Үйден шығуды шектеу: Полиция тұрғындарды қалай бақылайды?
Үйден шығуды шектеу: Полиция тұрғындарды қалай бақылайды?
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елорда мен Алматыда карантин тәртібінің күшейтілуіне байланысты полиция қызметкерлері аталмыш қалаларда бақылауды күшейтетінін айтып, тұрғындарды олардың жұмысына түсіністік танытуға шақырды.
«Қоғамдық көлікке, такси, тамақ жеткізу қызметтеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтау үшін циркуляр жасалады. Кеше айтылғандай, бүгін түнгі 12-ден бастап үйден шығуға шектеу қойылады. Үйден тек азық-түлік, дәрі алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуға болады», – деді министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде.
Сонымен бірге, 30 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтандағы кәсіпорындар мен ұйымдардың басым көпшілігі жұмысын тоқтатады.
«Көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, қайда бара жатқаныңызды сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек. Жұмысқа шақырғанды растау үшін сізде тікелей басшының немесе кадр бөлімі қызметкерінің телефон нөмірі болған жөн. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар, әдетте, тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан, полиция қызметкерлері тұрғындардың қажетті затын сатып алып, үйге қайтқанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қажет», – деді Дәурен Абаев.