Отыз жыл ойда жүрген сауал немесе төл әдебиет хақында
Отыз жыл ойда жүрген сауал немесе төл әдебиет хақында
Бұдан отыз шақты жыл ілгеріде, Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін сегіз ай өткенде, Семей облысының қаламгерлері жаңа жағдайдағы жазушының міндеті жайында ой алмаспаққа бас қосты. Маңызды да өзекті мәселені қарастыруды мұрат еткен сол алқалы жиында мен де пікір білдірген едім...
Тәуелсіздіктің бірінші жылындағы ой
Сонда мені «Қазіргі таңда бізге қандай әдебиет керек?» деген сұрақ ойландырған-тын. Ойымды былай таратқанмын... Әдебиет хақында пікірлесуді мұрат еткен мәслихаттарға жұртшылықтың қашаннан елеңдеп отыратыны белгілі. Ендеше, күн тәртібіне жай ғана ағымдағы әдебиет мәселесі емес, «Азат елдің әдебиеті» деген, мәні тереңге кеткен анықтауышы бар ойлы тақырып қойылған бұл мәжіліске әдебиетші қауымның да, әдебиет сүйер көпшіліктің де айрықша назар тігері анық. Өйткені әдебиетті халық өзінің жан-жүрегі деп біледі. Нағыз әдебиет қоғамнан бөлек жаратылмаса керек, нағыз жазушы қоғамнан тыс тұра алмаса керек. Рас, қолға қалам ұстаған қай-қайсымыздың да ұлағат алуға ұмтылатын, тәжірибесіне шұқшия көз салып, пайдалы жағын тірнектеп бойға сіңіруге асығатын классиктеріміздің бұл орайдағы көзқарастары әртүрлі. Айталық, әлем әдебиетіндегі ұстаздарымыздың бірқатары – қаламгер өзінің көркем зерттеу жүргізбек объектін не ұнатып, не ұнатпай, әлде жақсы көріп, әлде жек көріп, яғни өзінің имандық-адамгершілік көзқарасымен суарылған сүзгіден өткізе отырып суреттеуге тиіс десе, екіншілері жазушыдан салқынқанды сарапшылық қасиетті талап етеді. Қаламгердің міндеті – өзіндік ой айту тәсілін адал, шын жүректен орындау делінетін көзқарас та кеңінен мәлім. Сөз шеберлерінің бір тобы – жазар затыңа бейтарап, объективті түрде қарауың керек дейді. Келесі бір зергерлеріміз бейтараптық пен объективизмді шығармашылыққа кері әсер ететін жат құбылысқа балайды. Олар қаламгерге құштар уағызшы болу жарасатынын айтады. Жалпақ жаһанды мойындатқан тағы бір аса ірі қалам шеберінің ойынша, шынайы әдебиетке «моральдық міндет» дейтін пәле жүрмейді, көркем шығармашылыққа қайшы келетін мұндай ұғым, тіпті, оқырманды әлдеқандай әрекетке шақыруы ықтимал әдіс біткеннің бәрі әдебиеттен алыстатылуы тиіс. Міне, осынау жүгіртіңкі шолудың өзінен-ақ ілгеріде өткен сөз зергерлерінің алуан реңкті қаламгерлік позициясы аңғарылары хақ. Ендеше әдебиеттің де, әдебиетті жасаушылардың да қазіргі қоғамда алар орны ерекше болуы тиіс. Сонда оларға қойылар талап та күшейеді. Осындай ахуалда, жетпіс жылғы тоталитарлық құрсаудан құтылып, тәуелсіздік туын көтеру бақытына ие болған ұрпаққа қандай шығармалар шипасын тигізер еді? Жалпы, уақыт бізден қандай туынды тосады? Кітаптың қалай жазылуын қажетсінеді? Шығарма оқырманға әлдебір сыр шертіп, ағынан жарылып жатса, төрелігін өзің айт, шыным осы деп тұрса, оқырманын қанағаттандыра ма? Әлде қазіргі кітап – шөңгесін оқушысының зердесіне әсем раушан гүлдің тікенекті сабағындай батыра, тітіркентіп, оятып отыратын, аңыздағы Прометей отындай жылытып, қыздыратын, алдыңғы жақтан шамшырақша жарқырап, жол нұсқайтын, іске, әрекетке шақыратын дәрежеде жазылуы керек пе? Бір сөзбен әдебиеттің парызын қазіргі жағдайда калай түсінген дұрыс? Ал қазіргі әдебиетті жасаушылардың міндеті неде деп білеміз? Шамасы, мәселеге бүгінгі күн шындығынан қараған жөн шығар. Азат елдің азаматына, әсіресе болашақ азаматына заманға лайық тәрбие беруде пәрменді жәрдем тигізе алатын көркем әдебиет қазіргі таңда өте-мөте қажет. Бірлі-екілі мұқтаждықты ғана атап көрейік. Азат елдің азаматы бойына мемлекеттілікті сезіну, мемлекет үшін, тәуелсіз өз мемлекеті үшін мақтана білу, өз елінің мемлекеттілігін нығайта түсуге құлшыну сезімін ұдайы баулып, қалыптастырып отырған жөн. Тәуелсіз мемлекетіміздің азаматы – тәуелсіздік ұғымын терең түсінетін, ел бірлігін сақтау жолында сабырлы hәм сауатты әрекет ете алатын, нарықтық экономиканы жатсынбайтын, атомдық-кибернетикалық дәуір жетістіктерін жілікше шағатын, білікті де жан-жақты, жүрегі таза жан болуы тиіс. Дегенмен осынау маңызды тақырыпқа бүгінгі күннің аса зәру мәселесі ретінде назарларыңызды бір сәтке аудара алған болсам – алдыма қойған міндетімнің орындалғаны деп білемін. (Семейде «Азат елдің әдебиеті» тақырыбымен өткен жазушылар конференциясында сөйленген сөз. 25.08.1992).Тәуелсіз даму кезеңіне – жиырма жыл, алайда...
Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы пікірді жиырма жылдан кейін, жаңа мыңжылдық шымылдығын ашқан жаңа ғасырдың екінші онжылдығында қаз-қалпында жаңғыртудың не қажеті бар еді? Қажеті сол, өмірдің өзі көрсетіп тұрғандай, бетбұрыс жылдары күн тәртібіне шығарылған сауалды бүгін де, еш өзгертпестен, қайта көтеруге тұрады. Ендеше, қазіргі таңда бізге қандай әдебиет керек деген тәуелсіздіктің табалдырығындағы сұрау бүгін де күн тәртібіне сұранып тұр. Иә, қаламгерлердің де, оқырмандардың да әдебиетке деген көзқарастарында елеулі өзгерістер бары анық. Рас, рухани биіктікті қадірлеген кез болды, бірақ қазіргі күндері ол материалдық байлық тегеурініне төтеп бере алмай қалған. Кешегі бағаланар құндылық жаңа заманда өзгергендіктен де, көп ретте өткен дәуірдегі саудагер яки алаяқ деп таңбаланғандардың дәурені жүріп кетті. Бәрі солай деп күнәһар болу жарамас, бірақ көп нәрсені сыбайластық пен қалың қалта шешіп жіберетін ахуал дәуірлеп тұрғандай, рух өрісін соған сай заманалық енжарлық, ағымдағы уақыт туғызған жайбарақаттық жайлағандай көрінеді. Бұған келісуге болар да, болмас та. Дегенмен әдебиет ауылындағы өзіндік жайбарақат жағдай сыры осы айтқандармен байланысып жатқан жоқ па екен деп ойлайсың. Бірлі-жарым оғаштау ой айтылып қалса, оны естімейміз немесе айтушының соңына шам алып түсеміз. Тек байыбына баруға тырыспаймыз. Өткендегі үлкен әдебиетімізді уақыт талабы тұрғысынан қайта саралап көруді ойымызға да алмаймыз, сол өткенде жол берілген бір жақты баға беру немесе мүлдем елемеу тәсілі қазіргі күнде де өзгере қойған жоқ. Өкінішке қарай, кейінгі кездерде ұлттық әдебиет туы астында білікті делінетіндердің қолдауы мен насихатына бөленген, эксперименттік-либералдық тәжірибе жолымен жасалып келе жатқан космополиттік өнер асыра дәріптеліп жүр. Тап сондай туындылардың өмірге келуі және соларға қилы әсіре мадақ пен марапат арналып, төбеге көтерілуі біздің заманымызға қандай өнер лайық және оны қалай жасау керек деген тақырыпты күн тәртібінде ұстау керектігін дәлелдей түседі. Замана сұранысын дөп басарлық пиар жасай білетіндер батыстық бағытқа бас шұлғыған әлдебір туындыны оның шынайы ұлттық әдебиетке жұғыспайтынын, тіпті талғам бұзар залалдылығын елеместен, бұқаралық ақпарат құралдарын улатып-шулатып қолдата алады. Батысшылдық көзқарастарын аспанға көтеретін шығармашылдар толығымен бейсаяси тұғырнамада тұруды көздейді, олар өз елінің тарихи тағдырына көпе-көрінеу жайбарақат қарайды, немесе әлемдік аренаға шығу керек деген ұранмен, есіл-дертімен жатжұрт дәстүріне құлай берілу бағытын ұстанады. Меніңше, қазіргі заман сұранысына жауап бере алатын шығарма жазу үшін қаламгер ең алдымен өз елін сүю, сол асыл сезімді шығармашылығына арқау ету секілді қасиеттерді аса зор қажеттілік ретінде мойындауы тиіс. Сонда ол әлеуметтік маңызы бар тақырыптар мен идеяларды шығармашылығында саналы түрде көтереді. Ұлттық мәдени дәстүр жатсынбайтын кез-келген тәжірибе, ізденістерге бару әр суреткердің өз еркінде, олардың сол реттегі әлдебір жаңа идеяларына, тосын түрлеріне