Қарағанды облысында мұзтайғақтан 68 адам зардап шекті

Қарағанды облысында мұзтайғақтан 68 адам зардап шекті

Қарағанды облысында мұзтайғақтан 68 адам зардап шекті
ашық дереккөзі

Кеше "Қарағанды-Теміртау" тас жолында 17 көліктің қатысуымен жол-көлік апаты болды. Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілдерінің хабарлауынша, апат салдарынан жол жабылып, кептеліс пайда болған. "Көліктердің соғысқаны жайлы хабар ІІД-ге 17.50-де түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, жаппай жол көлік-оқиғасы бораннан, мұзтайғақ пен жолдың көрінбеуінен болған. 17 көлік соқтығысып қалды. Оқиға орнында сәйкес қызметтер жұмыс істеп жатыр", – делінген Қарағанды облыстық ІІД өкілдерінің мәлімдемесінде. Ауа райының күрт бұзылуы Қарағанды облысының өзге өңірлерінде де түрлі апаттарға себепші болды. Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетіп, мұзтайғақ тұрғындарды әбігерге салды. Облыстың барлық бөлігінде ескерту жарияланды. ТЖД-ның жасаған ескертуіне қарамастан, облыста қауырт жағдай туындап, апаттар көбейді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметінше, мұзтайғақ салдарынан бір тәулікте 68 адам зардап шеккен. "2016 жылдың 17 наурызында жарақат пунктіне 68 адам түрлі жарақатымен түсті. Олардың 15-і шұғыл жарақат пунктіне түсті. 14 науқас күндізгі стационарға ауыстырылды. Қалғандары амбулатор тәртібінде қаралады", – деп хабарлады Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.