Жаңалықтар

Әскери міндеттілердің арнаулы жиындарына кімдер шақырылмайды?

ашық дереккөзі

Әскери міндеттілердің арнаулы жиындарына кімдер шақырылмайды?

Президент Жарлығына сәйкес ұйымдастырылып жатқан арнаулы жиындардың мерзімі мен әскери міндеттілердің қажетті санын жергілікті атқарушы органдардың өздері айқындайды. Бұл туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.  «Қарулы күштердің өңірлік әскерлері аймақтық қорғанысты сақтауға, сонымен бірге төтенше жағдай тәртібінің сақталуына жауапты. Яғни әскери міндеттілер басқа аймақтарға жіберілмейді. Өңірлік әскерлердің бөлімшелері ішкі істер органдарымен бірлесіп, блок-посттарда міндетін атқарып, патрульге шығып, нысандарды күзетіп, су тасқынына қарсы шараларға атсалысып, дезинфекция жұмыстарын жүргізе алады. Қазіргі уақытта елімізде өңірлік әскерлердің жыл сайынғы жиынына қатысуда тәжірибелері баршылық. Арнаулы жиындардың мерзімі мен әскери міндеттілердің керекті санын жергілікті атқарушы органдардың өздері айқындайды», - деді Нұрлан Ермекбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Министрдің айтуынша, арнаулы жиындарға әскери есепте тұрғандар және денсаулығы жарамды азаматтар шақырылады. «Жасы үлкен, отбасылық жағдайы қиын немесе денсаулығында ақауы бар азаматтарды шақырудың қажеті жоқ. Себебі бізде адам ресурсы бар. Заңға сәйкес арнаулы жиындардан қорғаныс, құқық қорғау, қауіпсіздікке қатысты мемлекеттік органда жұмыс істейтіндер, авиациялық персонал, көктемгі егіс жұмыстары кезіне ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер, педагогикалық кадрлар, білім беру ұйымдары мен органдарда іштей оқып жатқан азаматтар, әйелдер, 18 жасқа дейінгі үш баласы бар азаматтар, сонымен қатар тергеудегі немесе процессуалдық іске тартылған азаматтар босатылады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың депутаттары да арнаулы жиынға шақырылмайды», - деді ол. Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарды.