Жаңалықтар

Байғали Есенәлиев: Шығармашылық меншікке қол сұғатындар – талантсыздар

ашық дереккөзі

Байғали Есенәлиев: Шығармашылық меншікке қол сұғатындар – талантсыздар

Өзге елдің әнін ғана емес, өз авторларымыз бір-бірінің шығармасын да көзді бақырайтып қойып «барымталауды» әдетке айналдырғандықтан авторлық ұйымдарға келіп түсетін арыз-шағымның көп болатыны айтпаса да түсінікті. Қазақстандағы авторлық құқық мәселесінің жай-жапсарын білу үшін «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы Байғали Есенәлиевпен әңгімелескен едік.

– Қазақстан авторлары қо­ғамы еліміздегі авторлық құ­қық саласын реттейтін негізгі ұйым екені белгілі. Авторлар ара­сындағы дау-дамай ең әуелі сіз­дердің құлақтарыңызға жетеді емес пе? Қазір «әнімді ұрлады», «ав­торлық құқығыма қол сұқты» деген арыз-шағымдармен жүгі­не­тіндер көп пе?

– Қазақстан авторлары қоғамы өз жұмысын бастағалы мұндай сарындағы шағымдар толастаған емес. Шығармашылық меншікке «жиендік жасайтындар» кеше де болған, бүгін де көбеймесе азайған жоқ. Бізге 1 айда кем дегенде 3-4 арыз-шағым келіп түседі. Араздасқан тараптарды сотқа жет­кізбей бітістіруге, авторлық құ­қығы тапталған адамның заң­ды меншігін өзіне қайтаруға күш саламыз. Мәселен, жуырда жасы жетпісті алқымдаған Айша Керімбаева деген ақын жүгінді. Әнші-сазгер Әбиірбек Тінәлиев бір кездері Айша апамыз жазып берген ән мәтінін өз атымен жариялап жүр екен. Үлкен кісі: «Баламдай адам ғой, мұнысы қалай?» деп әділдік орнатуды сұраған соң, әуелі әншіге хабарластық. Заң бойынша әрекет етер болсақ, бірден сотқа беруге болатын іс. Алайда ел алдында жүрген адам болғандықтан жалпақ жұртқа жариялап, бас салып сотқа сүйремей, бірінші өзіне ескерткенді жөн көрдік. Әбиірбек Тінәлиев өз тарапынан қателік кеткенін мойындап, бұдан былай Айша Керімбаеваның авторлығын көрсетуге уәде берді. Ал кейбір әншілерге заңбұзушылық жасап жүргенін айтсаң, «бұдан кейін бұл әнді орындамаймын» деп ат-тонын ала қашады. Онымен айыптан құтыла алмайтынын түсінбейді.

Өзгенің әнін меншіктеп алып, жиын-тойларда, облыс, аудан көлеміндегі шағын сахналарда шырқап жүргендердің заңсыз әре­кеті әшкере бола бермеуі мүм­кін. Әшкере болған күннің өзінде кең аудиторияға таралып үлгер­мегендіктен туындының нағыз авторлары көбіне кешірім жасайды. Заңбұзушылықтың ең үлкені – телеарна эфирінде басқаның туындысын өз атымен жариялау. Теледидардың көрермені көп болғандықтан, «барымташы» жалпақ жұрттың жадында әннің авторы ретінде сақталып қалады. Өкінішке қарай, телеарналардағы ре­дак­торлардың қателігінен та­лай туынды басқа автордың аты­мен жарияланып жүр. Мәселен, теледидардан берілген кон­церт­тердің бірінде Гүлнар Дәу­ке­нованың әні Мұқағали Мақа­таевтікі деп көрсетілген. Ком­по­зитор шағымданған соң, әннің орындаушылары – «Жігіттер» то­бына хабарластық. Олар теле­арна эфирінен берілетін жазбаға редакторлар жауапты екенін алға тартты. Демек, мүйізі қарағайдай теле­арнаның мамандары М.Мақатаевтың ән жазбағанын білмейтін болып тұр ғой.

– Технология дамыған бүгінгі заманда плагиат жасалғанын дәлелдеу, біреудің шығармашылық мүлкіне қол сұққан тараптың заңыз әрекетін әшкерелеу қиындық тудырмайтын болар?

– Әрине, оныңыз рас. Үлкен тәуекелге барып, 2010 жылы Швейцарияның авторлар қоғамынан КОСИС деп аталатын компьютерлік бағдарлама сатып алған болатынбыз. Қазақстан авторлары қоғамында тіркелген барлық авторлардың деректерін, туындыларын сол бағдарламаға енгізу арқылы қазір плагиатты бірден анықтай алатын дәрежеге жеттік. Басқа біреудің атымен жарияланып кеткен немесе мәтіні, нотасы ұрланған шығармаларды әшкерелеу қиындық тудырмайды.

