Атажұртқа келген қазақ артта қалған ағайынға алтын көпір

Атажұртқа келген қазақ артта қалған ағайынға алтын көпір

Атажұртқа келген қазақ артта қалған ағайынға алтын көпір
ашық дереккөзі

Рухани байланыс нығая түспек

Шетелден көшіп келіп жатқан қан­дас­тардың елдегі жағдайы және әлі де шетелде тұрып жатқан қазақтардың мә­селесі бұған дейін біршама қордаланып қал­ған еді. Қазір бұл бағытта сең қозғалды деп айтуға болады. Алғаш «Отандастар қоры» құрылғанда қордың жұмысына қо­ғам­ның сенімсіздігі болғаны рас. Себебі бұ­ған дейінгі қоғамдық қорлардың сенім­сіз­дік ұялатқаны былай тұрсын, тіптен кейбір қолдау қорларының өздері дел­далдық жасау немесе қандастардың мәсе­лесін одан әрмен ушықтырғаны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда «Отандастар қо­рының» алғашқы қадамы көңілге үміт сый­лағаны рас. Оған да біраз себептер бар. Қа­зір, әсіресе шетелдегі қазақтардың жағ­дайын осы қордан сұрап біле аласыз. Шет­ел­дегі қазақтармен қордың қарым-қа­тынасы тығыз. Мәселен, қазір шетелдегі қа­зақтардың санында нақтылық жоқ. Себебі кейбір елдерде адам саны ашық бол­ғанымен ішіндегі диаспоралардың көр­сеткіші жасырын. Оны алу бір сөзбен айт­қанда, сол елдің құпиясына қол салу бо­лып есептелуі мүмкін. Сонымен қатар кейбір елдерде азаматтардың құжатта ұлты көрсетілмегендіктен нақты санын алу қиындық тудырады. Мұндай елдерге Иран, Түркия секілді елдерді жатқызуға болады. Осындай кедергілердің арасынан барынша еппен шетелдегі қазақтардың кейбір аса қажетті статистикалық мәліметтерін «Отан­дастар қоры» түзіп шықты. Бұл көзге кө­рін­бейтін жұмыс болғанымен аса маңыз­ды мәселенің бірі. Өйткені кез келген жұмысты бастамас бұрын аудиторияның ауқымын бағамдап алу тәжірибенің белгісі. Бұл ретте қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов мырзаның еңбегін атап өту керек. «Отандастар қорының» тапсырысы не­гізінде «Қоғамдық пікір» зерттеу институты 2019 жылы жүргізген әлеуметтік сауал­намалардың нәтижесінде Қазақстанға қо­ныс аударғысы келетін қандастардың да са­нын анықтапты. Нақтырақ айтсақ, Өзбекстандағы 1,5 мил­лион қазақтың 37,6 пайызы немесе 564 мың адам, Ресейдегі 1 миллион қазақтың 12,3 пайызы немесе 123 мың адам, Моң­ғо­лиядағы 130 мың қазақтың 24,7 пайызы немесе 32 мың адам атажұртқа оралғысы ке­леді. Бұдан бөлек Қытайдағы саясатқа бай­ланысты 800 мың қазақ құжаттарын тү­гендеп, Қазақстанға көшуге дайын отыр. Қорыта келгенде, кез келген әлеуметтік топтың мәселесімен айналысатын нақты бір орта сауатты да жауапты қызмет атқар­ғанда ғана түйткілді дүниенің түйіні ше­шіле түсетініне көз жеткендей. Оған себеп «Отандастар қоры» жанынан арнайы комиссия құрылды. Комис­сия­ның кезекті талқысына екі мәселе қойыл­ды. Екеуі де кезек күттірмейтін мәселелер. Жеке-жеке тоқталып өтсек: Комиссия отыр­сында сөз болған екі мәселе – қан­дас­тарды қашықтықтан оқыту және жері мен баспаналарының шырғалаңы. Дүниежүзі қазақтарының қауымдас­тығы мен «Отандастар қоры» қазір шетелдегі қазақтармен рухани қарым-қатынасты едәуір