3 Сәуір, 13:48 681 0 Әлеумет Арайлым Бимендиева

Тоқтап қалған той-бизнес

COVID-19 індеті бүкіл әлемнің үрейін ұшырып, адамзат баласын үйлерінде отыруға мәжбүр етуде. Аурудың залалын түсінбеген кей­бір сауықшыл елдер қазір соның зардабын да тартып отыр. «Жи­ға­ным тойда шашылсын» дейтін ұста­нымдағы біздің ел тұрғындары үшін де жиын-тойға шектеу қойылғаны оңайға соқпады. Тәртіпке ба­ғынбай, ескертуге құлақ асқысы келмеген кейбір азаматтар қо­мақты айыппұл арқалап, тіпті қамауға да алынып жатыр.

Әділет министрі Марат Бекетаев каран­тин тәртібін бұзған тойды ұйым­дастыру­шылар мен оған қатысқан қауымның заң алдында жауапкершілігі бірдей екенін мәлім етті. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабына тоқталған министр: «Тойды ұйымдастырушылар да, сондай-ақ оған қатысушы да карантин тәртібін бұз­ғаны үшін бірдей жауапқа тартылады. Осы орайда 26 мың теңге сомасында айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу ескерілген», – деп атап өтті. Министрдің айтуынша, сот әртүрлі жағдайды назарға ал­а­ды және тәртіп бұзғандарға түрлі санк­ция­лар қолданады.

Төтенше жағдайға сәйкес, полиция қыз­меткерлері жергілікті атқарушы орган­дар­мен бірлесе отырып ерекше режимде күн­діз-түні жұмыс істеп жатыр. Карантин тәр­тібіне құлақ аспаған мейрамхана иелері де ендігі жерде айыппұл төлейді.

Індеттің тез арада таралуы елімізде ең қар­қынды дамыған той бизнесіне де өз кө­леңкесін түсіріп тұр. Мейрамхана иелері карантин режимі біткенше тойға тапсырыс ала алмайды. Асабалар мен өнер иелері де күн­делікті табыс көзінен қағылып отыр. Жал­пы, тойда даңғазалық, мақтангершілік пен ысырапқа жол беретін жайттар аз емес. Қауіпті індет көп нәрсеге көзқарасымызды өзгертіп жатыр. Бәлкім, елімізде қалып­тас­қан жағдайдан соң той өткізудің де жаңаша салты қалыптасар деген сенімдеміз.

 

Алтынай ЖОРАБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Тойдан басқа да табысым бар

– Той бизнесі көптеген әншінің негізгі табыс көзіне айналғаны жасырын емес. Той­­дағы тоқырау кезеңі тойдан табыс тауып жүрген әншілерге қиынға соғып жат­қан болар. Өзім де тойға шығып тұрамын. Бі­рақ менің тұрақты табыс көзім – «Алты­най-мебель» жиһаз компаниясы және фи­лармониядағы жұмысым.

Халықтың алдына ән айтуға шыққан соң, жағдайымен санасу керек деп ойлай­мын. Ешқандай байқауға қатыспаған, кеше ғана бір әнімен жұлдыз болған кей әншілер­дің гонорарын көргенде таңғаламын. Мен әдетте тойға шақырғанда қай жерде бола­ты­нына, той иесінің жағдайына қараймын. Егер той иелері қарапайым жандар болса, өз ұсынысымды айтып, жеңілдігімді қарас­ты­рып, гонорарымды түсіремін. Мұндай ке­лі­сімге келу тек шоу-бизнесте емес, қо­ғам­­ның барлық саласында қалыптасқан жағ­дай.

Жалпы, халық арасында «Әншілер ха­лықтың арқасында шалқып өмір сүріп жа­тыр» деген пікір бар. Рас, бәрі де халық­тың арқасы, бірақ ешкім менің үйіме келіп ақша әкеліп жатқан жоқ. Біз сияқты дәрігер де, мұғалім де, саудагер де, кәсіпкер де ха­лық­тың арқасында өз жұмыстарын істеп жа­тыр. Бір ғана әнмен бүкіл Қазақстанның тойында ән салып жүрген жоқпын, осыған дейін еткен еңбегім мен ізденісімнің ар­қа­сында жетістікке қол жеткізгеніме шү­кір­шілік етемін.

Елімізге келген бұл індет қоғамның бар­лық саласына өз әсерін тигізіп отыр. Әр іс­тің қайыры бар дейміз, карантин кезінде бәріміздің үйде отыруымыз, бала-шаға­мыз­бен дұрыс қарым-қатынас жасауымыз, тәу­беге келуіміз маңызды. Карантин жағ­дайын­да үйде отыру талап етілсе, үйден табылуымыз қажет. Өйткені мемлекетіміз індетпен күресуге қаржы бөліп, сақтық шараларын жасап жатыр. Аздаған уақыт күтіп, сабыр сақтасақ бұл қиындықты да еңсереміз. Халықтың еңсесін тіктеп, жадырай қуанатын сәтіне куә болар күн алыс емес деп сенемін.

 

Сара РАХИМБАЕВА, жеке кәсіпкер:

Бір күндік табыспен күн көретіндер көп, оларға айлап карантинде жату өте ауыр

– Күйеуім екеуіміз Алматы облысы, Ұзы­на­ғаш ауданында жеке кәсіппен айна­лы­самыз. 7 жыл бұрын өз еңбегіміз, маңдай те­рімізбен аудан орталығынан 250 адамға арналған мейрамхана ашқан болатынбыз. Бүгінде 10 шақты адамды жұмыспен қам­та­масыз етіп отырған жайымыз бар.

Қазір жаппай барлық тойхана, мейрам­хана, кафе жұмысын тоқтатты. Бизнес бол­ған соң қиындықсыз болмайды. Әдетте қыс мезгілінде және Ораза кезінде той көп бол­майды. Мұндай жағдайға алдын ала дайын болып жүресің, ал күтпеген жерден та­быс көзінен айырылу кім-кімге болса да оңай­ға соғып тұрған жоқ.

Мен өз жұмысшыларымның жалақысын есеп­теп беріп, уақытша жұмыстан босаттым. Карантин режимі енгізілсе де той жасатып жат­қан мейрамхана иелері болды. Бірақ мен жұмыс беруші және мейрамхана иесі ре­тінде өзгелерге кесіріміз тимесін деп 15 нау­рыздан бастап мейрамхананы жаптым.

Карантин кезеңінде ең алдымен денсау­лық, отбасының, еліміздің амандығы маңыз­ды. Десе де, бір күндік табысы сол күн­гі ішіп-жеуінен аспай отырған халық көп. Мен мұны ауылдың, аудан орта­лы­ғы­ның жағдайын көзбен көріп жүрген адам ретінде айтып отырмын. Мысалы, менің жұ­мысшыларымның арасында айлыққа жұмыс істегісі келмейтіндер бар, оларға бір күн­дік еңбекақысын алған тиімді. Жұ­мыс­шыларыма айлықтарын бір айға жеткізу қиын, өйткені аудандық, ауылдық жерлерде жа­лақы жоғары емес және көбінде отба­сында бір адам ғана жұмыс істейді. Осындай жағдайда отырған қарапайым халыққа және дағдарыста қалған кәсіпкерлерге мем­лекет тарапынан қандай да бір қаржылық қол­даудың болғаны дұрыс деп санаймын. Өйткені бизнесі тоқтаған кәсіпкер жұмыс­шыға жалақы төлей алмасы анық.

Бизнес болғаннан кейін оның ой-шұ­қыры, кедір-бұдыры болатыны анық. Әлем­ді жаулаған осы індеттен құтылғанша банк­роттық жағдайға жетпеуге тырысамыз. Өйт­кені мейрамхана ісін бастағаннан кейін жабылмауға күшімізді саламыз. Менің жағдайымда, несиемнің жоқтығы көңілге медеу болып тұр. Ал ай сайын несие төлеп отыр­ған мейрамхана иелерінің жағдайы қиын.

Карантин жағдайынан кейін де елдің есін жинауына біршама уақыт қажет, мей­рам­хана иелеріне де енді халықтың жағ­дайы­мен санасуға тура келеді. Өйткені дол­лар бағамының көтерілуіне байланысты елі­мізде азық-түлік бағасы да қымбаттап тұр. Бұл алдағы уақытта той өткізуді жос­пар­лап отырған халыққа біршама қиынға соға­ды. Бірақ әр күніне, қолындағы барына шү­кір еткен қазақ халқы бұл қиындықты да еңсеріп, алдағы уақытта адамдар бір-бірі­нің жағдайын түсінуге тырысады деп ой­лаймын.

 

Руслан ЫСҚАҚОВ, продюсер, кәсіби шоумен, мерекелік шараларды ұйымдастырушы:

Той-бизнес болмаса, шоу-бизнес жоқ

– Елімізде той бизнесі тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осы орайда табыс көзі тойдан ғана болып отырған әншілер мен асабаларға қиын соғатыны рас. Өйткені қа­зір әншілер бейнебаянды да, әнді де той үшін жазады, тойға шықсам деген оймен жүреді. Бізде шын мәнінде шоу-бизнес деген жоқ, бізде тек той бизнес бар. Халық әртіс­терінен бастап барлық әнші ақшаны тойдан табады. Өзінің шағын бизнесі бар, жоғары оқу орындарында дәріс беретін немесе жеке мектебін ашқан, қосымша табысы бар әншілер де бар. Бірақ әншілердің ең қомақ­ты табыс көзі той екенін жасыра алмаймыз. Бірде-бір әнші концерттен пайда көрген емес. Өйткені бүгінгі таңда жеке концерт беру дегеніңіз әншілердің қалтасына үлкен шығын. Концерт өтетін орынды жалға алу, сахнаны безендіру, костюмдері, режис­сура­сына қыруар қаржы жұмсалады. Ал той – таза табыс. Былай айтқанда, әншінің бейне­баян түсіруге, ән жаздыруға жұмсаған ақ­ша­сының қайтарымы.

Той бизнесінің тоқырауы асабаларға да қиын болып тұр. Өйткені олардың көбісі жал­дамалы пәтерде тұрады. Бір тойдан тап­қан ақшасын келесі тойға дейін әрең жет­кізіп өмір сүріп жатқан көпбалалы асабалар бар. Мысалы, карантин жағдайында мем­ле­кет­тік немесе жеке компания қызметкерлері жұмыстан қысқартылмасын деген тапсырма берілді. Қысқарған жағдайда арыз жазып, өз құқығын қорғай алады. Жеке кәсіпкер­лер­ге қолдау білдіріліп, жеңілдіктер жаса­лып, салықтан босатылып жатыр. Ал асаба­лар­ға ешқандай жеңілдіктер жоқ. Гоно­рарын қолма-қол алатындықтан және еш жер­де тіркеліп жұмыс істемегендіктен аса­балар қауымына мына жағдай кері әсер етіп отыр.

Қазіргі таңда жиһаз жасайтындар, ме­й­рамханалар мен жеткізу қызметтері онлайн форматта жұмыстарын жалғастырып жа­тыр. Ал жеткізу қызметі карантин жағ­дайын­да таптырмас мүмкіндік болып отыр. Халық үйде отырып-ақ өзіне қажет затына тапсырыс беріп жатыр. Карантинге дейін 100 пайыз пайда тауып отырған мейрам­ханалар карантин жағдайында табысының 20 пайызын жоғалтар, бірақ бизнестерін жалғастырып, өз шығындарын жауып отыр. Ал асабалар онлайн форматта той басқара алмайды ғой.

Мен тойды жалғыз және жұбайым Пе­ри­затпен жұп болып та жүргіземін. Екі адам жұп болып той басқару қандай әдемі болса, сондай екі есе қиын, екі есе қымбат. Екі адам­ға екі есе ақша төлеу керек. Жалпы, той жүр­гізетін әнші жұптардың әрбірінің гоно­рары бөлек төленеді. Мен бұған дейін еш­қашан жеңілдік жасап, гонорарымды тү­сірген емеспін. Бірақ жұбайым Перизаттың бас­тамасымен карантин мерзімі біткеннен кейінгі тойларды 40 пайыз жеңілдікпен жүргізу туралы шешім қабылдадық. Өйткені індет тоқтады, карантин мерзімі аяқталды деген­нің өзінде халық есін жиғанға дейін ша­мамыз келгенше қол ұшымызды беріп, кө­мектесейік деп ойладық.

Әзірлеген Арайлым Жолдасбекқызы

Соңғы жаңалықтар