Меніңше, біреудің шығармашылық мүлкіне қол сұғатындар – талантсыздар. Шығармашылық ортада оларды «өнерге жабысқан кене» деп атайды. Жақсы шығарманы талан-таражға түсіріп, өнер деген қасиетті жаратылыстың сөлін жан-жақтан сорып жатса, кене емей немене? Талантты автор плагиат жасамайды. Ол біреуден өлең немесе ән ұрлаудың дарынсыздық, қарақшылық екенін біледі. Мұндай авторларды құрметтеу керек, олар болмаса ән де, әнші де болмайтынын түсінген абзал. Көп әншілер, әсіресе жастар жағы елдің құрмет-қошеметіне бөленіп, құшағы гүлге толғаннан кейін авторға мұрын шүйіре қарайтыны қынжылтады. Шығарманың рухани һәм материалдық игілігі автор мен орындаушы арасында теңдей бөлінуі керек. Әншілер үлкен сарайларда, филармония, концерттік залдарда концерт береді де, авторлардың заңмен белгіленген үлесін төлегілері келмейді. Әсіресе, үлкен концерттер ұйымдастырумен айналысып жүрген продюсерлердің осындай қадамға баруы ұят. Олардың талайымен соттасып, ірі сомада өтемақы төлеуге мәжбүрлеп, тәртіпке көндірген жайымыз бар.

– Авторлық құқық мәселесіне асқан кірпияздықпен қарайтындар да бар шығар. Жастарға авторды құрметтеудің үлгісін көрсетіп жүрген кімдер?

– Қазақ эстарадасында автордың ең­бегін жоғары бағалайтын, жүр­ген жерінде аузынан тастамай айтып жүретін мәдениетті әншілер бар­шылық. Мысалы, Роза Рымбаева шы­ғармашылық кеші болардың алдын­да бізге өз өкілін жіберді. «Әндерімді жазып берген талантты аға-апаларым болмаса, мен Роза Рымбаева болар ма едім? Сондықтан ең әуелі авторлардың үлесін үлестіріп берейін» депті. Роза Қуанышқызының бұл сөзін продюсерінің аузынан естіп, қатты риза болдым. Әншінің биік парасаты мен мәдениеті осыдан-ақ көрінеді емес пе?

Авторларға құрмет көрсету тұр­ғы­­сынан Ескендір Хасанғалиев аға­мыздың да үлгісі ерек. Үнемі телефон шалып: «Қарағым, авторларға берешегім болса, айт. Өзім де автормын ғой. Мен ән жазсам, сөзін ақындар жазады. Халықтың автор мен орындаушыға құрметі тең болуы керек», – дейді. Әнші тек біреудің әнін орындаушы ғана емес, халықты мәдениетке тәрбиелеуші, идеология қалыптастырушы екенін өз ісі арқылы ұғындырып жүрген осындай кісілердің бары қуантады.

Роза Әлқожа, Гаухар Әлімбекова сынды қазақтың дарынды қыздары да – осы санаттағы өнерпаздар. Құдайберген Бекішевті де орындаушы этикасын асқан жауапкершілікпен қарайтын әнші деп білемін. Жуырда біздің ұйымға келіп, украин әнін орындағысы келіп жүргенін айтты. Кейін арада түсініспеушілік тумас үшін әннің авторымен байланысып, заңды түрде рұқсат алып беруімізді өтінді. Қазір Украинамен келіссөз жүргізіп, осы мәселені реттеудеміз. Әндері қазақ жерінде шырқалып жатса, оларға мәртебе емес пе? Музыка – ел мен елдің арасындағы шекараға, тілдік һәм мәдени айырмашылықтарға бағынбайтын өнер.

– Бір әннің екінші әнге ұқсас­тығы пайыздық көрсеткішпен шаққанда 25 пайыздан аспаса, плагиат болып есептелмейді дегенді естуіміз бар. Бұл қаншалықты рас?

– Авторлар арасындағы дау қатты шиеленісіп кеткен жағдайда Қазақстан Композиторлар одағында сарапшылар тағайындалады. Олар дауды әділ шешу үшін әндердің ноталарын салыстырып, ұқсастықты есептейді. Егер бір әннің екінші әнге ұқсастығы 25-28 пайыз шегінен асып кететін болса, мамандар екінші композитордың туындысын плагиат деп тануға мәжбүр болады. Тарихты қарасаңыз, материалдық мүлікке таласқан сияқты шығармашылық меншік үшін де адамдар бір-бірін өлтіруге дейін барған. Моцарт пен Сальеридің таласы екі ханзаданың тақ үшін таласындай болды емес пе? Өнер биігіндегі жалғыз шоқ жұлдыз боп қалғысы келген Сальеридің қарау пиғылы Моцартқа у берумен тынды. Технология дамыған қазіргі заманда ұрлығым елеусіз қалады, біреудің шығармасымен атымды шығарам деу – бос әурешілік. Мейлі «барымтаның» қарымтасы аса ауыр болмас, айыппұл төлеп құтылар. Бірақ «ұрлықшы», «қарақшы» деген атақ тағыну абыройлы нәрсе емес. Қазақстанда авторлық құқық саласына деген көзқарастың әлі жете қалыптаспағанын өкінішпен айтуға мәжбүрміз.

– Шетелдің авторлық қоғам­дар­ымен байланысты жандандырып келесіздер. Олардың тарапынан өз әндерінің Қазақстанда рұқсатсыз орындалып жатқаны туралы шағымдар түсіп тұра ма?

– Шетелде әрбір концерт, әрбір мейрамханада айтылған әндерді қадағалау күшті. Авторлық қоғамдар жан-жақтан хат жазып, өз авторларына тиесілі қаламақының дер кезінде аударылуын ұдайы ескертіп отырады. Алайда Қазақстанда өз әндерінің рұқсатсыз пайдаланылып жүргені жайлы шағымдар түскен емес. Бірақ ешкім шағымданбады екен деп, жатжұрттық шығармаларды меншіктеп ала беруге болмайды. Күні ертең елімізде өтетін Универсиада, ЭКСПО-2017 секілді халықаралық шаралар кезінде біреу-міреу өз елінің әнін танып қалса, ұрлығымызды бетімізге бас­пай ма? Мұның арты халықаралық дау-дамайға ұласып кетпесіне кім кепіл? Қай істе де әуелі ардан, заңнан аттамасақ екен деймін.

– Қазақ авторлар қоғамы автор­лардың мүліктік құқығын бас­­қарумен айналысатын елі­міздегі жалғыз ұйым емес. Сіздерден бөлек, Орын­дау­шы­лардың құқық­та­рын бас­қару қоғамы, Әндер автор­ла­рының одағы, Қазақ әндерін орындаушылардың қоғамы, «Абырой» атты авторлық қоғамы сияқты бірнеше ұйым тіркелген екен. Бірдей функция атқаратын бірнеше мекеменің қызмет етуі «қойшы көп болсаның» керін келтірмей ме?

–  Саламызды алға бастырмай тұрған түйткілдің бірі – осы. 2009 жылғы түзетулер мен толықтырулар кезінде Заңға білместікпен еніп кеткен 46-1-баптың кесірінен авторлық құқықты қорғағыштар қаптап кетті. Онда автор өзінің құқығын сеніп тапсырса да, тапсырмаса да, авторлық ұйымдар ол үшін қаламақы жинауға құқылы екені көрсетілген. Авторлардың сыйақыларын олардың келісімінсіз жинау арқылы біз олардың құқығын қорғаудың орнына аяқасты етіп отырмыз. Сайып келгенде, заңдас­ты­рылған жемқорлыққа жол аштық деуге болады.

Бұл бапты заңнан алып тастауға қанша рет күш салдық. Авторлардың құқығына Парламент мінберінде Нұрлан Оразалин ағамыз да араша түсті. Бірақ нәтиже болмады. Бұл әлемдік тәжірибеде жоқ дүние. Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, барлығында бір ғана авторлық ұйым жұмыс істейді. Өңірлерде сол ұйымның филиалдары ғана бар. Тек 50 штатты біріктіріп отырған АҚШ-та ғана авторлардың құқығын қорғайтын екі ұйым қызмет етеді. 320 млн халқы бар Америкада екі ұйым, 145 млн тұрғыны бар Ресейде «РАО» деп аталатын бір ғана ұйым, ал небәрі 17 млн тұрғыны бар Қазақстанда 5 авторлық ұйымның болуы – парадокс. Бұл бір елде бірнеше Мәдениет министрлігінің болуы секілді кереғар құбылыс. Өнердің өрісін тарылтып, шығармашылық иелерін қайыршылыққа түсірудің жолы деп білемін. Өнер мен мәдениет адамдарын өкпелету жақсылыққа апармайды, өйткені олар елдің қаймағы, жол бастар серкелері.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА