Азат Перуашев: Нәтиже жергілікті әкімдіктердің жұмысына тәуелді
Азат Перуашев: Нәтиже жергілікті әкімдіктердің жұмысына тәуелді
– Мемлекет басшысының Үндеуі ел азаматтарының ертеңгі күнге сенімін арттырды. Әсіресе, күрделі кезеңде табысынан айырылған тұрғындардың, кәсібі уақытша тоқтап, шарасыз күйде отырған шағын және орта бизнес өкілдерінің еңсесін көтерді. Президенттің тапсырмасы бойынша жәрдемақы алатын азаматтардың тізімі кеңейтілді. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын және ресми тіркелмей жұмыс істейтін қазақстандықтарға да көмек көрсетіледі. Жәрдемақыны рәсімдеу талаптары да жеңілдетілді.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін ең басты мәселе – несиені жабу және бюджетке салық төлеу болса, бұл екі мәселе бойынша да жеңілдік жасалмақ. Салықтардың бірін төлеу кейінге шегерілсе, енді бірінен кәсіпкерлер жыл соңына дейін босатылды. Несиеге келер болсақ, Президент бұған дейін банктерге үндеу жасап, азаматтардың несиелік төлемдерін кейінге шегеруді, айыппұлдар мен өсімпұлдарды тоқтата тұруды тапсырған болатын. Алайда бірқатар банктер бұл тапсырмаға құлақ аспаған көрінеді. Елдің түкпір-түкпірінен жолданған хаттарға сүйенсек, банктер әлі күнге дейін кредиттік төлемдерді төлеуді талап етуде. Мерзімінде төленбесе, өсімпұл қосып жатқандары да бар екен. Мұндай жағдайларды тоқтату үшін Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге бұл жолы өтініш емес, ескерту жасады. Егер сөз жүзінде берілген тапсырма орындалмаса, директивті түрде, яғни бұйрық шығару арқылы орындатуға тура келетінін жеткізді.
Президент айрықша назарға алған тағы бір мәселе – көктемгі егін егу жұмыстары. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдауға бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Мемлекет басшысы Үкіметке көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Сондай-ақ жанармай бағасын төмендету міндетін жүктеді. Ең бастысы, жеңілдікпен сатылатын жанармай фермерлердің қолына жетуі тиіс. Бұрын әкімдіктерге беріліп, одан кейін межелі жерге жетпей қалатын жағдайлар болған. Бұл жолы ондайға жол берілмейді. Өйткені ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жағдай жасалуы қажет. Жасыратыны жоқ, жемістер мен көкөністердің кейбір түрлерін Ресейден, Беларусьтен, өзге де алыс-жақын елдерден тасымалдап отырмыз. Өз нарығымызды өзіміз толтыру үшін еліміздегі өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салуымыз керек.
Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді. Ендігі мәселе – сол тапсырмалардың іске асырылуы. Қолға алынған шаралардың нәтижесі Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің жұмысына тәуелді.