Айдос Сарым: Халыққа көрсетілген көмек көп ұзамай экономиканың игілігіне айналады
Айдос Сарым: Халыққа көрсетілген көмек көп ұзамай экономиканың игілігіне айналады
– Президент Үндеуінде айтылған шаралар еліміздің әлеуметтік, экономикалық тұрақтылығын сақтап қалуға бағытталып отыр. Меніңше, бұл дер кезінде қолға алынған шаралар. Мемлекет басшысы халықты сабырға шақыратын салмақты ұсыныстар айтты. Бұл – популизм емес, мемлекеттің, республикалық бюджеттің, Ұлттық қордың мүмкіндіктерін ескере отырып ұсынылған, ақылға салып таразыланған қадамдар. Бұған дейін мемлекеттік қолдау негізінен корпоративтік секторға бағытталатын. Елдегі сұранысты қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте банктерге көмек көрсетілді. Одан кейін құрылыс саласын жандандыруға көп қаражат бөлінді. Енді бұл жолы қоғамға, нақтырақ айтқанда, қазақстандықтардың басым бөлігінің табыс көзіне айналған шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілмек.
Коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай режимінің енгізілуі, шектеу шараларының күшейтілуі ең әуелі, қоғамдық тамақтану орындары, сауда орталықтары, көлік, туризм салаларының жұмысын тұралатты. Жұмыс берушілер қызметкерлерін жұмыстан шығаруға, жалақысын қысқартуға мәжбүр болды. Мемлекет өз азаматтарын қиындықта қалдырмас үшін табысынан айырылғандарға 42 500 теңге көлемінде көмек көрсетпек. Бастапқыда бұл көмек 1,5 миллион адамды қамтитыны айтылса, Мемлекет басшысы өз Үндеуінде бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болатынын жеткізді. Мемлекет тарапынан 3 миллионға жуық азаматқа көмек көрсетілмек. Мұндай қолдауға ие болған тұрғындар берілген қаражатты ең басты қажеттіліктерді өтеуге жұмсайтыны анық. Өз дүкендерімізден азық-түлік алады, ауыл-аймақтағы фермерлеріміз өсірген көкөністерді сатып алады. Яғни, бұл айналып келгенде экономикамызға оралатын қаржы. 3 млн азаматқа 3 айда 900 млн доллар төленетін болса, бұл қаражат көп ұзамай шағын және орта бизнестің айналымына түседі.