Жаңалықтар

Хедие ЕРОҒЛҰ: Әйелдер әділетсіздікке жиі тап болады

ашық дереккөзі

Хедие ЕРОҒЛҰ: Әйелдер әділетсіздікке жиі тап болады

Соңғы жылдары бүкіл әлем бойынша журналистика саласында әйелдердің саны артқан. Әлбетте, әр елдің ұлттық менталитеті мен заңдарына сәйкес БАҚ өкілдеріне қойылатын талаптар мен шарттар да әртүрлі. Осы орайда, Түркиядағы әйел журналистердің кәсіби деңгейі, олардың бүгінгі ахуалы туралы Мерсин қаласындағы «Хабаршы» («Haberci») газетінің Бас директоры Хедие Ероғлұ ханыммен сұхбаттасқан едік.

«ТҮРКІ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ БІРЛІГІН КҮШЕЙТУГЕ МҮДДЕЛІМІЗ»

– Хедие ханым, әңгімемізді Түркиядағы әріптестерден бас­тасақ. Сіздің елде қыз-келін­шек­терге журналист болу қиын ба? – Жасыратыны жоқ, Түркияда журналист болу күн сайын қиындап барады. Бұл әйел журналистерге де қатысты. Сірә, журналистік қызмет пен әйелдік міндет арасында бір таңдау жасауға мәжбүрлейтін күн алыс емес болар. Яғни, әйелдер журналист болудан бас тарта бастайды. Бүгінде Түркияда арзан жұмыс күші ретінде қабылданатын әйелдер еркектермен бір деңгейде жұмыс істей алатынына қарамастан, кедергілерге тап болады, мансап баспалдағымен жоғары өрлеуде, кәсіби деңгейін ба­ғалауда әділетсіздіктерге ұшы­райды. Оларға үнемі мардымсыз міндеттер жүктеледі. Әйелдер жасаған жұмысты еркектер міндетті түрде «бір қайнауы ішінде», «үстінен қайта тексеріп шығу қажет шаруа» деп санайды. Әйелдің көзқарасы мен пікірімен санаспайды. Көптеген салалардағы сияқты журналистика саласында «ең төменгі жалақы алатын топтар» қатарындағы әйелдердің әлеуметтік ахуалы да мәз емес. Яғни, әлеуметтік сақтандыруың болса да, алдымен басымдық еркектерге берілетіндіктен, еркектермен бірге иық тіресе жұмыс істеп жүрген әйел журналистер барлық мүмкіндіктер мен заңды жеңілдіктерінен жылдар бойы қағыс қалады. – Түркиядағы ең алғашқы әйел журналист кім? – Селма Рыза Фераджели. ХІХ ғасырдың басында «Бостандық. Теңдік. Бауырластық» ұранын ту еткен Селма ханым қолына қалам алып, күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді қозғай бастаған. Сонымен қатар ол Бірлік және келешек ұйымынан сертификат алған жалғыз мүше. – Әйел журналистердің ең сүйікті тақырыбы қандай? – Мемлекетіміздегі көзі ашық, көкірегі ояу білімді топтарды әлсірету үшін мақсатты түрде жүргізілген саясаттың кесірінен қыздар мен келіншектер білім алу, сауат ашу мәселесінде кенжелеп қалған. Осының салдарынан, даңғаза мен ойын-сауық, көңіл көтеру, жарысу мен түрлі байқаулар, отбасылық жеңіл байқауларға тәуелді етті. Әйелдер қауымы мәні мен маңызы шамалы бағдарламаларды тамашалауға мәжбүр болды. Сананың таяздығына, көкірек көзінің бітелуіне және өренің төмендеуіне әкеп соғатын мұндай дүниелер кез келген адамды рухани дағдарысқа ұшырататыны анық. Алайда Түркиядағы қыз-келіншектер соңғы кездері өздеріне ұсынылған жетілдіру мен қолдауды бағалауға, мүмкіндікті пайдалануға ұмтылады. Бұл мәселеде журналистердің де үлесі бар, әрине. Тек, өкінішке қарай, сауаттылыққа үндейтін мақалалар аз жарияланады немесе әйел оқыр­ман­­дарға жетпей, кедергілерге ұшы­райды. Қазіргі таңда әйел журна­листер қыз-келіншектерге қоғам­дағы аса маңызды мәселелер, мысалы, адамдардың жеке тұлға ретінде қалыптасуы және дамуы, құқықтану мен бостандық, сондай-ақ, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси түйткілдердің шешілу жолдары сияқты басқа да салмақты тақырыптарды терең талдап беруге мүдделі.

«ӘЙЕЛ ЖУРНАЛИСТЕР КОМИТЕТІН ҚҰРДЫҚ»

