Қандастар есіміндегі қатеден қашан құтылады?

Қандастар есіміндегі қатеден қашан құтылады?

Қандастар есіміндегі қатеден қашан құтылады?
ашық дереккөзі
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқа­лы елге 1 миллион­нан астам қандас көшіп келген. Сол кел­ген ағайын­­ның 90 пайызының аты-жөні қа­зақ тілінің заңды­лығына сай дұрыс жа­зылып жүрмегені ай­дан анық. Алайда нақ­ты қанша аза­маттың аты-жөні қате тол­ты­рыл­ғаны туралы мәлімет жоқ. Қате толты­рылу­дың басты се­бебі, қан­дас­тар­дың аты-жөні сол тұрған елде­рін­де қа­зақ алфавиті бойынша тол­тырыл­майды. Шетелден атажұртқа көшіп кел­ген әр он этникалық қазақтың же­теуі аты-жөнін мәжбүрлі  жағ­дай­да қа­зақ тілінің ерекшелігіне сай тол­тыра ал­майды. Не себепті «мәж­бүрлі»? Көші-қон заңы қа­лай, аудармашылардың міндеті не, бұл олқылықты қа­лай оң­тайлы жолмен шешуге болады? Міне, біз осы мә­се­лені зерделеп көрдік.

Кімге күлкі, кімге түрпі?

Ресейден көшіп келген бір қан­да­сы­мыздың есімі көпке дейін әзіл-әжуа тұз­дығы болып жүрді. Құжат бойынша Тле­кабл. Түсінбеген өзге ұлттар бұл есімнің «те­лекабельмен байланысы бар ма?» дейтін кө­рінеді. Кейбіреулер күлкі үшін әдейі ай­татын көрінеді. Кімге күлкі, кімге түрпі? Не­гізінде, ол азаматтың шын есімі – Тілеу­қа­был. Тәңірден тілеп алған ата-ананың жал­ғыз ұлы. Закрибай, Тулиган, Мульдир, Шарип, Ха­бул, Елалан, Жахслг деген құжат жү­зінде жазылуы бірінен бірі сорақы есім­дерді кездестірдік. Бұл шетелден көшіп кел­ген қандастардың есімі. Ол кісілердің құ­жатын көрген адам міндетті түрде есі­міне қатысты бірдеңе дейді. Ол адамға кері әсер ететіні белгілі. Психолог  мамандардың айтуына қарағанда, адамдардың көбі, әсі­ресе есею кезінде өзінің есіміне көңілі тол­май, тіптен ол комплекске айналады дей­ді. Ал азан шақырып қойған аты-жөні қыңыр-қисық тұруы адамға жағымды әсер бермейтіні рас. Жоғарыдағы есімдерге қарап, қай ұлт­тың адамы екенін түсіну қиын. Әр ата-ана жаңа туған нәрестесіне жақ­сы есім қоюды парыз санағанымен кей­бір сыртқы факторлардың әсер етуімен сол кезеңдегі науқанға, оқиғаға қатысты қойы­лып жататыны да бар. Ал енді ата-ана­сы азан шақырып қойған аты-жөнін дұрыс толтыруға немесе түзетіп алуға  еш қиын­дық  болмауы керек еді. Мысалы, жоғарыда атал­ған мағынасыз есімдерді қазақ тілінің ере­жесімен сауатты жазсақ: Зәкірбай, Тө­леген, Мөлдір, Шәріп, Қабыл, Ерлан, Жақ­сы­лық болып шығады. Көрер көзге де, ай­тар ауызға да жатық әрі әдемі. Азаттығымызды алғалы бері елге көшіп келген, азаматтық алған ағайын­дардың құжаттағы аты-жөні шым-шы­тырық. Бұл көбіміздің басымызда бар. Мы­салы, қандастардың дені  «ой сол нетер дей­сің, құжатта ғана қате. Ал өмірде Бә­лен­шемін» деп жүре береді. Құжатын көрсеңіз әр­қайсысы әртүрлі. Кейбір отбасында бес баланың тегі бес түрлі. Ал оның болашақта үлкен кедергілердің біріне айналатынын ескермейміз...

Кейіпкер куәлігі

Ханат Жахслг есімді қандас тарихи Ота­нына көшіп келіп, азаматтық алған уа­қытта аты-жөнін түзей алмаған екен. Се­бебі құжаттарын аударған кезде ау­дар­машы құжатта қандай әріп тұр, тек сол бойын­ша  аударып береміз деген көрінеді. Сонымен Моңғолиядан көшіп келген қандас азаматтықты жоғардағы түсініксіз аты-жөнімен алған. Басқа тиісті құжат­тар­ды да осы бойынша толтырады. Үйленіп не­кеге тұрған кезде де Жахслг деген тек бойынша неке куәлік алады. Кейін балалы болған кезде балаларының фамилиясын Жақсылық Мирас Қанатұлы деп жаз­ды­рыпты. Енді Қанаттың бала­ларының құ­жаты әкесінің құжатымен сәйкес келмейді. Бұл да кейін мәселе бо­латыны белгілі. Кей­бір әлеуметтік жәр­демақы, көпбалалы әке немесе көпбалалы ана деген мәртебе алатын кезде құжат­тардың бірізділігі талап етіледі. Бұдан басқа да құжаттардың сәйкес келуі көп жерде қажет. Мұның алдын ал­ғысы келген Қанат өзінің аты-жөніндегі әріп қателерді түзету үшін АХАЖ-ға бар­ған. Ол жердегі қыз­меткер құжаттағы қа­тені түзету  сот ар­қылы шешілетінін айт­қан. Бірінші аты-жөнін түзететін азамат өзі көшіп келген елдің азаматтарды тіркеу архивінен анық­тама әкеліп, жаңадан туу туралы куәлік алып, сосын барып сот қа­рай­тынын ес­керткен. Яғни, азамат­тардың аты-жөнін түзету үшін Қазақстан шетелдегі архивке жүгінеді. Бұл ең қиын процесс. Күту қажет, одан сот тексереді. Ол сот оң шешім қабыл­дауы да қабылдамауы да мүм­кін. Ал кейбір елдерде өздерінің аза­мат­тығынан шығып кеткен адам туралы архив құжаттарын бермейтін елдер бар. Яғни, екі елдің заңы бір-біріне мүлде қарама-қайшы келетін тұстар кездеседі.  width= – Біріншіден, әр қандас шет тіліндегі құ­жаттарын мемлекеттік тілге 4 дана етіп аудартып, нотариуспен куәландырады. Оны тиісті мекемелерге тапсырады. Ау­дар­ма, нотариус қызметі үшін бір қандастар от­басы шамамен 20-25 мың теңге қара­ж­а­тын жұмсайды. Нотариус құжаттың рас-тығын емес, тек аудармашының қолын ғана куәландырады. Құжатты қабылдап отыр­ған әрбір құзырлы мекеме мамандары оларды түпнұсқасымен салыстыра тексеріп қабылдайтындықтан нотариустың куәлан­дыруы не үшін қажет? Қандастардың шет­ел­дік паспортына көші-қон полициясы мөр ба­сып, әртүрлі белгілер соғады. Бұлай жа­сауға шет елдердің заңы бойынша тыйым салынған. Мәселен, Моңғолияның шетелдік паспортының бірінші бетінде осыған бай­ланысты арнайы ескерту жазылған,  – дейді «Асар» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің мүшесі Амантай Әлхан. Сыртқы істер министрлігі немесе Кон­сул арқылы хат жазғанмен сол елдің заңы­на сәйкес келмейтін жайттар көп. Аза­мат­тардың құжаттағы аты-жөнін түзету де сон­дай жағдай. Бұл сондықтан да ел ішінде ше­шілетін мәселе. Ал елімізде мұндай мәселемен айна­лыса­тан нақты мекеме немесе же­тіл­дірілген заң жобасы жоқ деуге де болады. Сол се­беп­ті де қаншама азаматтың аты-жөні қате жа­зылып жүр.

