Қазақстандық мектептер төртінші тоқсанды қашан аяқтайды?
Қазақстандық мектептер төртінші тоқсанды қашан аяқтайды?
Қазақстандық мектептер төртінші тоқсанды жылдағы дәстүр бойынша 25 мамырда аяқтайды. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов онлайн брифингте мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, төртінші тоқсан, ешқандай кедергі болмаса, өз мерзімінде аяқталуы тиіс.
"Дәстүрге сай 25 мамыр күні төртінші тоқсанды аяқтаймыз", - деді ведомство басшысы.
Биыл төтенше жағдайға байланысты көктемгі демалыс әдеттегі екі аптадан үш аптаға созылғанын атап өткен министр мұғалімдер берілуі тиіс білім көлемін толық қамтуға қабілетті екенін жеткізді.
"Мұндай мәселелер бізде жиі кездесіп отырады. Мұғалімдер біледі, кейбір тақырыпты біріктіріп оқытуға мүмкіндік бар. Қазір бейнесабақтарды осындай тәсілмен дайындап қойдық. Сол себепті бағдарламаны қуып жетіп, барлығын қамтимыз", - деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, бұған дейін министр оқушыларды интернет арқылы оқытуға кедергі келтіретін факторларды атады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның 1080 мектебі штаттық режимде жұмыс істеуге көшетінін жеткізді.