Перизат Алмасқызы, қырғыз ақыны: Абайды қиындықсыз аудару мүмкін емес
Перизат Алмасқызы, қырғыз ақыны: Абайды қиындықсыз аудару мүмкін емес
Абай шығармашылығы бауырлас қырғыз халқын қаншалықты толғандырады? бүгінгі қазақ-қырғыз әдебиетінің рухани байланысы қай деңгейде екенін білу үшін хакім Абайдың айтулы 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қырғыз-қазақ тілдерін жетік білетін қырғыз елінің ақыны, аудармашы Перизат Алмасқызын әңгімеге тартқан едік.
– Қырғыз тіліне қазақ әдебиеті өкілдерінен кімдер аударылды?
– Мұсылман әлеміне аты әйгілі сопылық әдебиеттің ірі өкілі кемеңгер ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері қырғыз тіліне аударылуы – қырғыз халқының руханияты үшін үлкен олжа болды.
Қазақтың батыр жырауы Махамбет Өтемісұлының «Махамбет» жинағы, қазақтың ұлы ақындары Мағжан Жұмабаевтың «Адассам елім деп адастым» жинағы, Мұқағали Мақатаевтың «Өмір – өзен» қатарлы кітаптарын аударып шығардым. Одан бөлек әл-Фараби, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Шөжелердің топтама өлеңдерімен қатар қазіргі көзі тірі классик ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлеңдерін қырғыз тілінде «сөйлеттім».
Бір топ жас буын өкілдері – Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Танакөз Толқынқызы сынды ақындарды да аудардық.
– Абайдың қанша шығармасын аудардыңыз?
– Классик жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын мектеп қабырғасында оқып, көңілге тоқып өстік. Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілік сол кезден бастап оянды.
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, «Өлөң сөздүн падышасы» деген жинақ шығардық. Осылайша алып Абайды Айкөл Манастың тілінде «сөйлеттік». Абайдың 170 өлеңі аударылды. 45 қара сөзін биыл аударып біттім.
– Қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармаларын аударуға не түрткі болды?
– Мен Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің филология факультетінде оқып жүргенде Орта Азия елдерінің әдебиетіне қатты қызықтым. Кітапханалар мен кітап дүкендеріне барып, қазақша кітаптарды оқи бастадым.
Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны – әл-Фараби, А.Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, С.Торайғыров, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров қатарлы алыптардың туындыларын күнде кешке екі сағаттан оқуды әдетке айналдырдым. Менің жеке кітапханамда осы алыптардың бәрінің кітабы бар. Өзім қызмет істеген Қырғыз ғылым академиясында Шыңғыс Айтматов атындағы институтта кітап қоры мол болды.
Осылайша қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым тереңдей түсті. Өзім ғана оқып қоймай, басқа қырғыздар да оқысын деп өз хәлімше аудара бастадым.
– Абайды қырғыз тіліне аударғанда қандай қиындықтар болды? Мағынасы күрделі сөздер кездесті ме?
– Сөз жүзінде қазақ-қырғыз халықтарының тілі ұқсас болғанымен жазба тілі, әсіресе әдеби көркем тілі мүлде бөлек. Ауызекі тілде бір-бірін оңай түсінетін екі халық жазба тілде бір-бірінің тілін түсіне алмай қиналады. Бұл әрине, әр тілдің өзінің көркемдік-танымдық ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен қатар қолданыстағы әліпби мәселесі де зор алшақтық туындатып отыр деп есептеймін.
Сондықтан Абайды қиындықсыз аудару мүмкін емес. Абайды аудару үшін көп дайындалдым. Бірінші Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын және Абай жайлы зерттеулерді оқыдым. Абайтанушы ғалымдардың том-том еңбектерін қарадым. Филология факультетінен алған 5 жылдық және аспирантурадағы жиған біліміммен қоса бойдағы бар өнерімді, ақындығымды салып Абайды аударуға кірістім. Кейде екі өлеңді бес күн аударуға тура келді. Абайды аудару оңай емес. Мысалы, «Қансонарда» өлеңінде табиғат көріністерін, ақын сезімін және аңшылықтың қызықты сәттерін сипаттаған-ды. Қалада өскен біздей қыз балаға аңшылықтың қызықтарын тап басып жеткізу қиын. Оны мен сезіну үшін арнайы этнограф, тарихшылардың көмегіне жүгіндім.
– Қазақ тіліне аударылған қырғыз шығармалары бар. Мысалы, Ш.Айтматовтың туындылары. Түпнұсқа мен аударманың арасында айырмашылық бар ма?
– Шыңғыс Айтматов әлемнің көптеген тіліне аударылды. Ал енді қазақ тіліне жазушы Шерхан Мұртаза атамыз мықты аударды. Шыңғыс Айтматов шығармаларын алғаш «Ботагөз» әңгімесін аударудан бастады. Содан кейін «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повестері мен «Боранды бекет», «Жанпида» романдарын сәтті тәржімалады. Аса көп айырмашылық жоқ сияқты. Дей тұрғанмен түпнұсқадан аударылған дұрыс қой... Бірақ Шерхан Мұртаза орыс тілінен аударғанымен түпнұсқасын да оқып, зерттеген деп ойлаймын.
– Қырғыз халқына Абай шығармалары қаншалықты танымал?
– Алып Манастың елінде Абай жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы танымал. Кейде оқырман Әуезов Абайдың туысы деп түсінеді немесе Абайды көркем шығарманың кейіпкері деп ұғады. Жас буын онша танымайды. Айтматовты да білмейтіндер бар. Мен сол кемшілікті толтырсам, түркі дүниесінен шыққан алыптарды таныстырсам, насихаттап халықтың санасына сіңірсем деймін.
– Қырғызша аударылған Абай шығармасының таралымы қалай, кітап шықты ма?
– Абай шығармашылығы – адамзат даналығының таусылмас қазынасының бір бөлігі. Оның даналығы мен парасаты, озық идеялары – Қазақстанды әлемге паш етеді. Абайды оқыған сайын жаңа бір әлем ашылғандай күйге бөлейді.
Осыған дейін хакім Абайды аударған Аалы Тоқымбаев 1954 жылы 128 беттен тұратын өлең жинағын шығарды. 1970 жылы дәл осы автор «Менин элим» атты Абайдың тағы бір жыр жинағын аударды. Бірақ ол жинақтарда Абай өлеңдері толық аударылған жоқ. Қырғыздың Сауранбай Жусуев, Әбдіжапар Егінбердиев атты ақындары да төрт-бес өлеңдерін аударған.
Осы жолғы «Өлөң сөздүн падышасы» атты кітапта жоғарыда аталған жинаққа Аалы Тоқымбаев, Сауранбай Жусуев және Атантай Акбаров, Әбдіжапар Егінбердиев, Мұқан Асанәлиевтердің аудармалары енді. Сонымен қатар бұл жинақта ең көлемді аударма менікі болды. Кітапты құрастыру, редакторлау және корректорлық жұмысын бір өзім атқардым. Кітап 1 000 данамен шықты.
Бұл кітаптың аударылуына бастамашылық білдірген Семейдегі «Абайдың Жидебай Бөрілі» мемлекеттік қорық музейі. Кітаптың шығуына Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігі демеушілік жасады.
Абайдың өлеңдерінен бөлек 45 қара сөзін аударып біттім. Бірақ кітапты шығаруға әзірге қаржы табылған жоқ. Алда демеуші табылса, Абайдың қара сөздерін кітап қылып шығарсам деген арманым бар...
Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР