Аты «нұрлы» болғанмен, күйі «мұңлы»...

Аты «нұрлы» болғанмен, күйі «мұңлы»...

Аты «нұрлы» болғанмен,  күйі «мұңлы»...
ашық дереккөзі
2009 жылы мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Красный Яр ауылдық округінде шетелден көшіп келген қандастарға арнап, (Нұрлы көш ауылында) барлығы 274 қоспәтерлі 138 тұрғын үй салынған. Оған мың жарымдай адам орналасқан. Бұл құрылысқа 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Сол кездегі доллар бағамымен есептегенде әр үйге 59 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың депозиттік несиелеу бағдар­ламасы бойынша олар пәтер құнының 50 пайызын депозитінде жинақтауы қажет. Содан кейін оларға пәтерді 5 пайыз жеңілдік мөлшерлемемен сатып алу мүмкіндігі берілді. Яғни, жалға бе­рілген бұл баспана үшін олар әр ай сайын 7 мыңдай теңге төлеп тұруы тиіс. Сонда әр тұрғын үйдің орташа құ­ны 3 миллион 200 мың теңге болып есеп­телген. Осылайша 215 шарт жасалады. Үш жақты келісімшарт аясында жалға алынған пәтерлердің 1 шаршы метрін жалдау құны 88 теңге, айына орташа төлем 6 866 теңгені құрайды. Бірақ көптеген салымшы шарт талаптарын орындамаған. Себебі сапасыз салынған үйлердің құнын төлеуден бас тартқан. 215 үйдің екеуі ғана кесте тәртібімен жарналарды төлеп біткен. (Бірақ осы төлеп біткен екі отбасының да үйінің құжаты жоқ) Қазір тұрғын­дардың жалпы берешегі 73,4 миллион теңгеге жетті. Ал келісімшарт бойынша тұрғындар 2015 жылы несиені төлеп бітіруі тиіс еді. Ауылдың алғашқы жоспарында ба­лабақша, мектеп, емхана, жол, ауызсу және сапалы үйлермен қамтылуы қа­жет болған. Алайда имфрақұрылым мүл­де жоқ. Күзде кірген тұрғындардың үйлері қыс ортасында қабырғалары жа­рылып, көктемде кейбір үйлер құ­лай бастаған. Тұрғындар бұл күрмеуі қиын мәселені шешу үшін билік өкіл­дерінен көмек сұрап отырғандарына 10 шақты жылдың жүзі болды. Бұл мәселе газетіміздің №1 (09.01.20) санында ATAJURT жобасы ая­сын­да жан-жақты жазылған болатын. Үкіметке хат жазып, тұрғын­дар­дың арыз-тілегін жеткізген едік. Хатқа  ресми әрі заңды жауаптар келді. Енді бұл мәселемен «Отандастар қо­ры» айналыса бастады. Қордың жа­нынан құрылған Қоғамдық комис­сия­ның кезекті отырысында осы мәселе талқыланды.  «Отандастар қоры» Қо­ғам­дық комиссия барысында бұл мә­селеге қатысты азаматтардың бар­лы­ғын бір үстелдің басына жинап, бетпе-бет талқылауға салды. Бұл мәселеге жауап­ты Көкшетау қаласы әкімінің орын­басары Бейбіт Жүсіпов те қа­тысты. Әкім орынбасарының айтуына қа­рағанда, ондағы үйлердің құжат­тары енді қалпына келтіріліп жатқан көрінеді. Жағдайды түзету және қар­жылық жүктемені төмендету үшін 238 келісімшарт қайта жасалған. Қазіргі уақытта 138 тұрғын үйдің 35-і күрделі жөндеуді, 102-сі ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Көкшетау қаласының әкім­дігі 1 наурыздан бастап шілдеге дейін ревизия жүргізіп жатыр. Сапасыз салынған үйлерді қалпына келтіру үшін 10 жылдың ішінде облыс бюдже­тінен 237 миллион теңге жұмсалған. Қал­ған үйлердің жағдайын бағалап, жо­ба жасау үшін 15,7 миллион теңге қа­растырылып отыр. Осы жоба бойын­ша қалған үйлерді жөндеуге ақша бөлінеді. Елді мекенде бұрын жол жоқ болатын. Былтыр 2 шақырымдық жол төселіп, асфальтпен жабылды. Келесі жылы 280 орындық балабақша са­лынады,  – деп ақтала сөйлеген ше­неунік­тің сөзіне Қоғамдық комиссия­ның төрағасы Мұрат Бақтиярұлы қанағаттанбағанын айта келіп: «Қазір де сіз сырғытпа жауап беріп отырсыз. Біз қандастарымызды әкеліп, сондай жерге отырғызып қойдық. Бұл мәселе шешілмейтін болса, оны «Отандастар қоры» атынан және депутаттар атын да басқаша сипатта көтереміз. Биылдан қалдырмай шешіп беруіміз қажет. Өйткені ағайынның сенгені біз. Басқа органдарға айта-айта нәтиже бол­маған сияқты. Ал сапасыз үй салған компаниялар туралы мәліметті Бас прокуратураға бердік. Оны бір емес, бір­неше компания салған. Көбі банкрот болған. Кейбір компания иелері Ре­сейге көшіп кеткен. Соны қабылдап ал­ған адамдарда жауапкершілік бол­маған»,  – деді сенатор. – 2019 жылы қараша айында әріп­тестерімізбен Көкшетау қаласы Красный Яр ауылындағы үйлерді көзіміз­бен көрдік.10-15 үйді араладық. Үйлер­дің жалпы жағдайы адам айтқысыз дә­ре­жеде. Үй қабырғалары өте жұқа, ір­­­­гетасы жоқ, едендеріне қарақағаз тө­­селген. 2009-2010 жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған үй­лер­дің әрбіріне сол кездегі доллар ба­ға­мымен 59 мың доллар қаржы жұм­сал­­ған. Осы үйлердің сапасыз салын­ға­нын, қаржының талан-таражға түс­кенін айтып, бір топ депутат Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлына де­путаттық сауал жолдадық. Бірақ бұл мәселенің шешілетін бір-ақ жолы бар. Ол – сол үйлерді же­рі­­мен бірге кезінде алған азаматтарға же­кешелендіріп беру. Олар біздің аза­маттарымыз, отандастарымыз. Сон­дық­тан Үкімет бұл мәселені солардың пай­дасына шешіп беруі қажет, – дейді Се­нат депутаты және Қоғамдық ко­мис­сияның төрағасы Мұрат Бақ­тияр­ұлы.