Отыз жыл ойда жүрген сауал немесе төл әдебиет хақында

Отыз жыл ойда жүрген сауал немесе төл әдебиет хақында

Отыз жыл ойда жүрген сауал немесе төл әдебиет хақында
ашық дереккөзі
Бұдан отыз шақты жыл ілгеріде, Қазақстанның тәуел­сіз­дігі жарияланғаннан кейін сегіз ай өткенде, Семей облы­сының қаламгерлері жаңа жағ­дайдағы жазу­шы­ның мін­деті жайында ой алмас­пақ­қа бас қосты. Маңызды да өзекті мә­селені қарас­тыру­ды мұрат еткен сол алқалы жиын­да мен де пікір білдірген едім...

Тәуелсіздіктің бірінші жылындағы ой

Сонда мені «Қазіргі таңда бізге қан­дай әдебиет керек?» деген сұрақ ойлан­дыр­ған-тын. Ойымды былай тарат­қанмын... Әде­биет ха­қында пікірлесуді мұрат еткен мәсли­хат­тарға жұртшылық­тың қашаннан елеңдеп оты­ратыны белгілі. Ендеше, күн тәртібіне жай ғана ағымдағы әде­биет мәселесі емес, «Азат елдің әдебиеті» де­ген, мәні тереңге кеткен анықтауышы бар ойлы та­қырып қойылған бұл мәжіліске әдебиетші қауым­ның да, әдебиет сүйер көпшіліктің де ай­рықша назар тігері анық. Өйткені әдебиетті халық өзінің жан-жүрегі деп біледі. Нағыз әдебиет қоғамнан бөлек жара­тыл­маса керек, нағыз жазушы қо­ғам­нан тыс тұра алмаса керек. Рас, қолға қалам ұстаған қай-қайсымыздың да ұлағат алуға ұмтылатын, тә­жірибесіне шұқшия көз салып, пайдалы жа­ғын тір­нектеп бойға сіңіруге асығатын клас­сик­­теріміздің бұл орайдағы көзқарастары әр­түрлі. Айталық, әлем әдебиетіндегі ұстазда­рымы­здың бір­қатары – қаламгер өзінің көркем зерттеу жүр­­гізбек объектін не ұнатып, не ұнатпай, әлде жақсы көріп, әлде жек көріп, яғни өзінің иман­дық-адамгершілік көзқарасы­мен суарылған сүзгіден өткізе отырып су­реттеуге тиіс десе, екін­шілері жазушыдан салқынқанды сарап­шылық қасиетті  талап етеді. Қаламгердің мін­деті – өзіндік ой айту тәсілін адал, шын  жүрек­тен орындау делі­не­тін көзқарас та кеңінен мәлім. Сөз ше­бер­лерінің бір тобы – жазар за­тыңа бей­та­рап, объективті түрде қарауың керек дейді.  Ке­лесі бір зергерлеріміз бейтараптық пен объек­тивизмді шығармашылыққа кері әсер ететін жат құбылысқа балайды. Олар қа­лам­герге құштар уағызшы болу жара­са­тынын айтады. Жалпақ жаһанды мойын­дат­қан тағы бір аса ірі қалам шеберінің ойын­ша, шынайы  әдебиетке «мо­раль­дық міндет» дейтін пәле жүрмейді, көркем шы­ғармашылыққа қайшы келетін мұн­дай ұғым, тіпті, оқырманды әлдеқандай әре­кетке шақыруы ықтимал әдіс біткеннің бәрі әдебиеттен алыста­тылуы тиіс. Міне, осы­нау жүгіртіңкі шолудың өзінен-ақ ілге­ріде өткен сөз зергерлерінің алуан реңкті қаламгерлік пози­ция­сы аңғарылары хақ. Ендеше әдебиеттің де, әдебиетті жасаушы­лардың да қазіргі қоғамда алар орны ерек­ше болуы тиіс. Сонда оларға қойы­лар талап та күшейеді. Осындай ахуалда, жетпіс жылғы то­та­литарлық құрсаудан құтылып, тәуел­сіз­дік туын көтеру бақытына ие бол­ған ұрпаққа қандай шығармалар шипасын тигізер еді? Жал­пы, уақыт бізден қандай туынды тосады? Кі­тап­тың қалай жазылуын қажетсінеді? Шығарма оқырманға әлдебір сыр шертіп, ағынан жары­лып жатса, төре­лігін өзің айт, шыным осы деп тұрса, оқыр­манын қанағаттандыра ма? Әлде қазіргі кітап – шөңгесін оқушысының зердесіне әсем рау­шан гүлдің тікенекті сабағындай ба­тыра, тітір­кентіп, оятып отыратын, аңыз­дағы Проме­тей отындай жылытып, қыздыратын, алдыңғы жақтан шамшы­рақша жарқырап, жол нұсқайтын, іске, әрекетке шақыратын дәрежеде жазылуы керек пе? Бір сөзбен  әдебиеттің пары­зын қазіргі жағдайда калай түсінген дұрыс? Ал қазіргі әдебиетті жасаушылардың міндеті неде деп білеміз? Шамасы, мәселеге бүгінгі күн шын­дығынан қараған жөн шығар. Азат елдің аза­матына, әсіресе болашақ азаматына заманға лайық тәрбие беруде пәрменді жәрдем тигізе алатын көркем әдебиет қазіргі таңда өте-мөте қа­жет. Бірлі-екілі мұқтаждықты ғана атап кө­рейік. Азат елдің азаматы бойына мемлекет­тілікті сезіну, мемлекет үшін, тәуелсіз өз мем­ле­кеті үшін мақтана білу, өз елінің мемле­кеттілігін нығайта түсуге құлшыну сезімін ұдайы баулып, қа­лыптастырып отырған жөн. Тәуелсіз мемле­ке­тіміздің азаматы – тәуелсіздік ұғымын терең түсінетін, ел бір­лігін сақтау жолында сабырлы hәм сауат­ты әрекет ете алатын, нарықтық эко­но­­миканы жатсынбайтын, атомдық-ки­бер­не­ти­­калық дәуір жетістіктерін жілікше шағатын, білікті де жан-жақты, жүрегі таза жан болуы тиіс. Дегенмен осынау маңызды тақы­рып­қа бүгінгі күннің аса зәру мәселесі ретінде на­зарларыңызды бір сәтке аудара алған болсам – алдыма қойған міндетімнің орындалғаны деп білемін. (Семейде «Азат елдің әдебиеті» тақыры­бымен өткен  жазу­шылар конферен­ция­сында сөйленген сөз. 25.08.1992).

Тәуелсіз даму кезеңіне – жиырма жыл, алайда...

Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы пі­кірді жиырма жылдан кейін, жаңа мың­жыл­дық шымылдығын ашқан жаңа ғасыр­дың екінші онжылдығында қаз-қал­пында жаңғыртудың не қажеті бар еді? Қа­жеті сол, өмірдің өзі көрсетіп тұрғандай,  бет­бұрыс  жылдары күн тәртібіне шыға­рыл­ған сауалды бүгін де, еш өзгертпестен,  қай­та көтеруге тұрады. Ендеше, қазіргі таң­да бізге қандай әдебиет керек деген тәуел­сіз­діктің табалдырығындағы сұрау бүгін де күн тәртібіне сұранып тұр. Иә, қаламгерлердің де, оқырмандар­дың да әдебиетке деген көзқараста­рын­да елеулі өзгерістер бары анық. Рас, ру­хани биіктікті  қадірлеген кез болды, бі­рақ қазіргі күндері ол материалдық байлық те­геурініне төтеп бере алмай қалған. Ке­шегі бағаланар құндылық жаңа заманда өз­гергендіктен де, көп ретте өткен  дәуірдегі сау­дагер