Оралда антисептик өндіру ісі жолға қойылды

Оралда антисептик өндіру ісі жолға қойылды

Оралда антисептик өндіру ісі жолға қойылды
ашық дереккөзі
«№1 дәріхана» ЖШС күніне 600 литр антисептик өндіруде. Тұрмыста қолданылуға болатын бұл дезинфекциялық құрал «Талап» АҚ дәріханалар жүйесі және «№1 дәріхана» арқылы сатылымға шығарылады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиеваның сөзінше, антисептиктер 300 грамдық, 500 грамдық, 1 және 5 литрлік құтыларға құйылады. Барлық технологиялық талаптарға сай келетін, қазіргідей кезеңде аса қажетті өнім заңды тұлғалар және тұрғындар үшін қолжетімді болмақ. Сонымен қатар коронавируспен күрес шаралары үшін «Талап» АҚ қалаға 20 тепловизорды тегін берді. Ол медицина мекемелері мен блокпосттарға таратылады. «№1 дәріхана» ЖШС директоры Мерует Бергеннің айтуынша, елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты көптеген көтерме сауда фирмаларында антисептик болмай тұр. «Біздің дәріханада дәрі-дәрмек жасауға лицензия болғандықтан, ДСҰ-ның ұсынбаларын ескере отырып, қол жууға арналған антисептик өндіруді қолға алдық. Облыс әкімдігінің қолдауымен этил спиртінің жетіспеушілігі шешілді. «Талап» АҚ және «Топан» ЖШС-мен бірлесе отырып, өңірге 20 тонна этил спиртін жеткізіп, іске кірістік. Сұраныс көп болғандықтан, антисептик әйнек қана емес, пластмасса құтысымен де шығарылады», – деді М.Берген. Антисептиктермен қала ғана емес, аудандарды да қамту көзделуде.