Түркістан облысында мұғалімдерді маска тігуге мәжбүрлеген

Түркістан облысында мұғалімдерді маска тігуге мәжбүрлеген

Түркістан облысында мұғалімдерді маска тігуге мәжбүрлеген
ашық дереккөзі

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы мектеп мұғалімдерін маска тігуге мәжбүрлеген. Аталған жайт «Nur Otan»-ның Партиялық бақылау комиссиясы ұйымдастырған тексеру барысында расталды. «Вирустың таралуына байланысты мұғалімдерді маска тігуге мәжбүрлеп жатыр. Оған уақытың мен тігін машинаңның бар-жоғына қарамай, әр мұғалім күніне 600 маска тігуі тиіс. Ол аздай, бұған бағынбағандар 15 000 теңге көлемінде ақшалай төлейді деп біздерді қорқытады. Бұл қаншалықты заңды? Осы мәселені тексеріп, мұғалімдерді қорқытып-үркітуден қорғауды өтінеміз. Мұғалімдер мұндай жайттарды дәлелдей алмайтын болғандықтан, бұл туралы ашық айтуға қорқады», - деп жазды «Қазақстандық шағым кітабы» сайтында ұстаздардың бірі. Мұндай хабарламаны «Nur Otan»-ның шұғыл мониторингі байқап қалған болатын. Партияның Сайрам аудандық Саяси кеңесі бюросының қаулысымен Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Оразалиев пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы К.Шадиев партиялық жауапкершілікке тартылды. Аудан басшылығына келешекте осындай тәртіп бұзушылыққа жол берілмеу керектігі ескертілді. Партияның баспасөз қызметінің ақпаратына жүгінсек, әлеуметтік желілердегі мониторинг қорытындысы бойынша Қызылорда облысы, Шиелі ауданы «Төңкеріс» ауыл аймағының әкіміне байланысты шағым тіркелген. Короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында мемлекетімізде шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан А.Нұрманов еліміздегі  енгізілген Төтенше жағдайдың талабын орындамай үйлену тойына қатысқан. Жүргізілген тексерістердің қорытындысы бойынша лауазымды тұлға партиялық жауапкершілікке тартылып, оны аудандық филиалдың саяси кеңесінің құрамынан шығару мәселесі қойылды. Сонымен бірге аудандық партиялық бақылау комиссиясы төрағасының А.Нұрмановты қызметінен босату туралы ұсынысы қолдау тапты.

 «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай азаматтардың қоғамдық қабылдаулардағы арыз-шағымдарына байланысты   «Nur Otan» партиясының өңірлердегі партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлық бойынша қоғамдық кеңестері жұмысының күшейтілгенін хабарлағанын атап өткіміз келеді. Азаматтардың арыз-шағымдарына шұғыл жауап беру үшін «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдауларының Call-орталықтары мен онлайн-сервистері күшейтілген форматқа көшірілді. Азаматтардың еңбек, әлеуметтік және басқа да құқықтарын қорғау, сондай-ақ, жұмыс берушілердің карантин мезгіліне байланысты ұсынылған жұмыс форматын сақтау мәселелері партиялық бақылауға алынды.