Жаңалықтар

Әлеуметтік төлем алу үшін құжат жинаудың қажеті жоқ – министр

ашық дереккөзі

Әлеуметтік төлем алу үшін құжат жинаудың қажеті жоқ – министр

Елімізде төтенше жағдай режиміне байланысты әлеуметтік төлем төлеу талаптары жеңілдейді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.  «Біріншіден, төлем алатындар қатары артты. Бұрын айына 42,5 мың теңге әлеуметтік төлемге алатындар қатарына жаңа санаттар қосылды. Бұл субъектілері жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету болып табылатын, салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын төлеген азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша табыс алатын адамдар, сондай-ақ карантин енгізілген елді мекендердегі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысшылары», - дейді Дәурен Абаев Хабар24 арнасында өткен онлайн брифингте. Министр бұдан былай төлем алу үшін төтенше жағдайға байланысты жалақыдан айырылып қалғанын растайтын құжаттарды жинау қажеттілігі жоқ екенін айтты. «Бұрын әлеуметтік төлемдер туралы өтінішті жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін, жеке кәсіпкерлер, төтенше жағдай және бірыңғай жинақтық төлем жасаушылар өздері өтініш беретін. Жұмыс берушілер жұмысшылары төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын растайтын құжат ұсынып, жұмысшыларының тізімін және жалақысы сақталмаған еңбек демалысына шығару туралы бұйрығын көрсетуі керек болатын. Жаңа ереже бойынша, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын растайтын құжат талап етілмейді. Әлеуметтік төлем берілуі үшін жұмыс беруші жұмысшыларының тізімі бар өтініш береді. Ал жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем жасайтындар жеке мәліметтері жазылған өтініш қана береді. Жұмысшы бұл өтінішті өзі де жаза алады. Өтініш жазушылар ТЖ жағдайына байланысты табысынан айырылып қалу фактісіне байланысты жауапкершілікті өздеріне алады. Өтініш Электрондық үкімет веб-порталы арқылы жіберіледі» - деді министр. Тағы бір айта кетерлігі, төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қажетті қатысу мерзімі қысқартылды. Бұрын төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесінде соңғы 12 ай ішінде кем дегенде 3 ай қатысу талап етілетін. Енді, егер қызметкер (ЖК және ЖП дербес) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (АҚК үшін – БЖЗҚ-ға жарналар) соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударымдар жасаған болса, әлеуметтік төлемдер тағайындауға жеткілікті. МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемді тағайындауға үміткер азаматтарға әлеуметтік аударымдар немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, бұл автоматты түрде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ тексереді. Өтінімдерді қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 7-ден 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды.