Тарыққан нарық: Әлем елдері дағдарыспен қалай күреседі?
Тарыққан нарық: Әлем елдері дағдарыспен қалай күреседі?
«Kоронавирус пандемиясының зардабы 2008 жылғы қаржы дағдарысына қарағанда әлдеқайда ауыр болуы мүмкін». Тұңғыш рет видео-конференция форматында өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде Ресей президенті Владимир Путин осылай мәлімдеді. Ресей ғана емес, індетпен күресіп жатқан әлем елдерінің барлығы жаһандық экономиканың келешегіне алаңдаулы. Өйткені жау ортақ, түйткілдің түйіні бір болғандықтан, әр елдің болашағы бір-біріне байлаулы. Бір кездері өзекті болған «Қытайдың індеті», «Қытайдың мәселесі» деген ұғымның ұстыны кетті. Кесірлі кесел ұлтқа, жасқа, терінің түр-түсіне, адамның бай-кедейлігіне қарамайтынына көз жетті. Індеттің емін іздеу, екпе жасаудан бөлек, тынысы тарылған экономикаларды аяқтан тік тұрғызу үшін де талай күш жұмсауға тура келері анық...
G20 саммиті: Уәде көп, кепіл жоқ
Әу баста G20 саммитін қараша айында өткізу жоспарланған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты әлемдік көшбасшыларға жедел байланысқа шығуға тура келді. Бейнеконференция форматында өткен алпауыттардың алғашқы жиынына Сауд Арабиясының королі Салман бин Абдель Азиз төрағалық етті. Мәжіліс төрағасы COVID-19 пандемиясы арқылы әлем елдері ортақ проблема алдында ұйыса алатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Сауд Арабиясының королі алпауыттарды дамушы мемлекеттерге көмек көрсетуге шақырды. Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин пандемияға қарсы күресте ғалымдар мен медицина қызметкерлері секілді мамандардың шекаралардан кедергісіз өтуіне жол ашуға шақырды. Оның айтуынша, бұл індетпен күресудегі маңызды қадамдардың бірі. Ал ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Үлкен жиырмалық» елдерін әлемдік экономиканы ынталандыру үшін салық бажын алып тастауға үндеп, еркін тауар алмасуды қамтамасыз етудің маңызына тоқталды. Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин экономиканы тұрақтандырудың ортақ жоспарын түзу қажет екенін айтты. Ресей көшбасшысы Халықаралық валюта қорының базасында орталық банктер қаржыландыратын арнайы қор құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл қиын жағдайға тап болған мемлекеттерге нөлдік мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Владимир Путин дағдарыс жағдайында сауда соғыстары мен санкцияларды қоя тұрып, медициналық құрал-жабдықтар, азық-түлік өнімдерін тасымалдауға кедергілерді алып тастауға шақырды. Жалпы, барлық көшбасшының мәлімдемесі вирустың әлемдік экономикаға залалын азайту жөніндегі шараларды үйлестіру мен дайындау қажеттілігіне қатысты болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме дайындалды, онда «Үлкен жиырмалық» елдері пандемиядан экономикалық шығынды азайту және нарықтағы тұрақтылыққа қол жеткізу үшін қажетті барлық жағдайды жасауға келісті. G20 қатысушылары «адамдарды құтқаруға, олардың табысы мен жұмыс орындарын қорғау, қаржылық тұрақтылықты сақтауға» мүдделі екені хабарланды. Бұл үшін елдер «коронавирус пандемиясына қарсы күресте бірігуге» дайын. «Біз мақсатты бюджеттік саясат пен пандемияның әлеуметтік, экономикалық және қаржылық салдарларына қарсы іс-қимылдың экономикалық шаралары аясында әлемдік экономикаға бес триллион доллардан астам қаржы инвестициялаймыз», – делінген бірлескен мәлімдемеде. Сондай-ақ G20 елдері коронавирус пандемиясымен күресуге Біріккен Ұлттар Ұйымын, Халықаралық валюта қорын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын белсенді түрде тартуға, сондай-ақ СОVID-19 пандемиясымен күресу үшін қосымша қаражат бөлуге келісті. Алайда бұған дейін «Үлкен жиырмалық» елдерінің мәмілелерінің көбі қағаз жүзінде қалғанын ескерсек, бұл жолғы жиыннан да үлкен нәтиже күту қиындау. Қазіргі жағдайда Еуроодақ елдерінің өзі ортақ шығындар туралы сөз қозғаудан қашқақтап, әрқайсысы өз мәселесін ұлттық шеңберде шешуге тырысып жатыр. Сондықтан сарапшылар G20 саммитінен нақты шешім, батыл қадам талап етудің жөні жоқ деп есептейді. Демек, «Үлкен жиырмалық» жиыны әдеттегідей көшбасшылардың пікір алмасу, ұпай жинау алаңы болып қала бермек. Оның үстіне, бұл жолы президенттердің екіжақты кездесулер өткізіп, мемлекеттердің жекелеген мәселелерін өзара талқылауға мүмкіндігі болған жоқ.Еуропа: Норвегия жұмыссыздар еліне айналды
Әлемде коронавирустан зардап шекпеген мемлекет ілуде біреу. Әсіресе, індеттің жаңа ошағына айналған Еуропа елдері бар дәулетін кеселмен күресуге және оның салдарын жоюға жұмылдыруда. Солтүстіктегі ең бай мемлекеттердің бірі саналатын Норвегия Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне қайта тап болғандай. Bloomberg-тің дерегінше, елдегі жұмыссыздық деңгейі соңғы 70 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Соңғы екі аптада жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алуға өтініш білдірген тұрғындардың қатары 350 пайызға артқан. 25 наурыздағы дерек бойынша, Норвегияда 291 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл елдегі еңбекке жарамды халықтың 10,4 пайызы. Бүгінде мемлекетте індет жұқтырғандар саны арта түсетін болса, шектеу шаралары да күшейіп, жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар мен табысынан айырылған азаматтар саны көбейе түсуі мүмкін. Норвегия билігі экономиканы қолдау шараларына 25 млрд долларға жуық қаржы бөлген. Кесірлі кесел мемлекетті әлі қанша шығынға ұшыратарын болжау мүмкін емес. Батыстағы тұрақты экономикалардың бірі саналатын Францияда да жағдай мәз емес. Мемлекеттің Ұлттық экономикалық зерттеу және статистика институты жариялаған болжамға сүйенсек, коронавирусқа байланысты елде енгізілген шектеулердің салдарынан Франция экономикасының белсенділігі 35 пайызға құлдыраған. Егер карантин екі айға созылар болса, мемлекеттің ІЖӨ-ні жыл соңында 6 пайызға қысқаруы мүмкін дейді сарапшылар. Дағдарыс бірінші кезекте елдегі құрылыс, сауда-саттық, туризм салаларына, теміржол және әуе компаниялары және мейрамхана бизнесіне айтарлықтай салмақ түсірмек. Карантин енгізілген екі апта ішінде Францияда 220 мыңнан астам кәсіпорын еңбек министрлігіне қаржылай көмек алу жөнінде өтінішпен жүгінген. Ведомствоның дерегінше, коронавирустың таралуы салдарынан 2,2 миллионнан астам француз ішінара жұмыссыздар қатарына қосылған. Францияның еңбек министрі Мюрьель Пениконың айтуынша, өткен жұмада министрлікке минутына бірнеше мың өтініш түскен. Бір тәулік ішінде 65 мыңнан астам кәсіпорын 600 мыңнан астам адамның ішінара жұмыссыздығы жөнінде құжат өткізген. Үкімет басшысының сөзінше, Францияда ішінара жұмыссыздық режимінің енгізілуі жаппай қысқартулардың алдын алуға бағытталған. Десе де, карантин тәртібі енгізілгелі бері мемлекетте жұмыссыздық қатары 20 мың адамға артты. Сондай-ақ елде қызметкерлерді жұмысқа қабылдау көрсеткіші 70 пайызға төмендеген. Тек медициналық құралдар өндірісі мен ауыл шаруашылығы салаларында ғана жаңа жұмыс орындарының саны көбейген. Коронавирус пандемиясы кезінде Франция билігі елдегі ірі компанияларды өз акционерлеріне дивиденд төлеуді тоқтата тұруға шақырды. Өткен аптада ресми мәлімдеме жасаған экономика министрі Брюно Ле Мэр: «Барлық қаржыны кәсіпорындардың жұмысын қолдауға бағыттайтын шақ туды», – деді. Министрдің айтуынша, мемлекет дивидендтер төлемін қатаң бақылауға алады. «Азаматтық парызын» орындамайтын кәсіпорындарға үкімет мемлекеттік көмек беруді тоқтатпақ. Мұндай компаниялар салықтық және несиелік төлемдерін кейінге шегеру жеңілдігінен қағылуы мүмкін. Франциядағы төтенше санитарлық жағдай жөніндегі декрет бойынша кәсіпорындардың әлеуметтік және салықтық төлемдерін және ай сайынғы кредиттік берешектерін кейінге шегеру мүмкіндігі берілген.АҚШ: Трамп тақ үшін алаң
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамы бойынша, коронавирустың салдарынан биыл әлемдік экономиканың өсімі 2,4 пайызға дейін төмендейді. Ал егер пандемия әлі де ұзаққа созылса, әсіресе, Еуроодақ пен АҚШ аумағында таралу қарқыны артатын болса, жаһандық экономиканың өсімі 1,5 пайызға дейін құлдырауы мүмкін дейді ұйым мамандары. Атақты америкалық S&P рейтингтік агенттігі ұсынған болжалды көрсеткіштер де осыған шамалас: агенттік сарапшыларының пікірінше, әлемдік ІЖӨ-нің жылдық өсімі 1-1,5 пайыздан аспайды. Компанияның бас экономисі Пол Грюнвальдтің айтуынша, індеттің Қытай экономикасына тигізер зардабы өзгелерден айтарлықтай ауыр болады. Десе де, экономист індеттен айығып келе жатқан аспанасты елінде «тұрақтандырудың алғашқы белгілері» пайда бола бастағанын айтады. Әлемді аузына қаратқан экономист кесірлі кеселден АҚШ экономикасының тартар зардабын да есептепті. Оның пікірінше, бірінші тоқсанда Американың ішкі жалпы өнімі 1 пайызға, ал екінші тоқсанда 6 пайызға құлдырайды. Алайда жыл соңында жағдай тұрақталып, АҚШ-тың ІЖӨ өсімі бұған дейін болжанған 1,9 пайызға жетеді дейді маман. Бүгінде АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 165 мыңнан асып жығылды, 3 170 адам осы кеселден көз жұмды. Дональд Трамп елдегі індет жұқтыру деректерінің Қытайдағы көрсеткіштен екі есе асып түсуін америкалықтардың жаппай тестілеуден өткізілуімен түсіндірді. Бастапқыда кеселдің зардабын жете бағаламаған, дерттен қорқып, даурыққандарды әзілге қосқан АҚШ президенті қазір қалжыңдауға құлықсыз. Елінің ертеңіне, өзінің болашағына шын алаңдаулы. Мемлекетте шектеу шараларының күшейтілуі кәсіпорындарының жабылуына, жұмыссыздар санының көбеюіне әкеп соққандықтан, мызғымастай болып көрінетін АҚШ экономикасы да тығырыққа тірелді. Конгресс Сенаты өткен аптада Америка экономикасына 2,2 трлн доллар көлемінде көмек көрсету шаралары туралы заңнама қабылдады. Бөлінетін қаржының 500 млрд доллары экономиканың ең көп зардап шеккен салаларына бағытталса, 350 млрд доллары шағын және орта бизнесті несиелеуге жұмсалады. 