Жаңалықтар

Қандастар есіміндегі қатеден қашан құтылады?

ашық дереккөзі

Қандастар есіміндегі қатеден қашан құтылады?

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқа­лы елге 1 миллион­нан астам қандас көшіп келген. Сол кел­ген ағайын­­ның 90 пайызының аты-жөні қа­зақ тілінің заңды­лығына сай дұрыс жа­зылып жүрмегені ай­дан анық. Алайда нақ­ты қанша аза­маттың аты-жөні қате тол­ты­рыл­ғаны туралы мәлімет жоқ. Қате толты­рылу­дың басты се­бебі, қан­дас­тар­дың аты-жөні сол тұрған елде­рін­де қа­зақ алфавиті бойынша тол­тырыл­майды. Шетелден атажұртқа көшіп кел­ген әр он этникалық қазақтың же­теуі аты-жөнін мәжбүрлі  жағ­дай­да қа­зақ тілінің ерекшелігіне сай тол­тыра ал­майды. Не себепті «мәж­бүрлі»? Көші-қон заңы қа­лай, аудармашылардың міндеті не, бұл олқылықты қа­лай оң­тайлы жолмен шешуге болады? Міне, біз осы мә­се­лені зерделеп көрдік.

Кімге күлкі, кімге түрпі?

Ресейден көшіп келген бір қан­да­сы­мыздың есімі көпке дейін әзіл-әжуа тұз­дығы болып жүрді. Құжат бойынша Тле­кабл. Түсінбеген өзге ұлттар бұл есімнің «те­лекабельмен байланысы бар ма?» дейтін кө­рінеді. Кейбіреулер күлкі үшін әдейі ай­татын көрінеді. Кімге күлкі, кімге түрпі? Не­гізінде, ол азаматтың шын есімі – Тілеу­қа­был. Тәңірден тілеп алған ата-ананың жал­ғыз ұлы. Закрибай, Тулиган, Мульдир, Шарип, Ха­бул, Елалан, Жахслг деген құжат жү­зінде жазылуы бірінен бірі сорақы есім­дерді кездестірдік. Бұл шетелден көшіп кел­ген қандастардың есімі. Ол кісілердің құ­жатын көрген адам міндетті түрде есі­міне қатысты бірдеңе дейді. Ол адамға кері әсер ететіні белгілі. Психолог  мамандардың айтуына қарағанда, адамдардың көбі, әсі­ресе есею кезінде өзінің есіміне көңілі тол­май, тіптен ол комплекске айналады дей­ді. Ал азан шақырып қойған аты-жөні қыңыр-қисық тұруы адамға жағымды әсер бермейтіні рас. Жоғарыдағы есімдерге қарап, қай ұлт­тың адамы екенін түсіну қиын. Әр ата-ана жаңа туған нәрестесіне жақ­сы есім қоюды парыз санағанымен кей­бір сыртқы факторлардың әсер етуімен сол кезеңдегі науқанға, оқиғаға қатысты қойы­лып жататыны да бар. Ал енді ата-ана­сы азан шақырып қойған аты-жөнін дұрыс толтыруға немесе түзетіп алуға  еш қиын­дық  болмауы керек еді. Мысалы, жоғарыда атал­ған мағынасыз есімдерді қазақ тілінің ере­жесімен сауатты жазсақ: Зәкірбай, Тө­леген, Мөлдір, Шәріп, Қабыл, Ерлан, Жақ­сы­лық болып шығады. Көрер көзге де, ай­тар ауызға да жатық әрі әдемі. Азаттығымызды алғалы бері елге көшіп келген, азаматтық алған ағайын­дардың құжаттағы аты-жөні шым-шы­тырық. Бұл көбіміздің басымызда бар. Мы­салы, қандастардың дені  «ой сол нетер дей­сің, құжатта ғана қате. Ал өмірде Бә­лен­шемін» деп жүре береді. Құжатын көрсеңіз әр­қайсысы әртүрлі. Кейбір отбасында бес баланың тегі бес түрлі. Ал оның болашақта үлкен кедергілердің біріне айналатынын ескермейміз...

Кейіпкер куәлігі

Ханат Жахслг есімді қандас тарихи Ота­нына көшіп келіп, азаматтық алған уа­қытта аты-жөнін түзей алмаған екен. Се­бебі құжаттарын аударған кезде ау­дар­машы құжатта қандай әріп тұр, тек сол бойын­ша  аударып береміз деген көрінеді. Сонымен Моңғолиядан көшіп келген қандас азаматтықты жоғардағы түсініксіз аты-жөнімен алған. Басқа тиісті құжат­тар­ды да осы бойынша толтырады. Үйленіп не­кеге тұрған кезде де Жахслг деген тек бойынша неке куәлік алады. Кейін балалы болған кезде балаларының фамилиясын Жақсылық Мирас Қанатұлы деп жаз­ды­рыпты. Енді Қанаттың бала­ларының құ­жаты әкесінің құжатымен сәйкес келмейді. Бұл да кейін мәселе бо­латыны белгілі. Кей­бір әлеуметтік жәр­демақы, көпбалалы әке немесе көпбалалы ана деген мәртебе алатын кезде құжат­тардың бірізділігі талап етіледі. Бұдан басқа да құжаттардың сәйкес келуі көп жерде қажет. Мұның алдын ал­ғысы келген Қанат өзінің аты-жөніндегі әріп қателерді түзету үшін АХАЖ-ға бар­ған. Ол жердегі қыз­меткер құжаттағы қа­тені түзету  сот ар­қылы шешілетінін айт­қан. Бірінші аты-жөнін түзететін азамат өзі көшіп келген елдің азаматтарды тіркеу архивінен анық­тама әкеліп, жаңадан туу туралы куәлік алып, сосын барып сот қа­рай­тынын ес­керткен. Яғни, азамат­тардың аты-жөнін түзету үшін Қазақстан шетелдегі архивке жүгінеді. Бұл ең қиын процесс. Күту қажет, одан сот тексереді. Ол сот оң шешім қабыл­дауы да қабылдамауы да мүм­кін. Ал кейбір елдерде өздерінің аза­мат­тығынан шығып кеткен адам туралы архив құжаттарын бермейтін елдер бар. Яғни, екі елдің заңы бір-біріне мүлде қарама-қайшы келетін тұстар кездеседі.