яки алаяқ деп таңбаланғандардың дәу­рені жүріп кетті. Бәрі солай деп күнәһар болу жарамас,  бірақ көп нәрсені сыбай­лас­тық пен қалың қалта шешіп жіберетін ахуал дәуірлеп тұрғандай, рух өрісін соған сай заманалық енжарлық, ағымдағы уақыт туғыз­ған жайбарақаттық жайлағандай көрінеді. Бұған келісуге болар да, болмас та. Дегенмен әдебиет ауылындағы өзіндік жайбарақат жағдай сыры осы айтқандармен байланысып жатқан жоқ па екен деп ойлайсың. Бірлі-жарым оғаштау ой айтылып қалса, оны естімейміз немесе айтушының соңына шам алып түсеміз. Тек байыбына баруға тырыспаймыз. Өткендегі үлкен әдебиетімізді уақыт та­лабы тұрғысынан қайта саралап көруді ойымызға да алмаймыз, сол өткенде жол берілген бір жақты баға беру немесе мүлдем елемеу тәсілі қазіргі күнде де өзгере қойған жоқ. Өкінішке қарай, кейінгі кездерде ұлт­тық әдебиет туы астында білікті делі­не­тіндердің  қолдауы мен насихатына бөлен­ген,  эксперименттік-либералдық тәжірибе жолымен жасалып келе жатқан космопо­литтік өнер асыра дәріптеліп жүр. Тап сон­дай туындылардың өмірге келуі және со­ларға қилы әсіре мадақ пен марапат арна­лып, төбеге көтерілуі біздің заманымызға қандай өнер лайық және оны қалай жасау ке­рек деген тақырыпты күн тәртібінде ұс­тау керектігін дәлелдей түседі. Замана сұранысын дөп басарлық пиар жасай білетіндер батыстық ба­ғытқа бас шұлғыған әлдебір туындыны оның шынайы ұлттық әдебиетке жұғыс­пай­тынын, тіпті талғам бұзар залалдылы­ғын елеместен, бұқаралық ақпарат құрал­дарын улатып-шулатып қолдата алады. Батысшылдық көзқарастарын аспанға кө­теретін шығармашылдар  толығымен бей­саяси тұғырнамада тұруды көздейді, олар өз елінің тарихи тағдырына көпе-көрінеу жай­барақат қарайды, немесе әлемдік аре­наға шығу керек деген ұранмен, есіл-дер­тімен жатжұрт дәстүріне құлай берілу ба­ғы­тын ұстанады. Меніңше, қазіргі заман сұранысына жауап бере алатын шығарма жазу үшін қаламгер ең алдымен өз елін сүю, сол асыл сезімді шығармашылығына арқау ету се­кілді қасиеттерді аса зор қажеттілік ре­тінде мойындауы тиіс. Сонда ол әлеуметтік маңызы бар тақырыптар мен идеяларды шы­ғармашылығында саналы түрде көте­ре­ді. Ұлттық мәдени дәстүр жатсынбайтын кез-келген тәжірибе, ізденістерге бару әр су­реткердің өз еркінде, олардың сол реттегі әл­дебір жаңа идеяларына, тосын түрлеріне талдау жасай білу керек. Қазіргі заманғы кітап оқуға деген ын­­таның жалпы төмендеуін, оқыр­ман­дарға талғам мәселесінде жәрдем беру­дің жолға қойылмағанын, дәлірек айт­қан­да, баспасөзде адал талдама, сындарлы сын, та­нымдық шолулар ұшыраса қоймайтынын еске алғанда оқу дағдарысына ұшы­рам­а­ған­дардың өздері кітаптар мұхитында оп-оңай адасуы ықтимал екенін еріксіз мойын­дайсыз. Әрі бұған елімізде жарық