Атажұртқа келген қазақ артта қалған ағайынға алтын көпір
Атажұртқа келген қазақ артта қалған ағайынға алтын көпір
Рухани байланыс нығая түспек
Шетелден көшіп келіп жатқан қандастардың елдегі жағдайы және әлі де шетелде тұрып жатқан қазақтардың мәселесі бұған дейін біршама қордаланып қалған еді. Қазір бұл бағытта сең қозғалды деп айтуға болады. Алғаш «Отандастар қоры» құрылғанда қордың жұмысына қоғамның сенімсіздігі болғаны рас. Себебі бұған дейінгі қоғамдық қорлардың сенімсіздік ұялатқаны былай тұрсын, тіптен кейбір қолдау қорларының өздері делдалдық жасау немесе қандастардың мәселесін одан әрмен ушықтырғаны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда «Отандастар қорының» алғашқы қадамы көңілге үміт сыйлағаны рас. Оған да біраз себептер бар. Қазір, әсіресе шетелдегі қазақтардың жағдайын осы қордан сұрап біле аласыз. Шетелдегі қазақтармен қордың қарым-қатынасы тығыз. Мәселен, қазір шетелдегі қазақтардың санында нақтылық жоқ. Себебі кейбір елдерде адам саны ашық болғанымен ішіндегі диаспоралардың көрсеткіші жасырын. Оны алу бір сөзбен айтқанда, сол елдің құпиясына қол салу болып есептелуі мүмкін. Сонымен қатар кейбір елдерде азаматтардың құжатта ұлты көрсетілмегендіктен нақты санын алу қиындық тудырады. Мұндай елдерге Иран, Түркия секілді елдерді жатқызуға болады. Осындай кедергілердің арасынан барынша еппен шетелдегі қазақтардың кейбір аса қажетті статистикалық мәліметтерін «Отандастар қоры» түзіп шықты. Бұл көзге көрінбейтін жұмыс болғанымен аса маңызды мәселенің бірі. Өйткені кез келген жұмысты бастамас бұрын аудиторияның ауқымын бағамдап алу тәжірибенің белгісі. Бұл ретте қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов мырзаның еңбегін атап өту керек. «Отандастар қорының» тапсырысы негізінде «Қоғамдық пікір» зерттеу институты 2019 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде Қазақстанға қоныс аударғысы келетін қандастардың да санын анықтапты. Нақтырақ айтсақ, Өзбекстандағы 1,5 миллион қазақтың 37,6 пайызы немесе 564 мың адам, Ресейдегі 1 миллион қазақтың 12,3 пайызы немесе 123 мың адам, Моңғолиядағы 130 мың қазақтың 24,7 пайызы немесе 32 мың адам атажұртқа оралғысы келеді. Бұдан бөлек Қытайдағы саясатқа байланысты 800 мың қазақ құжаттарын түгендеп, Қазақстанға көшуге дайын отыр. Қорыта келгенде, кез келген әлеуметтік топтың мәселесімен айналысатын нақты бір орта сауатты да жауапты қызмет атқарғанда ғана түйткілді дүниенің түйіні шешіле түсетініне көз жеткендей. Оған себеп «Отандастар қоры» жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссияның кезекті талқысына екі мәселе қойылды. Екеуі де кезек күттірмейтін мәселелер. Жеке-жеке тоқталып өтсек: Комиссия отырсында сөз болған екі мәселе – қандастарды қашықтықтан оқыту және жері мен баспаналарының шырғалаңы. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қазір шетелдегі қазақтармен рухани қарым-қатынасты едәуір нығайтты деуге болады. Оған куә мәдени-рухани сабақтастықтар мен арнайы құрылған орталықтардың ашылуы. Бір өкініштісі, кейбір елдерде орталық ашуға кедергілер бар. Мәселен, Қытай және Иран секілді елдер. Бірақ мұны да айналып өтетін бір жол табылды. Ол – онлайн байланыс. Бүгінгі заманның жетістіктерін мейлінше пайдалану. Шетелден көшіп келетін қандастардың мәселесін іштегі және сырттағы деп екіге бөліп қарастыруға болады. Бірінші ішкі мәселеден бастайық. Елге келген әрбір қандастың атажұртқа сіңісіп кетуі, ортаға бейімделуі, тұрмыстық жағдайы, құжат мәселесі түбегейлі шешілді деуге келмейді. Бірақ бұрынғыдан қарағанда заң жобалары біршама жетілдірілді. – Елге келген әрбір қандастың әлеуметтік және құжат мәселелері шешілуі қажет. Себебі әрбір келген қандас келесі келетін ағайынның алтын көпірі, – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облыстық филиалының жетекшісі, Қарлығаш Қожамұхаммед. Ал екінші, сырттағы қазақтардың жағдайы. Бұрын бұл мәселе туралы сөз болғанда біздің шенеуніктер ат-тонын ала қашатын сылтауы бар еді. Ол «шетелдегі қазақ – шетелдің адамы. Біз олардың мәселесімен айналыспаймыз. Өзге елдің мәселесі» дейтін. Бұл қоғамда ашық айтылып жүрді. Бірақ осы жауапсыздықты, шетелдегі 7 миллионның үстіндегі этникалық қазақтарға деген қырсыздықты – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы және «Отандастар қоры» біршама ретке келтірді. Шетелдегі ағайынның да көкейіне үміт ұялады: «бізді де қорғайтын, қолдайтын ағайын бар» деп. Қазір Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қорының» әлемнің біраз қазақтар тұратын елінде орталықтары немесе өкілдері бар. Енді нақты жұмыс басталды. Қордың қоржыны қаншалықты қомақты екені белгісіз, алайда кейбір жұмыстардың шығынынан гөрі нәтижесі бар. Мәселен, біздің тақырыбымызға арқау болып отырған қашықтықтан оқыту немесе онлайн тілді үйрету. Қазір шетелде тұрып жатқан қазақтың бәрі қазақ тілін сақтап қалды, ана тілін біледі деу жалған сөз болар еді. Елдегі тіл мәселесі әлі шешілмей келе жатқанда шетелдегі қазақтың жағдайы бұдан сорақы. Мысалы, әлемді дүрліктірген вирустың алапаты Иран еліне қатты тиіп отыр. Осы кезде біздің қаракөз қандастарымыз қарап қалмай, сол өмір сүріп жатқан елдің амандығы үшін күресіп, волонтерлік жасап жүрген дәрігер қыздар туралы ақпарат тарады. Бізге сол қандастармен сұхбаттасу қиын болды. Себебі олардың тілі парсы тіліне ауып кеткен. Ал біз ол қандастарымызды кінәлауға хақымыз жоқ. Ол сол ортада өсті, сол елдің тілінде оқып ержетті. Мұндай мысал шетелдегі қазақтар арасында жетерлік. Әсіресе, еуропадағы қазақтардың ана тілін ұмытып бара жатқаны жайлы жиі айтылып жүр. Ал Ресейдегі қазақтардың басым көбі орыстанып барады. Сондықтан «Отандастар қоры» күресетін мәселенің ең талмау тұсынан бастады. Бұл өте қуантарлық жайт және елдегі халықтың да бұған қолдауы аса қажет.Қандастар көші ұлт демографиясына донор бола ала ма?
Мамандарды алаңдатып отырған жайт – халықтың демографиялық көрсеткіші. «Біздің ел үшін басты қауіп, кері көш болып тұр», – дейді «Отандастар қоры» ақпараттық-талдау департаментінің басқарушы директоры Н.Жәлиев. – Қазақстаннан қоныс аударушылардың 43,8 пайызын 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар құрайды. Бұл еңбек ресурстарының азаюына әкеледі. Тұрғындардың қартаюының жоғары көрсеткіштері еліміздің солтүстігі мен шығысында байқалады. Нақтырақ айтсақ, әрбір 100 балаға Қазақстан бойынша орта есеппен 65 жастан асқан 26 азаматтан келетін болса, яғни индекс 25,9 көрсетсе, Солтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш – 55,8, Қостанай облысында – 53,2, Шығыс Қазақстан облысында 47,4-ке жеткен. – Демографиялық ахуалды тұрақтандырудың екі жолы бар. Бірі табиғи жол. Туу көрсеткішінің өсуі және шет елдегі отандастарды донор ретінде елге тарту, – дейді Парламент Сенатының депутаты, Қоғамдық комиссияның төрағасы Мұрат Бақтиярұлы. Мұндай мәселе қазір әлемнің біраз елінде бар жағдай. Әсіресе, көршілес Ресей елі демографиялық ахуалға алаңдаулы. Сонымен қатар халық санын өсіру мақсатында жаңа жобаларды да дайындап үлгерді. Ресей билігі ерікті қоныс аударушыларды ынталандыруға күш салуға кірісті. Ресейдің демографиялық мәселелерін шешу үшін көршілес елдердегі отандастарын донор ретінде қабылдап, жақын жылдарда 5-10 миллион адамды өздеріне көшіруді жоспарлап отыр. Бұл үшін Ресей Федерациясына отандастарды ерікті көшірудің мерзімі шектелмеген мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2008 жылы Сыртқы істер министрлігіне бағынатын Федералдық агенттік құрылған. Міне, осы агенттік 30 млн шетелдік отандастарын елге қайтаруға күш салмақ. Бұл Ресейдің жалпы халық санының 20 пайызын құрайды. Дәл осылайша біздің елдегі «Отандастар қоры» да шетелде тұратын қандастарымызды атамекеніне қайтаруды мақсат тұтып отыр. Бұл ретте Ресей билігі қоныс аударушы отандастарына қаржылай көмек көрсетуде аянып қалмайтынын, қазынадан мол қаржы бөлетінін де аңғартты. Мысалы, Ресейде 4 адамнан тұратын қоныс аударушы отбасына тұрғын үй алу үшін – 600 мың рубль немесе 3,6 миллион теңге, кірісі жоқ отбасына 67 мың рубль немесе 402 мың теңге беруді міндеттеген. Олар әр отбасына 4 миллион теңге жұмсамақ болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 848 мың теңгені құрайды. Соңғы 10 жылда Қазақстаннан Ресейге 300 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Ал 2020 жылы елге ораламын деген қандастарымызға квота бойынша 1 378 орын ғана белгіленді. Әрине, бұл салыстырма тек көші-қон саясатын мейлінше ұғынықты тілде жеткізу мақсатында түзіліп отыр. Алайда Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне қарағанда, жан басына шаққандағы ІЖӨ бойынша Қазақстан Ресейден сәл ғана кейін келеді. Демек, салыстыра қарауға да болады деген сөз.Шеттегі қазақтың ұлттық болмысын қалай сақтап қаламыз?
