Петропавл қаласы да карантинге жабылуы мүмкін
Петропавл қаласы да карантинге жабылуы мүмкін
Солтүстік Қазақстан облысында екі елді мекен карантинге жабылды. Қазіргі таңда Петропавл қаласын оқшауландыру мәселесі қарастырылуда.
СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға байланысты тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда халық әлі күнге дейін бұл індеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Мамандардың нұсқауларын орындап, қолдан келгенше үйден шықпау қажеттігіне мән бермейді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Күннен-күнге індетті жұқтырғандар саны артып келеді. Қазір өңірде инфекцияны жинау кезеңі өтіп жатыр деп айтуға болады. Одан кейін аурудың шыңына жетеміз. Кейін жағдай тұрақталады. Бұл - әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, 2-3 аптаға созылуы мүмкін. Тек содан кейін ғана беті қайта бастайды. Біз бұл инфекциядан тез құтылғымыз келсе мамандарды тыңдап, үйден шықпауымыз керек. Сіздер бізге үйде отыру арқылы ғана көмектесе аласыздар. Ал егер ұсыныстар орындалмаған жағдайда, бұл ауру ең кемінде 2-3 айға созылуы мүмкін», - дейді Татьяна Горлова. Татьяна Горлованың айтуынша, қала көшелерінде әлі де бейсауат жүрген адамдарды кездестіруге болады. Сауда орындарында да екі метр ара қашықтықты сақтамайтындар баршылық. «Қазіргі біздің міндетіміз коронавирустың ошақтарын анықтап, оның әрі қарай таралуына жол бермеу. 65 жастан асқан адамдарға үйлеріңізден шықпаңыздар дейміз. Дені сау, жас адамдар бұл індетті жұқтырғанымен, олардан аурудың белгілері байқалмауы немесе жеңіл түрде өтуі мүмкін. Бірақ та олар инфекцияны тасушы ретінде басқаларға қауіп төндіреді. Суық тиюдің белгілері болған жағдайда емханаға келудің қажеті жоқ, бірден жедел жәрдем қызметін шақырыңыздар», - дейді санитарлық дәрігер. Қазір Петропавл қаласында күнделікті 183 көше жуылып, дезинфекцияланып жатыр. Бұл жұмыстарға 10 техника бөлінген. «Қажет болған жағдайда дезинфекция жасайтын күш-құралдарды арттырамыз. Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. Қала көшелерінен басқа, 400-ге жуық тротуар, 420 аялдама, гүлзарлар зарарсыздандырылады. Қалаішілік бағыттарда жүрген автобустардың санын да азайттық. Бірақ сіздер үйде отыруға тырыспасаңыздар, мамандардың ұсынысын орындамасаңыздар – бұл атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі бекер», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Владислав Лукин. Бүгінде арнайы штаб Петропавл қаласын карантинге жабу мәселесін шешіп жатыр.