Мектеп оқушыларының сабағы жаз айларына шегеріле ме – вице-министр жауап берді

Мектеп оқушыларының төртінші тоқсандағы сабағы жаз айларына қалдырылмайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді.

«Төртінші тоқсанды жазға қалдырған елдер байқалмады. Біз бұл мәселені тыңғылықты зерделеп, қашықтан оқытуға дайын екенімізді көріп отырмыз . Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері мен білім басқармаларының дайындық жұмыстары өте жақсы. Алматы қаласына тоқтасақ, 10 мыңнан аса компьютерді оқушыларға уақытша пайдалануға таратып берді», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол елордада компьютері жоқ 6,5 мың бала анықталғанын, соның ішінде 6,1 мың компьютер оқушылар мен мұғалімдерге таратылғанын, тағы да ноутбуктер сатып алынып жатқанын жеткізді. «Сол сияқты басқа да әкімдіктерде де дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда дайындық тиісті деңгейде болса, қашықтан оқыту әбден қолжетімді екенін атап өткен жөн», – деді Шолпан Каринова.

 

Back to top button