Шетелдегі қазақты сақтап қалудың жалғыз жолы оларды жаппай елге көшіріп әкелу десек қателесеміз. Ал көшіріп алмасақ, қалай сақтап қаламыз? Әрине, олармен қарым-қатынас тығыз болу керек. Мәдени-рухани байланыс, барыс-келіс, еңбек ету, оқу, тағысын тағылар. Мәселен, шетелден көшіп келетін қазақтардың ішінде бұрынғы Одақтас 18 республикадан келген қандастардың елге сіңісіп кетуі жылдам. Мысалы, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы қазақтардың бұған дейін атамекенмен рухани-мәдени байланысы мықты болды. Қазақстаннан қазақ тіліндегі газет-журнал, оқулықтар барып тұрды. Қазір бұл байланыстар саябырсыды. Бірақ заманға сай Қазақстанның барлық БАҚ-пен сусындап отыруға мүмкіндігі бар. Бұл ретте Моңғолия елінің ақпаратқа шектеу қоймауы, сол елдегі диаспоралардың бостандығын сыйлауы, демократиялық құндылықтарды сақтауы жоғары деңгейде. Том-том кітап, бума-бума газет-журналды қазір шетелге жіберу қиын, кедергі көп. Кедендік бекеттерден өту және жіберілген кітаптардың жол шығыны да аз емес. Міне, осы мәселе комиссияның безбеніне түсті. Отырысқа қоғамның әр саласынан және ең білікті мамандар қатысып, жан-жақты талқыланды. Өткен айда «Отандастар қоры» Ұлттық академиялық кітапхана жанынан «Отандастар» оқу залын ашқан және «Отандастар цифрлы кітапханасы» құрылды. Бұл қандастарымызға әлемнің кез келген жерінен қалаған кітабын оқуға мүмкіндік береді. Жат жерде жүрген қазақтарға қолдау көрсету бағытында оларға ана тіліндегі оқулықтар жіберу де өте маңызды іс. 2019-2020 оқу жылында Ресей, Моңғолия, Франция, Египет, Литва, АҚШ, Таиланд пен Малайзияға 28 618 гуманитарлық бағыттағы оқулықтар жіберіліпті. Алайда көп жағдайда бұл елдердің Сыртқы істер министрлігі сұранысқа сай емес деп, бұл оқулықтарды қабылдаудан бас тартатын көрінеді. Мемлекеттік қаржыға жіберілетін кітаптар шетелдіктер үшін бейімделмеген. Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова жиында «Шетелдегі қандастарымызға жіберілетін оқулықтарды министрлік шығармайды, біз ол істі бизнес ортаға бергенбіз. Бұл мәселемен негізінен баспалар айналысады» деген пікір айтты. Бұған аталған мәселе бойынша Қоғамдық комиссия мүшесі, Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожа: «Шетелге шығатын оқулықтарға Білім және ғылым министрлігі тікелей жауапты болуы керек. Сол кітаптардың қаржысын да, жеткізіп беру шығындарын да Қазақстан Үкіметі мойнына алуы қажет» деп қарсы пікір білдірді. Шетелдегі қандастарға арналған оқулықтар мен қазақ тілін үйретуші құралдарды әлі де жетілдіре түсу қажет екені баса айтылды. Қандастар тұратын шет мемлекеттермен үкіметаралық келісім жасап, қажетті кітаптарды шығару қажет. Рухани қазынаны шығаруға атсалысатын авторлар арасында қандастардан шыққан зиялы қауым өкілдері де болуы керек. «Шетелге бұрынғыдай том-том кітап жіберудің заманы кетті. Қазір кітаптардың тек электронды нұсқасымен қоса сол елдерге қаржысын жіберу қажет. Бұл бірінші жол шығынын үнемдейді», – дейді ғалым. Дипломат Қайрат Лама-Шәріптің айтуына қарағанда, мұндай оқу құралдарын бұл жақтан жібергенмен, ол жақтың оқу стандарттарына сай келмей қалатын жағдай жиі болады. Шетелдегі Қазақстанның кейбір елшіліктерінде шаң басып жатқан оқулықтар көп. Сондықтан әуелі, әр елмен жеке-жеке келісіп, сол елдің оқу стандартымен шарт жасасып алған соң оқулық жіберу қажет, – дейді.