Аудармашылардың ағаттығы

Бұл мәселенің түп негізі  аудар­ма­шының ағат­тығы және заңға сал­ғырттығынан да болып отыр. Өйткені ау­дармашы шетелден көшіп келген аза­маттың құжаттарын ау­дарған кезде аты-жөнін қазақ тілінің ерек­шеліктеріне сай аударуға хақылы. Аудар­ма­шылардың көбі өздерінің осы мүм­кін­діктерін білмейді деуге болады. Себебі олар  құжаттың түп­нұс­қасында қандай әріптер тұрса, соны сол күйінде теріп береді. Егер ау­дармада адам­ның аты-жөнінде бір әріп­тен айыр­ма­шылық шықса, нотариус бекіт­пейді дейді. Ал шын мәнінде, нотариус ау­дар­маның қалай аударғанында ісі болмауы керек, ол тек аудармашының таңбасы мен қолын заңдастырып беруші орын. Бұл жер­де но­тариус туралы заңды аудармашы мен но­тариус өкілінің дұрыс білмегенінен мә­селе туындап тұр. Ал аудармашы азаматтың аты-жөнін қа­зақ тілінің ерекшеліктеріне сай ау­дар­мауы  нотариустың ғана талабы емес. Бұдан бөлек, азаматтардың  салғырттығы және өзге құжаттарым бөлек болып қалады деу­­ден шығады. Мысалы, Қанаттың шет­ел­де алған дипломында Ханат деп жазылды, ал азаматтығы Қанат болса, ол сәйкеспейді де кейбір мекемелер жұмысқа алмай қоюы мүмкін деп ойлайды. Ал негізінде азамат­тар­дың барлық құжатының түпнұсқасы база­да онсыз да сақталады. Сонымен қатар жеке сәйкестендіру нөмірі тұр. Бұған алаң­даудың жөні жоқ. Төлқұжаттағы аты-жө­ніңіз бойынша басқа құжаттарды түзеп алу­ға болады. Диплом алған оқу орнына өті­ніш беру арқылы дипломдағы аты-жө­нін дұрыстауға мүмкіндік бар. Бірақ мұн­дай мүмкіндіктерді қандастардың көбі біл­мейді.

«Елге ел қосылса – құт», есімдері қате жазылса...

Сонымен Қанаттың құжатын аудар­ма­шы «Қанат Жақсылық» деп аударып, оны нотариус да мақұлдап берді дейік. Енді аза­­маттыққа тапсыру үшін Көші-қон бас­қар­­масы азаматтыққа қабылдау бөліміне әлгі аударылған құжатты алып барады. Бұл жерде тағы да кедергіге тап болады. Ол жер­дегі мамандар аударылған құжаттың түпнұсқасын міндетті түрде сұрайды. Мейлі ол қытай тілінде болсын. Кез келген ше­тел құжатының латын әрпімен тол­тырылған бөліміне шұқшияды. Құжатта латын әрпімен KHANAT деп тұр. Және сим­волдарды санайды. Құжатты қабылдап отыр­ған қызметшінің «қырағылық» та­нытып «түпнұсқада 6 символы бар есім қалай 5-ке түсіп қалған?» дейді. Ханат түсіндіріп шыр-пыр болады. Құжатты қа­был­дап отырған азамат кері қайтарады. Со­нымен Қанат аудармашыға қайта жүгі­неді. Бұл ықтималдығы басым өмірден алын­ған мысал. Қоғамда мұндай жағдай өте жиі қайталанады. Ал заңдық тұрғыда құжат түпнұсқамен бір­дей болып аударылсын. Бірақ бұл қазақ тілінің ережесіне сай емес. Заңгер Талғат Мүрсәли «Қандастардың аты-жөні дұрыс болу үшін тарихи Отанына оралған кезден бастап ең бірінші құжат­тары дұрыс болу керек. Ол үшін олардың есім­дерінде кездесетін ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, һ, і се­кілді қазақ әріптері дұрыс таңбалануы қажет. Ал мұндай қазақ алфавитіне сай аударатын құқық аудармашының қолында. Қалай аударса да аудармашыға заң бойын­ша толық құқық берілген. Мұны бекі­тетін нотариус еш кедергісіз куәлан­дыруы қажет. Өйткені нотарустың оған қарсы уәж айтуға хақысы жоқ. Себебі аударманың дұрыс, бұрыстығына аудармашы жауап береді. Нотариус – аудармашының қолы мен мө­рін ғана растап беруші орын. Келесі мәселе Көші-қон полициясындағы құжат қабыл­дайтын бөлімдер заң жүзінде сауатты қабылдауы керек. Бірақ ол жердегі құжат­тан­дыру қызметкерлері азаматтардың құжатты қай тілде толтыратынына шектеу қоюға құқығы жоқ. Егер шетелден көшіп келген қандас ана тілінде, яғни мемлекеттік тілде төлқұжат алғысы келсе, аты-жөнін қа­зақ тілінде толтыруына мүмкіндік бе­рілуі қажет. Сонда ғана бұл бір жүйеге тү­седі», –  дейді. Ал аудармашылардың айтуына қара­ған­да, кейбір азаматтардың өз салғыртты­ғынан осындай жағдай туындайды дейді. Мәселен, аудармашы Қаз Бәкейдің бұл мә­селе жайындағы пікірі мынадай: «Құжат­тың ең бірінші қызметі, сипаты, заңды күші және даталары бәрі ресми іс-қағаз стилінде аударылады. Ал аты-жөнін аударар кезде азаматтың ең бірінші басқа құжаттарын да қараймыз және азаматтың өзінен біліп, арнайы қағазға жазып беруін сұраймыз. Мысалы, Қытайдан келген Ерлан деген есім көбінде Елалан болып келеді. Әуелі аза­мат­тың өзінен сұралады, есімі қалай ата­латы­ны. Ол – Ерлан. Қытайда 3 мың әріп бар де­седі, бірақ «р» жоқ. Мұндай есімді аудар­ғанда аудармашы қазақ тілінің ережесі бойынша Ерлан деп аударып, оны нота­риусқа бірге барып бекіттіріп, азаматтыққа тапсырар кезінде де ондағы құжатты қа­былдайтын қызметкерлерге түсіндіріп айтса қабылдайды. Бірақ көбінде бізге ке­летін азаматтар басқа құжаттармен сәйкес кел­мей қалады дейді де, сол алғашқы жа­зылған қателігімен бірге азаматтық алып кете береді». Жалпы, азаматтық алу – оңай шаруа емес. Қағазбастылық, қыруар тексерісі бар. Бол­сын-ақ. Тек нәтижесі елдің еншісіне, ұлт­тың ұпайына қарай болса дейміз ғой. «Ел­ге ел қосылғаны – құт», ал сол елдің есім­дері теріс-қағыс жазылғаны көңілге кір­бің ұялатады. Шетелден көшіп келген қандас аза­маттыққа тапсырғанға дейін алты ай құ­жат­тың мәселесімен жүреді. Үш ай бойы құ­жаты тиісті орындарда тексеруден өтеді. Мәселен, шетелде қылмысты болды ма, ақша ұрлап қашып келді ме, наркомания және терроризмге қатысы жоқ па, әлде аты-жөнін өзгерткен басқа адам ба? Мұның бәрі мемлекеттік қауіпсіздік үшін екені түсінікті. Міне осының бәрінен өтіп болған соң, тіл саясатына жауапты мекемелерден бір парақ анықтама алу арқылы қандастар­дың құжатын қазақ тілінің ережелеріне сай дұрыс толтыруға әбден болар еді. P.S. Еліміз латын алфавитіне көшуге дайындықты бастап та кетті. Латын алфавитінің нұсқалары да шықты. Қазір көптеген мекеме немесе басқа да  атаулар латын алфавиті бойынша жазыла бастады. Болашақта латынға көшкен кезде қазақ тілінің ұлттық ерекшеліктеріне сай толтырылмаған қандастардың аты-жөні де сол қателігімен көшетіні сөзсіз. Сондықтан бұл мәселені шешетін кез жетті. Қандастардың құжатындағы есімдерін қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай түзеуге мүмкіндік тудыру үшін арнайы қаулы қажет.   Сіз не дейсіз? Амантай ӘЛХАН, Республикалық қандастардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

Азан шақырып қойған атың ана тіліңде қате жазылса – азап

– Қандастардың құжаттарын қабылдап, рә­сімдеу барысында кейбір адамдардың аты-жөнін өзгертіп жіберген жағдай да болды. Оны республикалық қандастардың дерек қо­ры тек қана орыс тілінде қабылдайды, сон­дықтан адамдардың аты-жөнін ауыс­тырамыз деп түсіндірді. Осыдан барып Өсер­хан – Усерхан, Төлеген – Тулугун,  Кө­жек – Кужек,  Өрік – Урик, Өміргүл – Умир­гул, Өмірбек – Умербек болып өзгеріп, сол адам­дардың дипломы, еңбек кітапшасы, әс­кери билеті, балаларының туу туралы куә­ліктері, неке куәліктері жарамсыз болып қал­ған жағдай да кездесті. Қазақ есімдерінің жа­зылу нормасының жоқтығынан емес, құ­жат­ты қабылдау, беру, тіркеу мекемелеріндегі ма­мандардың сауатсыздығының кесірінен келген ағайындар зардап шегуде. Осы үрдіс әлі шешімін таппай жылдар бойы орал­ман­дарды әуре-сарсаңға түсіріп, олар мем­ле­кет­тен бөлінген жәрдемақы, балаларға берілетін кө­мекке қол жеткізе алмай жүрген жағдай­лар да кездеседі. Оларға келген елдерінен берілген кейбір туу, неке және ажырасу, қай­тыс болғаны туралы куәліктер сот және асы­раушы туралы шешімдер, архив анық­тамалары сияқты түрлі құжаттарына сенбей, сол елдердегі Елшіліктен қосымша кепілдеме қағаз әкелуді талап етіп, ұсынған құжат­та­рын қабылдамайды. Алайда Елшіліктер мұн­дай ке-пілдеме бермейді. Мәселен, Қы­тай­дағы қазақтардың аты-жөні төте жазу­мен және қытайша жазылады. Төте жазу бойынша біршама дұрыс жазылғанмен, өзге тілде мүлде қате жазылып келеді. Батылды Батли, Гүлмайраны Гуламайала, Нұргүлді Нул­гули, Мұратты Мулати, Қайратты Хай­ла­ти деп кетсе кейбір қандастардың төлқұ­жа­тында тегі, әкесінің аты көрсетілмеген, бір ғана өз есімі жазылған. Моңғолияда кирил­лица болғанмен, алфавит саны 35. Олар бір ғана Жақсылық деген атты Жагслаг, Жагаслаг, Жагаслага, Жахсылах, Жаксылых, Жагслых деп мың құбылтып жаза береді. Бұл түсінікті жағ-дай, сол үшін мынау қалай деп оларды кінәлау тіпті де орынсыз болар. Елге оралған әр қазақ өзге елде бұрмаланып, қате жазыл­ған аты-жөндерін дұрыстап алғысы келеді. Ата-анасының азан шақырып қойған есімін ана тілінде дұрыстап жаздырып алғанға не жетсін?! Бірақ ол үміті су сепкендей басы­ла­ды. Өйткені  бұлай жасауға заңдық тұрғыда еш мүмкіндік жоқ. Қай мекемеге барса да, бұл мәселеге жауапты орындар «ештеңе өз­гер­те алмаймыз, заң солай» деп шарасыздық та­нытады. Мәселені жоғарғы құзырлы ор­ган­дардың назарына ұсынудан қашқақтайды.   Анар ФАЗЫЛЖАН, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты:

Тіл мамандары көмек беруге әзір

– Қазіргі кезде Қазақстан азаматтары өз­­дерінің аты-жөнін, тегін кез келген уа­қытта ХҚКО арқылы төлқұжатынан бас­тап, басқа құжаттарын түзете алады. Ол үшін өзінің аты-жөнін өзгерткені туралы оно­мастикалық анықтама алып баруы керек. Бүгінгі күнге дейін бұған құзырлы мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты  болып келді. Себебі ол инс­ти­тутта ономастикалық бөлім бар. Ол бөлімде адам есімдерін  ұлттық ерекшеліктерін зерт­теп, анықтайтын арнайы мамандар отыр. Қазір бұл Тіл білімі институтының ға­на сондай құзыры бар. Азаматтардың аты-жөнін түзету – қа­зіргі кезде ұлттық жаңғырудың бір көрі­нісі ретінде қарқынды түрде жүріп жатқан процесс. Бұрын ілуде бір қазақ аты-жөнін өз­гер­тем деп құзырлы мекемелерге жүгінсе, қазір бұл қарқын алып келеді. Шетелден кө­шіп келген қандастарымыз да өздері кө­шіп келген мемлекеттің тілдік ерекшелігіне сай жазылған құжаттарын өзінің атажұрты­на келгенде  ұлттық негізде қайта жазуды  көздейді. Міне, сондықтан оларға жергілікті жердің барлығында көмек көрсетілуі қажет. Тіл білімі институтының ғалымдарымен ақылдаса отырып, өңірдегі тіл орталықтары және Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына да азаматтардың аты-жөнінің дұрыс жа­зылуы туралы анықтама беретін құзыр беру қажет. Мен оның жолы қиын емес деп ойлаймын. Еліміздегі мемлекеттік тілдің саясатына жауап беретін комитет бар.  Тіл сая­саты комитеті. Сол комитеттен осыған сай құжат дайындалса, еліміздегі барлық тіл орталықтары азаматтарымыздың аты-жөнін дұрыс жазуына қолдау білдіріп, анықтама берері сөзсіз. Егер бұған ғалымдардың көмегі керек болса, Тіл білімі институты онлайн да көмектесе алады.