талдау жасай білу керек. Қазіргі заманғы кітап оқуға деген ынтаның жалпы төмендеуін, оқырмандарға талғам мәселесінде жәрдем берудің жолға қойылмағанын, дәлірек айтқанда, баспасөзде адал талдама, сындарлы сын, танымдық шолулар ұшыраса қоймайтынын еске алғанда оқу дағдарысына ұшырамағандардың өздері кітаптар мұхитында оп-оңай адасуы ықтимал екенін еріксіз мойындайсыз. Әрі бұған елімізде жарық көріп жатқан жаңа туындылардың саны нөпір, таралымы мардымсыз екенін қосыңыз. Кітап базарында елең етерліктей нендей жаңалық барын көп оқырман білмей де қалады. Осы орайда еңбектерін атамай кетуге болмайтын нағыз мәдениет қызметшілері жайында бірер сөз айту ләзім. Олар – кітапханашылар. Сөз жоқ, мәдени үдерісті мемлекет өз қолына батылырақ алуы керек, қазіргі заманға лайық әдебиет жасау әдістерін абайлап іздестіріп, сол жұмысқа білгірлікпен басшылық жасауы тиіс. Шүкір, біздің елдегі мәдени мұраға көңіл бөліну дәрежесі талайларға үлгі. Әйтсе де, замана талабына қызмет ететін туындыларға, олардың қастерлі де қасиетті ұлттық құндылықтарды арқау ететіндеріне көңіл бөлу, қаламгерлердің отаншылдық тақырыптағы ізденістерін ынталандырып отыру маңызды болмағын әрдайым есте тұтқан жөн. Рас, бұл бір нәзік шаруа. Мұны істелмей жатыр деп айта да алмайсың, тек көзге көрінер, разы етер тұсы шамалы болғандықтан ғана қынжыласың. Бүгінгі дәуірімізді айқын түсініп, бүгінгі дәуір азаматтарының рухани азығы болуға жарайтын әдебиет жасаушылар қатарын жасақтау қажет шығар, бәлкім? Қалай? Қайтіп? Мүмкін, өткенімізді ұмыттырмай, оның тәуір тұстарынан сабақ алуға үндеп отыру жолымен де, яғни, өткен дәуірдегі туындыларды сараптап, бері тарту арқылы да бүгінге қажет әдебиет қатарын толықтыруға болар? Мәселен, кешегі қызыл галстукті балалардың отаншылдық, әдептілік, сыпайылық, өзгеге көмек беруге әзір тұрушылық қасиеттерін бейнелеген кітаптардың жас ұрпаққа бүгін де жақсы адамгершілік сабағын беруі ықтимал емес пе? Қазіргі әдебиет жоспарлы түрде жүргізілген өткендегі шаруашылық адамдары жайында сыр шерте алмай ма? Олардың азаматтық қасиеттерінің кәдеге асар жақтары болмағаны ма? Немесе бәсекелі өндіріс жасаушылардың бейнелерін неліктен ұтымды да өнегелі етіп көрсете алмай жүр? Мұндағы кілтипан неде? Бүгінде бәрі бар деседі, солай да сияқты. Тек өзіміздікі емес. Тиісінше, толып тұрған молшылықты өзіміз жасамайтындықтан, жұмыссыздық жетіп артылады. Сөйте тұра, енді ұлан-байтақ жерімізді өзгелерге игертпекпіз. Қазіргі әдебиет мұндай құбылыстарды тақырып ете ала ма? Неге ете алмасын, жазылып та жүр, бірақ... Қызығы, бүгінде дүкендерде кітап көп. Солардың іштеріндегі өзіміздікі дей аларымыз саусақпен санарлық қана. Біздің рухани кеңістігімізді шетел өнімдері басып кеткен. Жергілікті жазушылардың азын-аулақ туындылары елге жетпейді. Қазіргі заманғы оқырманға қажет әдебиет қатарын толықтыра алмағандықтан емес... Бұл да ойланатын шаруа.«Қазіргі әдебиет қандай болуы керек?» деген мәңгілік сауалға орай қордаланған кей ой-толғамдар 2011 жылғы 27 сәуірде осылай қағазға түскен-ді...Бүгінгі пайым...
Жоғарыдағы жолдар жазылғалы да он шақты жылға айналып барады екен. Осы уақыт ішінде елде небір өзгеріс болды. Көңіл алаңдатар құбылыстар орын алды. Мұнайшылар арасында ұзаққа созылған экономикалық ереуіл қанды қырғынмен басылды. Елдің әр жерінде этносаралық жанжалдар (күні кешегі Қордай қақтығысына дейін) бой көрсетіп жатты. Оларды ретке келтіру билік пен саясаткерлердің шаруасы шығар, солай екені нақты істерінде көрініп те жатыр ғой, дегенмен сол келеңсіздіктердің себептерін дәл ұғындыру және әлі де тууы ықтимал сондай оқиғалардың алдын алу ісіне пәрменді түрде атсалысуды қазіргі кезеңдегі әдебиетіміздің де міндеті деп білген абзал. Осы орайда мен өзімнің көптен ұстанатын концепциямды бұдан отыз және он жыл бұрындары тілге тиек еткен тақырыптың жалғасы ретінде тағы да ортаға тастағым келеді. Азаматтарды, әсіресе жас ұрпағымызды тарих арқылы, тарих болғанда да, тәуелсіздіктің арқасында ғана ашық айтыла бастаған өткеніміздің қасіретті белестерінің себеп-салдарларын жан-жақты, көрнекі түсіндіру арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Әдебиет осыны алдына міндет етіп қойса, яғни қазіргі таңда «өнер – өнер үшін» деген байырғы тамаша да сұлу девизді кері ысыра тұрып, нақтылықты тілейтін «өнер – өмір үшін» ұранын ту етіп көтерсе дұрыс болар еді. Сөйтіп жедел түрде көпшілікке көркем-танымды туындылар шоғырын, белгілі мақсат көздеген кешенді жаңа әдебиет туындыларын ұсынуды жүзеге асырған жөн. Сонда елімізді мекендеген сан ұлт өкілдерінің тарихи әділеттілік дегеннің не екенін жан-дүниесімен сезініп, қазақ төңірегіне саналы түрде топтасуына, мемлекеттік тілді сөзсіз мойындап, құрметтеуіне, тіршілікте қолдануына және әрине, билік өкілдерінің қазақ мүддесі дегеннің шын мәніндегі мемлекет мүддесі екенін терең ұғынуына септесе алар ма едік, қайтер едік? Кезінде кітап ұстаған жас адамды совет заманының символы деп білгенбіз, енді бүгінде заманауи ақылды қалтафонды қолынан тастамайтын жастарды қазіргі дәуірдің айшықты белгісі, жаһандану дәуірінің символы ретінде танитын түріміз бар. Ал бұлар – қалың қауым. Мың-сан ұлбала, қызбала, қыздар мен жігіттер. Еліміздің болашағы. Тәуелсіздігімізді баянды етуге тиіс ұрпақ. Ендеше оларға берер рухани азығымыздың жай-күйін ойламау мүмкін емес. Оларды қазіргі таңда қайтіп кітап оқуға тартуға болады және оларға ұсынатын кітап қандай болу керек деген сауал әдебиет қызметшілерін бейжай қалдырмасы анық, терең толғандырып жүрген де болар. Бұл жәйтті қалай жолға қою қажет деген мәселеге көпшіліктің ой қосқаны қажет-ақ... Айта кету керек, бүгінде көпшіліктің белсенді түрде пікір білдіретін орны әлеуметтік желі дейтін атты иеленген әлемдік өрмектор болып алғаны белгілі. Жалпы, байыпты ой айтатындар жеткілікті деп есептесек те, мойындау керек, мұнда олар азшылыққа айналған. Форумдарда негізінен тасада тұрып тас атқыштар дәурендейді. Ондайлар әдетте ортаға тасталған мәселені дұрыс түсінуге әлде қауқарсыз, өресі жетпейді, әлде шолақ белсенділікпен, ұсынылған материалды толық оқымастан, ішінен жекелеген сөзді іліп алып, қисық бірдеңені ақылгөйси көңірсітуге құмар келеді. Мұндай жағдайда (аты-жөні мен бет-жүзін жасырып, пернетақта-оқшашарын сайлап, желіге салынған ой-толғамға әйтеуір шабуыл жасауға әзір отырған кездейсоқ «білімпаздар» пысықситын ахуалда) көтеріп отырған мәселеміздің ойдағыдай талқылануы екіталай. Шынайы да пайдалы пікірсайыс тек мүдделі азаматтар мен нағыз әдебиетсүйер, отаншыл қауым арасында, пікірлесуге солар мүдделілікпен қатысқанда ғана мүмкін болмақ. Шындап келгенде, мақала сондай азаматтармен ақылдассақ деген ниетпен жазылды...Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы