2 Сәуір, 11:10 473 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Тарыққан нарық: Әлем елдері дағдарыспен қалай күреседі?

«Kоронавирус пандемиясының зардабы 2008 жылғы қаржы дағдарысына қарағанда әлдеқайда ауыр болуы мүмкін». Тұңғыш рет видео-конференция форматында өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде Ресей президенті Владимир Путин осылай мәлімдеді. Ресей ғана емес, індетпен күресіп жатқан әлем елдерінің барлығы жаһандық экономиканың келешегіне алаңдаулы. Өйткені жау ортақ, түйткілдің түйіні бір болғандықтан, әр елдің болашағы бір-біріне байлаулы. Бір кездері өзекті болған «Қытайдың індеті», «Қытайдың мәселесі» деген ұғымның ұстыны  кетті. Кесірлі кесел ұлтқа, жасқа, терінің түр-түсіне, адамның бай-кедейлігіне қарамайтынына көз жетті. Індеттің емін іздеу, екпе жасаудан бөлек, тынысы тарылған экономикаларды аяқтан тік тұрғызу үшін де талай күш жұмсауға тура келері анық...

G20 саммиті: Уәде көп, кепіл жоқ

Әу баста G20 саммитін қараша айында өткізу жоспарланған. Алайда коронавирус пан­демиясына байланысты әлемдік көш­басшыларға жедел байланысқа шығуға тура келді. Бейнеконференция фор­ма­тында өткен алпауыттардың алғашқы жиы­­нына Сауд Арабиясының королі Сал­­ман бин Абдель Азиз төрағалық етті. Мә­жіліс төрағасы COVID-19 пандемиясы ар­қылы әлем елдері ортақ проблема алдын­да ұйыса алатынына сенім білдірді. Сон­дай-ақ, Сауд Арабиясының королі ал­пауыттарды дамушы мемлекеттерге кө­мек көрсетуге шақырды.

Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин пандемияға қарсы күресте ғалымдар мен медицина қызметкерлері секілді ма­мандардың шекаралардан кедергісіз өтуі­не жол ашуға шақырды. Оның ай­туын­ша, бұл індетпен күресудегі маңызды қа­дамдардың бірі.

Ал ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Үл­кен жиыр­малық» елдерін әлемдік эко­номиканы ын­таландыру үшін салық ба­жын алып тастауға үндеп, еркін тауар ал­масуды қам­тамасыз етудің маңызына тоқталды.

Өз кезегінде Ресей президенті Вла­ди­мир Путин экономиканы тұрақтан­дыру­дың ортақ жоспарын түзу қажет еке­нін айтты. Ресей көшбасшысы Халықаралық валюта қорының базасында орталық банк­тер қар­жыландыратын арнайы қор құруды ұсын­ды. Оның айтуынша, бұл қиын жағ­дай­ға тап болған мемлекеттерге нөлдік мөл­шер­­ле­мемен несие алуға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ Владимир Путин  дағдарыс жағ­­дайын­да сауда соғыстары мен санк­ция­ларды қоя тұрып,  медициналық құрал-жаб­дықтар, азық-түлік өнімдерін тасымалдауға ке­дер­гілер­ді алып тастауға шақырды.

Жалпы, барлық көшбасшының мәлім­де­месі вирустың әлемдік эко­номикаға зала­лын азайту жөніндегі ша­раларды үйлестіру мен дайындау қа­жет­тілігіне қатысты болды. Келіссөздер қо­ры­тындысы бойынша бір­лескен мәлімдеме дайын­далды, онда «Үлкен жиырмалық»  ел­дері пандемиядан экономикалық шы­ғынды азайту және нарықтағы тұрақ­ты­лық­қа қол жеткізу үшін қажетті барлық жағ­дайды жасауға келісті. G20 қатысу­шы­лары «адамдарды құтқаруға, олардың та­бысы мен жұмыс орындарын қорғау, қар­жылық тұрақтылықты сақтауға» мүдделі еке­ні хабарланды. Бұл үшін елдер «коро­на­вирус пандемиясына қарсы күресте бірігуге» дайын.

«Біз мақсатты бюджеттік саясат пен пан­демияның әлеуметтік, экономикалық және қаржылық салдарларына қарсы іс-қи­мылдың экономикалық шаралары аясында әлемдік экономикаға бес триллион дол­лар­дан астам қаржы инвестициялаймыз»,  – делінген бірлескен мәлімдемеде.

Сондай-ақ G20 елдері коронавирус пан­демиясымен күресуге Біріккен Ұлттар Ұйымын, Халықаралық валюта қо­рын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын белсенді түрде тартуға, сондай-ақ СОVID-19 пандемиясымен күресу үшін қо­сым­ша қаражат бөлуге келісті. Алайда бұған дейін «Үлкен жиырмалық» елдерінің мәмі­ле­лерінің көбі қағаз жүзінде қалғанын ес­кер­сек, бұл жолғы жиыннан да үлкен нәти­же күту қиындау. Қазіргі жағдайда Еуроодақ елдерінің өзі ортақ шығындар туралы сөз қозғаудан қашқақтап, әрқайсысы өз мә­селесін ұлттық шеңберде шешуге тырысып жа­тыр. Сондықтан сарапшылар G20 сам­митінен нақты шешім, батыл қадам талап етудің жөні жоқ деп есептейді. Демек, «Үл­кен жиырмалық» жиыны әдеттегідей көш­бас­шылардың пікір алмасу, ұпай жинау алаңы болып қала бермек. Оның үстіне, бұл жо­лы президенттердің екіжақты кездесулер өт­кізіп, мемлекеттердің жекелеген мәселе­лерін өзара талқылауға мүмкіндігі болған жоқ.

Еуропа: Норвегия жұмыссыздар еліне айналды

Әлемде коронавирустан зардап шекпе­ген мемлекет ілуде біреу. Әсіресе, індеттің жаңа ошағына айналған Еуропа елдері бар дәу­летін кеселмен кү­ресуге және оның сал­да­рын жоюға жұмыл­дыруда. Солтүстіктегі ең бай мемлекеттердің бірі саналатын Нор­вегия  Екінші дүние­жүзі­лік соғыс кезеңіне қай­та тап болғандай. Bloomberg-тің дере­гін­ше, елдегі жұмыс­сыздық деңгейі соңғы 70 жылдағы ең жо­ғары көрсеткішке жеткен. Соң­ғы екі аптада жұмыссыздыққа бай­ла­ныс­ты жәрдемақы алуға өтініш білдірген тұр­ғындардың қатары 350 пайызға артқан. 25 наурыздағы дерек бойынша, Норвегияда 291 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл елдегі еңбекке жарамды халықтың 10,4 пайы­зы. Бүгінде мемлекетте індет жұқтыр­ған­дар са­ны арта түсетін болса, шектеу ша­ралары да күшейіп, жұмысын тоқтатқан кә­сі­порындар мен табысынан айырылған азаматтар саны көбейе түсуі мүмкін.

Норвегия билігі экономиканы қолдау шараларына 25 млрд долларға жуық қаржы бөлген. Кесірлі кесел мемлекет­ті әлі қанша шығынға ұшыратарын болжау мүмкін емес.

Батыстағы тұрақты экономикалардың бірі саналатын Францияда да жағдай мәз емес. Мемлекеттің Ұлттық экономика­лық зерттеу және статистика институты жа­риялаған болжамға сүйенсек, коронави­рус­қа байланысты елде енгізілген шектеу­лер­дің салдарынан Франция экономикасы­ның белсенділігі 35 пайызға құлдыраған.

Егер карантин екі айға созылар болса, мем­лекеттің ІЖӨ-ні жыл соңында 6 пайыз­ға қысқаруы мүмкін дейді сарап­шы­лар. Дағдарыс бірінші кезекте елдегі құрылыс, сауда-саттық, туризм салаларына, теміржол және әуе компаниялары және мей­рамхана бизнесіне айтарлықтай салмақ түсірмек. Карантин енгізілген екі апта ішінде Францияда 220 мыңнан астам кәсіпорын еңбек министрлігіне қаржылай көмек алу жөнінде өтінішпен жүгінген. Ве­домствоның дерегінше, коронавирустың таралуы салдарынан 2,2 миллионнан астам француз ішінара жұмыссыздар қатарына қосылған. Францияның еңбек министрі Мюрьель Пениконың айтуынша, өткен жұмада министрлікке минутына бірнеше мың өтініш түскен. Бір тәулік ішінде 65 мың­нан астам кәсіпорын 600 мыңнан астам адамның ішінара жұмыссыздығы жөнінде құжат өткізген.

Үкімет басшысының сөзінше, Фран­ция­да ішінара жұмыссыздық  режи­мі­нің ен­гізілуі жаппай қысқартулардың ал­дын алуға бағытталған. Десе де, карантин тәр­тібі енгі­зілгелі бері мемлекетте жұмыс­сыз­дық қатары 20 мың адамға артты. Сон­дай-ақ ел­де қызметкерлерді жұмысқа қа­был­­дау көр­сеткіші 70 пайызға төмендеген. Тек ме­ди­циналық құралдар өндірісі мен ауыл шаруашылығы салаларында ғана жаңа жұмыс орындарының саны көбейген.

Коронавирус пандемиясы кезінде Фран­ция билігі елдегі ірі компания­ларды өз акционерлеріне дивиденд төлеуді тоқтата тұруға шақырды. Өткен аптада ресми мәлімдеме жасаған экономика ми­нистрі Брюно Ле Мэр: «Барлық қаржыны кә­сіпорындардың жұмысын қолдауға бағыт­тайтын шақ туды», – деді.

Министрдің айтуынша, мемлекет ди­видендтер төлемін қатаң ба­қылау­ға алады. «Азаматтық парызын» орын­дамайтын кәсіпорындарға үкімет мем­лекеттік көмек беруді тоқтатпақ. Мұн­да­й компаниялар салықтық және несиелік төлемдерін кейінге шегеру жеңілдігінен қағылуы мүмкін. Франциядағы төтенше са­нитарлық жағдай жөніндегі декрет бойын­ша кәсіпорындардың  әлеуметтік жә­не салықтық төлемдерін және ай сайын­ғы кредиттік берешектерін кейінге шегеру мүмкіндігі берілген.

АҚШ: Трамп тақ үшін алаң

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамы бойынша, ко­ро­навирустың салдарынан биыл әлемдік эко­номиканың өсімі 2,4 пайызға дейін тө­мен­­дейді. Ал егер пандемия әлі де ұзаққа со­зылса, әсіресе, Еуроодақ пен АҚШ аума­ғын­да таралу қарқыны артатын болса, жаһандық экономиканың өсімі 1,5 пайызға дейін құлдырауы мүмкін дейді ұйым ма­мандары. Атақты америкалық S&P рей­тинг­тік агенттігі ұсынған болжалды көрсет­кіш­тер де осыған шамалас: агенттік сарап­шы­ларының пікірінше, әлемдік ІЖӨ-нің жыл­дық өсімі 1-1,5 пайыздан аспайды. Ком­­панияның бас экономисі Пол Грюн­вальд­тің айтуынша, індеттің Қытай эко­но­микасына тигізер зардабы өзгелерден ай­тар­лықтай ауыр болады.  Десе де, эконо­мист індеттен айығып келе жатқан аспанас­ты елін­де «тұрақтандырудың алғашқы белгі­лері» пайда бола бастағанын айтады.

Әлемді аузына қаратқан экономист кесірлі кеселден АҚШ экономи­касының тартар зардабын да есептепті. Оның пікірінше, бірінші тоқсанда Американың ішкі жалпы өнімі 1 пайызға, ал екінші тоқсанда 6 пайызға құлдырайды. Алайда жыл соңында жағдай тұрақталып, АҚШ-тың ІЖӨ өсімі бұған дейін болжанған 1,9 пайызға жетеді дейді маман.

Бүгінде АҚШ-та коронавирус жұқ­тыр­ған­дар саны 165 мыңнан асып жы­ғылды, 3 170 адам осы кеселден көз жұмды. До­нальд Трамп елдегі індет жұқтыру дерек­те­рінің Қытайдағы көрсеткіштен екі есе асып түсуін америкалықтардың жаппай тес­тілеуден өткізілуімен түсіндірді. Бас­тапқыда кеселдің зардабын жете баға­ла­маған, дерттен қорқып, даурыққандарды әзіл­ге қосқан АҚШ президенті қазір қал­жың­дауға құлықсыз. Елінің ертеңіне, өзінің бо­лашағына шын алаңдаулы. Мемлекетте шек­теу шараларының күшейтілуі кәсі­порын­дарының жабылуына, жұмыссыздар санының көбеюіне әкеп соққандықтан, мыз­ғымастай болып көрінетін АҚШ эко­номикасы да тығырыққа тірелді.

Конгресс Сенаты өткен аптада Аме­ри­ка экономикасына 2,2 трлн дол­лар көлемінде көмек көрсету шаралары тура­лы заңнама қабылдады. Бөлінетін қар­­жының 500 млрд доллары эконо­мика­ның ең көп зардап шеккен салаларына ба­ғыт­талса, 350 млрд доллары шағын және ор­та бизнесті несиелеуге жұмсалады. 0,5 трлн доллар америкалықтарға бір реттік кө­мек ретінде үлестіріледі. Жүздеген мил­лион доллар денсаулық сақтау жүйесінің қа­жеттіліктеріне – дәрі-дәрмек, медицина құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталады. Ал 0,4 млрд доллар жұмыссыздарға жәрде­мақы төлеуге жұмсалмақ. Соңғы жылдары жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақыға аптасына шамамен 200 мыңдай өтініш түс­се, өткен аптада 3,3 миллионға жуық адам өтініш жолдаған. Бұл өзін-өзі қаржы­лан­дыратын азаматтарды қоспағандағы көр­сеткіш, оларға жәрдемақы төленбейді.

Ел экономистері қазіргі қиын­дық­тар­ды еңсеру 2007-2009 жылдардағы дағ­дарыстан әлдеқайда ауыр болады деген пі­кірде. Өйткені ол кезеңде бизнес жұмыс істеуге құлшынып тұрды, бірақ ақша бол­мады. Ал қазір қаржылай қолдау бар, алайда жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Мұндай жағ­дайда АҚШ-та қарқынды инфляция болуы мүмкін.

Дональд Трамп тұралаған эко­но­ми­каны үнемі қаржыландырып отыру мүмкін емесін түсінеді. Сондықтан шығын­ды азайту үшін коронавирустың таралуына байланысты енгізілген шектеу шараларын қыс­қартуға ниетті. Өткен аптада жасаған мәлімдемесінде АҚШ президенті Пасха қар­саңында, яғни 12 сәуірде карантиндік ша­ралардың бірқатары алынып таста­ла­тынын айтты. «Тұмаудан жыл сайын мың­да­ған адам көз жұмады. Алайда біз оған бай­ланысты мемлекеттің тіршілігін тоқ­татқан емеспіз. Жол апаттарынан болатын адам шығыны тіпті көп. Бірақ біз автокөлік шығарушыларға өндірісті тоқтат демей-міз», – деді Трамп.

АҚШ президенті індет ел аумағына жет­кенге дейінгі және одан кейінгі ке­зеңді са­лыстырып: «Мемлекеттің түбіне жету үшін ондағы жұмысты тоқтату жеткілікті. Үш апта бұрын біз АҚШ тарихындағы ең жо­ғары экономикалық көрсеткіштерге қол жет­кіздік. Содан кейін аяқ астынан бар­лы­ғын тоқтатуға тура келді», – деп кейіді. Трамптың елдің экономикалық қуаты үшін алаң­дағаны – өзінің абыройы үшін қам же­гені. Қарашаның ауылы алыс емес, демек, АҚШ-та президент сайлауы өтетін шақ та таяу. Ақ үйдің қожайыны сайлауалды бағ­дар­ламасын қарапайым қағидаға негіз­де­мекші еді: «Мен сендердің әл-ауқаттарыңды арт­тырдым, сендер мені екінші мерзімге қал­дырыңдар». Кесірлі кесел Дональд Трамп­тың бұл жоспарының күлін көкке ұшыр­мақ. Десе де, ол елде енгізілген каран­тиндік шараларды алып тастай алмайды. Өйткені қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі ел тұрғындарының көпшілігі шектеулерді қол­дайтынын көрсетті. Трамп бір жағынан аурудың қарқынды таралуына айыпты болу­дан сескенсе, екінші жағынан эконо­ми­каның құлдырауына жауапты болғысы келм­ейді. Сондықтан бірнеше ай бойы каран­тинде отыру мүмкін еместігін, шектеу шаралары ұзаққа созылмайтынын халық­тың құлағына сіңіруге кірісті.

Әзірге әлемде COVID-19 індетімен кү­ресудің екі-ақ жолы белгілі. Бірін­шісі – қатаң карантинді және оны бұз­ған­дар­ды аяусыз жазалау тәртібін ұстанатын Қытай жолы. Екіншісі – карантиндік шара­лардан түбегейлі бас тартқан Швеция жолы. Швеция билігінің пікірінше, аурудың та­ралуына тосқауыл қою мүмкін емес, сон­дық­тан адамдарды үйге қамап қоюдан нә­тиже шықпайды.  Ұжымдық иммунитетті кү­шейту шараларына ден қойған мемле­кет­те қоғамдық шараларды өткізуге тыйым са­­­лынбаған. Ірі сауда орталықтары, сая­бақтар мен көңіл көтеру орындары бұрын­ғыдай жұмыс істеуде. Соңғы дерек бойынша,  Швецияда коронавирус жұқтырғандардың саны 4 мың адамнан, ал індеттен көз жұм­ғандар қатары 150 адамнан асты. Десе де, ресми Стокгольм елде індеттің таралу қар­қы­ны Еуропаның өзге мемлекеттерінен ай­тар­лықтай бәсең екенін алға тартып, өз саясатының дұрыстығына шүбә келтірмей отыр.

Трамп та швед үлгісін басшылыққа алғанды құп көретіні анық. Егер шве­циялық тәжірибе сәтті аяқталса, өз елін­дегі шектеу шараларын түбегейлі алып тас­тауға күш салатыны кәміл. Әзірге АҚШ Ита­лия сценарийін қайталап келеді: каран­тиннен экономика мен дені сау адамдар ғана зардап шегуде, ал індет ел аумағын ер­кін кезіп жүр. Егер жағдай ушыға түсер бол­са, медицинаға артылар ауыр салмақ пен экономикаға түсер қысымнан аузын ай­ға білеген алпауыт Американың өзі айыға ал­май қалуы ғажап емес.

Қазақстан: Ең басты капитал – адамның өмірі мен денсаулығы

Әлемдік экономиканың құрамдас бөлі-гі – Қазақстан экономикасы үшін де ауыр ке­­­зең туды. Қара алтыннан нә­сібін тауып отырған елімізге ең әуелі мұнай бағасының құл­дырауы соққы болды. ОПЕК+ қаты­сушы­ларының сәтсіз келіс­сөздерінен кейін 9 наурызда 30 пайызға арзандаған Brent маркалы мұнайының құны әлі көтерілген жоқ. Алпауыттардың өзара келісе алмауы­нан қара алтын өн­діруші елдің барлығы зардап шегуде. Халықаралық S&P рейтингтік агент­тігінің есебінше, мұнай-газ секторы Қа­зақстанның ішкі жалпы өнімінің 15 пайы­зын құрайды және бюджет түсімінің 40 пайызы осы саланың үлесі. Еліміздегі 30 ірі салық тө­леушілердің 18-і – мұнай және газ өн­дірі­сімен айналысатын компаниялар. Өткен жы­лы олар ел қазынасына 4,3 трлн теңгеден астам қаржы құйған.

Қазақстан мұнай сервистік компания­лары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, қара алтын құны қазіргі деңгейден көтерілмесе, бюджет дефициті ІЖӨ-нің 1,2 пайызын құ­рауы мүм­кін, ал мұнай мен газ экспорты­нан түсе­тін табыс үш есе қысқаруы ықти­мал.

Қазақстан қаржыгерлері қауым­дас­тығы­ның дерегінше, қаңтар айында қара алтын мен көгілдір отын саудасынан түсетін қа­зына кірісі 900 млн долларға азай­ған. Кө­мірсулар құны жақын арада кө­терілмесе, шы­ғы­нымыз көбейіп кетпек дей­ді маман­дар.

Рашид Жақсылықовтың пікірінше, қа­зіргі жағдайда мұнай-газ секторы­ның басты міндеті – жұмыс орындарын сақтап қалу. Мұн­дай сәтте мұнай бағасының төмендігі қара алтын өндірушілерге емес, мұнай сервис саласына соққы болмақ. Аталған салада 2 мыңнан астам компания қыз­мет етуде. Олар 200 мыңнан астам адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Мұнай-газ ком­паниялары бюджетінің азайтылуы және жүзеге асырылып жатқан жобалардың мәресіне жетуіне байланысты жұмыс орын­дарының саны біршама қысқаруы мүмкін. Мәселен, жазда Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасына жұмылдырылған 5 мың­ға жуық адамның қызметі аяқталады.

Ел экономикасының тұрақтылығына әсер ететін екінші фактор – індеттің та­ралуын тежеу мақсатында енгізілген шек­теу шаралары.  16 наурыздан бастап Қа­зақ­стан аумағында төтенше жағдай режимі енгізіліп, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. 30 наурыздан бастап екі қаладағы барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында карантин  шаралары енгізілді. Бірқатар елді мекенде ірі сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орын­дары, мәдениет ошақтары жабылды. Көлік қоз­ғалысы шектелді. Теміржол, әуе тасы­малы тоқтатылды.

Бұл шектеулер аталған салаларды шы­­ғынға ұшыратып, елдің эко­но­ми­калық көрсеткіштеріне кері әсер ететіні белгілі. Ең әуелі, бюджеттік түсімдер азаяды. 2020 жылдан бастап шағын және орта биз­нестің корпоративті табыс салығы ай­мақ­тардың бюджетіне берілгені мәлім. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында еліміздегі ша­ғын бизнестің 41,77 пайызы, орта биз­нестің 23 пайызы шоғырланған. Олардың қыз­метінің шектелуі жергілікті бюджет табысын азайтады.

Алайда карантиндік шаралар енгі­зілмесе, ауруды ауыздықтау мүмкін емес. Егер кесел ошақтары бақылаудан шығып, індеттің таралу ауқымы ұлғайып кетсе, оның зардабы қандай болатынын болжаудың өзі қорқынышты. Санаулы аптада «табыттар еліне» айналып, тағдыры қыл үстінде тұрған Италияның, әрбір 17 минут сайын кісі өлімі тіркеліп жатқан АҚШ-тың жағдайын басқа бермесін.

Еліміздің ең басты капиталы – адам­ның өмірі мен денсаулығын қорғау­ды бірінші орынға қоятын мемлекет бас­шылығы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дырмай» тығырықтан шығудың бар ама­лын қарастыруда. Үкімет төтенше жағ­дай кезінде қиындыққа тап болған кә­сіп­керлерді қолдаусыз қалдырмауға уәде берді. Шағын және орта бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылғаны мәлім. Бұ­дан бөлек, Үкіметтің 20  наурыздағы Жар­лығы бойынша ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен денешынықтыру-сауық­тыру және спорт ғимараттары бойын­ша заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер мүлік салығынан, ауыл шаруашылығы өні­мін өндірушілер жер салығынан, салық салудың жалпы белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер жеке та­быс салығынан жыл соңына дейін боса­тылды.

Сонымен қатар Ұлттық банк және Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төтенше жағдайдан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлерді қолдаудың арнайы бағдарла­масын әзірледі. Бағдарламаға 600 млрд теңге бөлініп, қаражат елдегі 13 ірі банкке тапсырылмақ. Банктер жұмысы тұралаған бизнес өкілдеріне 8 пайыздан аспайтын жыл­дық мөлшерлемемен 12 ай мерзімге жеңілдетілген несие береді.

Жалпы, елімізде дағдарысқа қарсы күреске 4,4 трлн теңге бөлінді. Оның 2,1 трлн теңгесі республикалық бюд­жеттен алынса, 1,8 трлн теңгесі – Ұлттық қор қаражаты. Қалған шығындар  инфра­құры­лымдық облигацияларға қаражат тарту есебінен жабылмақ.

Қазақстан экономикасын қолдауға ба­ғытталған шаралардың нәтижесін уа­қыт көрсетеді. Індеттің таралуы қашан тоқ­­тайтынын, кәсіпорындар қалыпты жұ­мы­сына қай уақытта көшетінін болжау қиын. Бір білеріміз, кесірлі кесел салғырт­тық­ты кешір­мейді. Тәртіпке бағынғанымыз – өзімізді қорғағанымыз. Өзімізді қорғау арқылы ұлт­тың саулығын, елдің байлығын сақтап қал­мақпыз.

 

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Ешбір елдің жағдайы мәз емес

– Коронавирус ешбір елге аяушылық та­нытпайтынын дәлелдеді. Жаһан эконо­микасы, оның ішінде тез дамып келе жат­қан елдердің экономикасы көп зардап шегуі мүмкін. Соңғы жылдары Қытай эконо­ми­касы 8-9 пайыздық өсім көрсетті. Қатты құл­дырау болған жылдардың өзінде 6 пайыз­дан төмен түскен емес. Биыл аспа­насты елі 6 пайызға жетудің өзі арманға ай­налуы ғажап емес. Ал Ресей экономи­ка­сының өсімі соңғы алты жылда 1 пайызға да жетпеген. Індетпен күрес жұмыстары сол­түстіктегі көршіміздің онсыз да тұралап тұрған экономикасына үлкен соққы болары анық.

Өз елімізге келсек, соңғы үш жылда эко­номикамыздың қуаты  айтарлықтай артты. 4,5 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Биылғы көрсеткіштерді болжау қиын. Жыл­дағыдан төмен болатыны анық. Өйткені көрші елдермен шекара жабылды, алыс-беріс азайды, өндіріс бәсеңдеді. Қуатты үш көр­шіміз – Қытай, Ресей, Иран індеттің кең таралуына байланысты қауіпті мемлекет­тер­ге айналды. Ешкімнің жағдайы мәз емес, әркім өз мәселесін өз ішінде шешуі қажет.

Соңғы жаңалықтар