нығайтты деуге болады. Оған куә мәдени-рухани сабақтастықтар мен арнайы құрылған орталықтардың ашылуы. Бір өкініштісі, кейбір елдерде орталық ашу­ға кедергілер бар. Мәселен, Қытай және Иран секілді елдер. Бірақ мұны да айналып өтетін бір жол табылды. Ол – онлайн байланыс. Бүгінгі заманның жетістіктерін мейлінше пайдалану. Шетелден көшіп келетін қандастардың мә­селесін іштегі және сырттағы деп екіге бөліп қарастыруға болады. Бірінші ішкі мәселеден бастайық. Елге келген әрбір қандастың атажұртқа сіңісіп кетуі, ортаға бейімделуі, тұрмыстық жағ­дайы, құжат мәселесі түбегейлі шешілді деуге келмейді. Бірақ бұрынғыдан қара­ғанда заң жобалары біршама жетілдірілді. – Елге келген әрбір қандастың әлеумет­тік және құжат мәселелері шешілуі қажет. Се­бебі әрбір келген қандас келесі келетін ағайынның алтын көпірі, – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облыстық филиа­лы­ның жетекшісі, Қарлығаш Қожамұхаммед. Ал екінші, сырттағы қазақтардың жағ­дайы. Бұрын бұл мәселе туралы сөз бол­ғанда біздің шенеуніктер ат-тонын ала қа­ша­тын сылтауы бар еді. Ол «шетелдегі қазақ – шетелдің адамы. Біз олардың мә­селесімен айналыспаймыз. Өзге елдің мә­селесі» дейтін. Бұл қоғамда ашық айтылып жүрді. Бірақ осы жауапсыздықты, шетелдегі 7 миллионның үстіндегі этникалық қа­зақ­тарға деген қырсыздықты – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Дүние­жүзі қазақтарының құрылтайы және «Отан­дастар қоры» біршама ретке келтірді.  Шет­ел­дегі ағайынның да көкейіне үміт ұяла­ды: «бізді де қорғайтын, қолдайтын ағайын бар» деп. Қазір Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы мен «Отандастар қорының» әлем­нің біраз қазақтар тұратын елінде орта­лық­тары немесе өкілдері бар. Енді нақты жұмыс басталды. Қордың қоржыны қан­ша­лықты қомақты екені белгісіз, алайда кей­бір жұмыстардың шығынынан гөрі нә­тижесі бар. Мәселен, біздің тақыры­бы­мызға арқау болып отырған қашықтықтан оқыту немесе онлайн тілді үйрету. Қазір шетелде тұрып жатқан қазақтың бәрі қазақ тілін сақтап қалды, ана тілін біледі деу жалған сөз болар еді. Елдегі тіл мәселесі әлі шешілмей келе жатқанда шетелдегі қа­зақтың жағ­дайы бұдан сорақы. Мысалы, әлемді дүрліктірген вирустың ала­паты Иран еліне қатты тиіп отыр. Осы кез­де біздің қаракөз қандастарымыз қарап қал­май, сол өмір сүріп жатқан елдің аман­дығы үшін күресіп, волонтерлік жасап жүрген дәрігер қыздар туралы ақпарат та­ра­ды. Бізге сол қандастармен сұхбаттасу қиын болды. Себебі олардың тілі парсы тіліне ауып кеткен. Ал біз ол қандаста­ры­мыз­ды кінәлауға хақымыз жоқ. Ол сол орта­да өсті, сол елдің тілінде оқып ержетті. Мұндай мысал шетелдегі қазақтар арасында жетерлік. Әсіресе, еуропадағы қазақ­тар­дың ана тілін ұмытып бара жатқаны жайлы жиі айтылып жүр. Ал Ресейдегі қазақтардың басым көбі орыстанып барады. Сондықтан «Отандастар қоры» күресетін мәселенің ең талмау тұсынан бастады. Бұл өте қуантар­лық жайт және елдегі халықтың да бұған қол­дауы аса қажет.

Қандастар көші ұлт демографиясына донор бола ала ма?

