Министр әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру тәртібін түсіндірді
Министр әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру тәртібін түсіндірді
ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әкімдерге әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.
«Бұл жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді. Жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін. Әйтсе де жиынның мерзімін өз қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар өз қаулысымен жиындарды ұйымдастырып, өңірдегі қажеттілік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауына мүмкіндік болады», - деді Нұрлан Ермекбаев.
Ведомство басшысының айтуынша, жекелеген аймақтардың әкімдері 10 күндік, кейбірі одан да ұзақ әскери жиынды ұйымдастыра алады. Нұрлан Ермекбаев, сонымен қатар, мұндай жиын заң бойынша 3 айға созылуы мүмкін екенін айтып өтті.
«Кейбір аймақта әскери міндеті бар азаматтарды шақырудың мүлде қажеттігі болмайды. Әскери бөлім орналасқан аймақтарда әскери қызметшілердің біршама бөлігі қазірдің өзінде жұмысқа тартылып, бекітілген шаралар бойынша жұмыстарды атқаруда. Әскери қызметшілердің бір бөлігі басқа аймақтарға жөнелтілген. Бәрі де елдің жоғарғы әскери басшылығы мемлекеттің қорғанысқа қабілеттігін де, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын да есепке алып отырғанын түсіну керек», - деді ол.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарды.