның ішінде халықаралық байқаушылар саны 815. Тарата айтар болсақ, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан – 286, ТМД байқаушылар миссиясынан – 301, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 75, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінен – 17, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан – 14, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан – 9, Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясынан – 8, Ислам ынтымақтастық ұйымынан – 3 және түрлі мемлекеттерден 102 байқаушы келеді. Олардан бөлек, сайлау жұмысы туралы ақпарат тарату үшін 29 мемлекеттен 140 шетелдік журналист тіркелді. – ТМД байқаушылар миссиясы 15 жылдан бері осы аймақтағы сайлауларды бақылап келеді екен. Сіздің Әзірбайжанға, Өзбекстанға барған сапарларыңыздан хабарымыз бар. – Иә, мен 2001 жылдан бері ТМД байқаушылар штаб жетекшісінің орынбасары, одан соң төрағасы ретінде ТМД мүше-мемлекеттердің барлық елдерінде байқаушы болып жұмыс істедім. Қырғыз Республикасындағы, Армения Республикасындағы референдумда миссия төрағасы болдым. – Яғни, ТМД кеңістігіндегі сайлаулар туралы белгілі бір салыстырмалы талдау жасай аласыз ғой. Мысалы, Қазақстандағы сайлаулар басқа мемлекеттердің тәжірибесінен несімен ерекшеленеді? – Меніңше, бұл мәселеге кеңірек қараған жөн. Соңғы кезде ТМД мүше-мемлекеттердің барлығы дерлік өздерінің сайлау туралы заңнамаларын жетілдіріп келеді. Ең әуелі, бұл өзгертулердің барлығы сайлау туралы заңдарды либерализациялауға байланысты. Мұны біз Қазақстанда, Белорусьта, Өзбекстанда, яғни, мүше-мемлекеттердің бәрінде көріп отырмыз. Барлық мемлекеттер халықаралық талаптарға сәйкес, сайлауларды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және ең бастысы, демократия талаптарына сай етіп өткізуге тырысады. – Қазақстандағы сайлаулар демократия талаптарына сай деп санайсыз ба? – Алдағы сайлауға баға бере алмаймын. Оған бағаны біздің Үйлестірушілер кеңесі береді. Бұған дейінгі өткен сайлауларға қатысты миссия оң баға берген болатын. Қалыптасқан ережеге сәйкес, біз сайлаудан кейін өзіміз бақылаған жағдайлар туралы қорытынды жасап, пікірімізді айтамыз. Бірақ Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ақтық қорытындысын шығармайынша, біз өз есеп-баяндамамызды жарияламаймыз. Осыдан соң ғана біздің есебімізді ТМД Атқарушы комитетінің сайтынан алып оқуға болады. – ТМД байқаушылар миссиясының жұмысы ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы немесе еуропалық мемлекеттерден келген халықаралық байқаушылар жұмысынан нендей айырмашылығы бар? – ЕҚЫҰ байқаушыларының да, біздің де көздегеніміз бір мақсат – еркін әрі демократиялы сайлау өткізуге ықпалдастық жасау. Біз өзімізді ең алдымен кеңесшілер деп санаймыз, яғни, сайлауды ұйымдастыру барысында қолдау білдіріп, ақыл-кеңес айтып, кемшіліктерді көрсетіп, нақты ұсынымдар береміз. ЕҚЫҰ-ның да алдына қойған мақсат-міндеттері осы. Рас, кейде олар мен біздің мәлімдемелерімізде қайшылық болып жатады. Бірақ біз мұндай жағдайды көңілге ауыр алмаймыз, себебі біз диалогтың маңыздылығын түсінеміз. Тек үздіксіз диалог ортақ ұстанымдарды қалыптастыруға немесе соған жақындауға жол ашады. Соңғы он жылда ықпалдастықтың өзіндік дәстүрі бекіді: біз әр сайлау қарсаңында ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Мен осы жолы Бюро миссиясының төрағасы Борис Фрлецпен кездестім. Ал сайлау өтетін күні ЕҚЫҰ мен ТМД байқаушылар миссияларының төрағалары көзбе-көз жолығып, сайлау науқаны туралы, дауыс беру барысы туралы пікір бөліседі. Пікір алысудың нәтижесінде, сайлау барысына қатысты берілетін баға көбіне сәйкес келеді. Мысалы, соңғы төрт-бес жылда ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының жұмысы туралы өте жақсы пікір білдіріп жүр. – Бір сөзіңізде сіз «Сайлау – әр мемлекеттің ішкі мәселесі» деп қалдыңыз. – Әлбетте, солай. – Ендеше, халықаралық байқаушылар не үшін керек? Мысалы, батыстық демократиялық мемлекеттер шет елдерден келген байқаушыларға зәру емес. Мысалы, былтыр Ұлыбританияда парламент сайлауы өтті, ешбір елден байқаушы шақырмады. Ал АҚШ басқа мемлекеттердің байқаушыларын кіргізбейді де. – Әрине, халықаралық байқаушыларды кіргізу не кіргізбеу әр мемлекеттің ішкі шаруасы. Ал ТМД мүше-мемлекеттердің басшылары бұл мәселе жөнінде ортақ шешім қабылдаған: сөйтіп сайлауларды бақылау қажеттігі жөнінде келісімге келген. Меніңше, халықаралық байқаушылар беделді көтереді. – Сайлаудың беделін бе? – Сайлаудың да, ТМД байқаушылар миссиясының да. – ТМД байқаушылар миссиясы жұмысының қандай да бір нәтижесі бар ма? Он бес жылда ауыз толтырып айтарлықтай қандай еңбек сіңірді? – Біз әр сайлаудан соң өз ұсыныстарымызды Орталық сайлау комиссиясына жолдаймыз. Біз берген ұсыныстардың бірсыпырасы келесі сайлауды ұйымдастырар кезде ескерілетінін мақтанышпен айта аламын. Миссия үшін бұл үлкен нәрсе. Біз соңғы жеті-сегіз жылдан бері ұдайы түрде ұсыныстар айтып келеміз. Әр сайлаудан соң біз өз ұсыныстарымызды Орталық сайлау комиссиясына жолдаймыз, бірақ сайлау мемлекеттің ішкі ісі болғандықтан, егер біздің айтқандарымыз мемлекеттің мүддесіне сай келсе, оларды жүзеге асырады. – Он бес жылдан бергі сайлауларды бақылау тәжірибеңізге жүгіне отырып, ТМД кеңістігінде қай мемлекеттегі сайлау демократиялы, қай елде демократиялы емес екенін айта аласыз ба? – Объективті түрде біз осы уақыт аралығында барлық мемлекеттердегі сайлауларға оң баға беріп келдік. Барлық сайлаулар ашық, еркін әрі демократия талаптарына сай өткізілді. Кейбір айырмашылықтар бар. Мысалы, дауыс беру уақытына байланысты, сайлау комиссияларын құруға қатысты, бірақ оның бәрі ұсақ-түйек нәрселер ғой. – Қазақстандағы президент және парламент сайлаулары несімен ерекшеленеді? ТМД байқаушылар миссиясы үшін нендей ерекшелігі бар? – Президент сайлауының ұйымдастырылу тәртібі басқаша: онда үміткерлерді ұсыну барысы басқаша. Ал парламент сайлауында саяси партиялар атынан түсетін үміткерлер тізімін жасақтау тәртібі бөлек. Дегенмен, барлық үміткерлерге бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жасау үшін бірдей мүмкіндік берілетіні даусыз. Бұл заңда да жазылған. – Сайлаушылардың дауыс беру белсенділігі ше? Өткен президент сайлауы кезінде сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды.Орталық сайлау комиссиясының, аймақтық сайлау комиссияларының сайлауды ұйымдастыру  қарқынына қарағанда, бұл жолы да сайлаушылар белсенділігі жоғары болады деп ойлаймын. – ТМД бақылаушылар миссиясынан 301 байқаушы тіркеліпті. Олар қандай мемлекеттерден келмек? – Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінен, одан кейін интеграциялық құрылымдар Беларусь пен Ресей Парламенттік жиынынан, Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымынан, ТМД мүше-мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан келеді. – Бұл тізімде Украина неге жоқ? – Украина осыдан екі-үш ай бұрын ресми түрде ТМД байқаушылар миссиясы туралы ереже міндеттемесінен шығатынын мәлімдеді. – Неге? – Бұл – мемлекеттің ішкі шаруасы. Оған түсініктеме бере алмаймын. – Бұған дейін қатысатын ба еді? – 2012 жылы біз Украинадағы сайлауда бақылау жасадық. Кезінде олар да біздің жұмысымызға атсалысты. – Байқаушылардың қаншасы қысқа мерімге, қаншасы ұзақ мерзімге келеді? – 301 байқаушының 17-і ұзақ мерзімді, қалғаны қысқа мерзімге келеді. Олар Қарағанды, Ақмола, Алматы облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Олар бір жерде не бір қалада отырмайды, облыстарды, аудандарды аралайды. Біз оларды бәлен жерге бар деп міндеттемейміз, қайда баратындары туралы өздері шешім қабылдайды. Мысалы, біз оларды Алматы қаласы мен Алматы облысына жібереміз, ал одан соң сол облыс көлемінде қай аудан, қай қалаға бару керектігін өздері біледі. – Осы сайлаудан қандай өзгерістер күтесіз? – Біз үшін бастысы – сайлаудың әділ әрі демократиялы түрде өткені.

Гүлбиғаш Омарова 

Астана