Мамандарды алаңдатып отырған жайт – халықтың демографиялық көр­сеткіші.  «Біздің ел үшін басты қауіп, кері көш болып тұр», – дейді «Отандастар қо­ры» ақпараттық-талдау департаментінің басқарушы директоры Н.Жәлиев. – Қа­зақстаннан қоныс аударушылардың 43,8 пайы­зын 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар құрай­ды. Бұл еңбек ресурстарының азаюына әкеледі. Тұрғындардың қартаюының жоғары көрсеткіштері еліміздің солтүстігі мен шығысында байқалады. Нақтырақ айт­сақ, әрбір 100 балаға Қазақстан бойынша орта есеппен 65 жастан асқан 26 азаматтан келетін болса, яғни индекс 25,9 көрсетсе, Солтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш – 55,8, Қостанай облысында – 53,2, Шығыс Қа­зақстан облысында 47,4-ке жеткен. – Демографиялық ахуалды тұрақ­тан­дырудың екі жолы бар. Бірі табиғи жол. Туу көрсеткішінің өсуі және шет елдегі отандас­тарды донор ретінде елге тарту, – дейді Пар­ла­мент Сенатының депутаты, Қоғам­дық комиссияның төрағасы Мұрат Бақ­тияр­ұлы. Мұндай мәселе қазір әлемнің біраз елінде бар жағдай. Әсіресе, көршілес Ресей елі демографиялық ахуалға алаңдаулы. Со­нымен қатар халық санын өсіру мақ­сатын­да жаңа жобаларды да дайындап үлгерді. Ресей билігі ерікті қоныс аударушыларды ынталандыруға күш салуға кірісті. Ресейдің демографиялық мәселелерін шешу үшін көршілес елдердегі отандастарын донор ретінде қабылдап, жақын жылдарда 5-10 миллион адамды өздеріне көшіруді жос­парлап отыр. Бұл үшін Ресей Федерациясына отандастарды ерікті көшірудің мерзімі шектелмеген мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2008 жылы Сыртқы істер министрлігіне бағынатын Федералдық агенттік құрылған. Міне, осы агенттік 30 млн шетелдік отандастарын елге қайтаруға күш салмақ. Бұл Ресейдің жалпы халық санының 20 пайызын құрайды. Дәл осылайша біздің елдегі «Отандастар қоры» да шетелде тұратын  қандастарымызды атамекеніне қайтаруды мақсат тұтып отыр. Бұл ретте Ресей билігі қоныс аударушы отан­дастарына қаржылай көмек көрсетуде аянып қалмайтынын, қазынадан мол қаржы бөлетінін де аңғартты. Мысалы, Ресейде 4 адамнан тұратын қоныс аудару­шы отбасына тұрғын үй алу үшін – 600 мың рубль немесе 3,6 миллион теңге, кірісі жоқ отбасына 67 мың рубль немесе 402 мың теңге беруді міндеттеген. Олар әр отбасына 4 миллион теңге жұмсамақ болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 848 мың тең­гені құрайды. Соңғы 10 жылда Қазақ­стан­нан Ресейге 300 мыңнан астам адам көшіп кет­кен. Ал  2020 жылы елге ораламын деген қандастарымызға квота бойынша 1 378 орын ғана белгіленді. Әрине, бұл салыстырма тек көші-қон саясатын мейлінше ұғынықты тілде жеткізу мақсатында түзіліп отыр. Алайда Дүние­жүзілік банктің мәліметтеріне қарағанда, жан басына шаққандағы ІЖӨ бойынша Қа­зақстан Ресейден сәл ғана кейін келеді. Демек, салыстыра қарауға да болады деген сөз.

Шеттегі қазақтың ұлттық болмысын қалай сақтап қаламыз?

Шетелдегі қазақты сақтап қалудың жал­­­ғыз жолы оларды жаппай елге көшіріп әкелу десек қателесеміз. Ал көшіріп ал­масақ, қалай сақтап қаламыз? Әрине, олар­мен қарым-қатынас тығыз болу керек. Мәдени-рухани байланыс, барыс-келіс, еңбек ету, оқу, тағысын тағылар. Мәселен, шетелден көшіп келетін қа­зақ­тардың ішінде бұрынғы Одақтас 18 рес­публикадан келген қандастардың елге сіңі­сіп кетуі жылдам. Мысалы, Моңғо­лия­ның Баян-Өлгей аймағындағы қазақтардың бұған дейін атамекенмен рухани-мәдени бай­ланысы мықты болды. Қазақстаннан қа­зақ тіліндегі газет-журнал, оқулықтар ба­рып тұрды. Қазір бұл байланыстар сая­быр­сыды. Бірақ заманға сай Қазақстанның барлық БАҚ-пен сусындап отыруға мүм­кіндігі бар. Бұл ретте Моңғолия елінің ақ­паратқа шектеу қоймауы, сол елдегі диаспоралардың бостандығын сыйлауы, демократиялық құндылықтарды сақтауы жоғары деңгейде. Том-том кітап, бума-бума газет-журнал­ды қазір шетелге жіберу қиын, кедергі көп. Кедендік бекеттерден өту және жіберілген кітаптардың жол шығыны да аз емес. Міне, осы мәселе комиссияның безбеніне түсті. Отырысқа қоғамның әр саласынан және ең білікті мамандар қатысып, жан-жақты талқыланды. Өткен айда «Отандастар қоры» Ұлттық академиялық кітапхана жанынан «Отандастар» оқу залын ашқан және «Отандастар цифрлы кітапханасы» құрылды. Бұл қан­дастарымызға әлемнің кез келген жерінен қалаған кітабын оқуға мүмкіндік береді. Жат жерде жүрген қазақтарға қолдау көр­сету бағытында оларға ана тіліндегі оқу­лықтар жіберу де өте маңызды іс. 2019-2020 оқу жылында Ресей, Моңғолия, Франция, Египет, Литва, АҚШ, Таиланд пен Ма­лайзияға 28 618 гуманитарлық бағыт­тағы оқулықтар жіберіліпті. Алайда көп жағдайда бұл елдердің Сыртқы істер министрлігі сұранысқа сай емес деп, бұл оқу­лықтарды қабылдаудан бас тартатын көрінеді. Мемлекеттік қаржыға жіберілетін кітаптар шетелдіктер үшін бейімделмеген. Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова жиында «Шетелдегі қандастарымызға жіберілетін оқулықтарды министрлік шығармайды, біз ол істі бизнес ортаға бергенбіз. Бұл мәселемен негізінен баспалар айналысады» деген пікір айтты. Бұған аталған мәселе бойынша Қоғамдық комиссия мүшесі, Түркітану және Алтай ғы­лыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожа: «Шетелге шығатын оқулықтарға Білім және ғылым министрлігі тікелей жауапты болуы керек. Сол кі­таптардың қаржысын да, жеткізіп беру шығындарын да Қазақстан Үкіметі мойнына алуы қажет» деп қарсы пікір білдірді. Шетелдегі қандастарға арналған оқу­лықтар мен қазақ тілін үйретуші құрал­дарды әлі де жетілдіре түсу қажет екені баса айтылды. Қандастар тұратын шет мемлекеттермен үкіметаралық келісім жасап, қажетті кітаптарды шығару қажет. Рухани қазынаны шығаруға атсалысатын авторлар арасында қандастардан шыққан зиялы қауым өкілдері де болуы керек. «Шетелге бұрынғыдай том-том кітап жіберудің заманы кетті. Қазір кітаптардың тек электронды нұсқасымен қоса сол елдерге қаржысын жіберу қажет. Бұл бірінші жол шығынын үнемдейді», – дейді ғалым. Дипломат Қайрат Лама-Шәріптің ай­туы­на қарағанда, мұндай оқу құралдарын бұл жақтан жібергенмен, ол жақтың оқу с­тандарттарына сай келмей қалатын жағдай жиі болады. Шетелдегі Қазақстан­ның кейбір елшіліктерінде шаң басып жатқан оқулықтар көп. Сондықтан әуелі, әр елмен жеке-жеке келісіп, сол елдің оқу стандартымен шарт жасасып алған соң оқулық жіберу қажет, – дейді.