Қиындықтан құтқаратын – сенім
Қиындықтан құтқаратын – сенім
Қытайда пайда болған індеттің бірнеше айдың ішінде көптеген мемлекетке тарап, дүние жүзі халықтарының үрейін ұшырып отырғаны баршаға мәлім. Оның қалай пайда болғаны және оған қандай емнің шипа болатыны әзірге белгісіз болып тұр. Сол себепті барша елдің ғалымдары шарқ ұрып індеттің емін іздестіріп, ал атқарушы билік болса оның салдарынан туындаған мәселенің шеңберінен шығудың жолдарын іздестіруде.
Әрине, бұл да Алланың жалпыға жіберген бір сынағы. Дегенмен мұны дұрыс түсінбеген кейбір азаматтар бойын үрейге алдырып, сары уайымға салынуда, ал кейбіреулер болса керісінше бейқамдық танытып жайбарақат жүріп, өздерін жұқпалы індетке шалдықтырып алуы, сөйтіп өз өмірлеріне қауіп төндіруі мүмкін. Негізінде, ата дініміз мұндай жағдайдан сақтануға нұсқау береді. Бұл туралы «Ниса» сүресінің 29-аятында «сендер өздеріңді өлтірмеңдер, әлбетте, Алла сендерге ерекше мейірімді» деп ескерту айтылған.
Қайсыбір дертке медициналық дәрі-дәрмектер арқылы, сол сияқты Құран мен хадистерге негізделген ізгі дұғалар көмегімен шипа алуға болады. Асыл дініміздегі дертке дауа болар сондай дұғаларды Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты еңбегінен табасыз. Тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының біріне саналатын бұл құнды шығармада өмір тылсымдарының сырлары мен құпияларын ашатын, адамның күнделікті өміріне керекті пайдалы кеңестер, адам дертіне дауа болатын үш жүзден астам дұға және басқа да ғылыми мәліметтер мен тұжырымдар бар.
Мәселен «Зикзалдың» 237 бетінде былай деп жазылған: «Кезінде Қашғар өңірінде оба ауруы тарап, күн сайын қаладан бес жүздей адамның мәйіті шығарылатындай жағдайға жетті. Қашғардың ғұламалары бұл жағдайдың шешімін таба алмай, қандай амал жасауды білмей, әбден бастары қатып дал болды. Содан бұл хабар Балх ғұламаларына жетіп, олар бұл аурудың емделу жолы ретінде мына бір сегіз аятты көрсетіп: «Бұларды жазып, адамдар үйлерінің қақпалары мен есіктеріне байлап қойсын», – деп, Қашғар ғұламаларына хабар жіберіпті.
Сосын Қашғар ғұламалары Балх ғұламаларының бұл нұсқауын орындағаннан соң ел індеттен арылған екен. Өйткені аталған соңғы аяттағы «(Біз) Құраннан мүміндер үшін шипа және рақмет болатын нәрселерді түсіреміз» дегені – Құран аяттары барлық дертке шипа болады дегенді аңғартады, тек оларды өз орнында дұрыс пайдалануды білу қажет. Ал оларды қалай дұрыс пайдалану керек екендігінің жөн-жорығын Бекасыл Биболатұлы сияқты дарынды ғұламалар өз еңбектерінде түсіндіріп кеткен.
Мен өз өмірімнің біраз жылын Құран Кәрім мағыналарына тәпсір жазу ісіне, сосын Бекасыл Биболатұлының «Зикзалын» қазақшаға аударуға арнаған болатынмын. Сондықтан бұл еңбектегі дұғалардың барлығы Құран аяттары мен хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне негізделген деп айта аламын.
Сондай-ақ Қазақ Ұлттық медицина университетінің И.Құлманбетов, Р.Құлманбетов және Д.Караскова деген бір топ ғалымдары өздерінің «Бекасыл Биболатұлының медициналық канондары» деген мақаласында (Вестник КазНМУ №1-2019) Бекасыл Биболатұлының «Зикзалын» клиникалық медицина мен фармакология саласындағы медициналық энциклопедиялық ғылыми еңбек деп бағалаған. Аталған шығармада барлық ауруға қатысты дәрігерлік нұсқалар жазылғанын айта келе, олардың ішінен бірнешеуін арнайы көрсетіп: «Аллаға сенім білдіруші адамдар депрессия мен стресске аз шалдығады және мұндай жағдайлар туындаған кезде, олар бұл кезеңнен әлдеқайда жылдам шығады» деп тұжырым жасаған.
Коронавирус індеті пайда болған доңыз жылы мен үстіміздегі тышқан жылының ерекшеліктеріне келетін болсақ, «Зикзалдың» негізгі бөлімі болып табылатын «Палнама», яғни «Жорамал ілімі» деп аталатын бөлімінде Наурыз жорамалы жайлы тарау бар. Онда Бекасыл ғұлама доңыз жылы туралы былай деп жазыпты: «Егер доңыз жылы кірсе, мұндай жылдың қысы қатты болады. Қар өте қалың жауады. Ыстығы көтерілу, шаншу қадалу, жөтел аурулары көп болады. Жас балалардың арасында шешек ауруы етек алады. Ол жылы адамдар өз мекендерінен басқа жерлерге көшумен әуре болады. Қысқы шілдеде суықтан сақтану үшін қорғанға кіру қажет. Ал жазғы шілдеде тауларға шығу керек. Бірақ ары-бері көшкенде қарақшыларға кезігуі мүмкін. Сөйтіп саймандарынан айырылып қалуы, малын алдырып қоюы, семірткен атынан айырылып қалуы мүмкін. Мұндай жылдары айла-амалмен адамдарды қорқытып, малын алып қою көп болар. Бұл жылы арпа мен тары кем болады. Ал басқа нығметтердің түрлері дұрыс болады. Мұндай жылдары су тапшы болады. Жаз айлары жылдам өтеді, ал қыс мезгілі ұзаққа созылады. Содан көшпенді елдерге ауырлық түседі. Мұсылмандардың ахуалы мардымсыз болады».
Осы жорамалда айтылған жағдайлар мен оқиғалар өткен доңыз жылы біздің елімізде де, шетелде де орын алғаны белгілі. Мысалы, қардың қалың түсуі, короновирустың шығуы, Австралиядағы өрт, Европаның есін шығарған катаклизмдер мен мигранттар проблемасы, судың тапшылығы, еліміздің кейбір аймақтарында егіннің өнім бермегені, Иран, Сирия және басқа да араб мемлекеттеріндегі орын алып отырған текетірес жағдайлар және т.б.
Енді, келіп жеткен тышқан жылының жорамалымен танысайық: «Егер тышқан жылы келсе, ол жылдың қысы құрғақ болады, ал жазы жауын-шашынды болып келеді. Ол жылы шөп қалың болып өседі. Ел ішінде мамыражай, кеңшілік орнығады. Дәруіштер мен пақыр, кемтарлардың жағдайлары да жақсы болғай. Күнбатыс жақтарда жаңбыр аздау болады. Патша мен бек, мырзаларға қамығу көп болады. Қыстың соңында қарт тышқан қалады. Баға төмен түседі».
Осы жорамалға зер салып қарайтын болсақ, тышқан жылының жайлы келетінін, жалпы адамзатқа, оның ішінде кедейлерге, пақырлар мен кемтарларға жайлы болатынын байқауға болады. Сондықтан адамзат қазіргі қиыншылықтардан аман-есен өтеді деп болжауға болады. Біздің елімізде де, шетелде де қабылданып жатқан шешімдер мен өткізіліп жатқан іс-шаралар, төтенше жағдайлар, қалалардың карантинге жабылуы, барлығы адамзатты қаптап бара жатқан індеттен аман алып қалу үшін жасалып жатқандығы белгілі. Дегенмен мұндай кездегі қиындықтан билік басындағы басшыларға оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан мұндай кезеңде жаппай халық болып оларды қолдап, шешімдері мен нұсқауларын мұқият орындау қажет болады. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Оба шыққан жерге бармаңдар, егер оба шыққан жерде болсаңдар, ол жерден басқа жаққа кетпеңдер» деген нұсқау дәлел болады. Яғни «Оба шыққан жерге бармау» және «оба шыққан жерден басқа жаққа кетпеу» деген сөзден карантин жағдайының мағынасы шығып тұрғанын аңғаруымыз қажет. Сондықтан басшылардың нұсқауларын орын-
дау – әлемді дүрліктірген індеттің өзінен де, оның салдарынан да тезірек құтылудың бірден-бір жолы деп түсіну керек. Сол себепті барлық отандастарымды орынсыз үрейден арылып, сабырлыққа жұмылуға және мейірімді де рақымшыл Алланың жақсылығынан үміт етуге шақырамын. Тек осындай сенім ғана бізді қиын-қыспақ кезеңнен абыроймен шығуымызға жарқын жол ашады.
Зәріпбай ОРАЗБАЙ
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, аудармашы