кө­ріп жатқан жаңа туындылардың саны нө­пір, таралымы мардымсыз екенін қо­сыңыз. Кітап базарында елең етерліктей нендей жаңалық барын көп оқырман біл­мей де қалады. Осы орайда еңбектерін ата­май кетуге болмайтын нағыз мәдениет қыз­метшілері жайында бірер сөз айту ләзім. Олар – кітапханашылар. Сөз жоқ, мәдени үдерісті мемлекет өз қо­лына батылырақ алуы керек,  қа­зіргі заманға лайық әдебиет жасау әдістерін абай­лап іздестіріп, сол жұмысқа білгір­лік­пен басшылық жасауы тиіс. Шүкір, біздің елдегі мәдени мұраға көңіл бөліну дәрежесі талайларға үлгі. Әйтсе де, замана талабына қызмет ететін туындыларға, олардың қас­тер­лі де қасиетті ұлттық құндылық­тарды ар­қау ететіндеріне көңіл бөлу, қаламгер­лер­дің отаншылдық тақырыптағы ізденіс­терін ынталандырып отыру маңызды бол­мағын әрдайым есте тұтқан жөн. Рас, бұл бір нәзік шаруа. Мұны істелмей жатыр деп айта да алмайсың, тек көзге көрінер, разы етер тұсы шамалы болғандықтан ғана қын­жы­ласың. Бүгінгі дәуірімізді айқын түсініп, бүгінгі дәуір  азаматтарының рухани азығы болуға жарайтын  әдебиет жасаушылар қа­та­рын жасақтау қажет шығар, бәлкім? Қа­лай? Қайтіп?  Мүмкін, өткенімізді ұмыттыр­май, оның тәуір тұстарынан сабақ алуға үн­деп отыру жолымен де, яғни, өткен дәуір­дегі туындыларды сараптап, бері тарту ар­қылы да бүгінге қажет әдебиет қатарын то­лықтыруға болар? Мәселен, кешегі қызыл галстукті балалардың отаншылдық, әдеп­тілік, сыпайылық, өзгеге көмек беруге әзір тұру­шылық қасиеттерін бейнелеген кітап­тардың жас ұрпаққа бүгін де жақсы адам­гершілік сабағын беруі ықтимал емес пе? Қа­зіргі әдебиет жоспарлы түрде жүргізілген өткендегі шаруашылық  адамдары жайында сыр шерте алмай ма? Олардың азаматтық қа­сиеттерінің  кәдеге асар жақтары  бол­маға­ны ма? Немесе  бәсекелі өндіріс жасау­шылардың бейнелерін неліктен ұтымды да өне­гелі етіп көрсете алмай жүр? Мұндағы кілтипан неде? Бүгінде бәрі бар деседі, со­лай да сияқты. Тек өзіміздікі емес. Тиі­сін­ше, толып тұрған молшылықты өзіміз жа­са­майтындықтан, жұмыссыздық жетіп артылады. Сөйте тұра, енді ұлан-байтақ жерімізді өзгелерге игертпекпіз. Қазіргі әдебиет мұндай құбылыстарды тақырып ете ала ма? Неге ете алмасын, жазылып та жүр, бірақ... Қызығы, бүгінде дүкендерде кітап көп. Солардың іштеріндегі өзіміздікі дей аларымыз саусақпен санарлық қана. Біздің рухани кеңістігімізді шетел өнімдері басып кеткен. Жергілікті жазушылардың азын-аулақ туындылары елге жетпейді. Қазіргі заманғы оқырманға қажет әдебиет қатарын толықтыра алмағандықтан емес... Бұл да ойланатын шаруа.«Қазіргі әдебиет қандай болуы керек?» деген мәңгілік сауал­ға орай қордаланған кей ой-толғамдар 2011 жылғы 27 сәуірде осылай қағазға түс­кен-ді...

Бүгінгі пайым...

Жоғарыдағы жолдар жазылғалы да он шақты жылға айналып барады екен. Осы уақыт ішінде елде небір өзгеріс бол­ды. Көңіл алаңдатар құбылыстар орын ал­ды. Мұнайшылар арасында ұзаққа со­зылған экономикалық ереуіл қанды қыр­ғынмен басылды. Елдің әр жерінде этно­сара­лық жанжалдар (күні кешегі Қордай қақ­тығысына дейін) бой көрсетіп жатты. Олар­ды ретке келтіру билік пен сая­сат­керлердің шаруасы шығар, солай екені нақ­ты істерінде көрініп те жатыр ғой, де­генмен сол келеңсіздіктердің себептерін дәл ұғындыру және әлі де тууы ықтимал  сондай оқиғалардың алдын алу ісіне пәр­менді түрде атсалысуды қазіргі кезеңдегі әде­биетіміздің де міндеті деп білген абзал. Осы орайда мен өзімнің көптен ұстанатын концепциямды бұдан отыз және он жыл бұрындары тілге тиек еткен тақырыптың  жалғасы ретінде тағы да ортаға тастағым келеді. Азаматтарды, әсіресе жас ұрпа­ғы­мыз­ды тарих арқылы, тарих болғанда да, тәуелсіздіктің арқасында ғана ашық ай­тыла бастаған өткеніміздің қасіретті  бе­лес­терінің себеп-салдарларын жан-жақты, көр­некі түсіндіру арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Әдебиет осыны алдына міндет етіп қойса,  яғни қазіргі таңда «өнер – өнер үшін» деген байырғы тамаша да сұлу девиз­ді кері ысыра тұрып, нақтылықты тілейтін «өнер – өмір үшін» ұранын ту етіп көтерсе дұрыс болар еді. Сөйтіп жедел түрде көп­шілікке көркем-танымды туындылар шо­ғы­рын, белгілі мақсат көздеген кешенді жаңа әдебиет туындыларын ұсынуды жү­зеге асырған жөн. Сонда елімізді мекендеген сан ұлт өкіл­дерінің тарихи әділеттілік деген­нің не екенін жан-дүниесімен сезініп, қа­зақ төңірегіне саналы түрде топтасуына, мем­лекеттік тілді сөзсіз мойындап, құрмет­теуіне, тіршілікте қолдануына және әрине, билік өкілдерінің қазақ мүддесі дегеннің шын мәніндегі мемлекет мүддесі екенін терең ұғынуына септесе алар ма едік, қай­тер едік? Кезінде кітап ұстаған жас адам­ды совет заманының символы  деп білгенбіз, енді бүгінде заманауи ақылды қалтафонды қолынан тастамайтын жастарды қазіргі дәуірдің айшықты белгісі, жаһандану  дәуірінің  символы ретінде танитын түріміз бар. Ал бұлар – қалың қауым. Мың-сан ұл­бала, қызбала, қыздар мен жігіттер. Елі­міз­дің болашағы. Тәуелсіздігімізді баянды ету­ге тиіс ұрпақ. Ендеше оларға берер ру­хани азы­ғымыздың жай-күйін ойламау мүм­кін емес. Оларды қазіргі таңда қайтіп кі­тап оқуға тартуға болады және оларға ұсы­на­тын кітап қандай болу керек деген сауал әде­биет қызметшілерін бейжай қал­дырмасы анық, терең толғандырып жүрген де болар. Бұл жәйтті қалай жолға қою қа­жет деген мә­селеге  көпшіліктің ой қосқаны қажет-ақ... Айта кету керек, бүгінде  көпшіліктің белсенді түрде пікір білдіретін ор­ны әлеуметтік желі дейтін атты иеленген  әлем­дік өрмектор болып алғаны белгілі. Жал­пы, байыпты ой айтатындар жеткілікті деп есептесек те, мойындау керек,  мұнда олар азшылыққа айналған. Форумдарда не­гізінен тасада тұрып тас атқыштар дәу­рендейді. Ондайлар әдетте ортаға тас­тал­ған мәселені дұрыс түсінуге әлде қауқарсыз, өресі жетпейді, әлде шолақ белсенділікпен, ұсынылған материалды толық оқымастан, ішінен жекелеген сөзді іліп алып, қисық бірдеңені ақылгөйси көңірсітуге құмар ке­леді. Мұндай жағдайда (аты-жөні мен бет-жүзін жасырып, пернетақта-оқша­шарын сайлап, желіге салынған ой-толғамға әй­теуір шабуыл жасауға әзір отырған  кез­дейсоқ «білімпаздар» пысықситын ахуалда) көтеріп отырған мәселеміздің ойдағыдай тал­қылануы екіталай. Шынайы да пайдалы пі­кірсайыс тек мүдделі азаматтар мен на­ғыз әдебиетсүйер, отаншыл қауым ара­сында, пікірлесуге солар мүдделілікпен қа­­тысқанда ғана мүмкін болмақ. Шындап кел­генде, мақала сондай азаматтармен ақыл­дассақ деген  ниетпен жазылды...  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы