Жаңалықтар

Елбасы аймақ басшыларымен не туралы сөйлесті – Айдос Үкібай түсіндірді

ашық дереккөзі

Елбасы аймақ басшыларымен не туралы сөйлесті – Айдос Үкібай түсіндірді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақ басшыларымен не туралы сөйлескені туралы ақпарат таратты. «Кеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдердің бәрімен телефон арқылы сөйлесті. Қазіргі жағдайға байланысты әңгіменің негізгі өзегі – төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Нұрсұлтан Назарбаев халықты қолдау жұмыстарын қызу жүргізіп жатқан волонтерлер мен басқа да азаматтардың денсаулығы үшін алаңдаушылық білдірді. Ауруды жұқтыру қаупін азайту үшін Елбасы волонтерлар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс форматын қайта қарауды ұсынды», – дейді Айдос Үкібай. Сонымен қатар әңгіме барысында әкімдер Нұрсұлтан Назарбаевқа аймақтардың қажет ететін әр тұрғынына әлеуметтік көмекті жеткізу мақсатында құрылған «Birgemiz» Қоғамдық қорымен жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын баян еткен. Мәселен Ақмола облысында 3 мыңға жуық адам Қор есебінен 50 мың теңге алады. «Солтүстіктегі өңірлердің әкімдерімен сөйлескен кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті су тасқынына қарсы іс-шаралар мен көктемгі егіс науқанына баса назар аударды. Атап айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев аграршылардың дайындығына, ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйі жайлы білгісі келді. Елбасы аграршыларға сенім білдіріп, қиындықтарға қарамастан оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді», – дейді ол. Айдос Үкібай одан бөлек Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының оңтүстіктегі облыстардың басшыларымен сөйлескен кезінде елдің барлық өңіріне азық-түлік жеткізуде осы аймақтардың рөлі зор екенін айтып өткенін жазады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ерте пісетін көкөністерді кейбір аймаққа жеткізу жұмыстары басталып кеткенін баяндаған. Сонымен қатар Елбасы Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарынан хабар алды. Облыс әкімі құрылыс алаңдарының бәрінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталатынына сендіріп отыр. «Алматы облысының әкімі Амандық Батталовпен телефон арқылы сөйлескенде Нұрсұлтан Назарбаев алматылық апорт алманы жаңғырту үрдісі мен осы жылы қант қызылшасын жинаудың ішкі өсімі туралы сұрады. Сондай-ақ Батталов аймақта тағы да 23 мың жұмыс орынын ашу мен Талдықорган-Үшарал-Достық бағыты бойынша автокөлік жолының құрылысы туралы баяндады. Аймақ басшыларымен сөйлескен кезде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет өз азаматтарын жан-жақты қорғайтынын және Қазақстанның барлық қиындықты еңсеретініне сенім білдірді», – дейді Айдос Үкібай.