0,5 трлн доллар америкалықтарға бір реттік көмек ретінде үлестіріледі. Жүздеген миллион доллар денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктеріне – дәрі-дәрмек, медицина құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталады. Ал 0,4 млрд доллар жұмыссыздарға жәрдемақы төлеуге жұмсалмақ. Соңғы жылдары жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақыға аптасына шамамен 200 мыңдай өтініш түссе, өткен аптада 3,3 миллионға жуық адам өтініш жолдаған. Бұл өзін-өзі қаржыландыратын азаматтарды қоспағандағы көрсеткіш, оларға жәрдемақы төленбейді. Ел экономистері қазіргі қиындықтарды еңсеру 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан әлдеқайда ауыр болады деген пікірде. Өйткені ол кезеңде бизнес жұмыс істеуге құлшынып тұрды, бірақ ақша болмады. Ал қазір қаржылай қолдау бар, алайда жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда АҚШ-та қарқынды инфляция болуы мүмкін. Дональд Трамп тұралаған экономиканы үнемі қаржыландырып отыру мүмкін емесін түсінеді. Сондықтан шығынды азайту үшін коронавирустың таралуына байланысты енгізілген шектеу шараларын қысқартуға ниетті. Өткен аптада жасаған мәлімдемесінде АҚШ президенті Пасха қарсаңында, яғни 12 сәуірде карантиндік шаралардың бірқатары алынып тасталатынын айтты. «Тұмаудан жыл сайын мыңдаған адам көз жұмады. Алайда біз оған байланысты мемлекеттің тіршілігін тоқтатқан емеспіз. Жол апаттарынан болатын адам шығыны тіпті көп. Бірақ біз автокөлік шығарушыларға өндірісті тоқтат демей-міз», – деді Трамп. АҚШ президенті індет ел аумағына жеткенге дейінгі және одан кейінгі кезеңді салыстырып: «Мемлекеттің түбіне жету үшін ондағы жұмысты тоқтату жеткілікті. Үш апта бұрын біз АҚШ тарихындағы ең жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткіздік. Содан кейін аяқ астынан барлығын тоқтатуға тура келді», – деп кейіді. Трамптың елдің экономикалық қуаты үшін алаңдағаны – өзінің абыройы үшін қам жегені. Қарашаның ауылы алыс емес, демек, АҚШ-та президент сайлауы өтетін шақ та таяу. Ақ үйдің қожайыны сайлауалды бағдарламасын қарапайым қағидаға негіздемекші еді: «Мен сендердің әл-ауқаттарыңды арттырдым, сендер мені екінші мерзімге қалдырыңдар». Кесірлі кесел Дональд Трамптың бұл жоспарының күлін көкке ұшырмақ. Десе де, ол елде енгізілген карантиндік шараларды алып тастай алмайды. Өйткені қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі ел тұрғындарының көпшілігі шектеулерді қолдайтынын көрсетті. Трамп бір жағынан аурудың қарқынды таралуына айыпты болудан сескенсе, екінші жағынан экономиканың құлдырауына жауапты болғысы келмейді. Сондықтан бірнеше ай бойы карантинде отыру мүмкін еместігін, шектеу шаралары ұзаққа созылмайтынын халықтың құлағына сіңіруге кірісті. Әзірге әлемде COVID-19 індетімен күресудің екі-ақ жолы белгілі. Біріншісі – қатаң карантинді және оны бұзғандарды аяусыз жазалау тәртібін ұстанатын Қытай жолы. Екіншісі – карантиндік шаралардан түбегейлі бас тартқан Швеция жолы. Швеция билігінің пікірінше, аурудың таралуына тосқауыл қою мүмкін емес, сондықтан адамдарды үйге қамап қоюдан нәтиже шықпайды. Ұжымдық иммунитетті күшейту шараларына ден қойған мемлекетте қоғамдық шараларды өткізуге тыйым салынбаған. Ірі сауда орталықтары, саябақтар мен көңіл көтеру орындары бұрынғыдай жұмыс істеуде. Соңғы дерек бойынша, Швецияда коронавирус жұқтырғандардың саны 4 мың адамнан, ал індеттен көз жұмғандар қатары 150 адамнан асты. Десе де, ресми Стокгольм елде індеттің таралу қарқыны Еуропаның өзге мемлекеттерінен айтарлықтай бәсең екенін алға тартып, өз саясатының дұрыстығына шүбә келтірмей отыр. Трамп та швед үлгісін басшылыққа алғанды құп көретіні анық. Егер швециялық тәжірибе сәтті аяқталса, өз еліндегі шектеу шараларын түбегейлі алып тастауға күш салатыны кәміл. Әзірге АҚШ Италия сценарийін қайталап келеді: карантиннен экономика мен дені сау адамдар ғана зардап шегуде, ал індет ел аумағын еркін кезіп жүр. Егер жағдай ушыға түсер болса, медицинаға артылар ауыр салмақ пен экономикаға түсер қысымнан аузын айға білеген алпауыт Американың өзі айыға алмай қалуы ғажап емес.Қазақстан: Ең басты капитал – адамның өмірі мен денсаулығы
