Жаңалықтар

Шығындар мен кірістер: бөлінген қаражаттың да есебі бар

ашық дереккөзі

Шығындар мен кірістер: бөлінген қаражаттың да есебі бар

Таяуда Елбасының жеке қабылдауында болған Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин ел қазынасынан бөлінген қаражаттың қалай, қайда жұмсалғандығын баяндаған-ды. Қ. Жаңбыршин келтірген мәлімет бойынша өткен жылғы бюджет заңнамасын бұзу бойынша Білім және ғылым министрлігі көш бастап тұр. Аталған министрлікте 39,5 млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталған. Ал Мәдениет және спорт министрлігінде 13,6 млрд теңгенің өтеуі жоқ болып шықты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігінде 12,4 млрд теңгеге салынған. Аймақтық бюджет бойынша мемлекет қаражатына немқұрайлы қараған өңірлер аз емес. ҚР Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин: «Маңғыстау облысында 42 млрд немесе қамтылған қаражат көлеміне шаққанда 70 пайыздан астам. ШҚО 41,5 млрд теңге немесе қамтылған қаражат көлеміне шаққанда 35,4 пайыз. БҚО 25,3 млрд теңге немесе қамтылған қаражат көлеміне шаққанда 50 пайыздан асты деп айтуға болады», ̶ деді. Айта кетерлігі өткен жылғы тексеріс нәтижесі бойынша заңбұзушылық 3 есеге артып, 1 трлн 300 млрд теңгенің есебі анықталмай отыр. Ал мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген ақшаны тиісті жұмсамағаны үшін 62 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 200-дей адам тәртіптік жауапкершілікпен құтылған. Есеп комитетінің төрағасы мемлекеттік органдарда ішкі аудит дұрыс жүргізілсе, қаржылық заңбұзушылықтар азаюы мүмкін екендігін айтты.

Алдағы жылдардың бюджеті нақтыланды

Күні кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлайды. Аталған құжат бойынша 2016 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 723,4 млрд теңгеден 902,7 млрд теңгеге дейін көбейтілген болатын. Ал бюджет табысы 8 пайызға яғни 3 трлн 365,3 млрд теңгеге дейін қысқартылса, шығындар трансферт есебімен 8 трлн 266,8 млрд теңгеге артып отыр. Өткен аптаның аяғында ел бюджетінің шығыны мен кірісі тағы бір пысықталып, жоғарғы палатаның жалпы отырысында қаралған еді. Жиында алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі аз-кем өзгергені де белгілі болды. Сенаторлар бұл түзетулерді дұрыс деп құжатты бірауыздан қабылдады. 2016 жылғы қазына қаржысының әлеуметтік-экономикалық пара­метр­лері нақтыланған болжам бойынша қайта қаралған. Шамамен ішкі жалпы өнімнің өсуін ескерген Ұлттық экономика министрі 2016 жылы бюджет қоржынына 3 трлн 365,3 млрд теңге табыс түсетінін баяндады. Бұл жоспардағыдан 300 млрд теңгеге аз болып отыр. ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев: «Салықтың негізгі толық түспеуі ағымдағы жылы 1 наурыздан құбылмалы шкалаға өтумен және мұнай бағасы барреліне 30 доллар кезінде ЭКБ мөлшерлемесін тоннасына 40 доллардан 20 долларға дейін төмендеуімен, мұнай өндіру көлемінің болжамын 77 млн тоннадан 74 млн тоннаға дейін төмендетумен байланысты», ̶ дейді. Бас экономистің айтуынша, 2016 жылғы макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы «АҚШ долларының айырбас бағамы 360 теңге, мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болады, металл бағасы 2015 жылғымен салыстырғанда 15 пайызға төмендейді» деген болжамға негізделген. Бұдан бөлек 2016 жылы номиналды жалпы ішкі өнім көлемі 1 триллион 300 миллиард теңгеден астам болады деп болжанған. «Министр шығын 600 миллиард теңгеге артқанын мәлімдеді. Яғни үнемдеу мүмкін емес. Керісінше жоспарлы шығын мөлшерін арттырып отырмыз. Бюджет дефициті пайда болып отыр. Сондықтан шығынды азайту – үнемдеу емес», – дейді. Депутаттар бұл жолы да шығынды құрылыс есебінен қысқарту керектігін айтып отыр. «Аяқталуы 80 пайызға жетпеген құрылыс нысандарын қаржыландыру тоқтатылады. Ондай бюджеттік қаражатқа салынып жатқан мектеп, аурухана, балабақша сияқты нысандар көп. Бұл шығын мөлшерін кәдімгідей қысқартады», – дейді сенатор Владимир Редкокашин. Министрдің уәждерін тыңдаған сенаторлар «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы және «Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт» туралы заң жобаларын бірауыздан мақұлдады. Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ұлттық қордан алынған қаражат тұрғын үй құрылысы саласына, «Тұрғын үй жинақ банкі» салымшыларына өтемақы ретінде, инфроқұрылымдық салаға, «Бизнестің жол картасы», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» сынды мемлекеттік жобаларды аяқтауға жұмсалады. Сондай-ақ бас қаржыгер бюджеттің әлеуметтік бағыттағы жоспарлары қысқармайтындығын да айтқан. Бюджет, трансферт талқыланған Сенат отырысына Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қатысқан еді. Оның мәліметінше, Ұлттық банк ақпан айында 474 млн доллар ақша сатып алған. Бұл шара алтын валюталық қорды толықтыру үшін жасалып отыр. Нәтижесінде оның көлемі 27,7 млрд долларға жеткен. Бұдан бөлек өз сөзінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев халыққа жиған ақшасының 50 пайызын теңгемен, 50 пайызын шетелдік валютада сақтауға кеңес берді.  

Еркежан ЖҰМАТАЙ