Тоқтап қалған той-бизнес
Тоқтап қалған той-бизнес
COVID-19 індеті бүкіл әлемнің үрейін ұшырып, адамзат баласын үйлерінде отыруға мәжбүр етуде. Аурудың залалын түсінбеген кейбір сауықшыл елдер қазір соның зардабын да тартып отыр. «Жиғаным тойда шашылсын» дейтін ұстанымдағы біздің ел тұрғындары үшін де жиын-тойға шектеу қойылғаны оңайға соқпады. Тәртіпке бағынбай, ескертуге құлақ асқысы келмеген кейбір азаматтар қомақты айыппұл арқалап, тіпті қамауға да алынып жатыр.
Әділет министрі Марат Бекетаев карантин тәртібін бұзған тойды ұйымдастырушылар мен оған қатысқан қауымның заң алдында жауапкершілігі бірдей екенін мәлім етті. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабына тоқталған министр: «Тойды ұйымдастырушылар да, сондай-ақ оған қатысушы да карантин тәртібін бұзғаны үшін бірдей жауапқа тартылады. Осы орайда 26 мың теңге сомасында айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу ескерілген», – деп атап өтті. Министрдің айтуынша, сот әртүрлі жағдайды назарға алады және тәртіп бұзғандарға түрлі санкциялар қолданады.
Төтенше жағдайға сәйкес, полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ерекше режимде күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Карантин тәртібіне құлақ аспаған мейрамхана иелері де ендігі жерде айыппұл төлейді.
Індеттің тез арада таралуы елімізде ең қарқынды дамыған той бизнесіне де өз көлеңкесін түсіріп тұр. Мейрамхана иелері карантин режимі біткенше тойға тапсырыс ала алмайды. Асабалар мен өнер иелері де күнделікті табыс көзінен қағылып отыр. Жалпы, тойда даңғазалық, мақтангершілік пен ысырапқа жол беретін жайттар аз емес. Қауіпті індет көп нәрсеге көзқарасымызды өзгертіп жатыр. Бәлкім, елімізде қалыптасқан жағдайдан соң той өткізудің де жаңаша салты қалыптасар деген сенімдеміз.
Алтынай ЖОРАБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Тойдан басқа да табысым бар
– Күйеуім екеуіміз Алматы облысы, Ұзынағаш ауданында жеке кәсіппен айналысамыз. 7 жыл бұрын өз еңбегіміз, маңдай терімізбен аудан орталығынан 250 адамға арналған мейрамхана ашқан болатынбыз. Бүгінде 10 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жайымыз бар. Қазір жаппай барлық тойхана, мейрамхана, кафе жұмысын тоқтатты. Бизнес болған соң қиындықсыз болмайды. Әдетте қыс мезгілінде және Ораза кезінде той көп болмайды. Мұндай жағдайға алдын ала дайын болып жүресің, ал күтпеген жерден табыс көзінен айырылу кім-кімге болса да оңайға соғып тұрған жоқ. Мен өз жұмысшыларымның жалақысын есептеп беріп, уақытша жұмыстан босаттым. Карантин режимі енгізілсе де той жасатып жатқан мейрамхана иелері болды. Бірақ мен жұмыс беруші және мейрамхана иесі ретінде өзгелерге кесіріміз тимесін деп 15 наурыздан бастап мейрамхананы жаптым. Карантин кезеңінде ең алдымен денсаулық, отбасының, еліміздің амандығы маңызды. Десе де, бір күндік табысы сол күнгі ішіп-жеуінен аспай отырған халық көп. Мен мұны ауылдың, аудан орталығының жағдайын көзбен көріп жүрген адам ретінде айтып отырмын. Мысалы, менің жұмысшыларымның арасында айлыққа жұмыс істегісі келмейтіндер бар, оларға бір күндік еңбекақысын алған тиімді. Жұмысшыларыма айлықтарын бір айға жеткізу қиын, өйткені аудандық, ауылдық жерлерде жалақы жоғары емес және көбінде отбасында бір адам ғана жұмыс істейді. Осындай жағдайда отырған қарапайым халыққа және дағдарыста қалған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай да бір қаржылық қолдаудың болғаны дұрыс деп санаймын. Өйткені бизнесі тоқтаған кәсіпкер жұмысшыға жалақы төлей алмасы анық. Бизнес болғаннан кейін оның ой-шұқыры, кедір-бұдыры болатыны анық. Әлемді жаулаған осы індеттен құтылғанша банкроттық жағдайға жетпеуге тырысамыз. Өйткені мейрамхана ісін бастағаннан кейін жабылмауға күшімізді саламыз. Менің жағдайымда, несиемнің жоқтығы көңілге медеу болып тұр. Ал ай сайын несие төлеп отырған мейрамхана иелерінің жағдайы қиын. Карантин жағдайынан кейін де елдің есін жинауына біршама уақыт қажет, мейрамхана иелеріне де енді халықтың жағдайымен санасуға тура келеді. Өйткені доллар бағамының көтерілуіне байланысты елімізде азық-түлік бағасы да қымбаттап тұр. Бұл алдағы уақытта той өткізуді жоспарлап отырған халыққа біршама қиынға соғады. Бірақ әр күніне, қолындағы барына шүкір еткен қазақ халқы бұл қиындықты да еңсеріп, алдағы уақытта адамдар бір-бірінің жағдайын түсінуге тырысады деп ойлаймын. Руслан ЫСҚАҚОВ, продюсер, кәсіби шоумен, мерекелік шараларды ұйымдастырушы:Той-бизнес болмаса, шоу-бизнес жоқ