Әлемдік экономиканың құрамдас бөлі-гі – Қазақстан экономикасы үшін де ауыр кезең туды. Қара алтыннан нәсібін тауып отырған елімізге ең әуелі мұнай бағасының құлдырауы соққы болды. ОПЕК+ қатысушыларының сәтсіз келіссөздерінен кейін 9 наурызда 30 пайызға арзандаған Brent маркалы мұнайының құны әлі көтерілген жоқ. Алпауыттардың өзара келісе алмауынан қара алтын өндіруші елдің барлығы зардап шегуде. Халықаралық S&P рейтингтік агенттігінің есебінше, мұнай-газ секторы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 15 пайызын құрайды және бюджет түсімінің 40 пайызы осы саланың үлесі. Еліміздегі 30 ірі салық төлеушілердің 18-і – мұнай және газ өндірісімен айналысатын компаниялар. Өткен жылы олар ел қазынасына 4,3 трлн теңгеден астам қаржы құйған. Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, қара алтын құны қазіргі деңгейден көтерілмесе, бюджет дефициті ІЖӨ-нің 1,2 пайызын құрауы мүмкін, ал мұнай мен газ экспортынан түсетін табыс үш есе қысқаруы ықтимал. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының дерегінше, қаңтар айында қара алтын мен көгілдір отын саудасынан түсетін қазына кірісі 900 млн долларға азайған. Көмірсулар құны жақын арада көтерілмесе, шығынымыз көбейіп кетпек дейді мамандар. Рашид Жақсылықовтың пікірінше, қазіргі жағдайда мұнай-газ секторының басты міндеті – жұмыс орындарын сақтап қалу. Мұндай сәтте мұнай бағасының төмендігі қара алтын өндірушілерге емес, мұнай сервис саласына соққы болмақ. Аталған салада 2 мыңнан астам компания қызмет етуде. Олар 200 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнай-газ компаниялары бюджетінің азайтылуы және жүзеге асырылып жатқан жобалардың мәресіне жетуіне байланысты жұмыс орындарының саны біршама қысқаруы мүмкін. Мәселен, жазда Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасына жұмылдырылған 5 мыңға жуық адамның қызметі аяқталады. Ел экономикасының тұрақтылығына әсер ететін екінші фактор – індеттің таралуын тежеу мақсатында енгізілген шектеу шаралары. 16 наурыздан бастап Қазақстан аумағында төтенше жағдай режимі енгізіліп, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. 30 наурыздан бастап екі қаладағы барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында карантин шаралары енгізілді. Бірқатар елді мекенде ірі сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, мәдениет ошақтары жабылды. Көлік қозғалысы шектелді. Теміржол, әуе тасымалы тоқтатылды. Бұл шектеулер аталған салаларды шығынға ұшыратып, елдің экономикалық көрсеткіштеріне кері әсер ететіні белгілі. Ең әуелі, бюджеттік түсімдер азаяды. 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестің корпоративті табыс салығы аймақтардың бюджетіне берілгені мәлім. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында еліміздегі шағын бизнестің 41,77 пайызы, орта бизнестің 23 пайызы шоғырланған. Олардың қызметінің шектелуі жергілікті бюджет табысын азайтады. Алайда карантиндік шаралар енгізілмесе, ауруды ауыздықтау мүмкін емес. Егер кесел ошақтары бақылаудан шығып, індеттің таралу ауқымы ұлғайып кетсе, оның зардабы қандай болатынын болжаудың өзі қорқынышты. Санаулы аптада «табыттар еліне» айналып, тағдыры қыл үстінде тұрған Италияның, әрбір 17 минут сайын кісі өлімі тіркеліп жатқан АҚШ-тың жағдайын басқа бермесін. Еліміздің ең басты капиталы – адамның өмірі мен денсаулығын қорғауды бірінші орынға қоятын мемлекет басшылығы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» тығырықтан шығудың бар амалын қарастыруда. Үкімет төтенше жағдай кезінде қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді қолдаусыз қалдырмауға уәде берді. Шағын және орта бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылғаны мәлім. Бұдан бөлек, Үкіметтің 20 наурыздағы Жарлығы бойынша ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен денешынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары бойынша заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер мүлік салығынан, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жер салығынан, салық салудың жалпы белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер жеке табыс салығынан жыл соңына дейін босатылды. Сонымен қатар Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төтенше жағдайдан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлерді қолдаудың арнайы бағдарламасын әзірледі. Бағдарламаға 600 млрд теңге бөлініп, қаражат елдегі 13 ірі банкке тапсырылмақ. Банктер жұмысы тұралаған бизнес өкілдеріне 8 пайыздан аспайтын жылдық мөлшерлемемен 12 ай мерзімге жеңілдетілген несие береді. Жалпы, елімізде дағдарысқа қарсы күреске 4,4 трлн теңге бөлінді. Оның 2,1 трлн теңгесі республикалық бюджеттен алынса, 1,8 трлн теңгесі – Ұлттық қор қаражаты. Қалған шығындар инфрақұрылымдық облигацияларға қаражат тарту есебінен жабылмақ. Қазақстан экономикасын қолдауға бағытталған шаралардың нәтижесін уақыт көрсетеді. Індеттің таралуы қашан тоқтайтынын, кәсіпорындар қалыпты жұмысына қай уақытта көшетінін болжау қиын. Бір білеріміз, кесірлі кесел салғырттықты кешірмейді. Тәртіпке бағынғанымыз – өзімізді қорғағанымыз. Өзімізді қорғау арқылы ұлттың саулығын, елдің байлығын сақтап қалмақпыз. Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:Ешбір елдің жағдайы мәз емес
– Коронавирус ешбір елге аяушылық танытпайтынын дәлелдеді. Жаһан экономикасы, оның ішінде тез дамып келе жатқан елдердің экономикасы көп зардап шегуі мүмкін. Соңғы жылдары Қытай экономикасы 8-9 пайыздық өсім көрсетті. Қатты құлдырау болған жылдардың өзінде 6 пайыздан төмен түскен емес. Биыл аспанасты елі 6 пайызға жетудің өзі арманға айналуы ғажап емес. Ал Ресей экономикасының өсімі соңғы алты жылда 1 пайызға да жетпеген. Індетпен күрес жұмыстары солтүстіктегі көршіміздің онсыз да тұралап тұрған экономикасына үлкен соққы болары анық. Өз елімізге келсек, соңғы үш жылда экономикамыздың қуаты айтарлықтай артты. 4,5 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Биылғы көрсеткіштерді болжау қиын. Жылдағыдан төмен болатыны анық. Өйткені көрші елдермен шекара жабылды, алыс-беріс азайды, өндіріс бәсеңдеді. Қуатты үш көршіміз – Қытай, Ресей, Иран індеттің кең таралуына байланысты қауіпті мемлекеттерге айналды. Ешкімнің жағдайы мәз емес, әркім өз мәселесін өз ішінде шешуі қажет.