– Журналист келіншектер қан­ша жасқа дейін жұмыс істеуге қақылы. Біз түркиялық БАҚ-тан негі­зінен жас және орта жастағы әйел әріптестеріміздің белсенділігін бай­қ­аймыз... – Түркиядағы әйел журналис­тер­дің қатары соңғы кездері академиялық тұр­­ғыда білім алған, яғни, журна­лис­тика факультеттерін бітірген әріп­тес­термен толығуда. Бірақ осыдан 10 жыл бұрын керісінше болатын. Жур­налистика саласында жүрген қыз-келіншектердің көпшілігі арнайы университет бітірмей-ақ, ұстаздардан тәлім алу арқылы аяқтанғандар еді. Бүгінде жоғары оқу орнын бітіргендер мемлекеттік және халықаралық БАҚ-қа жұмысқа тұруға талпынады. Орташа есеппен алғанда, олардың көпшілігі 40-50 жасқа келгеннен кейін зейнеткерлікке шығуды қалайды. Бірақ жергілікті баспасөздегі қыз-келіншектердің жағдайы біршама ауыр. Материалдық тәуелділік, моральдық қысым, жынысқа бөлген әділетсіздіктер әйел журналистерді мансап жолындағы күресінен тез айнуға мәжбүрлеуде. Қыз-келіншектер біздің салаға орта жаста келіп, көп ұзамай қызметтен өз еркімен бас тартады. – 2014 жылы Түркия Жур­налистер Федерациясының жа­ны­нан Әйел журналистер комитетінің құрыл­ғанын білеміз. Комитеттің мақ­саты не? – Аталған Комитеттің тізгіні қазір Измир Журналистер одағының жетекшісі Мискет Дикмен ха­ным­да. Мен Бас хатшысымын. Әйел журналистер комитетінің басты мақсаты – әйел мен еркек журналистер арасындағы теңсіздіктің алдын алу, әйел журналистердің әлеуметтік, мәдени және қаржылық проблемаларына назар аудара отырып, оларды жою саясатын түзу, құқықтық тұрғыда аталған түйткілдерді заң жобаларына енгізуді қамтамасыз ету. Осы орайда, Анадолының көптеген аймақтарында әйел журналистердің басын қосып, кеңесіп, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Түркия аумағындағы барлық әйел журналистерді қамти отырып, кәсібімізге қатысты барлық проблемаларды ресми хаттамаға түсіруді жалғастырудамыз. Сонымен қатар Түркия журналистер федера­циясының қолдауымен, 2016 жылдың қазан-қараша айларында Измирде Әйел журналистер конференциясын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы шараның арқасында әйел журналистердің түйткілдері жоғары мінберден алғаш рет ашық талқыға салынып, құзырлы органдардың назарына ілігеді. Бұл кедергілер мен түйткілдерді шешуге сеп болады. – Комитеттің қанша мүшесі бар? – Түркия Журналистер федера­ция­сының құрамында 70-ке жуық журналистер ассоциациясы мен ұйымдары бар. Соларға мүше барлық әйел журналист Комитетке мүше болды. Тізім әлбетте, жалғаса береді. Бүгінде 1 мыңнан астам қыз-келіншек өтініш білдірді. Алдағы уақытта қатарымыздың көбейе түсетіні анық. Ескеретін жайт, Федерация құрамындағы қорлар мен ұйымдардың мүшесі саналатын қыз-келіншек журналистер ғана қатарымызға қосылуға қақылы. Яғни, басқа журналистік ұйымдарға мүше әріптестермен кеңесе отырып, алдағы конференцияда талқыға түсетін тақырыптар мен шешімін табуы тиіс мәселелерді қарастыру қажет. Жалпы көрсеткішке келсек, Түркияда шамамен 5 мыңнан астам әйел журналист бар.

«КӘСІБИ БІРЛІКТІ АРТТЫРУ ҚАЖЕТ»

– Комитеттің басқа да жоба-жоспарларымен бөліссеңіз... – Әйел журналистер комите­тінің ең басты мақсаты, әйел жур­на­листер қызмет ететін ортада оларға кәсіби бірлікті арттыруды наси­хаттау, журналистикаға қатысты түйт­кілдерді бірге шешуге шақыру, әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы бірге күресу, жетістіктерге бірге жету, әйел әріптестерге қолдау білдіре отырып, алға ұмтылдыру. Мінеки, осыған бай­ланысты өткізілетін Әйел журна­листер конференциясында аса маңыз­ды саналатын мәселелер күн тәртібіне шығарылады. Біз де кәсіби бірлікті мақсат ететін жолымызға үлкен қадам жасаймыз. – Сіздіңше, түркі әлеміндегі әйел журналистердің кәсіби бірлігін арттыру үшін не істеу қажет? – Мен әрдайым бірлікті, бір болуды қолдаймын. Әйел заты ретінде бізге тән барлық түйткілдерді бірге шеше алаты­ны­мызға сенгеніміз үшін Комиетте тізе қоса отырып, бірге тер төгуге бел байладық. Түркі әлемі кез келген салада бір болуға мүдделі. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты мәселелерде. Ақыры баспасөзді уысында ұстаған күштер құрған жүйе мен ереже бойынша әрекет етуге мәжбүрміз. Демек, түркі журналистері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, көп нәрседен ұтамыз әрі жетістіктеріміз де мол болмақ. – 8 наурыз Қазақстанда Әйелдер күні әрі Аналар күні. Мерекеге орай, қандай тілек айтар едіңіз? – 8 наурыз Түркияда Жұмыскер әйелдер күні ретінде тойланады. Алайда мерекені атап өту емес, әйелдердің түйткілдеріне құзырлы мекемелердің назарын аударта отырып, ұсыныс-талаптарымызды жеткізе білу өте маңызды. Біздің айтпағымыз, Жер шарындағы барлық әйел жұмыла жұдырық болса, бүкіл әлемде жақсылық пен ізгілік көп болары анық. Мерекеге орай, мен қазақ әріптестерімді, сондай-ақ, Қазақстандағы барлық қыз-келіншектерді 8 наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ынтымақтастығымыз бен бірлігіміз арта берсін, алар асуларға, мансап жолындағы табыстарға бірге жете берейік. – Әңгімеңізге рахмет!  

Әңгімелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